Адамнан емес Құдайдан қорқу керектігінің бес себебі
БІР жас жігіт Ехоба куәгерлерімен сөйлесіп, аң-таң боп тұр. Бұрын-соңды білмегенді естіп, оның көзі ашылғандай болды. Құдай неге қайғы-қасіретке жол береді деген сұрақ оны жылдар бойы мазалаған болатын. Ал қазір Киелі кітаптан анық жауап алды. Бұл кітаптан ол мұндай құнды да жұбаныш беретін мәлімет табуға болады деп ешқашан ойламаған екен.
Куәгерлер кете салысымен үй иесі кіріп келді де, ашуланып: “Әлгі адамдарың кім?”— деп сұрады.
Мұндайды күтпеген ол не дерін де білмей тұрып қалды.
Сонда әйел ащы дауыспен: “Олардың кім екенін білемін, егер олардың тағы келгенін көрсем, басқа жерден пәтер іздей бер!”— деді де, есікті тарс жауып, шығып кетті.
Құдайдың қызметшілері қарсылыққа кезігетінін біледі
Осы жігіттің басынан өткен жағдайы бізді таңғалдырмайды. Себебі Құдай Сөзі Киелі кітапта: “Мәсіх Исамен жүріп, Құдайға ұнамды өмір сүргісі келетіндердің бәрі де қуғындалатын болады”,— делінген (Тімотеге 2-хат 3:12). Құдайдың қызметшілерін ешқашан көпшілік қабылдаған емес. Неге? Елші Жохан бір сенімдегі бауырластарына былай деген: “Біз Құдайданбыз, бірақ бүкіл дүниеге шайтан билігін жүргізіп отыр, бұны білеміз”. Сондай-ақ Киелі кітапта Шайтан ‘кімді жалмасам деп торуылдап жүрген ақырған арыстанға’ теңеледі (Жоханның 1-хаты 5:19; Петірдің 1-хаты 5:8). Адам алдындағы қорқыныш — Шайтанның ең тиімді қаруларының бірі.
Тіпті көп жақсылық істеп, ешбір күнә жасамаған Иса пайғамбардың өзін адамдар келеке-мазақ еткен және қудалаған. “Олар Мені себепсіз жек көрді”,— деді ол (Жохан 15:25). Өлер алдындағы түні шәкірттерін қуғын-сүргінге дайындап, Иса былай деді: “Күнәкар дүние сендерді жек көрсе, оның сендерден бұрын Мені жек көргенін біліңдер. Мына айтқан сөзім естеріңде болсын: “Құлдың жолы қожайынынан үлкен емес”. Күнәкар адамдар Мені қудаласа, сендерді де қудалайды” (Жохан 15:18, 20).
Мұны білген көп адам шынайы ғибадаттың жағына шығуға бата алмады. Исаны іздеген кейбір адамдар туралы Киелі кітапта: “Яһуди басшыларынан қорыққандықтан, ешкім Ол туралы ашық айтпады”,— делінген (Жохан 7:13; 12:42). Дінбасылары Исаға сенген кез келген адамды мәжілісханадан шығарып жібереміз деп қорқытқан. Сөйтіп, адам алдындағы қорқыныштың кесірінен көп адам Иса Мәсіхтің жолымен жүрмеді.
Мәсіхшілер қауымы құрылғаннан кейін Иерусалимдегі қауымды “қатты қудалау басталды” (Елшілердің істері 8:1). Мәсіхшілер тіпті бүкіл Рим империясы бойынша қуғын-сүргін көрді. Римнің беделді кісілері елші Пауылға: “Осы алған бағытыңызға [яғни осы діни ағымға] қай жерде де қарсы сөйлеушілердің бар екенін білеміз”,— деген (Елшілердің істері 28:22). Иә, шынайы мәсіхшілер барлық жерде қарсылық көрген.
