Біртұтас жүрекпен адалдық сақтаңдар
“Сенің ақиқат жолыңмен жүретін болам; Өзіңнің атыңның жауапкершілігімен менің жүрегімді нығайт [“біртұтас ет”, ЖД]” (ЗАБ. 85:11).
1, 2. Забур 85:2, 11 тармақтарға сай, сынақтар мен азғыруларға кезіккенде, Ехобаға адалдық сақтауға не көмектеседі? ә) Шынайы адалдықты қай кезде дамыту керек?
КЕЙБІР мәсіхшілер түрмеге жабылғанына немесе қудаланғанына қарамастан, ұзақ жылдар бойы адалдық сақтап келсе де, неліктен дүниеқұмарлыққа беріліп қалып жатады? Бұған себеп болатын бейнелі жүрек, яғни адамның ішкі болмысы. Забурдың 85-жырында адалдықтың бөлінбеген, біртұтас жүрекке байланысты екені көрсетіледі. Дәуіт былай деп жырлады: “Менің жанымды сақта, өйткені мен Сенің алдыңда оны қастерлеймін [“адалмын”, ЖД]; Құдайым менің, Өзіңе үміт артатын Өзіңнің құлыңды құтқара гөр”. Әрі қарай ол: “Жаратушы, мені Өзіңнің жолыңа қарай баста, сонда Сенің ақиқат жолыңмен жүретін болам; Өзіңнің атыңның жауапкершілігімен менің жүрегімді нығайт [“біртұтас ет”, ЖД]”,— деп дұға еткен (Заб. 85:2, 11).
2 Ехобаға толық сенім артпайтын болсақ, басқа ойлар мен нәрселер оған деген адалдығымызды әлсіретеді. Өзімшілдіктен туындаған қалауларды жол астына жасырылған жарылғыштарға теңеуге болады. Ехобаға қиын жағдайларда адалдық сақтаған болсақ та, Шайтанның тұзақтарына түсіп қалуымыз мүмкін. Ехобаға деген шынайы адалдықты сынақтар мен азғыруларға кезікпей тұрып дамыту өте маңызды. Киелі кітапта: “Ең бастысы, таза сақта жүрегіңді”,— делінген (Нақ. с. 4:23). Осыған қатысты Ехобаның Еробоғам патшаға жіберген яһудалық пайғамбардың оқиғасынан маңызды сабақ алуға болады.
“Мен саған сыйлық беремін”
3. Құдай пайғамбары айтқан қатаң хабарды Еробоғам қалай қабылдады?
3 Келесі көріністі көз алдыңа елестетші. Он рулы солтүстік патшалықта бұзауға табынуды орнатқан Еробоғам патшаға Құдай адамы қатаң хабар айтты. Патша қатты ашуланып, қасындағыларға хабаршыны ұстауды бұйырады. Алайда Ехоба өз қызметшісімен еді. Патшаның ашумен сілтеп қалған қолы сол замат ағаш болып қатып қалады, ал жалған ғибадатқа арналған құрбандық орны күйрейді. Сонда бірден жуасып қалған Еробоғам Құдай адамына жалынып: “Жаратушы Иеңнің, сенің Құдайыңның атынан рақымшылық жаса және менің қолым өзіме бұрылуы үшін маған аяушылық жаса”,— дейді. Пайғамбар дұға еткеннен кейін, патшаның қолы қалпына келеді (Пат. 3-ж. 13:1—7).
4. а) Неге патшаның ұсынысы, шын мәнінде, пайғамбардың адалдығын сынады деуге болады? ә) Пайғамбар қалай жауап берді?
4 Бұдан кейін Еробоғам Құдай адамына: “Менімен бірге үйге кір және тамақ ішіп, әл жина, мен саған сыйлық беремін”,— деді (Пат. 3-ж. 13:7). Пайғамбар енді не істеуі керек? Құдайдан үкім естіп тұрған патшаның қонақжайлығын қабыл алуы керек пе? (Заб. 118:113). Әлде, патша өкініш білдірсе де, оның шақыруынан бас тартуы керек пе? Еробоғам достарына қымбат сыйлықтар жасай алатындай бақуатты еді. Егер пайғамбардың жүрегінде дүние-мүлікке деген жасырын құмарлық жатқан болса, патшаның ұсынысы оған нағыз сынақ болған болуы мүмкін. Алайда Ехоба пайғамбарға: “Сен ол жерден нан жеме және су ішпе және өзің келген жолмен қайтып оралма”,— деп бұйырған болатын. Сондықтан пайғамбар патшаға: “Сен маған өзіңнің жарты жайыңды берсең де, мен сенімен бірге бармаймын және мен бұл жерден нан да жемеймін, су да ішпеймін”,— деп кесіп айтты. Содан кейін ол басқа жолға түсіп, Бетелден кетеді (Пат. 3-ж. 13:8—10). Пайғамбардың шешімінен шынайы адалдыққа қатысты қандай үлгі аламыз? (Рим. 15:4).
