Австралиядан келген хат
“Мұны кешкісін оттың жарығында отырып оқиын”
АВСТРАЛИЯНЫҢ шалғай жатқан жерлерін ойлағанда, қуаң шөл дала, күннің аптабы мен ұшы-қиыры жоқ құлан түз көз алдыңа келеді. Сөйтсе де елдің осы бір ішкі өңірінде 180000-ға жуық адам, яғни бүкіл халықтың шамамен 1 пайызы, тұрады.
Мен жас кезімде Ехоба куәгері болып табылатын ата-анаммен бірге осындай жерлерге уағыздауға барған едім. Шексіз созылып жатқан сол бір ойлы-қырлы жердің әсем көрінісі әлі есімнен кетпейді. Сол жердің қажырлы да жайдары тұрғындары маған бірден ұнаған еді. Енді өз отбасыммен — әйелім және 10, 12 жасар екі баламмен — бірге сондай керемет сәттерді тағы бастан өткергім келді.
Жолға дайындық
Алдымен, біз бәрін салмақтап-саралап алуды жөн көрдік: қанша жерді жүріп өте аламыз? Сапарымыз қанша күнге созылмақ? Қауымымыздағы бір ерлі-зайыпты және толық уақыт қызмет ететін екі бауырлас бізге қосылуды шешті. Біз оқу жылының ортасында болатын демалыс күндері жолға шығамыз деп келістік. Сөйтіп, Сиднейдегі Ехоба куәгерлерінің филиалына уағыздау аймағын сұрап хат жаздық. Бізді өзіміз тұратын Брисбеннің батысындағы 400 шақырымдай жерде орналасқан Гундиуинди қалашығының маңындағы бір аймаққа жіберді.
Гундиуиндиде Ехоба куәгерлерінің шағын қауымы бар екен. Бұған біз одан бетер қуандық. Мәсіхші бауырластарды көру сапарымызды қызықты ететін ерекше жайт болмақ. Біз қауымдағыларды келе жатқанымызды айтып құлақтандырдық. Олардың шат-шадыман болғанынан бізді құшақ жайып қарсы алатынын ұқтық.
Жолға шығар алдында бәріміз кездесіп, шалғайдағы сол аумақта Құдай Патшалығы туралы ізгі хабарды қалайша тиімді уағыздауға болатынын ойластырып алдық. Біз әсіресе сол жердің байырғы тұрғындары аборигендерді жолықтырғанда, олардың мәдениеті мен әдет-ғұрпын құрметтейтінімізді көрсеткіміз келді. Мәселен, кейбір тайпалар тұрып жатқан жерлерін өз меншігі санайды. Сондықтан онда шақырусыз бару әдепсіздік болар еді.
Жолға шығу
Асыға күткен күн де келіп жетті. Іші адам мен керек-жарақ заттарға толы екі көлік батысқа қарай жол тартты. Егін алқаптары бара-бара әр жерде бір шошайып тұрған эвкалипт ағаштары бар кең жайылымдарға ұласты. Ал ашық аспанда қысты күнгі күн шуағын шашып тұрды. Бірнеше сағаттан соң біз Гундиуиндиге келіп жеттік те, автотіркеме паркінен бір үй жалдап, сонда түнедік.
Келесі күні, жексенбіде, күн ашық, ал ауа бой сергітерліктей тұнық еді. Мұндай ауа-райы уағыз үшін аса қолайлы. Ал жаздыгүні бұл жердің температурасы әдетте 40 градустан асады! Алдымен, біз 30 шақырымдай жерде орналасқан аборигендердің мекеніне бардық. Бізді сол тайпаның көсемі Дженниге жіберді. Ол шашына ақ түскен егде жастағы әйел екен. Дженни Жазбаларға негізделген хабарымызды мұқият тыңдап, “Ұлы Ұстаздан үйрен”a кітабын қуана қабыл алды. Сосын, сол жердің тұрғындарына уағыздауға разылығын берді.
