Ехобаның қызметшісі ‘біздің күнәларымыз үшін түйрелді’
“Құдайдың Қызметшісі біздің күнәларымыз үшін түйреліп, біздің әділетсіз істеріміз үшін құртылды... Оның жараларының арқасында біз сауықтық” (ИШАЯ 53:5).
1. Еске алу кешін атап өткенде, нені есте ұстауымыз керек және бұлай етуге қандай пайғамбарлық көмектеседі?
БІЗ Еске алу кешін Мәсіхтің өлімі мен оның өліп, қайта тірілуінің арқасында не нәрсеге қол жеткізілгенін еске түсіру үшін атап өтеміз. Еске алу кеші Ехобаның билігінің ақталуын, есімінің қастерленуін және ниеттерінің, соның ішінде адамзатты құтқару ниетінің, орындалуын есімізге салады. Мәсіхтің құрбандығы мен оның арқасында неге қол жеткізілгені жайында сипатталған пайғамбарлықтардың ішіндегі ең керемет пайғамбарлық Ишая 53:3—12 дейінгі тармақтар болар. Ишая Қызметшінің азап шегетінін алдын ала айтқан. Сондай-ақ Мәсіхтің өліміне және оның арқасында майланған бауырластары мен “басқа қойлардың” көретін баталарына қатысты егжей-тегжейлі жайттарды келтірген (Жох. 10:16).
2. Ишаяның пайғамбарлығы нені дәлелдейді және ол бізге қалай әсер етеді?
2 Иса жерде туылмай тұрып жеті ғасыр бұрын, Ехоба рухтың жетелеуімен Ишая пайғамбарға таңдап алған Қызметшісінің барынша сыналғанда да адал болып қалатынын жаздырған. Бұл жайт Ехобаның өз Ұлының адал болатынына толықтай сенімді болғанын дәлелдейді. Осы пайғамбарлықты қарастырғанымыз көңілімізді ризашылыққа толтырып, сенімімізді нығайтады.
“Жиренішті болды” және оны ‘бағаламады’
3. Неге яһудилер Исаны жылы қарсы алулары керек еді, бірақ оны қалай қабылдады?
3 Ишая 53:3 оқы. Құдайдың жалғыз Ұлы үшін Әкесінің қасындағы қуанышты қызметін тастап, адамзатты күнә мен өлімнен азат ету үшін өмірін құрбандыққа беруге жер бетіне келу нені білдіргенін ойлап көрші! (Філіп. 2:5—8). Оның құрбандығының арқасында күнәлар шындап кешірілу керек болатын. Мұса заңындағы құрбандыққа мал шалу осының күңгірт жобасы ғана еді (Евр. 10:1—4). Олай болса, оны адамдар — ең болмағанда, уәде етілген Мәсіхті күтіп жүрген яһудилер — жылы қарсы алып, құрметтеу керек емес пе еді? (Жох. 6:14). Ал яһудилер болса, Ишая айтып кеткендей, Мәсіхке ‘жиренішпен’ қарап, ‘оны бағалаған жоқ’. Елші Жохан: “Өзі таңдап алған халқына келгенімен, олар Оны қабылдамады”,— деп жазды (Жох. 1:11). Ал елші Петір яһудилерге былай деді: ‘Ата-бабаларымыздың сиынған Құдайы Өзінің Қызметшісі Исаны ұлылыққа бөледі. Соны Пилат босатып жібермекші болғанмен, сендер опасыздық жасап, Пилаттың алдында Одан бас тарттыңдар. Қасиетті және әділ Кісіден бас тарттыңдар’ (Ел. іс. 3:13, 14).
4. Қалайша Иса “ауру-сырқаудың не екенін білген”?