Шайтан бүгінгі күні де көп адамды Иса Мәсіх көрсеткен тура жолмен жүргізбеу үшін, адам алдындағы қорқынышты пайдалануда. Ехоба куәгерлерілерімен Киелі кітап зерттеп жатқан ақжүректі адамдарға сыныптастары, әріптестері, көршілері және жора-жолдастары қарсылық көрсетуде не оларды келеке-мазақ етуде. Зерттеп жүрген адамдар сый-құрметтен, достарынан немесе көмектен айырылып қалудан қорқуы мүмкін. Ал ауылды жерлердегі шаруа адамдарға көршілері егістігіне немесе малына қараспай қоюы мүмкін. Осының бәріне қарамастан миллиондаған адам Иса Мәсіхке еліктеп, Құдайға арқа сүйеуге және оның Сөзіне сай өмір сүруге бел буған. Ал Ехоба бұл адамдарға батасын үйіп-төгіп беруде.
Неге адамнан емес, Құдайдан қорқу керек?
Киелі кітап адамнан емес, Құдайдан қорқуға шақырады. Онда: “Даналықтың бастауы — Жаратқан Иеден қорқу”,— деп жазылған (Забур 110:10). Бұл үрейлене шошынуды емес, қайта, Жаратушымызға ұнамсыз болып қалудан қорқуды білдіреді. Осындай қорқыныш сүйіспеншілікпен тығыз байланысты. Ендеше, неге адамнан емес, Құдайдан қорқуымыз керек? Мұның бес себебін қарастырайық.
1 Ехоба құдіреті шексіз Құдай. Ехобаның құдіреті кез келген адамдікінен әлдеқайда зор, оған тіпті “халықтар судың шелектегі тамшысындай ғана боп көрінеді”. Құдайды терең қастерлеу арқылы оның саясында боламыз (Ишая 40:15). Құдіреті шексіз болғандықтан Құдай өзіне адал адамдарға қарсы жасалған кез келген қару-жарақты құрта алады (Ишая 54:17). Кімнің мәңгі өмір сүретінін Құдайдың өзі шешеді, сондықтан ол туралы білім алып, еркін орындауға ештеңенің кедергі жасауына жол бермегеніміз даналыққа жатады (Аян 14:6, 7).
2 Құдай бізді қолдап-қорғайды. Киелі кітапта: “Пендеден қорыққан тұзаққа түседі, ал Жаратқанға сенуші аман жүреді”,— делінген (Нақыл сөздер 29:25). Адамнан қорқудың тұзақ болу себебі — қорқыныш адамның Құдайға деген сенімін паш етуге кедергі жасайды. Құдай бізді қорғай алатынына сендіріп: “Қорықпа, Мен саған жар боламын, абыржыма, Мен сенің Құдайыңмын! Саған қуат беріп көмектесемін, Жеңімпаз қолыммен сүйемелдеймін”,— дейді (Ишая 41:10).
3 Құдай өзіне жақындағысы келетіндерді жақсы көреді. Исаның елшісі Пауыл келесі әсерлі сөздерді жазды: “Мен мынаған нық сенемін: өлім де, өмір де, періштелер де, жын-перілер де, бүгінгі күн де, болашақ та, табиғаттан тыс күштер де, не үстіміздегі, не астымыздағы ешқандай күш те, тіпті жаратылыстың басқа ешбір нәрсесі де бізді Құдайдың Иеміз Иса Мәсіх арқылы көрсетіп жүрген сүйіспеншілігінен айыра алмайды!” (Римдіктерге 8:37—39). Әлемнің Әміршісі Құдайға сенім артуды және мойынсұнуды үйренсек, оның айнымас сүйіспеншілігін сезінетін боламыз. Бұл неткен зор мәртебе!
4 Құдайдың бар жақсылығын бағалаймыз. Ехоба Жаратушымыз, әрі онсыз тіршілік болмас еді. Құдай өмірімізге қажеттіні ғана емес, оны қуанышты әрі қызықты ететін нәрселерді де берді. Шынында да, барлық игі нәрсенің көзі — Құдай (Жақып 1:17). Оның мейірімін бағалаған адал қызметшісі Дәуіт былай деген: ‘Жаратушы Ие, Құдайым менің, Сенің жасағандарыңда шек жоқ: Сенің бізге арнап істеген кереметтерің мен таңғажайыптарыңа сан жетпейді’ (Забур 39:6).
