Ұмтылуымыз керек қасиеттер
“Әрдайым әділетті, Құдайға ұнамды өмір сүріп [“шын берілгендік”, ЖД], сенім, сүйіспеншілік, төзімділік пен ілтипаттылыққа [“момындыққа”, ЖД] ұмтыла бер” (ТІМ. 1-Х. 6:11).
1. ‘Ұмтылуға’ қатысты қандай мысал келтіруге болады?
“ҰМТЫЛУ” деген сөзді естігенде ойыңа не келеді? Бәлкім, сен біреудің ілгері қарай ентелеп, тырмысып келе жатқанын ойларсың. Мысалы, Мұсаның күндерінде Мысыр әскері исраилдіктердің соңдарынан ‘қуып’, оларды ұстап алмақ болған. Алайда олар Қызыл теңіздің астында қалып қырылып қалады (Мыс. ш. 14:23). Я болмаса байқаусызда кісі өліміне кінәлі болған исраилдікті ойларсың. Ол бас сауғалайтын алты қаланың біріне тезірек жетуге тырысады. Себебі ‘жүрек қызуымен қан кегін қайтарғысы келген құн даулаушы кісі өлтірушіні өкшелей қууы’ мүмкін (Заң. қ. 19:6). Сондықтан кісі өлтіруші бас сауғалайтын қалаға ‘ұмтылуы’ керек еді.
2. а) Кейбір мәсіхшілер Құдайдың қандай сыйын алуға ұмтылуда? ә) Бүгінгі мәсіхшілердің басым көпшілігінің үміті қандай?
2 Бұл мысалдарға керісінше, жақсы нәрсеге ‘ұмтылудың’ мысалын елші Пауылдың келесі сөзінен байқауға болады: “Құдайдың сыйына — Оның Мәсіх Иса арқылы шақырған көктегі өміріне ие болу үшін көздеген мақсатты қуып келемін” (Філіп. 3:14). Киелі кітапта 144 000 майланған мәсіхшілердің Пауыл сияқты көктегі сыйды алатыны айтылған. Олар Иса Мәсіхпен бірге мың жыл бойы жерге билік ететін болады. Расында да Құдай оларды керемет мақсатқа ұмтылуға шақырды! Ал бүгінгі шынайы мәсіхшілердің басым көпшілігінің үміті немесе ұмтылатын мақсаты өзгеше. Сүйіспеншілікке толы Ехоба оларға Адам мен Хауа айырылып қалған жұмақ бағындағы мәңгілік кемелді өмірді ұсынуда (Аян 7:4, 9; 21:1—4).
3. Құдайдың рақымы үшін ризашылығымызды қалай көрсете аламыз?
3 Күнәкар адам баласының әділ істері мінсіз емес, сондықтан мәңгілік өмірге лайық бола алмайды (Ишая 64:6). Мәңгілік өмірге Құдайдың Иса Мәсіх арқылы құтқарылуға жол ашқанына сенсек қана жете аламыз. Оның осындай рақымы үшін ризашылығымызды қалай білдіре аламыз? Бұл үшін оның: “Әрдайым әділетті, Құдайға ұнамды өмір сүріп [“шын берілгендік”, ЖД], сенім, сүйіспеншілік, төзімділік пен ілтипаттылыққа [“момындыққа“, ЖД] ұмтыла бер”,— деген бұйрығына мойынсұнуымыз керек (Тім. 1-х. 6:11). Осы қасиеттерді қарастырғанымыз “артығырақ” ұмтылуға көмектеседі (Сал. 1-х. 4:1, Тт).
‘Әділеттілікке ұмтыла бер’
4. ‘Әділеттілікке’ ұмтылу неге маңызды және бұл үшін ең алдымен қандай қадам жасауымыз керек?
4 Елші Пауыл Тімотеге жазған екі хатында да ұмтылуымыз керек қасиеттерді айтып, әділеттілікті немесе әділдікті бірінші кезекте атап өтті (Тім. 1-х. 6:11; Тім. 2-х. 2:22). Оның үстіне, Киелі кітаптағы басқа тармақтар да бізді әділдікке ұмтылуға шақырады (Нақ. с. 15:9; 21:21; Ишая 51:1). Бұл үшін ең алдымен ‘жалғыз шынайы Құдайды және Өзі жерге жіберген Иса Мәсіхті жақыннан тану’ керек (Жох. 17:3). Әділеттілікке ұмтылу адамды әрекетке талпындырады, сондықтан ол “теріс жолдан қайтып”, Құдайдың еркін орындайтын болады (Ел. іс. 3:19).
5. Қай кезде Құдай бізді әділ деп есептейді және бұдан кейін де не істей беруіміз керек?