4 Ишая Исаның “ауру-сырқаудың не екенін білетіні” (ЖД) жөнінде де пайғамбарлық еткен. Қызметінің барысында Исаның кейде шаршағаны сөзсіз, бірақ оның ауырғаны жайлы еш жерде айтылмаған (Жох. 4:6). Алайда ол уағыздаған адамдарының ауруын жақсы түсінген. Сондықтан оларға жаны ашып, сауықтырған (Мар. 1:32—34). Осылайша Иса келесі пайғамбарлықты орындады: “Шынында Құдайдың Қызметшісі біздің қасіретімізді Өзіне алды, біздің ауруларымызды өз мойнымен көтерді” (Ишая 53:4а, Мат. 8:16, 17).
“Құдай бұйырған жаза” ма?
5. Яһудилердің көбісі Исаның өліміне қалай қарады және неге бұл Исаның қасіретіне қасірет қосты?
5 Ишая 53:4ә оқы. Исаның замандастарының көбісі оның не үшін азап шегіп, өлгенін түсінбеді. Олар Құдай оны бейне бір жиренішті ауруға ұшыратып, жазалап жатыр деп ойлады (Мат. 27:38—44). Яһудилер Исаны Құдайды қорлады деп айыптады (Мар. 14:61—64; Жох. 10:33). Әрине, Иса күнәкар да, қорлаушы да емес-тін. Әкесін қатты сүйгендіктен, Құдайды қорлаушы ретінде айыпталғаны Ехобаның Қызметшісінің қасіретіне қасірет қосса керек. Сөйткенмен де ол Ехобаның еркіне мойынсұнуға дайын болды (Мат. 26:39).
6, 7. Қай мағынада Ехоба адал Қызметшісін ‘құртты’ және неге бұл оған ‘қуаныш’ әкелді?
6 Бізді Ишаяның пайғамбарлығында адамдардың Мәсіхті Құдай жазалап жатыр деп есептейтіні аса таңғалдырмайтын шығар, бірақ “Ехоба оны құртуға қуанышты болды” деген сөздер таңғалдырар (Ишая 53:10 ЖД). Ехоба: “Міне, Менің қолдап жүрген Қызметшім”,— деп айтқан еді ғой, онда қалайша ‘оны құртуға қуанышты болады’? (Ишая 42:1). Бұл Ехобаға қандай мағынада қуаныш әкелді деуге болады?
7 Пайғамбарлықтың бұл бөлігін түсіну үшін, Шайтан Ехобаның билігіне қатысты дау көтеріп, Құдайдың көктегі және жердегі қызметшілерінің бәрінің адалдығына күмән келтіргенін есімізге түсірейік (Әйүп 1:9—11; 2:3—5). Иса өлімге дейін адал болып қалуымен Шайтанның дауына керемет түрде жауап берді. Мәсіхті жауларының өлтіруіне жол бергенімен, Ехоба таңдап алған Қызметшісінің өлімін көріп қайғырғаны шүбәсіз. Алайда Ұлының толықтай адалдық сақтағаны оған зор қуаныш әкелді (Нақ. с. 27:11). Сондай-ақ оның өлімі күнәсіна өкінгендерге қандай баталар әкелетінін білгені Ехобаны қатты қуантты (Лұқа 15:7).
‘Біздің күнәларымыз үшін түйрелді’
8, 9. а) Қалай Иса ‘біздің күнәларымыз үшін түйрелді’? ә) Петір мұны қалай растады?
8 Ишая 53:6 оқы. Адасқан қойлар сияқты, күнәкар адамзат Адам атадан мұра еткен ауру мен өлімнен құтылудың жолын іздеп, дал болуда (Пет. 1-х. 2:25). Кемелсіз болғандықтан, Адамның ұрпақтарының ешқайсысы да ол жоғалтқан нәрсенің құнын өтеп, қайтара алмайды (Заб. 49:7). Алайда сүйіспеншілікке толы “Жаратқан Ие бәріміздің күнәларымызды Қызметшісінің [аяулы Ұлының] мойнына артты”. ‘Біздің күнәларымыз үшін түйрелуге’ және ‘әділетсіз істеріміз үшін құртылуға’ келісуімен Мәсіх күнәларымызды өзімен бөренеге алып, біздің орнымызға өлді.