“Қанағат етейік”
5. Дүниеқұмарлықтың адалдыққа қандай қатысы бар?
5 Дүниеқұмарлықтың адалдыққа еш қатысы жоқ болып көрінгенімен, шын мәнінде қатысы бар. Ехобаның бізді ең қажетті нәрселермен қамтамасыз ететініне сенімдіміз бе? (Мат. 6:33; Евр. 13:5). “Әлдеқайда жақсы” нәрселерге қалай да қол жеткізуге тырыспай, онсыз-ақ өмір сүре аламыз деп шешеміз бе? (Філіпіліктерге 4:11—13 оқы). Әлде, қалағанымызды дәл қазір алу үшін Құдайға қызмет ету мүмкіндіктерінен бас тарту ойымызға келіп жүр ме? Ехобаға адал қызмет ету өмірімізде бірінші орында тұр ма? Бұл сұрақтарға қалай жауап беретініміз Құдайға шын жүректен қызмет етеміз бе, жоқ па, соған байланысты. Елші Пауыл былай деген: “Құдайға ұнамды өмір сүріп, барға қанағат ету зор рухани байлыққа жеткізеді. Бұ дүниеге ештеңе де әкелген жоқпыз, ештеңе алып кетпейтініміз де айдан анық. Сондықтан ішер ас пен киер киім болса, соған қанағат етейік” (Тім. 1-х. 6:6—8).
6. Бізге қандай “сый” ұсынылуы мүмкін және дұрыс шешім қабылдауға не көмектеседі?
6 Мысалы, бастығымыз бізге айлығы көбірек және басқа да артықшылықтары бар жұмыс ұсынуы мүмкін. Немесе басқа елге не ауданға көшіп барсақ, көбірек ақша табуға болатыны белгілі болды делік. Алғашында мұндай мүмкіндікті Ехобаның батасы деп түсініп қалуға болады. Бірақ шешім қабылдамас бұрын ниетімізді тексерген жөн. Ең алдымен, бұл шешім Ехобамен қарым-қатынасымызға қалай әсер ететінін ойлауымыз керек.
7. Дүниеқұмарлықты түптамырымен жою неліктен маңызды?
7 Шайтанның дүниесі дүние-мүлікке деген құмарлықты өршітуде (Жоханның 1-хаты 2:15, 16 оқы). Ібілістің мақсаты — біздің жүрегімізді бүлдіру. Сондықтан жүрегімізде дүниеқұмарлықтың пайда болғанын дер кезінде көріп, оны түптамырымен жоюымыз керек (Аян 3:15—17). Исаға Шайтан ұсынған әлемнің барлық патшалықтарынан бас тарту қиын болмаған (Мат. 4:8—10). Ол: “Абайлаңдар, дүниеқор болудан сақтаныңдар! Байлығы қанша зор болса да, адам сол арқылы өз өмірінің иесі бола алмайды”,— деп ескерткен (Лұқа 12:15). Адалдық өзімізге емес, Ехобаға арқа сүйеуге көмектеседі.
Қарт пайғамбар “жалған айтқан еді”
8. Құдай пайғамбарының адалдығы қалай сыналды?
8 Құдайдың пайғамбары еш жерге тоқтамай кете бергенде, ешқандай қиындық болмас еді. Алайда патшаның алдынан кеткен соң көп ұзамай, ол басқа бір сынаққа кезікті. “Вефильде [Бетелде] бір әулие-қария өмір сүрді”. Оған ұлдары сол күні болған оқиғаны түгел айтып береді. Сонда қарт пайғамбар есекті жылдам ерттеткізіп, Құдайдың пайғамбарының соңынан қуып кетеді. Біраз уақыттан кейін оны талдың көлеңкесінде тынығып отырған жерінен табады. Қасына барып: “Менің үйіме келіп нан же”,— дегенде, жас пайғамбар шақыруынан бас тартады. Сонда қарт пайғамбар оған: “Мен де сен сияқты әулиемін [пайғамбармын], және Періште маған Құдай сөзін айтты, сонда былай деді: “оны өзіңнің үйіңе апар; ол нан жеп, су ішсін”,— дейді. Алайда қарт пайғамбар “оған жалған айтқан еді” (Пат. 3-ж. 13:11—18).
9. Жазбаларда өтірікшілер жайлы не айтылған және олар кімге зиян тигізеді?