Балалар біздің келгенімізді айту үшін алдымызға түсіп, жүгіре жөнелді. Біз жолықтырған әрбір үй иесі хабарымызды құрметпен тыңдап, Киелі кітапқа негізделген әдебиеттерді алып қалды. Көп ұзамай әдебиеттеріміздің бірі де қалмады. Оның үстіне, қалада өтетін қауым кездесуіне баратын уақыт та болып қалды. Кетер алдында біз сөйлесе алмаған адамдарға келесі жолы келетінімізді уәде еттік.
Сол күні түстен кейін Патшалық сарайы ду-ду әңгіме құрып, бір-бірімен танысып, достасып жатқан адамдарға толды. Осында тұратын 25 Куәгер 30000 шаршы шақырым жерге шашырай орналасқан 11 000-дай адамға Патшалық туралы хабарды адал жариялап келеді. Бір мәсіхші бауырлас: “Күш салып, бізге көмектесуге келгендерің үшін рақмет”,— деп ризашылығын білдірді. Қызықты өткен жиналыстан соң, бәріміз тамақтанып алдық. Ал жатар алдында паркті жағалаған поссумдарға (тышқан тәріздес сүтқоректі) тамақ бердік.
“Оттың жарығында”
Келесі екі күн бойы біз көлікпен Квинсленд — Жаңа Оңтүстік Уэльс шекарасының бойындағы бір-бірінен алшақ орналасқан үйлерге бардық. Бұл өңір, негізінен, араларын қурап кеткен эвкалипт бұталары бөліп тұрған мал жайылымдарынан тұрады екен. Жолда бізді сезіп, құлақтары елеңдеп тұрған бірнеше кенгуруді кезіктірдік. Ал әріректе қоршаудың арғы жағындағы шаңды жерді әрлі-берлі маңғаздана басқан эму түйеқұстары көрінді.
Сейсенбі күні түс ауа біз жолдың бойымен төмен қарай баяу жылжыған бір үлкен табынды көрдік. Атам заманнан-ақ жалдамалы бақташылар малды, әсіресе қуаңшылық кезінде, осы өңірмен алып өтетін болған. Көп ұзамай бір салт атты малшыны жолықтырдық. Мен көлікті жолдың шетіне шығардым да, түсіп, әлгі кісімен амандастым. Қасында көмекші иті бар егде тартқан бұл кісі тоқтап: “Сәлемет пе!”— деп жауап қатты.
Қуаңшылық жөнінде біраз әңгімелескен соң, мен ізгі хабар туралы айта бастадым. “Міне, ғажап! Киелі кітап жайлы бала күнімнен бері енді ғана естіп тұрмын”,— деді ол таңырқап. Ол дүниедегі адамдардың бұзылғанына дінбасылары кінәлі деп есептегенмен, Киелі кітапқа ерекше құрметпен қарайды екен. Жазбалардың негізінде жақсылап әңгімелескен соң, оған “Киелі кітап шын мәнінде неге үйретеді?”b кітабын ұсындым. Ол кітапты алып, қалтасына салды да: “Бұнда Киелі кітаптың неге үйрететіні айтылған болса, мұны кешкісін оттың жарығында отырып оқиын”,— деді.
Үйге оралу
Басымыздан өткен оқиғалар жайлы сол күні кешке қауым кездесуіне келген рухани бауырластарымызға айтып бердік. Олар біз жолықтырған адамдарға қайта баруды уәде етті. Кездесу біткен соң, олармен қоштасу қиын болды. Бір-бірімізге қатты бауыр басып қалыппыз. Сенімімізді өзара нығайтқанның арқасында бәріміз де рухани сергіп қалдық (Римдіктерге 1:12).
Келесі күні үйге қарай жол тарттық. Сапарымыз жайлы ойланып, Ехобаның бізге батасын молынан төккенін көрдік. Біраз рухани нығайып қайттық. Үйге келіп, балалардан: “Келесі демалыстарыңды қайда өткізгілерің келеді? Тауда ма?”— деп сұрағанымда, олар: “Жоқ, әке, тағы да алыс жерлерге уағыздауға барайық”,— деп жауап берді. Әйелім де оларға қосылып: “Иә, солай етейікші. Бұл өмірімдегі ең керемет демалыс болды!”— деді.
[Сілтемелер]
a Ехоба куәгерлері басып шығарған.
b Ехоба куәгерлері басып шығарған.