Мәсіхшілердің жерлеу рәсімі қарапайым, лайықты әрі Құдайға ұнамды түрде өтеді
АЙНАЛА зар еңіреген дауысқа тұнып тұр. Қара жамылған адамдар қайғыдан жерге құлап жатыр. Музыканың дүрс-дүрс еткен ырғағына қосылып бишілер әрі-бері тербеледі. Ал тағы біреулер дастарқан басында ішіп-жеп, дауыс көтере күліп мәз-мейрам болуда. Бірнеше адам пальма шарабы мен сыраға мас болып әр жерде қисайып жатыр. Бұл қандай жиынның көрінісі? Кейбір елде қайтыс болған кісіні соңғы сапарға шығарып салу үшін жүздеген адам жиналып, осылайша жерлеу рәсімін өткізеді.
Бүгінде көптеген Ехоба куәгері өлгендерден қорқатын және ырымдарға сенетін туыстары мен көршілерінің арасында тұрады. Миллиондаған адам өлгендер аруаққа айналып, тірілерге жақсылық не жамандық жасайды деп сенеді. Бұл наным жерлеу рәсімдерінде түрлі салт-жоралардың пайда болуына әсер еткен. Әрине, өлген адамды жоқтап қайғыру оғаш нәрсе емес. Жақын адамдары қайтыс болғанда, Иса мен оның шәкірттері де қайғырған (Жох. 11:33—35, 38; Ел. іс. 8:2; 9:39). Алайда олар қайғыларын сол заманда кең тараған әдет бойынша шектен тыс жолмен білдірген емес (Лұқа 23:27, 28; Сал. 1-х. 4:13). Неге? Себебі олар өлім жайлы шындықты білген.
Киелі кітапта былай делінген: “Тірілер өлетінін біледі, ал марқұмдар ештеңені болжай алмайды... олардың махаббаттары да, олардың өшпенділіктері де және олардың қызғаныштары да өшіп бітеді... қабірде [түпнұсқада “шеол” — адамзаттың жалпы моласы] жұмыс та, ой тұңғиығы да, білім де, кемеңгерлік те кездеспейді” (Екк. 9:5, 6, 10). Бұл жазба орны адам өлгенде ес-түссіз күйде болатынын анық көрсетеді. Ол ештеңе ойламайды, сезінбейді, түсінбейді және ешкіммен байланыс жасай алмайды. Мәсіхшілердің Киелі кітаптағы осы шындықты түсінгендері жерлеу рәсімін өткізулеріне қалай әсер ету керек?
“Арам нәрселеріне мүлдем жоламаңдар!”
Қандай ортадан шықса да, Ехоба куәгерлері өлгендердің рухы тіршілігін жалғастырады және тірілерге әсер ете алады деген наныммен байланысы бар кез келген әдет-ғұрыптан мүлдем аулақ жүреді. Мәйітті күзету, жерлеу күні жиын жасап мерекелеу, жылын атап өту, өлген адам үшін құрбандық шалу, жесірдің жыныстық қатынас арқылы тазаруы сияқты рәсімдер Киелі кітапқа қайшы келеді әрі өлгендердің жаны не рухы тірі деген жындардың ілімін қолдайды. Сондықтан бұлар таза емес және Құдайға ұнамайтын жоралар болып табылады (Езек. 18:4). Шынайы мәсіхшілерге ‘Иеміздің және жындардың да дастархандарына бірдей қатысуларына болмайды’, сондықтан олар мұндай рәсімдерге араласпайды (Қор. 1-х. 10:21). Олар: “Бөлек тұрыңдар, Арам нәрселеріне мүлдем жоламаңдар!”— деген бұйрыққа мойынсұнады (Қор. 2-х. 6:1). Алайда арам рәсімдерден бөлек тұру оңайға соға бермейді.
