Ехобаның сөзі тірі
Елшілердің істері кітабындағы көңіл бұрарлық ойлар
ЕЛШІЛЕРДІҢ ІСТЕРІ кітабында мәсіхшілер қауымының құрылуы мен өсуі жайлы жан-жақты баяндалады. Лұқа есімді дәрігер жазған бұл кітапта б. з. 33—61 жылдар аралығындағы мәсіхшілердің 28 жыл бойы атқарған істері әсерлі етіп жазылған.
Елшілердің істері кітабының бірінші жартысында көбінше елші Петірдің, ал екінші жартысында елші Пауылдың қызметі жайлы айтылған. Лұқаның “біз” деп сөйлегеніне қарағанда, оның кейбір оқиғаларды өз басынан өткізгені көрінеді. Елшілердің істері кітабындағы хабарға ден қойғанымыз Құдай Сөзі мен оның киелі рухының құдіретін бағалай түсуімізге көмектеседі (Евр. 4:12). Сондай-ақ бұл жанқияр болуға және Патшалыққа деген үмітімізді нығайтуға талпындырады.
ПЕТІРДІҢ “ҚҰДАЙ ПАТШАЛЫҒЫНА ЖОЛ АШАТЫН КІЛТТЕРДІ” ҚОЛДАНУЫ
Киелі рухты қабыл алғаннан кейін, елшілер батылдықпен куәлік береді. Петір ‘Құдай Патшалығына жол ашатын кілттердің’ алғашқысын қолданып, ‘оның сөзін қабылдаған’ яһудилер мен яһуди дініне кіргендерге білімге ие болып, Патшалыққа кіру мүмкіндігіне жол ашады (Мат. 16:19; Ел. іс. 2:5, 41). Табан астынан басталған қатты қудалаудың кесірінен шәкірттер жан-жаққа бытырап кетеді, алайда осының арқасында уағыз ісі кең өріс алады.
Иерусалимдегі елшілер Самария тұрғындарының Құдай сөзін қабыл алғанын естіп, Петір мен Жоханды сонда жөнелтеді. Петір самариялықтарға Құдай Патшалығына жол ашу үшін екінші кілтті қолданады (Ел. іс. 8:14—17). Тарс қаласынан шыққан Саулдың өмірінде керемет өзгерістер болады. Бұл кезде Исаның қайта тірілгеніне әлі бір жыл өтпеген болса керек. Б. з. 36 жылы Петір үшінші кілтті қолданғанда, Киелі рух сүндеттелмеген басқа ұлт адамдарына құйылады (Ел. іс. 10:45).
Жазба орындарына қатысты сұрақтардың жауаптары:
2:44—47; 4:34, 35. Неге мәсіхшілер меншіктерін сатып, содан түскен ақшаны таратып берді? Алыс жерлерден келгендіктен Мәсіх жолына түскен көптеген адамның Иерусалимде тағы біраз уақыт қалуға қаражаттары жетпеді. Сөйтсе де олар жаңа қабылдаған сенімдері жайлы көбірек біліп әрі өзгелерге куәлік беру үшін сонда ұзағырақ уақыт болғылары келді. Осындай адамдарға көмектесу үшін кейбір мәсіхшілер меншіктерін сатқан. Ал осыдан түскен ақша мұқтаждық көргендерге берілді.
5:34—39. Лұқа Гамалиелдің Жоғарғы кеңестің жабық мәжілісінде не айтқанын қалай білді? Бұған қатысты кем дегенде үш түрлі болжам жасауға болады: 1) Мұны Лұқаға бұрын Гамалиелдің шәкірті болған Пауыл айтқан; 2) Нікөдем сияқты мәсіхшілердің жанашыры болған Жоғарғы кеңестің бір мүшесі айтқан; 3) Құдайдың өзі білдірген.
7:59. Степан дұғасын Исаға арнады ма? Жоқ. Біз тек Ехобаға ғибадат етуіміз керек, сондықтан соған ғана дұға етуге тиіспіз (Лұқа 4:8; 6:12). Басқа жағдайда Степан Иса арқылы Ехобаға дұға айтар еді (Жох. 15:16). Алайда бұл жолы ол аян алып, “билеушінің Құдайдың оң жағындағы құрметті орнында тұрғанын” көрген болатын (Ел. іс. 7:56). Сондықтан Исаға қайта тірілту билігі берілгенін жақсы білген Степан рухын аман сақтап қалуын сұрап, Исаның өзіне сөйледі, бірақ ол оған арнап дұға еткен жоқ болатын (Жох. 5:27—29).