9 Қарт пайғамбар қандай ниетпен айтса да, өтірік айтты. Бәлкім, ол бір кездері Ехобаға адал қызмет еткен шығар. Алайда осы жағдайда ол өтірік сөйледі. Киелі жазбалар мұндай әрекетті айыптайды (Нақыл сөздер 3:32 оқы). Өтірікшілер өздеріне ғана емес, басқаларға да рухани жағынан зиян тигізеді.
Ол қарт пайғамбармен “бірге қайтып оралды”
10. Қарт пайғамбар шақырғанда, Құдай адамы қалай әрекет етті және мұның нәтижесі қандай болды?
10 Яһудалық пайғамбар қарт пайғамбардың алдап тұрғанын көре білуі керек еді. Ол өзінен: “Ехоба маған жаңа нұсқаулар бергісі келсе, неге періштесін басқа адамға жіберді?”— деп сұрауына болар еді. Ол Ехобаның өзінен нұсқауларды анықтап беруін сұрау керек еді, бірақ Киелі кітапта оның олай еткені айтылмаған. Қайта, “ол [қарт пайғамбармен] бірге қайтып оралды, оның үйінен нан жеді және су ішті”. Бұл Ехобаға ұнамады. Алданып қалған пайғамбар Яһудаға қайтып бара жатқан жолда алдынан арыстан шығып, оны өлтіреді. Осылайша пайғамбардың қызметі қайғылы жайтпен аяқталды (Пат. 3-ж. 13:19—25)a.
11. Ахия қандай жақсы үлгі қалдырды?
11 Еробоғамды патша етіп майлауға жіберілген Ахия пайғамбар болса қартайғанша адал болып қалды. Егде тартып, көзі көрмей қалған пайғамбарға Еробоғам әйелін жіберіп, сырқат ұлының жағдайы қандай болатынын сұратады. Сонда Ахия Еробоғамнан қорықпастан ұлының өлетінін айтады (Пат. 3-ж. 14:1—18). Ахия көп баталарға ие болуымен қатар, Құдай Сөзінің жазылуына үлес қосты. Қалайша? Оның жазбаларын кейінірек дін қызметкері Езра мәлімет көзі ретінде қолданды (Шеж. 2-ж. 9:29).
12—14. а) Жас пайғамбардың оқиғасынан қандай сабақ аламыз? ә) Неге ақсақал Киелі кітаптан кеңес бергенде, мұқият әрі дұға ете отырып ой жүгірту керек? Мысал келтір.
12 Жас пайғамбар артқа қайтып, қарт пайғамбардың үйінде нан жеп, су ішпес бұрын Ехобадан неліктен басшылық сұрамағаны Киелі кітапта айтылмаған. Қарт пайғамбар ол естігісі келген сөзді айтты ма екен? Бұдан біз қандай сабақ аламыз? Біз Ехобаның талаптарының әділ екеніне толық сенімді болуымыз қажет. Сондай-ақ қандай жағдай болмасын, оларды орындауға белді бекем бууымыз керек.
13 Кейбіреулер кеңес берілгенде, өздері естігісі келгенді ғана естиді. Мысалы, бір жариялаушыға жаңа жұмыс ұсынылды делік. Алайда оған келіссе, отбасына және теократиялық істерге арнайтын уақытының біразын жұмсау керек болады. Содан ол ақсақалдан кеңес сұрауды шешеді. Алдымен, ақсақал бауырласқа отбасын қалай қамтамасыз ету керектігін айту құзырында емес екенін түсіндіреді. Сонан соң ұсынылған жұмысқа келіссе, рухани күйіне қауіп төндіруі мүмкін жайттарды қарастырады. Ал енді бауырлас ақсақалдың алғашқы сөздерін ғана есінде ұстай ма, әлде кейінгі кеңесіне мән беріп, ойлана ма? Бауырлас өзіне рухани жағынан жақсырақ болатын шешімді қабылдау қажет екені анық.
14 Болуы мүмкін тағы бір жағдайды қарастырайық. Әйел бауырлас ақсақалдан сенуші емес күйеуінен бөлек тұруына болатынын не болмайтынын сұрайды. Әрине, ақсақал мұндай шешімді өзі қабылдауы керек екенін түсіндіреді. Содан кейін бұл мәселеге қатысты Киелі кітаптың кеңестерін есіне салатын шығар (Қор. 1-х. 7:10—16). Ал енді әйел бауырлас ақсақалдың айтқандарына ден қоя ма? Әлде ол бөлек тұруды әлдеқашан шешіп қойған ба? Шешім қабылдамас бұрын әйел бауырластың дұға етіп, Киелі кітаптағы кеңестердің үстінен ой жүгірткені даналық болар еді.