5 Қарсы болғандардың кейбірі өзгеруі мүмкін. Құдайдан қорқып, оған деген сүйіспеншілігімізден таймау арқылы қарсылық көрсететін адамдарға көмектесе аламыз. Мысалға Исаның бауырларын алайық. Алғашында олар Исаға сенбеді, тіпті оны “жынданып кеткен шығар” деп ойлады (Марқа 3:21; Жохан 7:5). Бірақ Иса өліп, қайта тірілген соң көбісі оның ізбасары болды. Ал бауырлары Жақып пен Яһуда тіпті Киелі кітаптың жазылуына қатысты. Сондай-ақ мәсіхшілерді қудалаған Саул көзқарасын өзгертіп, кейін Исаның елшісі болды. Бүгінде қарсылық көрсетіп жүргендер біздің табандылығымызды көріп, Жазбалардағы шындықты ұстанып жүргенімізді түсінуі мүмкін (Тімотеге 1-хат 1:13).
Африкада тұратын Абираш деген әйел шындықты тапқысы келетінін айтып Құдайға дұға ететін. Ехоба куәгерлерімен Киелі кітапты зерттеуді бастағанда, отбасы мүшелері мен дінбасылары оған қатты қарсылық көрсетеді. Зерттеуді бастаған кейбір туыстары адам алдындағы қорқынышқа беріліп қалғанымен, Абираш Құдайдан күш пен батылдық сұрайды. Кейін ол шомылдыру рәсімінен өтіп, Ехоба куәгері болады. Нәтижесінде, оның батылдығынан үлгі алған сегіз туысы зерттеуді қайта жалғастырып, рухани өседі.
Адам алдындағы қорқынышты жеңе аласыз
Адам алдындағы қорқынышқа бой алдырмау үшін, Құдайға деген сүйіспеншілікті барынша нығайтыңыз. Киелі кітапты зерттеңіз және Еврейлерге 13:6 сияқты жазба орындарының үстінен ой жүгіртіңіз. Онда: “Жаратқан Ие менің Қолдаушым! Мен ештеңеден қорықпаймын, адамдар маған не істей алады?”— делінген. Адамнан емес, Құдайдан қорқудың дұрыс әрі даналық екенінің себептерін есте ұстаңыз.
Сондай-ақ Киелі кітаптан білгендеріңізді қолданғанның арқасында көп батаға ие болатыныңызды ұмытпаңыз. Мысалы, өмірлік маңызы бар сұрақтарға қанағаттанарлық жауап таба аласыз. Өмірдегі қиындықтармен күресуге көмектесетін даналыққа ие боласыз. Қазіргі тығырыққа тірелген жағдайларға қарамастан керемет үмітіңіз болады. Сонымен қатар кез келген уақытта құдіреті шексіз Құдайға дұға ете аласыз.
Құдайдың қызметшісі Жохан: “Осы дүние мен оның ләззаты өткінші, ал Құдайдың еркін орындаушы мәңгі өмір сүреді”,— деп жазды (Жоханның 1-хаты 2:17). Қазір шындықта берік тұрып, Құдайдан қорқып өмір сүретін уақыт. Адам алдындағы қорқынышқа берілмей, қайта, Құдайдың мына шақыруына құлақ асайық: “Балам, парасатты бол — мені қуантасың, сонда өзімді қорлағандарға жауап бере аламын” (Нақыл сөздер 27:11). Бұл біз үшін неткен зор мәртебе!
Нақыл сөздер 22:4-те: “Тәңірді терең қастерлейтін кішіпейілдер байлық, абырой, шын өмірге кенелер”,— делінген. Есіңізде болсын, Ехоба Құдай өзінен қорқатындарға беретін мұндай сыйды адам баласы бере алмайды.
[23-беттегі сурет]
Абираш батылдық танытқанның арқасында сегіз туысы Киелі кітапты зерттеп жүр