Бүгінде орындалып жатқан пайғамбарлықтар
КИЕЛІ КІТАПТА Құдай Патшалығының жер бетіне біржола тыныштық пен бақыт әкелетіні айтылған (Даниял 2:44). Шәкірттеріне үйреткен дұғасында Иса: “Патшалығың осында орнасын! Сенің еркің көкте орындалғандай, Жер бетінде де орындала берсін!”— деген (Матай 6:10). Зәйтүн тауында шәкірттерімен отырғанда Иса Патшалық Құдай еркін жерде орындамас бұрын болатын оқиғалар мен жағдайларды алдын ала айтты. Бұл оқиғалар ақыр заманның белгісі болмақ еді, әрі оны ақ жүректі адамдар айқын көре алатын еді. Сен осы оқиғалардың болып жатқанын көріп жүрсің бе?
Халықтар арасындағы соғыстар. Иса: ‘Ұлт ұлтқа қарсы, мемлекет мемлекетке қарсы аттанады’,— деп алдын ала айтқан (Матай 24:7). 1914 жылғы алғашқы дүниежүзілік соғысқа дейінгі соғыстар кішігірім аймақты ғана қамтыған болатын. Алайда Бірінші дүниежүзілік соғыс жер жүзінің көп бөлігіне жайылып қана қойған жоқ, адамзат бұрын-соңды қолданбаған әлдеқайда жойқын қару-жарақтың дамуын жылдамдатты. Мысалы, бейбіт халықты бомбалайтын ұшақтар ойлап шығарылды. Қару-жарақтың жаппай шығарылуы адам өлімін көбейтіп, бұрын ойға келмеген қырғынға әкеп соқты: соғысқа қатысқан 65 миллион жауынгердің шамамен жартысы қаза болды не жарақат алды. Бұдан кейінгі соғыстар одан да көп адам өмірін жалмады. Бір тарихшы Екінші дүниежүзілік соғыста қаза болған жауынгерлер мен бейбіт халықтың саны “мәңгі белгісіз болып қала беретінін” айтқан. Соғыстар әлі де болып жатыр.
Кең жайылған аштық. ‘Түрлі жерлерде ашаршылық болады’,— деді Иса (Матай 24:7). 2005 жылы бір журналда былай делінген еді: “Дүниедегі 854 миллион адам (бұл жер шары тұрғындарының шамамен 14 пайызы) үнемі немесе ара-тұра тамаққа жарымайды” (Science). Біріккен Ұлттар Ұйымының 2007 жылғы есебі бойынша, 33 елде адамдар азық-түлік тапшылығын көруде. Астық өнімі артып жатса да, неліктен аштық кең жайылған? Мұның бір себебі — адам азық ететін дәнді дақылдар этанол жасауға қолданылуда. Оңтүстік Африканың бір газетінде: “Үлкен көліктің багын бір рет толтыратын этанолды шығаруға кететін астық адамға бір жылдық азық болады”,— делінген (The Witness). Тіпті дамыған елдерде азық-түліктің қымбаттауының нәтижесінде адамдар тапқан табысын неге жеткізерін білмей қиналуда: ары тартса азық-түлікке жетпейді, бері тартса дәрі-дәрмек, жылу сияқты қажеттіліктерге жетпейді.
Үлкен жерсілкіністер. Иса: “Түрлі жерлерде қатты жерсілкіністер... болады”,— деген (Лұқа 21:11). Қазіргі кезде жерсілкіністердің кесірінен бұрынғыға қарағанда көп адам жапа шегіп жатқанымен келісетін шығарсың. 2007 жылы үндістандық сейсмолог Р. К. Чадха: “Біз көп жерде сейсмикалық белсеңділіктің күрт күшейгенін байқаймыз... Мұның себебін ешкім білмейді”,— деген болатын. Оның үстіне, жерсілкінісі қауіпі бар аймақтарда көп адам шоғырланып жатқандықтан, апат құрбандарының саны да көбеюде. АҚШ-тың геологиялық зерттеулері бойынша, Үнді мұхитындағы жерсілкініс пен одан кейінгі цунамидің кесірінен 2004 жыл шамамен соңғы бес жүз жылдағы ең апатты жыл болды.
Бой алдырмай жатқан аурулар. Иса: “Індеттер болады”,— деді (Лұқа 21:11). Дүниежүзінде аурудың ескі әрі жаңа түрлеріне бұрын-соңды болмаған көп адам шалдығуда, сондай-ақ бұл аурулардың емін табу қиынға соғуда. Мысалы, малярияны түп тамырымен жою үшін көп ел бірігіп күш салғанмен, ол қайта-қайта жайылып, бой алдырар емес. Бұған қоса, туберкулез сияқты бұрынан келе жатқан аурулардан адамдар миллиондап қаза болуда және онымен қабаттасып ЖИТС және басқа аурулар кең етек жаюда. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының есебі бойынша, бүгінде дүниежүзіндегі адамдардың үштен бірі туберкулез жұқтырған. Сондай-ақ бұл ұйым АИТВ-нің (ВИЧ) кесірінен көп елде туберкулез індетке айналып жатқанын мәлімдейді. Әр секунд сайын бір адам туберкулезді жұқтыруда және оның дәрі-дәрмекке төзімділігі артуда. Бір журналда айтылғандай, 2007 жылы Еуропада бір адамның туберкулездің кез-келген дәріге төзімді түрімен ауыратыны анықталған (New Scientist).
Мораль мен қоғамның құлдырауы. “Әділетсіздік тым көбейіп кеткендіктен көпшіліктің сүйіспеншілігі суып кетеді”,— деді Иса (Матай 24:12). Қоғамдық және моральдық құндылықтардың құлдырайтынын елші Пауыл да алдын ала айтқан. Ол Құдай Патшалығы осы зұлым дүниені жоярдың алдындағы “соңғы дәуір” деген кезеңінің қиын болатынын суреттеп былай деген: “Адамдар өзімшіл, ақшақұмар, мақтаншақ, тәкаппар, өсекшіл, ата-аналарына бағынбайтын, алғысты білмейтін, қасиеттіні танымайтын, ешкімді сүймейтін, ымыраға келмейтін, жалақор, ұстамсыз, қатыгез, жақсылықты жек көретін, опасыз сатқын, ақылсыз қызба, кеуде көтерген, Құдайдан гөрі ләззат-ермекті артық көретін болады. Олар сырт көзге Құдайға ұнайтындай болып көрінгенмен, Оның күшінен бас тартады” (Тімотеге 2-хат 3:1—5). Бүгінде адамдардың бойында осындай жаман қасиеттердің бұрынғыдан бетер көбейіп кеткенін байқап жүргенің сөзсіз.
Иса мен Пауыл дүниені осындай жағдайға әкеп соқтырған тарихи, қоғамдық және саяси себептердің бәрін тізбектеп шықпаған. Дегенмен олардың пайғамбарлықтарында бүгіндегі жағдайлар мен адамдардың қасиеттері дәл айтылған. Ал болашаққа қатысты не деуге болады? Мәсіхтің келуі жайлы тура айтқан Ишая пайғамбар Құдай Патшалығының жер бетіне әкелетін баталары туралы да жазған. Сол баталар келесі мақалада талқыланады.
[6-беттегі сурет]
“Ұлт ұлтқа қарсы... аттанады”
[7-беттегі сурет]
“Індеттер болады”
[Түпдерек]
© WHO/P. Virot