Үндемейтін кез болады
КЕЙДЕ сөйлегеннен гөрі үндемегеннің дұрыс екенін байқаймыз. “Байлауы жоқ шешеннен, үндемеген есті артық” деген мақал бар. Ежелгі Исраилдің дана патшасы Сүлеймен де “бәрінің өз уақыты... қай оқиғаның да аспан астындағы өзіндік мезгілі... үндемей құтылу уақыты мен ойыңдағыны ашып айту мезгілі” болатынын айтқан (Екк. 3:1, 7).
Неге кейде сөйлегеннен үндемей қалған орынды? “Үндемеу” не “сөйлемеу” деген сияқты сөздер Киелі кітапта көп рет кездеседі. Мәнмәтіндерінен үндемей қалудың кемінде үш жағдайда дұрыс екенін көруге болады. Ендеше, үндемеу құрмет көрсетудің белгісі әрі парасаттылықтың дәлелі болатынын, сондай-ақ ой жүгіртуге көмектесетінін қарастырайық.
Құрмет көрсетудің белгісі
Үндемеу біреуге құрмет көрсетудің белгісі болып табылады. Аббақұқ пайғамбар: “Жаратушы Ие — өзінің қасиетті ғибадатханасында: Оның алдында жер біткеннің үні шықпасын!”— деген (Абб. 2:20). “Жаратушы Иенің алдында кез келген жан иесі үн шығармасын-дағы! Өйткені Ол Өзінің киелі мекенінен көтеріліп келеді” (Зәк. 2:13). Сондай-ақ Мысырдан шығу 14:14-те: “Жаратқан Иенің Өзі шайқаспақ. Ал өздерің тек тыныш тұрсаңдар болғаны”,— делінген.
Ехобаны үнсіз мадақтай аламыз ба? Әрине. Мысалы, оның керемет жаратылыстарын көргенде, ештеңе айтпай-ақ таң-тамаша боламыз ғой! Жаратушының құдіреті жайлы ойланғанда, оны жан-дүниеміз мадақтайды емес пе?! Дәуіт: “Құдайым менің, Сион тауындағы мадақ пен үнсіздік өзіңе арналады, өзіңе берілген уәде де орындалады”,— деп жырлаған (Заб. 65:1 ЖД).
Ехобаның өзі де, сөзі де құрметке лайық. Мұса пайғамбар қоштасарда Исраил халқының алдында сөз сөйледі. Сонда ол және діни қызметкерлер жиналғандарды үнсіз құлақ түруге шақырып: “Исраил, тыңда да, есіңе тоқып ал... Жаратушы Иенің, өз Құдайыңның айтқандарын тыңда”,— деген. Құдай заңы оқылып жатқанда, жиналған халықтың арасындағы балалардан да мұқият тыңдау талап етілген. “Халықты, ерлер мен әйелдерді және балаларды жина... [заңды] тыңдайтын және зейіндеріне тоқып үйренетін болсын“,— деген Мұса (Заң. қ. 27:9, 10; 31:11, 12).
Ехобаның бүгінгі қызметшілері де мәсіхшілер кездесулерінде және үлкен конгрестерде беріліп жатқан тәлімді бағалап, мұқият тыңдайды. Киелі кітаптағы шындықтар мінбеден айтылып жатқанда, біреумен жөн-жосықсыз сөйлесіп отыру Құдай Сөзін және оның ұйымын құрметтемеудің белгісі болып табылады. Бағдарлама жүріп жатқан кез — үндемей тыңдайтын уақыт.
Тіпті екеуара сөйлескенде де мұқият тыңдау — басқаға құрмет көрсетудің белгісі. Мысалы, үлкен әулеттің отағасы Әйүп айыптаушыларға: “Мені үйретіңдерші, сонда мен үндемейін”,— деген. Сөйтіп, оларды үндемей отырып тыңдаған. Ал сөз кезегі өзіне келгенде: “Менің алдымда үн шығармаңдар, сонда мен, өзіме не болса да, сөйлейтін боламын”,— деп талап еткен (Әйүп 6:24; 13:13).
Парасаттылықтың дәлелі
Киелі кітапта былай делінген: “Сөзуар құтыла алмас күнәдан, Ақылды өз аузына ие болған”. “Ақылсыз жақынын келекелер, Ақылды аузына ие боп жүрер” (Нақ. с. 10:19; 11:12). Иса кейде үндемеумен парасаттылықты керемет түрде көрсеткен. Мысалы, қастасып тұрған жауларының алдында бірдеңе деудің еш пайдасы жоқ екенін түсінгенде, “Иса үндемеді” (Мат. 26:63). Пилаттың алдында айыпталып тұрғанда да “еш жауап бермеді”. Мұндай жағдайларда ол жұрт алдында істеген істерінің куәлік бергені дұрыс деп есептеді (Мат. 27:11—14).
