Құдайға ‘өзара ниеттес, ынтымақта’ қызмет ету
ЯҺУДИЛЕР мен яһуди дініне кіргендер Иса Мәсіхтің шәкірттерінің айналасына жиналып қалды. Бұл Алғашқы өнім мейрамы еді. Жиналғандар Иерусалимге тіпті сонау батыстағы Рим мен шығыстағы Парфиядан да келген болатын. Қалың жұрттың әртүрлі тілде сөйлесіп жатқаны естіледі. Алайда оларға сөйлеп тұрған Исаның шәкірттерінің бәрі ғалилеялықтар еді. Келген қонақтардың кейбірі бұған қатты таңғалып: “Бұлар қалайша біздің өз тілдерімізде сөйлеп жатыр?”— десті (Ел. іс. 2:8).
Сонда елші Петір орнынан тұрып, өздері куә болып тұрған кереметтің мәнісін түсіндірді. Тыңдаушылар оның айтқан хабарын бірден қабыл алып, мыңдаған адам шомылдыру рәсімінен өтті (Ел. іс. 2:41). Қауым жылдам өсіп жатса да, өзара бірліктерін жоғалтпады. Киелі кітап жазушысы Лұқа: “Сенушілердің қауымы өзара ниеттес, ынтымақты болды”,— деген (Ел. іс. 4:32 сілт.).
Б. з. 33 жылының Алғашқы өнім мейрамында шомылдыру рәсімінен өткен мыңдаған адам жаңа қабылдаған сенімдері жайлы көбірек білу үшін, біраз уақытқа Иерусалимде қалуды шешті. Бірақ алғашында олардың мұндай жоспары болмаған еді. Сондықтан оларға көмек ретінде уақытша ақшалай қор жиналды. Кейбір сенушілер мал-мүлкін сатып, түскен ақшаны мұқтаж болғандарға үлестірсін деп елшілерге апарып берді (Ел. іс. 2:42—47). Сүйіспеншілік пен жомарттықтың неткен керемет көрінісі!
Шынайы мәсіхшілер әрдайым осындай сүйіспеншілік пен жомарттық рухын танытқан. Бүгінде мәсіхшілер қауымы Ехобаға бірлесіп, ‘өзара ниеттес, ынтымақта’ қызмет етуде. Әрбір мәсіхші өз уақытын, күші мен қаражатын ізгі хабарды уағыздау мен Құдай Патшалығының мүддесін қолдауға жомарттықпен жұмсауда (“Садақа жасаудың кейбір жолдары” қоршауын қара.).
[6, 7-беттердегі қоршау]
САДАҚА ЖАСАУДЫҢ КЕЙБІР ЖОЛДАРЫ
ДҮНИЕЖҮЗІЛІК ІСКЕ АРНАЛҒАН САДАҚАЛАР
Көп адам “Дүниежүзілік іс” деген жазуы бар жәшікке салу үшін бюджетінен белгілі бір соманы бөліп отырады.
Ай сайын қауымдар бұл ерікті садақаларды жергілікті филиалға жіберіп тұрады. Ерікті садақаны өз аумақтарыңа қызмет көрсетіп жатқан филиалға тікелей жіберуге болады. Мұндай жағдайда онымен бірге бұл садақаның сый екенін көрсететін қысқаша хат салып жіберу қажет.
САДАҚАНЫҢ БАСҚА ДА ТҮРЛЕРІ
Тікелей қаржылай садақа жасаумен қатар, кейбір елдерде дүниежүзілік істі қолдаудың басқа да мүмкіндіктері бар. Олардың кейбірі төменде келтірілген.
Жылжымайтын мүлік. Сатуға жарамды жылжымайтын мүлікті филиалға тікелей тарту ретінде немесе оны сыйлаушы тұлға көз жұмғанша мүлікке иелік ету құқымен садақа ретінде беруіне болады, ол өмірінің соңына дейін оны қолдана береді. Өз мүлкіңізді филиалға сый ретінде беруге қажетті құжаттарды толтырмас бұрын, филиалмен байланысуыңызды сұраймыз.
Өсиет. Дүние-мүлікті не ақшаны филиалға заң бойынша жасалған өсиет арқылы беруге болады. Бұл жағдайда өсиеттің көшірмесін филиалға жіберу керек.