5 Әділеттілікке шын жүректен ұмтылған миллиондаған адам өз өмірлерін Ехобаға бағыштап, шомылдыру рәсімінен өткен. Егер сен солардың бірі болсаң, әділеттілікке ұмтылатының өмір салтыңнан көріну керек екенін ойлаған шығарсың. Мұның бір жолы — шешім қабылдау керек болғанда, Киелі кітаптың көзқарасы бойынша “жақсы мен жаманды” айыру (Еврейлерге 5:14 оқы). Мысалы, сен салт басты ересек мәсіхші болсаң, шомылдыру рәсімінен өтпеген адамға сезім оятудан аулақ жүруге белді бекем будың ба? Бұлай еткенің әділеттілікке ұмтылып жүргеніңді көрсетеді (Қор. 1-х. 7:39).
6. Әділеттілікке шын ұмтылуға не жатады?
6 Әділетті не әділ болу деген өз көзінде әділ немесе “тым әділ” болуды білдірмейді (Екк. 7:16, ЖД). Иса жұрт алдында өзін бәрінен де әділ етіп көрсетуден сақтандырды (Мат. 6:1). Әділеттілікке шын ұмтылуға жүректегі, яғни ондағы бұрыс ойды, көзқарасты, ниетті және қалауды түзету жатады. Ұдайы осылай етер болсақ, ауыр күнә жасап қоюымыз екіталай (Нақыл сөздер 4:23 оқы. Жақып 1:14, 15 салыстыр). Сондай-ақ Ехоба бізге батасын береді және мәсіхшілерге тән басқа да маңызды қасиеттерге ұмтылуға көмектеседі.
“Шын берілгендікке... ұмтыла бер”
7. “Құдайға шын берілгендік” деген не?
7 Берілгендік дегенге жан-тәнімен бағышталу және адал болу жатады. Бір Киелі кітап сөздігінде “Құдайға шын берілгендік” деп аударылған грек сөзі “Құдай алдындағы қорқынышты жоғалтып алмау үшін мұқият болу” деп түсіндірілген. Исраилдіктер көп жағдайда Құдайға мұндай шын берілгендік танытпады. Мұны Мысыр құлдығынан азат етілгеннен кейін де олардың мойынсұнбағандарынан көруге болады.
8. а) Адам күнә жасағанан кейін қандай сұрақ көтеріліп отырды? ә) Бұл “қасиетті құпия” қалай ашылды?
8 Кемелді Адам ата күнә жасағаннан кейін мыңдаған жыл бойы “Қандай да бір адам Құдайға шын берілгендікті кемелді түрде таныта ала ма?” деген сұрақ көтеріліп отырды. Көп ғасыр бойы ешбір күнәкар адам Құдайға кемелді түрде шын берілгендік таныта алмады. Бірақ белгіленген уақыт келгенде, Ехоба осы “қасиетті құпияны” ашты. Ол көктегі жалғыз ұлының өмірін Мәриямның құрсағына аударды, содан Иса кемелді адам болып туылды. Ол жердегі өмірімен және қорлық өлімімен Құдайға жан-тәнімен бағышталу және толықтай адал болу дегеннің не екенін көрсетті. Оның дұғалары көктегі сүйікті Әкесіне деген қастерлі сезімін паш етті (Мат. 11:25; Жох. 12:27, 28). Сондықтан Ехоба киелі рухы арқылы Пауылға Исаның үлгілі өмірін суреттеп, ‘Құдайға ұнамдылық туралы құпияны [“шын берілгендіктің қасиетті құпиясын”, ЖД]’ айтуға қозғау салды (Тімотеге 1-хат 3:16 оқы).
9. Құдайға шын берілгендікке қалай ұмтыла аламыз?
9 Біз күнәкар болғандықтан, Құдайға шын берілгендікті кемелді түрде таныта алмаймыз. Алайда оған ұмтыла аламыз. Бұл үшін Исаның үлгісіне барынша еліктеуге тырысуымыз керек (Пет. 1-х. 2:21). Сонда біз ‘сырт көзге Құдайға ұнайтындай [“шын берілгендей”, ЖД] болып көрінгенімен, Оның күшінен бас тартатын’ екіжүзділер сияқты болмаймыз (Тім. 2-х. 3:5). Алайда бұдан сырт көріністің шын берілгендікке еш қатысы жоқ деген тұжырым жасауға болмайды. Себебі шын берілгендік сырт көрінісімізден де байқалады. Мысалы, біз тойға баратын болсақ та, дүкен араламақ болсақ та, киіміміз ‘Құдайға ұнамды болуға ұмтылғандарға’ лайық болу керек (Тім. 1-х. 2:9, 10). Иә, шын берілгендікке ұмтылу үшін, Құдайдың әділ нормаларын күнделікті өмірде ұстануымыз керек.
‘Сенімге ұмтыла бер’
10. Сеніміміз мықты болу үшін не істеу керек?