Африкада және басқа елдерде ата-баба аруақтарын разы ету үшін, белгілі бір жораларды жасау керек деген наным кең тараған. Оларды орындамаса, бүкіл қауым қарғысқа не бақытсыздыққа ұшырайды деп есептеледі. Ехобаның халқы Киелі кітап принциптеріне қайшы келетін рәсімдерді орындамайтындықтан, жұрт оларды кінәлап, қорлап, тіпті ауылдарынан не отбасыларынан қуып жатады. Кейбіреулерін өлген адамға құрмет көрсетпейді деп айыптайды. Кейде Ехобаға сенбейтіндер мәсіхшіні жерлеу кезінде өз рәсімдерін күштеп жасатуға тырысады. Олай болса, жерлеу кезінде Құдайға ұнамсыз жораларды істетуге тырысатындармен қақтығысып қалудан қалай аулақ бола аламыз? Ең маңыздысы, Құдаймен қарым-қатынасымызға қауіп төндіретін таза емес істер мен рәсімдерден өзімізді қалай бөлек ұстай аламыз?
Шешіміңді анық білдір
Кейбір елдерде жерлеу рәсіміне қатысты жайттарды шешуге туыстары не әулеттің ақсақалдары қатысады. Сондықтан адал мәсіхші жерлеу рәсімін Киелі кітап принциптері бойынша Ехоба куәгерлері ұйымдастырып жасайтынын анық айтуы керек (Қор. 2-х. 6:14—16). Мәсіхшілердің жерлеу рәсімі кезіндегі жайттар бір сенімдегі бауырластардың ар-ұжданына кері әсер етпеуі және өлілер жайлы ілімімізді білетін адамдарды сүріндірмеуі керек.
Өлген адамның жақындары жерлеу рәсімін мәсіхшілер қауымының өкілі өткізуді өтінсе, тағайындалған ақсақалдар барлық шаралардың Жазбалардағы басшылыққа сай өтуі үшін қажетті ұсыныстар жасайды және рухани жағынан қолдау көрсетеді. Егер Куәгер емес адамдар жерлеу рәсімі кезінде таза емес жораларды жасауды қаласа, табандылық сақтай отырып, мәсіхші ретіндегі ұстанымымызды оларға ілтипаттылықпен түсіндіру маңызды (Пет. 1-х. 3:15). Ал егер сенбейтін туыстар дегендерінен қайтпай тұрып алса ше? Онда Куәгер отбасы жерлеу рәсімі өтіп жатқан жерден кетуді шешуі мүмкін (Қор. 1-х. 10:20). Мұндай жағдайда жақын адамының қазасына қайғырғандарды Жазбалардың көмегімен жұбату үшін, Патшалық сарайында немесе басқа бір лайықты жерде баяндама айтып, қарапайым кездесу өткізуге болады (Рим. 15:4). Ол жерде өлген адамның мәйіті болмаса да, мұндай шара лайықты әрі орынды болып табылады (Заң. қ. 34:5, 6, 8). Сенбейтіндердің тарапынын болған жағымсыз жайтқа қарамастан, біз жұбаныш таба аламыз. Өйткені дұрыс нәрсені істеудегі табандылығымыз қызметшілеріне қосымша күш беретін Құдайдың назарынан тыс қалмайтынын білеміз (Қор. 2-х. 4:7).
Шешіміңді жазып қой
Адам жерлеу рәсіміне қатысты шешімін жазып қалдырса, Куәгер емес отбасы мүшелеріне жағдайды түсіндіру әлдеқайда оңай болады, себебі олар өлген адамның қалауына құрметпен қарайды деп үміттенеміз. Жерлеу рәсімі қалай және қай жерде өткізілуі керек екені және оны ұйымдастырып, өткізу тек кімге тапсырылатыны сияқты маңызды жайттарды жазып қою қажет (Жар. 50:5). Құжаттың күші болу үшін онда өзінің және куә болған адамдардың қолы болу қажет. Киелі кітап принциптеріне негізделген түсінік пен даналыққа сүйеніп, ертеңгі күнін ойлайтын адам мұндай құжатты жазу үшін кәрілікті не қатерлі ауруды күтіп отырмайды (Нақ. с. 22:3; Екк. 9:12).