9 Елші Петір: “Ол сендерді сол үшін де шақырды. Мәсіхтің Өзі бізге бола азап шегіп, үлгі қалдырды, сондықтан Оның ізімен жүруіміз керек. Біз күнәның құлдығынан құтылып, әділетті өмір сүре алуымыз үшін Мәсіх айқыш ағашта күнәларымыздың айыбын өз тәнінде көтеріп тұрды”,— деп жазды. Сосын, Ишаяның пайғамбарлығын келтіріп: “Осылай Оның жаралары арқылы сауықтық”,— деп қосты (Пет. 1-х. 2:21, 24; Ишая 53:5). Бұл күнәкарларға Құдаймен татуласуға жол ашты. Осы жөнінде Петір: “Мәсіх те әділ бола тұра, әділетсіздер үшін азап шекті. Ол бізді Құдаймен табыстыру үшін күнәларымызға бола біржола өмірін қиды”,— деді (Пет. 1-х. 3:18).
“Тоқты сияқты сойылатын жерге алып барды”
10. а) Шомылдыру рәсімін жасаушы Жақия Исаны қалай сипаттады? ә) Неге Жақияның сөздері орынды еді?
10 Ишая 53:7, 8 оқы. Шомылдыру рәсімін жасаушы Жақия өзіне келе жатқан Исаны көргенде: “Қараңдар, Мынау Құдайдың құрбандыққа жіберген “Тоқтысы”! Ол адамзаттың күнәсын өз мойнына артып, сол үшін жанын қияды”,— деп жар салды (Жох. 1:29). Исаны Тоқты деп айтқанда, Жақияның ойында Ишаяның: “Оны тоқты сияқты сойылатын жерге алып барды”,— деген сөздері болған шығар (Ишая 53:7). Ишая: ‘Қызметші жанын өлімге қиды’,— деп пайғамбарлық еткен болатын (Ишая 53:12). Бір қызықты жайт, Иса өлімін Еске алу кешін енгізген түні 11 адал елшісіне шарабы бар тостағанды беріп жатып: “Бұл — күнәлары кешірілсін деп көптеген адамдар үшін төгіліп, (Жаңа) келісімді бекітетін Менің қаным”,— деген (Мат. 26:28).
11, 12. а) Ысқақтың өзін құрбандыққа ұсынуға дайын болғанынан Мәсіхтің құрбандығы жайлы не білеміз? ә) Еске алу кешін атап өткен кезде Ұлы Ыбырайым, Ехоба, жайлы нені есте ұстауымыз керек?
11 Ертедегі Ысқақ сияқты, Иса да Ехобаның өзіне қатысты еркін білдіретін құрбандық орнында өз өмірін құрбандыққа беруге дайын болды (Жар. 22:1, 2, 9—13; Евр. 10:5—10). Ысқақ өзін құрбандыққа ұсынуға дайын болғанымен, мұны ұсынбақ болған Ыбырайым еді (Евр. 11:17). Тап солай, Иса жанын қиюға дайындықпен келіскенімен, төлем шарасын ұйымдастырған Ехоба болатын. Ұлының құрбандығы Құдайдың адамзатқа деген зор сүйіспеншілігінің көрінісі болды.
12 Исаның өзі былай деді: “Құдай адамзатты сондай қатты сүйгендіктен, Өзінің жалғыз рухани Ұлын құрбандыққа берді. Енді Оған сенуші әркім жаны тозаққа түспей, мәңгілік өмірге ие болады” (Жох. 3:16). Ал елші Пауыл: “Әлі де күнәкар болып жүрген кезімізде біз үшін Мәсіх өмірін құрбан етті! Осы арқылы Құдай бізге Өзінің зор сүйіспеншілігін дәлелдеді”,— деп жазды (Рим. 5:8). Сондықтан Мәсіхтің өлімін еске алып, оны мадақтағанда, осы құрбандықтың берілуін қамтамасыз еткен Ұлы Ыбырайым — Ехоба екенін ешқашан ұмытпауымыз керек. Біз Еске алу кешін Ехобаны дәріптеу үшін атап өтеміз.