Біреулер бізді де дұрыс емес іске арандатып тұрса, аузымызға ие болған дұрыс. “Ұстамды жанның түсінігі мол, Қызба жанның ақымақтығы мәлім”,— делінген Нақыл сөздер 14:29-да. Қиын жағдайда ойланбай, асығыс сөйлесек, кейін өкініп қалуымыз мүмкін. Мұндайда айтылған сөз ақымақтық болып көрініп, нәтижесінде, бізді жан тыныштығынан айырады.
Зұлым адамдардың арасында тұрғанда, абайлап сөйлеген жөн. Қызмет кезінде біреу бізді келеке-мазақ етсе, жауап қайтармаймыз. Сондай-ақ сыныптастарымыз не әріптестеріміз тұрпайы қалжың, әдепсіз сөздер айтып жатса, оларға қосылмайтынымызды көрсетіп, үндемейміз (Ефес. 5:3). Забур жыршысы: “Өз тілім арқылы мен күнәға батып жүрмеу үшін мен өз жолымды бақылап барлайтын боламын; алдымда ұждансыздар бар кезде өз аузымды бағып, ауыздықтайтын боламын”,— деген (Заб. 38:2).
Парасатты адам біреудің сырын ешкімге ашпайды (Нақ. с. 11:12). Нағыз мәсіхші құпия мәліметті жайып салмау үшін байқап сөйлейді. Мәсіхші ақсақалдар қауым мүшелері сеніп айтқан жеке мәселелеріне келгенде әсіресе мұқият болулары керек.
Кейде үндемей де әңгімені жағымды етуге болады. XIX ғасырда өмір сүрген жазушы Сидней Смит өзінің замандасы туралы: “Ол сөйлесіп отырып, кей сәттерде үнсіз қалуымен әңгіменің сәнін келтіретін”,— деген. Шынында да, екі дос әңгімелескенде, бір-біріне сөйлеуге мүмкіндік бергендері жөн. Жақсы әңгімелесуші болу үшін, жақсы тыңдаушы болу керек.
“Сөзуар құтыла алмас күнәдан, Ақылды өз аузына ие болған”,— деп ескертті Сүлеймен (Нақ. с. 10:19). Демек, неғұрлым аз сөйлесек, соғұрлым орынсыз нәрсе айтып қою қаупі азаяды. Расында да, “үндемесе тіпті наданды саналы дер, аузына ие болса дана болып көрінер” (Нақ. с. 17:28). Олай болса, Ехобаға дұға етіп: “Айтқан менің сөздеріме күзет қой, аузыма қақпақ қой”,— деп сұрайық (Заб. 140:3).
Ой жүгіртуге көмектесетін жағдай
Киелі жазбаларда әділдердің жолымен жүретін адамның ‘Тәңір заңына қуанатыны, күні-түні сол туралы ойланатыны’ жазылған (Заб. 1:2). Ой жүгіртуге қандай жағдай ең ыңғайлы болып табылады?
Киелі кітапта рубасы Ыбырайымның ұлы Ысқақ жайлы: ‘Бір күні кешке қарай далаға шығып, ойға батып отырған’,— делінген. Демек, ол ойлануға тыныш әрі оңаша жерді таңдаған (Жар. 24:63). Дәуіт патша да ‘түн күзеткен сәттерде’ Құдай туралы ойланған (Заб. 62:6). Кемелді болған Иса оңаша қалып, ойлану үшін төбенің басына, елсіз далаға және басқа да оқшау жерлерге барған (Мат. 14:23; Лұқа 4:42; 5:16).
Үнсіздіктің пайдалы жақтары бар. Үнсіз әрі тыныш жерде адам өз-өзін тексеріп, жақсаруға әлдеқайда бейім болады. Үнсіздік жан тыныштығының орнауына септігін тигізеді. Айналада тыныштық орнаған мезгілде ой жүгірту кішіпейіл әрі қарапайым болуымызға көмектеседі, сондай-ақ өмірде шынымен маңызы бар нәрселерді әлдеқайда бағалай түсеміз.
Кейде үндемеу дұрыс болғанымен, сөйлейтін де уақыт болады (Екк. 3:7). Бүгінде Құдайдың қызметшілері Патшалық туралы хабарды “күллі әлемге” уағыздап жүр (Мат. 24:14). Сондықтан олардың қатары өсіп, қуанышты дауыстары бұрын-соңды болмағандай күшеюде (Миха 2:12). Олай болса, Патшалық туралы ізгі хабарды құлшыныспен жариялап, Құдайдың керемет істерін паш етіп жүргендердің қатарында болайық. Осы маңызды іспен айналыса жүріп, үндемеудің кейде пайдалы екенін білетінімізді де көрсетейік.
[3-беттегі сурет]
Қауым кездесулерінде тыңдауымыз және үйренуіміз керек
[4-беттегі сурет]
Қызмет кезінде бізді келеке-мазақ етсе, үндемеген дұрыс
[5-беттегі сурет]
Үнсіздік ой жүгіртуге септігін тигізеді