Кейбіреулер мұндай құжат жазып қоюды оғаш көреді. Алайда бұл мәсіхші ретінде толысқандықтың және басқалардың қамын ойлаудың дәлелі болып табылады (Філіп. 2:4). Мұндай мәселелерді адамның өзі шешіп қойғаны дұрыс. Сонда бұл жүк отбасы мүшелерінің мойынына артылмайды әрі жерлеу кезінде өзі қаламаған әрі таза емес жораларды жасатқысы келетін туыстардың қысымына беріліп қалу қауіпінен оларды сақтайды.
Қарапайым жерлеу рәсімі
Африканың көп жерінде ата-баба аруағын ренжітіп алмау үшін, жерлеу рәсімін үлкен әрі әсерлі етіп өткізу керек деген наным кең тараған. Кейбір жерде жерлеу рәсімі отбасы үшін қоғамдағы дәрежесі мен байлығын көрсетудің мүмкіндігі деп қарастырылады (Жох. 1-х. 2:16). Қайтыс болған адамды “дұрыстап” жерлеуге көп уақыт, күш және қаражат жұмсалады. Мүмкіндігінше көп адамды шақыру үшін, өлген адамның суретін әр жерге іліп, жерлеу рәсімін жарнамалайды. Ал кейбіреулер өлген адамның суреті бар футболкалар шығартып алып, жерлеу рәсіміне келгендерге кигізеді. Жұртты таңқалдыру үшін күрделі жасалған әрі қымбат табыт сатып алатындар да бар. Бір елде адамдар өздерінің бақуатты әрі шалқып өмір сүріп жатқанын көрсетуге тырысып, тіпті автокөлікке, ұшаққа, қайыққа және басқа түрлі нәрселерге ұқсаған табыт жасатады. Басқа біреулер мәйітті табыттан алып, арнайы әсемдеп жасалған төсекке жатқызады. Тағы бір жерлерде әйел адамның мәйітіне қалыңдықтың киімін кигізіп, түрлі әшекей тағып, бет-аузын бояп та қоятын рәсім бар. Осы рәсімдердің қайсысы болса да, Құдай халқына лайықты деуге бола ма?
Рухани толысқан мәсіхшілер Құдайдың принциптерін білмейтін, тіпті оларды ұстануды ойламайтын адамдар сияқты шектен тыс әрекеттен аулақ болудың даналық екенін біледі. Біз тым әсерлі және Киелі кітапқа қайшы келетін рәсімдер мен жоралардың ‘Әкеден емес, осы дүниеден бастау алғанын’ түсінеміз (Жох. 1-х. 2:15—17). Сондай-ақ мәсіхшілер бақталастыққа берілмейді және басқалардан асып түсуге тырыспайды (Ғал. 5:26). Өлген адамның рухы зиян келтіреді деп қорқатын ортада жерлеу рәсіміне көп адам келіп, жағдай барысын қадағалау қиынға соғатыны байқалған. Ехобаға сенбейтін адамдар марқұмға құрмет көрсетеміз деп таза емес жоралар жасап кетеді. Мұндай жерлеу рәсімдері кезінде адамдар ащы дауыспен өкіріп жылап жатады, мәйітті құшақтайды, оған тірі адамдай қарап, сөйлейді, киіміне ақша және тағы басқа заттар қыстырады. Егер мұндай жайттар мәсіхшілердің жерлеу рәсімі кезінде орын алса, бұл Ехобаның есіміне және оның халқына кір келтіреді (Пет. 1-х. 1:14—16).
