Әуесқойлық оны дұрыс қолдана біл
“Сұрақты тек адам баласы ғана қояды. Біз жарық дүниеге келе сала сұрақ қоя бастаймыз... Тіпті адамзат тарихы адамдардың сұрақтар қойып, оларға жауаптар іздеуінен тұрады деуге болады”. Мексикалық ақын Октавио Пас.
АСПАЗДЫ жаңа рецепт ойлап табуға не қанаттандырады? Зерттеушіні шалғай жерлерге сапар шегуге не шабыттандырады? Баланы соншама көп сұрақ қоюға талпындыратын не? Көп жағдайда бұл — әуесқойлық.
Сен жайлы не деуге болады? Қандай да бір жаңа ой немесе қызықты сұрақтар әуесқойлығыңды оята ма? Мысалы, келесідей сұрақтар: “Тіршілік қалай пайда болды? Біз не үшін өмір сүріп жатырмыз? Құдай бар ма?” Бала күнімізден әуесқойлық көпшілігімізді осындай сұрақтар қойып, оларға жауап іздеуге талпындырады. Бізді бірдеңе қызықтырса, біз ол туралы барлық нәрсені біліп алуға тырысамыз. Осылайша әуесқойлықтың көп пайдасы болуы мүмкін. Алайда ол қиындықтарға, тіпті бақытсыздыққа да ұшыратуы ықтимал.
Сақтық пен байсалдылық қажет
Әуесқойлықтың арты насырға шабатын кездер де болады. Мысалы, қызық көрген бала ыстық пешті ұстап алып, қатты күйіп қалуы мүмкін. Әрине, әуесқой болудың арқасында сұрақтарымызға жауап тауып, білімімізді тереңдете аламыз. Десе де әуесқойлығымызды оятқан кез келген нәрсенің түбіне түсіп кету ақылдылыққа жата ма?
Жоқ, өйткені порнография, оккультизм, секталар не экстремистік топтардың үйрететіндері сияқты бірден баурап әкететін қауіпті нәрселер де бар. Мұндай мәселелерде ‘бос нәрселерге назарымды түсірме’ деп дұға еткен әділ кісіге еліктеген дұрыс (Забур 118:37).
Сонымен қатар өздігінен қауіпті болмаса да, мағынасыз әрі қажетсіз білім де болады. Мысалы, кино жұлдыздары не әйгілі адамдардың жеке өмірі, әр спорт командасы мен әр ойыншы жайлы немесе соңғы техника және көлік үлгілері туралы барлық жаңалықтарды білудің қандай пайдасы бар? Көп адамдар үшін осы мәселелерде “білгір” болу еш пайда әкелмейді.
Әуесқой болуға талпындыратын үлгі
Әуесқой болудың, әрине, жақсы жағы да бар. ХІХ ғасырда өмір сүрген немістің саяхатшы натуралисі Александр фон Гумбольдттің мысалын қарастырып көрейік. Оңтүстік Американың батысында орналасқан жағалаудағы бір ағыс соның атымен аталған.
Бірде Гумбольдт: “Мен бала күнімнен-ақ еуропалықтардың аяғы сирек басатын аймаққа сапар шегуді қатты аңсайтынмын”,— дейді. Өзінің айтуынша, оның бойында мұндай құштарлық “білімге сусаған ой-санасы жанына жай таптырмағанда” пайда болған. 29 жасында ол Орталық және Оңтүстік Америкаға бес жылға созылған экспедицияға аттанады. Сосын, жинаған мәліметтерінің басын қосып, 30 томдық еңбек жазады.
Гумбольдтті мұхит суының температурасы, ондағы балықтар, жолында кездескен өсімдіктер — бір сөзбен айтқанда, бәрі қызықтырды. Ол тауларға шықты, өзендер мен мұхиттарға саяхаттап, оларды зерттеді. Гумбольдттің зерттеулері бүгінгі таңдағы ғылымның бірнеше саласының негізін қалаған. Мұның бәрі оның зор әуесқойлығынан бастау алды әрі білімге деген құштарлығы өмір бойы жалындап тұрды. Америкалық эссеист Ралф Уолдо Эмерсонның айтуынша, “Гумбольдт — бізге адам миының қабілетін, мүмкіндіктерінің күші мен ауқымдылығын көрсету үшін анда-санда жалт ететін... бейне бір кереметтердің бірі”.
Зерттеуге тұратын сала
Рас, арамызда дүниежүзіне саяхаттай алатын немесе ғылыми зерттеулерге үлес қоса алатындар некен саяқ. Алайда миымыздың мүмкіндіктерін пайдалануымызға болатын ең керемет білім саласы бар. Иса Мәсіх көктегі Әкесіне айтқан дұғасында соған нұсқап: “Мәңгілік өмір, бұл — жалғыз шынайы Құдайды және Өзің жерге жіберген Мені, Иса Мәсіхті, жақыннан тану”,— деген (Жохан 17:3).