Қызметші “көп адамды әділдікке” жеткізеді
13, 14. Қалайша Ехобаның Қызметшісі ‘көп адамды әділдікке’ жеткізді?
13 Ишая 53:11, 12 оқы. Өзінің таңдап алған Қызметшісіне қатысты Ехоба (ЖД): “Әділ кісі, менің қызметшім, көп адамды әділдікке жеткізеді”,— деген. Қалайша? Бұл сұрақтың жауабын 12-тармақтың соңғы бөлігінен табамыз. ‘Ол [Қызметші] көптеген күнәкарлардың кешірілуі үшін өтініш жасады’. Адам атаның ұрпақтарының бәрі күнәкар болып туылады, ал “күнәнің беретіні — өлім” (Рим. 5:12; 6:23). Сондықтан Ехоба мен күнәкар адамдарды татуластыру қажет. Ишая пайғамбарлығының 53-тарауында Исаның күнәкар адамзат үшін қалайша ‘өтініш жасағаны’ әсерлі сипатталған: “Оның тартқан жазасы бізге амандық пен тыныштық әкелді. Оның жараларының арқасында біз сауықтық” (Ишая 53:5).
14 Күнәларымызды мойнына алып және біздің орнымызға өлуімен Мәсіх ‘көп адамды әділдікке’ жеткізді. Пауыл былай деп жазды: “Құдай Өзінің бүкіл болмысының рухани Ұлында тұруын ұнатты. Ол арқылы Құдай жер мен көктегі барлық нәрсені Өзімен татуластыруды, яғни Оның айқышта қанын төгіп, құрбан болғандығының арқасында татулық орнатуды қалады” (Қол. 1:19, 20).
15. а) Пауыл айтқан ‘көктегі нәрселер’ кімдер? ә) Еске алу кешінде тек кімдер рәміздерден дәм тата алады және неге?
15 Мәсіхтің төгілген қаны арқылы Ехобамен татуласқан ‘көктегі нәрселер’ — көкте Мәсіхпен бірге билік етуге шақырылған майланған мәсіхшілер. ‘Көкке шақырылған’ мәсіхшілер “өмір сүру үшін әділ деп жарияланады” (Евр. 3:1; Рим. 5:1, 18 ЖД). Ехоба оларды өзінің рухани балалары етеді. Киелі рух оларға көктегі Патшалықта патша және діни қызметкерлер болуға шақырылған ‘Мәсіхпен бірге мұрагер’ (Тт) екендерін білдіреді (Рим. 8:15—17; Аян 5:9, 10). Олар ‘Құдайдың рухани Исраил халқының’ мүшелері болады және ‘жаңа шартқа’, немесе келісімге, алынады (Ерм. 31:31—34; Ғал. 6:16). Жаңа келісімнің мүшелері ретінде олар Еске алу кешінде рәміздерден, Иса: “Мына тостаған — сендер үшін төгілмек қаныммен бекітілген Жаңа келісім”,— деп айтқан қызыл шараптан да, дәм тата алады (Лұқа 22:20).
16. ‘Жердегі нәрселер’ деген кімдер және қалайша олар Ехобаның алдында әділ болып жарияланады?
16 ‘Жердегі нәрселер’ — жер бетінде мәңгі өмір сүруге үміті бар Мәсіхтің басқа қойлары. Ехобаның таңдап алған Қызметшісі бұларды да Оның алдында әділдікке жеткізеді. Мәсіхтің төлем құрбандығына сенім білдіріп, осылайша “шапандарын Тоқтының төгілген қанымен “жуып” аппақ қылғандықтан”, Ехоба оларды рухани балалары емес, достары ретінде әділ деп жариялайды, әрі ‘ауыр азаптан’ аман қалу үмітін сыйлайды (Аян 7:9, 10, 14 сілт.; Жақ. 2:23). Олар жаңа келісімде болмағандықтан, көкте өмір сүруге үміттері жоқ. Сондықтан Еске алу кешінде рәміздерден дәм татпай, құрметпен бақылайды.