Өлгендердің қандай күйде болатынын білгеніміз жерлеу рәсімі кезінде осы дүниенің ешбір жорасын жасамауға батылдық береді (Ефес. 4:17—19). Тарихта ең ұлы әрі ең беделді болған Исаның өзі қарапайым түрде жерленген болатын (Жох. 19:40—42). Мұндайды ‘Мәсіхтің ой-ниетін’ ұстанатын адамдар ұят деп есептемейді (Қор. 1-х. 2:16). Жерлеу рәсімін қарапайым етіп өткізу Киелі кітапқа қайшы келетін жоралардан аулақ болудың және жиналған адамдардың сабырлық сақтап, өздерін Құдай халқына лайықты ұстауына септігін тигізудің бірден бір жолы екені сөзсіз.
Көңілді өту керек пе?
Бір елдің салт-дәстүрі бойынша, мәйітті жерлеп болған соң туыстары мен көрші-қоңсылары дастарқан басына жиналып, көңіл көтереді, музыканы қатты қойып би билейді. Мұндай жиында адамдар көп ішімдік ішеді, азғындық жасайды. Кейбіреулер осылайша қайғыны ұмытуға болады деп есептейді. Басқалары болса бұған жай ғана халқымыздың мәдениеті деп қарайды. Алайда көпшілік өлген адамды жерлеуден кейін көңіл көтеру оған сый-құрмет көрсету үшін және оның рухы тәнінен босап, ата-бабаларының қасына бару үшін жасау керек маңызды рәсім деп сенеді.
Шынайы мәсіхшілер Жазбалардағы: “Күлкіге қарағанда уайым жақсы; өйткені бет-әлпетіндегі уайым табы жүрек жылуын арттыра түседі”,— деген дана сөздер екенін түсінеді (Екк. 7:3). Бұған қоса, олар өмірдің өткіншілігі және қайта тірілу үміті жайлы іштей ойланып-толғанудың пайдалы екенін біледі. Шынында да, Ехобамен тығыз қарым-қатынасы бар адам үшін “туған күннен — жаның тыным табар өлім жақсы” (Екк. 7:1). Олай болса, шынайы мәсіхшілер жерлеу рәсімі кезіндегі көңіл көтерудің рухтарға сенумен және азғындықпен байланысы бар екенін біліп, оларды жасамайды, тіпті ондайға қатыспайды. Мұндай рәсімдерді жасап жатқан адамдардың арасында жүру Құдайды құрметтемеудің және бір сенімдегі бауырластардың ар-ұжданын елемеудің белгісі болып табылады.
Өзгелер айырмашылықты көрсін
Рухани қараңғылықта жүрген көпшіліктің бойын билеген өлілер алдындағы үрейден азат болғанымыз үшін Құдайға қаншалықты ризамыз десеңші! (Жох. 8:32). “Нұрдың адамдары” ретінде қайғы-мұңымызды рухани нұрды көрсететіндей жолмен, яғни қайта тірілу үмітіне сенімді болып, қарапайым, құрметке лайықты түрде әрі ұстамдылықпен білдіреміз (Ефес. 5:8; Жох. 5:28, 29). Осы үмітіміздің арқасында біз “үміті үзілген басқалар” сияқты қайғыға тым қатты берілмейміз (Сал. 1-х. 4:13). Сондай-ақ бұл бізге таза ғибадаттың жағында нық тұрып, адамдар алдындағы қорқынышқа бой алдырмауға көмектеседі (Пет. 1-х. 3:13, 14).
Киелі кітаптағы принциптерді адал ұстанғанымыздың арқасында жұрт ‘Құдайға құлшылық етуші мен Оған құлшылық етпеушінің арасында қандай айырмашылық’ бар екенін көреді (Малх. 3:18). Өлім енді ешқашан болмайтын уақыт келеді (Аян 21:4). Құдайдың осы керемет уәдесі орындалатын уақыты келгенше, осы зұлым дүниеден бөлек болып, Құдайды қорлайтын істермен ластанбай, Ехобаның алдында мүлтіксіз пәк таза жүре берелік (Пет. 2-х. 3:14).
[30-беттегі сурет]
Жерлеу рәсіміне қатысты шешімді жазып қою даналық болып табылады
[31-беттегі сурет]
Мәсіхшілердің жерлеу рәсімі қарапайым әрі лайықты түрде өту керек