Шынайы Құдай Ехоба және оның Ұлы Иса Мәсіх туралы білім ізденімпаз санаңа теңдесі жоқ азық болады. Мақаланың басындағы сұрақтарды есіңе алшы. Оларға өмірге қатысты келесідей маңызды сауалдарды қосуға болады: “Неге қайғы-қасірет сонша көп? Адамдар жерді құртып жібере ме? Осылай болмас үшін Құдай не істейді?” Осы сұрақтарға жауап алғаның әуесқойлығыңды қанағаттандырып қана қоймай, Иса айтқандай, ‘мәңгілік өмірге’ жол ашады. Неге бұған сенімді бола аламыз?
Киелі кітап бұл — Құдай Сөзі. Елші Пауыл былай деп жазған: “Киелі жазбалардың бәрі Құдай Рухының жетелеуімен жазылып, тәлім беру, әшкерелеу, түзету әрі әділдікке тәрбиелеу үшін тиімді; осылай Құдайдың адамы барша игі іске дайындалып, толықтай даяр болмақ” (Тімотеге 2-хат 3:16, 17).
Ойлап көрші, Киелі кітапта бізді барша игі іске дайын ететін білім бар! Ол барлық нәрсеге Құдай сияқты қарауға көмектеседі. Ал білім мен даналық жағынан оған тең келер ешкім жоқ. Ишая пайғамбарға Құдай келесі пәрменді сөздерін жаздырған: ‘Менің ойым сендердің пікірлеріңнен өзге, Менің жолым сендердікінен басқа. Аспанның жерден қаншама жоғары болатынындай, Менің жолым да сендердікінен соншама жоғары, Менің ойым да пікірлеріңнен тым биік’ (Ишая 55:8, 9).
Құдайдың асқақ жолдары мен ойлары туралы білгің келе ме? Әуесқойлығың Құдай Сөзі Киелі кітапта бұлар жайлы не айтылғанын білуге талпындыра ма? Құдай қайғы-қасіретті жоқ қылу үшін не істейтінін және тілалғыш адамдарға қандай игіліктер дайындап отырғанын білуге құштарсың ба? Киелі кітап мынаған шақырады: “Дәмін татыңдар да Жаратушының қандай мейірімді екендігін көріңдер! Оған табынатын адам рахатқа кенеледі!” (Забур 33:9).
Соқырға алғаш рет жарық дүниені көргені қалай әсер етсе, ақжүректі адамға Құдай Сөзіндегі пәрменді шындықтарды білгені солай әсер етуі мүмкін. Елші Пауыл: “О, неткен бай Құдайдың даналығы, Неткен терең Оның білік-парасаты! Шешімдеріне адам ақылы жетпес, Жолдарын Оның ешкім зерттеп бітпес!”— деп қайран қалған (Римдіктерге 11:33). Иә, біз Құдайдың даналығы мен білік-парасатының түбіне ешқашан жете алмаймыз. Бізде мәңгілік бойы танып-білетін жаңа нәрселер болады, сондықтан еш жалықпаймыз.
Оны жоғалтып алма
Рас, басым көпшілігіміз ешқашан атақты зерттеуші не жаңалық ашушы болмайтын шығармыз. Сондай-ақ қысқа ғұмырымызда түсінгіміз келген нәрсенің бәрінің түбіне жетіп болмауымыз мүмкін. Сөйтсе де білімге деген құштарлығыңды суытпа. Құдай сүйіспеншілікпен берген осы қабілетіңді жоғалтып алма.
Оның осы керемет сыйын дұрыс қолданып, рухтың жетелеуімен жазылған Сөзі Киелі кітаптан тура білім алуға ұмтыл. Осылай етсең, қазір мағыналы да бақытты өмір кешесің, әрі болашақта мәңгілік бойы осылай болады деп үміттене аласың. Жазбаларда былай делінген: “Өз уақытында Ол барлығын әдемі етіп жасаған-ды, тіпті адам баласы Құдай жасаған істің басынан аяғына дейін байыбына бойлай алмаса да, әркімнің жүрегіне бейбітшілік рухын [“мәңгілікті”, ЖД] орнықтырған еді” (Екклесиаст 3:11).
[21-беттегі қоршау/суреттер]
Сен білген бе едің?..
• Колумб және Магеллан жер пішінінің қандай екенін ашпас бұрын, ғасырлар алдын Киелі кітапта оның жазық емес, шар екені айтылған. Ишая 40:22
• Ғарышкерлер жердің ғарыш кеңістігінде ілініп тұрғанын көзбен көргенінен ұзақ уақыт бұрын Жазбаларда оның ілгексіз ілініп тұрғаны айтылған. Әйүп 26:7
• Ағылшын дәрігері Уильям Гарвей қанайналым жүйесін ашпас бұрын, кем дегенде, 2 500 жыл алдын Киелі кітапта жүрек — адам өмірінің қайнар көзі деп аталған. Нақыл сөздер 4:23
• Жерде тіршіліктің болуына мүмкіндік беріп отырған экожүйенің құрамына кіретін су айналымы Киелі кітапта шамамен 3 000 жыл бұрын қарапайым сөздермен суреттелген. Екклесиаст 1:7
Осы ғылыми деректерді адамдар түсінбес не ашпас бұрын, олар туралы Киелі кітапта ұзақ уақыт алдын айтылып кеткені таңғалдырады емес пе!? Расында да, Құдай Сөзінде өмірге қажетті бай қазына бар, тек оны іздеуге ықыласты болсаң болғаны.
[19-беттегі сурет]
Александр фон Гумбольдт