10 Римдіктерге 10:17 оқы. Мықты сенімді дамытып, оны сақтау үшін мәсіхшілер Құдай Сөзіндегі құнды шындықтар жайлы ой жүгіртулері қажет. “Адал да ақылды құл” бізді керемет басылымдармен қамтамасыз етіп отыр. Исаны жақсырақ біліп, оған еліктей алуымыз үшін, “Тарихтағы ең ұлы адам”, “Ұлы Ұстаздан үйрен” және “Шәкіртім болып соңымнан ер!” деген арнайы үш кітап шығарылды (Мат. 24:45—47, ЖД). Сондай-ақ құл табы “Мәсіх жайлы сөзге” (ЖД) үйрететін қауым кездесулері мен конгрестерді ұйымдастырып отыр. Құдайдың беріп отырған тәліміне ‘мықтап ден қойып’, оның көбірек пайдасын алудың мүмкіндіктерін көресің бе? (Евр. 2:1).
11. Дұға мен мойынсұнушылық сенімімізді күшейтуге қалай көмектеседі?
11 Сенімді нығайту үшін, сондай-ақ, дұға етуіміз қажет. Исадан шәкірттері: “Сенімімізді арттыра көріңіз”,— деп өтінген. Біз де Құдайға кішіпейілділікпен осылай дұға ете аламыз (Лұқа 17:5). Бұл үшін Құдайдан киелі рух сұрауымыз керек. Себебі сенім киелі рух жетілдіретін жемістің бір бөлігі болып табылады (Ғал. 5:22). Құдайдың бұйрығына мойынсұнғанымыз да сенімімізді нығайтады. Мысалы, уағыздау ісіне көбірек атсалысуға болады. Бұдан біз зор қуаныш аламыз. ‘Ең бастысы, Патшалықтың қамын ойлап, [Құдайдың] әділ еркін орындағанның’ арқасында ие болған мол баталар жөнінде ой жүгірткеніміз сенімімізді күшейтеді (Мат. 6:33).
‘Сүйіспеншілікке ұмтыла бер’
12, 13. а) Исаның жаңа өсиеті қандай? ә) Иса үйреткен сүйіспеншілікке ұмтылудың маңызды жолы қандай?
12 Тімотеге 1-хат 5:1, 2 оқы. Пауыл мәсіхшілерге бір-біріне сүйіспеншілік танытуға қатысты жақсы кеңес берді. Исаның “Мен өздеріңді сүйгендей, сендер де бір-біріңді сүйіңдер” деген жаңа өсиетіне мойынсұну арқылы да Құдайға шын берілгендік танытуымыз керек (Жох. 13:34). Сондай-ақ елші Жохан: “Ал егер осы дүниелік мал-мүлкі бар біреу басына қиыншылық түскен бауырласына тас жүректік танытса, оның бойында Құдайдың сүйіспеншілігі бар ма?!”— деп айтқан (Жох. 1-х. 3:17). Сүйіспеншілік таныта алған жағдайларды есіңе түсіре аласың ба?
13 Сүйіспеншілікке ұмтылудың басқа бір жолы — бауырластарымызға ашу сақтамай, кешірімді болу (Жоханның 1-хаты 4:20 оқы). Біз: “Өзара төзімді болыңдар, егер қайсыбіреуіңе реніш сақтап, тағатын кінәларың болса, кешірімді болыңдар: сендерді Иеміз Мәсіх [“Ехоба”, ЖД] қалай кешірсе, сендер де солай етіңдер!”— деген кеңеске құлақ асқымыз келеді (Қол. 3:13). Егер сен қауымда әлдебіреуге ренжіп жүрген болсаң, осы кеңесті қолданып, оны кешіресің бе?
‘Төзімділікке ұмтыла бер’
14. Філаделфидегі қауымнан біз не нәрсеге үйрене аламыз?
14 Қол жеткізу оңай кішігірім мақсаттардан басқа, көп күш салуды және ұзақ уақыт күтуді талап ететін мақсаттар да болады. Мәңгілік өмірдің төзімділікпен ұмтылу керек мақсат екені анық. Иеміз Иса Філаделфидегі қауымға: “Сен Менің азаптарда төзімділік танытқандығым туралы хабарды сақтап келгендіктен... сынақ кезінде сені қорғаймын”,— деген болатын (Аян 3:10, сілт.). Шынында да, Иса сынақтар мен азғыруларға төтеп беру үшін төзімділіктің қажет екенін үйреткен. Бірінші ғасырда Філаделфидегі бауырластар сенімдері сыналған көптеген қиындықтарға төзіп, керемет үлгі көрсеткен болу керек. Сондықтан Иса оларды алдарында күтіп тұрған үлкен сынақтарда көмек беретініне сендірген (Лұқа 16:10).
15. Иса төзімділік жайлы не айтты?