Қарапайым бол
15. Құдай пайғамбарының қателігінен қандай сабақ аламыз?
15 Яһудалық пайғамбардың қателігінен тағы қандай сабақ аламыз? Нақыл сөздер 3:5-те: “Өз ақыл-санаңа сүйеніп жүрме, Сенім арт шын жүректен Жаратқан Иеңе”,— делінген. Бұрынғыдай Ехобаға арқа сүйей берудің орнына, бұл жағдайда яһудалық пайғамбар өз ақылына сеніп кетті. Қателігінің кесірінен ол өмірінен және Құдай алдындағы жақсы атынан айырылды. Оның оқиғасы Ехобаның алдында қарапайым болып, адал қызмет етудің қаншалықты маңызды екенін көрсетеді.
16, 17. Ехобаға адал болып қалуға не көмектеседі?
16 Өзімшілдікке деген бейімділік бізді теріс бағытқа бұрады. “Басқалардың бәрінен де адам жүрегі құрық бойламас қулыққа толы болады және мүлде бұзылатын да сол” (Ерм. 17:9). Ехобаға адал болып қалу үшін, менмендікке және өз ақылымызға сенуге итермелейтін ескі болмысымыздан арылмайынша күш сала беруіміз керек. Сондай-ақ “Құдайға рухани жағынан ұқсас жаратылған жаңа, шынымен әділетті де қасиетті адам” болуымыз қажет (Ефестіктерге 4:22—24 оқы).
17 Нақыл сөздер 11:2-де: “Кішіпейілге [“қарапайым адамға”, ЖД] даналық серік”,— делінген. Қарапайым болып, Ехобаның көмегіне сүйенсек, үлкен қателік жасаудан аулақ боламыз. Мысалы, ұнжырғамыз түскенде жағдайға дұрыс баға бере алмай қалуымыз мүмкін (Нақ. с. 24:10). Қасиетті қызметтің қандай да бір түрінен шаршағанда, ұзақ жылдар бойы жеткілікті қызмет атқардым, бұл міндетті енді басқа біреу алсын деп ойлай бастауымыз мүмкін. Немесе “қалыпты” өмірді қалайтын шығармыз. Алайда ‘барынша тырмысу’ және ‘Иеміздің ісін әрдайым молынан істеу’ арқылы жүрегімізді сақтаймыз (Лұқа 13:24; Қор. 1-х. 15:58).
18. Қандай шешім қабылдауды білмесек, не істеуіміз керек?
18 Кейде қиын шешім қабылдау керек болады және ненің дұрыс екенін анық көру оңай болмауы мүмкін. Мұндайда мәселені өз ақылыңмен шешкің келіп кете ме? Осындай жағдайларда Ехобадан көмек сұрағанымыз жөн. Жақып 1:5-те: “Егер кейбіреулерің даналыққа мұқтаж болсаңдар, Құдайдан сұраңдар, Ол... бәріне жомарттықпен бере салады”,— делінген. Көктегі Әкеміз дұрыс шешім қабылдауға көмектесетін киелі рухын береді (Лұқа 11:9, 13 оқы).
Адал болып қалуға бел бу
19, 20. Не істеуге белді бекем бууымыз керек?
19 Сүлеймен шынайы ғибадаттан тайғаннан кейінгі аумалы-төкпелі жылдары Құдай қызметшілерінің адалдығы қатты сыналды. Рас, сонда көп адам түрлі жолмен шынайы ғибадаттың талаптарын бұзды. Соған қарамастан Ехобаға адалдық сақтағандар да болды.
20 Күн сайын адалдығымыз сыналатын жағдайларға кезігеміз. Біз де өзіміздің адал екенімізді дәлелдей аламыз. Адал қызметшілеріне Ехобаның өзі де ‘адалдық танытып’, батасын төге беретініне сенімді бола отырып, біртұтас жүрекпен адалдығымызды сақтай берейік (Пат. 2-ж. 22:26, ЖД).
[Сілтеме]
a Қарт пайғамбарды Ехоба өліммен жазалады ма, жоқ па, бұл жайлы Киелі кітапта ештеңе айтылмаған.
Қалай жауап берер едіңдер?
• Неге дүниеқұмарлықты жүректен түптамырымен жоюымыз керек?
• Ехобаға адал болып қалуға не көмектеседі?
• Қарапайым болғанымыз Құдайға адалдық сақтауға қалай көмектеседі?
[9-беттегі суреттер]
Саған сынақтарға төтеп беру қиын ба?
[10-беттегі суреттер]
Киелі кітапқа негізделген кеңестердің үстінен дұға ете отырып ой жүгіртесің бе?