Біз үшін сабақ:
1:8. Ехобаның қызметшілері атқарып жатқан дүниежүзілік куәлік беру ісінің киелі рухтың көмегінсіз жүзеге асуы мүмкін емес.
4:36—5:11. Кипрлік Жүсіпке Барнаба деген ат қойылған. Бұл есім “жігерлендіруші” дегенді білдіреді. Ол ақпейіл, мейірімді әрі көмектесуге дайын адам ретінде танымал болғандықтан, елшілер оны осылай атап кеткен көрінеді. Біз өздерін екіжүзді әрі өтірікші ретінде танытқан Анани мен Зәпира сияқты болмай, Барнабадан үлгі алуымыз керек.
9:23—25. Уағыз ісін жалғастыру үшін қарсыластардан сытылып кеткеніміз қорқақтыққа жатпайды.
9:28—30. Қандай да бір аймақта не кейбір адамдарға уағыздау тәндік, құлықтылық не рухани жағынан қауіпті бола бастаса, қайда және қашан уағыздайтынымызға қатысты парасаттылық танытқанымыз жөн.
9:31. Біршама тыныш уақытта сенімімізді нығайтып алу үшін күш салуымыз керек. Бұл үшін Киелі кітапты зерттеп, ой жүгірткеніміз маңызды. Осылайша үйренгенімізді өмірімізде қолданып, қызметке құлшына атсалысу арқылы Ехобаны қастерлеп өмір сүретін боламыз.
ПАУЫЛДЫҢ ҚҰЛШЫНЫСПЕН ҚЫЗМЕТ ЕТУІ
(Елшілердің істері 11:19—28:31)
Б. з. 44 жылы Агаб Антақияға келгенде, Барнаба мен Саул сонда “бір жылдай” тәлім беріп жүрген болатын. Агаб ‘жерді аштық жайлайтынын’ айтады, ал екі жыл өте оның сөздері дәл орындалады (Ел. іс. 11:26—28). Барнаба мен Саул “өздеріне жүктелген міндетті Иерусалимде орындап болып”, Антақияға оралады (Ел. іс. 12:25). Б. з. 47 жылы, Саулдың мәсіхшілікті қабыл алғанына шамамен 12 жыл болғанда, киелі рух оны Барнабамен бірге миссионерлік сапарға аттандырады (Ел. іс. 13:1—4). Б. з. 48 жылы олар Антақияға қайтып барады. “Жергілікті қауым атқарып келген жұмыстары үшін оларды Құдайдың рақымына тапсырған болатын” (Ел. іс. 14:26).
Шамамен тоғыз ай өткеннен кейін, Пауыл (оны Саул деп те атаған) Сыйласты ертіп, екінші миссионерлік сапарға аттанады (Ел. іс. 15:40). Жол-жөнекей Пауылға Тімоте мен Лұқа қосылады. Лұқа Філіпіде қалады, Пауыл болса Афиныға, одан кейін Қорынтқа барады. Ол жерде Ақила мен Прискиланы кездестіріп, сол қалада бір жарым жыл болады (Ел. іс. 18:11). Б. з. 52 жылының басында Пауыл Тімотемен және Сыйласпен Қорынт қаласында қош айтысады да, Ақила мен Прискиланы ертіп, кемемен Сирияға қарай жүріп кетеді (Ел. іс. 18:18). Олар Ефеске жеткен соң, Ақила мен Прискила сонда қалып қояды.
Сириядағы Антақияда біраз уақыт болған соң, Пауыл б. з. 52 жылы үшінші миссионерлік сапарға аттанады (Ел. іс. 18:23). Ефесте “Иеміздің Ізгі хабары... кең тарап, құдіретін” көрсетіп жатты (Ел. іс. 19:20). Пауыл бұл қалада шамамен үш жыл жүреді (Ел. іс. 20:31). Б. з. 56 жылы Алғашқы өнім мейрамында ол Иерусалимде болады. Тұтқынға алынғаннан кейін, ол билік иелерінің алдында батыл куәлік береді. Римде оны тұрған үйінде екі жыл бойы (б. з. 59—61 жылдары) қамауда ұстайды. Сол жерде ол жолын тауып Патшалық туралы уағыздайды және ‘Иеміз Иса Мәсіх туралы тәлім береді’ (Ел. іс. 28:30, 31).