Барлығы Ехоба мен адал Қызметшісінің арқасында!
17. Ишаяның Қызметші жайлы пайғамбарлықтарын зерттегеніміз жүрегіміз бен ой-санамызды Еске алу кешіне дайындауға қалай көмектеседі?
17 Ишаяның Қызметші жайлы пайғамбарлықтарын мұқият зерттегеніміз — Мәсіхтің өлімін Еске алу кешіне жүрегіміз бен ой-санамызды дайындаудың керемет жолы. Бұл бізге ‘бар назарымызды Исаға аударуға’ көмектеседі (Евр. 12:2). Біз Құдай Ұлының бүлікшіл болмағанын білдік. Шайтан сияқты емес, ол Ехобаны Әлемнің Әміршісі ретінде мойындап, одан тәлім алуға қуанады. Сондай-ақ Исаның жердегі қызметінің барысында, өзі уағыздаған адамдарға жанашырлық танытып, оларды тәндік және рухани жағынан сауықтырғанын көрдік. Осылайша Мәсіх Патша ретінде жаңа дүниеде ‘әділдікті жер бетінде орнатқанда’ не істейтінін көрсетті (Ишая 42:4). “Өзге ұлттарға нұр” болып, Патшалықты уағыздау ісінде танытқан құлшынысы оның ізбасарларын да Ізгі хабарды дүниежүзі бойынша құлшыныспен уағыздауға талпындырады (Ишая 42:6).
18. Неліктен Ишая пайғамбарлығы жүрегімізді Ехоба мен оның адал Қызметшісіне деген ризашылыққа толтырады?
18 Сонымен қатар Ишая пайғамбарлығы өзінің аяулы Ұлын жерге қасірет шегіп, біз үшін өмірін қиюға жіберуімен Ехобаның үлкен құрбандыққа барғанын тереңірек түсінуге көмектеседі. Ехоба Ұлының қасірет шеккеніне емес, өмірінің соңына дейін толығымен адалдық сақтағанына қуанды. Исаның Шайтанның өтірікші екенін дәлелдеп және Ехобаның есімін киелі етіп, осылайша Құдайдың бүкіләлемдік билігінің дұрыс екенін ақтау үшін жасаған барлық істерін түсіне отырып, біз де Ехобаның қуанышына ортақтасуымыз керек. Бұған қоса, Мәсіх күнәларымызды мойнына алып, біз үшін жанын қиды. Осылай ол өзінің майланған бауырларының, яғни кішкентай қораның және басқа қойлардың Құдай алдында әділ болуына мүмкіндік жасады. Олай болса, Еске алу кешіне жиналғанда жүрегіміз Ехоба мен оның адал Қызметшісіне деген ризашылыққа толсын!
Талқылауға арналған сұрақтар
• Қай мағынада Ехобаға адал Қызметшісінің ‘құртылуы’ ‘қуаныш’ әкелді?
• Қалай Иса ‘біздің күнәларымыз үшін түйрелді’?
• Қалайша Қызметші ‘көп адамды әділдікке жеткізді’?
• Қызметші жайлы пайғамбарлықтарды зерттегенің ой-санаң мен жүрегіңді Еске алу кешіне қалай дайындайды?
[26-беттегі сурет]
‘Ол жиренішті болды. Оны біз бағалаған жоқпыз’
[28-беттегі сурет]
‘Қызметші жанын өлімге қиды’
[29-беттегі сурет]
“Басқа қойлар” Еске алу кешіне құрметпен бақылайтындар ретінде қатысады