15 Иса өзінің ізбасарларын Құдайға сенбейтін туыстары мен осы дүние жек көретінін білген. Сондықтан, кем дегенде, екі рет оларды: “Ақырына дейін табандылық танытқан әркім құтқарылады”,— деп жігерлендірді (Мат. 10:22; 24:13). Сондай-ақ Иса шәкірттерінің төзімді болу үшін күні бұрын күш жинай алатындарын көрсетті. Бір көрнекі мысалында ол Құдай хабарын ‘қуанышпен қабылдап’, бірақ сыналғанда сенімдерінен бас тартатын адамдарды тастақ жерге теңеді. Ал өзінің адал ізбасарлары Құдай хабарын жүректерінде “сақтап”, ‘шыдамдылықпен өнім беретін’ құнарлы жер сияқты болатынын айтты (Лұқа 8:13, 15).
16. Миллиондаған адамға төзімді болуға не көмектесуде?
16 Төзімділіктің құпиясы неде екенін байқадың ба? Құдай Сөзін жүрегімізде ‘сақтауымыз’ керек, яғни ол санамыз бен сезімізмізге үнемі әсер етіп отыру керек. Сол үшін тура әрі оқылуы оңай “Киелі жазбалардың Жаңа дүние аудармасы” жыл сайын көптеген тілде шығарылуда. Құдай Сөзін күнде аз-аздан оқып, ой жүгіртудің арқасында “шыдамдылықпен” өнім беруге қажетті күш жинай аламыз (Заб. 1:1, 2).
“Момындық” пен татулыққа ұмтыла бер
17. а) Момын болу неге сонша маңызды? ә) Иса момын екенін қалай көрсетті?
17 Ешкім де айтпаған сөзі не істемеген ісі үшін кінәлі болғысы келмейді. Көп адам әділетсіз айыпталғанда, ашуланып, оны жоққа шығаруға тырысады. Мұндайда “биязы жауап” беріп, момындық таныту әлдеқайда дұрыс болар еді (Нақыл сөздер 15:1 оқы). Біреу себепсіз кінәлағанда, момын болу үшін зор күш қажет. Мұның керемет үлгісін Иса Мәсіх көрсеткен. “[Ол] өзіне тіл тигізгендерге жаман сөз қайырмады, азап көрген кезде де оларды қорқытпады. Қайта, Ол ісін әділ Соттаушыға тапсырды” (Пет. 1-х. 2:23). Әрине, біз Иса сияқты әрекет ете алмасақ та, момындықты көбірек танытуға тырыса аламыз ба?
18. а) Момындықтың қандай пайдасы бар? ә) Тағы қандай қасиетке ұмтылуымыз керек?
18 “Үмітті түсіндіруді сұраған кез келген адамға” жауап бергенде, Исаға еліктеп, ‘ілтипат, құрмет танытып сөйлейік’ (Пет. 1-х. 3:15). Уағыздағанда не бауырластармен араласқанда, бізбен келіспейтін пікір айтылуы мүмкін. Момын болсақ, мұның дау-жанжалға айналып кетуіне жол бермейміз (Тім. 2-х. 2:24, 25). Момындық татулыққа септігін тигізеді. Сондықтан болар, Пауыл Тімотеге жазған екінші хатында татулықты басқа қасиеттермен бірге атап өткен (Тім. 2-х. 2:22. Тімотеге 1-хат 6:11 салыстыр). Демек, татулық — ұмтылуымыз керек қасиеттердің бірі (Заб. 33:15; Евр. 12:14).
19. Осы жеті қасиетті қарастырып болған соң, не нәрсеге бел будың және неге?
19 Біз әділдік, Құдайға шын берілгендік, сенім, сүйіспеншілік, төзімділік, момындық пен татулық деген мәсіхшілер ұмтылуы қажет жеті қасиетті қарастырдық. Бауырластардың осы керемет қасиеттерді барынша танытуға тырысқандары қауым үшін зор бата емес пе?! Осылайша Ехобаны құрметтейміз, әрі бізді өзіне мадақ әкелетіндей тұлға етіп қалыптастыруына жол береміз.
Ой жүгіртуге арналған сұрақтар
• Әділдік пен шын берілгендікке ұмтылуға не жатады?
• Сенім мен төзімділікке ұмтылуға не көмектеседі?
• Сүйіспеншілік адамдармен қарым-қатынасымызға қалай әсер етеді?
• Момындық пен татулыққа неліктен ұмтылуымыз қажет?
[12-беттегі сурет]
Иса жұрт алдында әділ болып көрінуден сақтандырды
[13-беттегі сурет]
Құдай Сөзіндегі шындықтар жайлы ой жүгірту арқылы сенімге ұмтыла аламыз
[15-беттегі сурет]
Біз сүйіспеншілік пен момындыққа ұмтыла аламыз