Жазба орындарына қатысты сұрақтардың жауаптары:
14:8—13. Неге Лүстраның тұрғындары “Барнабаны Зевс, Пауылды Гермес деп атады”? Зевс грек мифологиясында құдайлардың әміршісі болатын, ал оның ұлы Гермес шешендігімен танымал еді. Сөз тізгіні Пауылдың қолында болғандықтан, Лүстраның тұрғындары оны Гермес, ал Барнабаны Зевс деп атаған.
16:6, 7. Неге киелі рух Пауыл мен оның серіктеріне Азия аймағы мен Бітүнияда уағыздауға тыйым салды? Себебі ол кезде уағыздаушылар аз болған, сондықтан киелі рух оларды әлдеқайда жемісті жерлерге жіберген.
18:12—17. Жиналған тобыр Состенді сабай бастағанда, неге әмірші Галлио оларды тоқтатпады? Тобырды Пауылға қарсы айдап салған адам сол болып көрінгендіктен, Галлио: “Ол өз сазайын тартып жатыр”,— деп ойлаған болса керек. Алайда бұл оқиға Состенге жақсы әсер етіп, оны мәсіхші болуға талпындырғанға ұқсайды. Кейінірек Пауыл Состенді “бауырласымыз” деп атайды (Қор. 1-х. 1:1).
18:18. Пауыл қандай ант берген еді? Киелі кітап зерттейтін ғалымдардың кейбірі Пауыл Назир антын берген деп ойлайды (Ру. сан. 6:1—21). Алайда Киелі кітапта оның нақты қандай ант бергені айтылмаған. Оның үстіне, Жазбаларда Пауылдың бұл антты Мәсіх жолына түскенге дейін не одан кейін бергендігі немесе антты орындауды бастап не аяқтап жатқаны жайлы ештеңе айтылмаған. Қалай болған күнде де мұндай ант беру — күнә емес-тін.
Біз үшін сабақ:
12:5—11. Біз бауырластарымыз үшін дұға ете аламыз, тіпті солай етуіміз керек те.
12:21—23; 14:14—18. Ирод еш шімірікпестен Ехобаға ғана тиесілі даңқты қабыл алды. Ал Пауыл мен Барнаба өздеріне көрсетілген орынсыз мадақ пен құрметтен үзілді-кесілді бас тартқан. Олардың айырмашылығы жер мен көктей емес пе?! Ехобаның ұйымында қандай қызмет атқарсақ та, атақ-даңққа талпынғанымыз дұрыс емес.
14:5—7. Сақтықпен қызмет еткеніміз белсенді болып қалуға көмектеседі (Мат. 10:23).
14:22. Мәсіхшілердің азап шегетіні алдын ала айтылған болатын. Олар сенімдеріне қарсы әрекет ету арқылы қиындықтардан қашып құтылуға тырыспайды (Тім. 2-х. 3:12).
16:1, 2. Мәсіхші жастар рухани істерге барынша атсалысулары керек және Ехобаның алдында жақсы атқа ие болу үшін оның көмегіне жүгінулері керек.
16:3. Өзгелер ізгі хабарды қабыл алу үшін, Киелі кітап принциптерін ескере отырып, қолдан келгеннің бәрін жасауымыз керек (Қор. 1-х. 9:19—23).
20:20, 21. Үйден-үйге уағыздау — қызметіміздің аса маңызды бөлігі.
20:24; 21:13. Өмірімізді сақтап қалғаннан гөрі Құдайға деген мінсіздігімізді сақтағанымыз әлдеқайда маңызды.
21:21—26. Жақсы кеңесті даярлықпен әрі қуанышпен қабыл алғанымыз жөн.
25:8—12. Мәсіхшілер “ізгі хабарды қорғау және оны заңды түрде бекіту” үшін заңда қарастырылған шараларды мүмкіндігінше пайдалануларына болады, тіпті солай етулері керек те (Філіп. 1:7, ЖД).
26:24, 25. Тіпті ‘өз еркімен жүретін адам ақымақтық деп санаса’ да, біз “ой елегінен өткен шынайы сөздерді” жариялауымыз керек (Қор. 1-х. 2:14).
[30-беттегі сурет]
Петір “Құдай Патшалығына жол ашатын кілттерді” қашан қолданды?
[31-беттегі сурет]
Дүниежүзілік куәлік беру ісінің киелі рухтың көмегінсіз жүзеге асуы мүмкін емес