Адамдарға қалай қарауымыз керек?
“Адамдар өздеріңе қалай істесін десеңдер, сендер де оларға солай істеңдер!” (ЛҰҚА 6:31).
1, 2. а) Таудағы уағыз деген не? ә) Осы және келесі мақалада нені қарастырамыз?
ИСА МӘСІХ, шынында да, Ұлы ұстаз болған. Оған жіберілген сақшылар: “Бірде-бір адам Ол сияқты сөйлеген емес!”— деп, оны тұтқындамай қайтып келеді (Жох. 7:32, 45, 46). Исаның керемет баяндамаларының бірі — Таудағы уағызы. Оны Матай жазған Ізгі хабарының 5—7 тарауларынан және Лұқа 6:20—49-дан оқуға болады.a
2 Иса осы уағызында адамдарға қалай қарау керектігіне қатысты нұсқау беріп: “Адамдар өздеріңе қалай істесін десеңдер, сендер де оларға солай істеңдер!”— деген. Бұл маңызды сөздерді көпшілік “алтын ереже” деп атайды (Лұқа 6:31). Иса адамдарға көп жақсылық жасаған. Ол ауруларды айықтырды, тіпті өлгендерді қайта тірілтті. Ал оның ізгі хабарын қабылдаған адамдар одан да зор баталарға ие болған (Лұқа 7:20—22 оқы). Ехоба куәгерлері болғандықтан, біз Патшалық туралы ізгі хабарды қуанышпен уағыздаймыз (Мат. 24:14; 28:19, 20). Осы және келесі мақалада Иса Таудағы уағызында ізгі хабарды жариялау ісіне және адамдармен қарым-қатынасымызға қатысты не айтқанын қарастырамыз.
Момын болыңдар
3. Момындық дегенді қалай түсіндіріп берер едіңдер?
3 Иса: “Кіші пейілділер [“момындар”, Тт] бақытты: Олар жерді иемденетін болады!”— деген (Мат. 5:5). Киелі жазбалардан момындықтың әлсіздік емес екені көрінеді. Момындық деген жұмсақ болуды білдіреді және онсыз Құдай талаптарын орындай алмаймыз. Бұл қасиетті адамдармен қарым-қатынасымызда, мысалы, ‘жамандыққа жамандықпен қайтармаған’ кезде танытамыз (Рим. 12:17—19).
4. Момындар неге бақытты?
4 Момындар бақытты, себебі олар “жерді иемденетін болады”. ‘Жуас, кіші пейіл’ болған Исаны Құдай “барлығының иесі етіп тағайындады”, сондықтан ол жердің басты Иесі (Мат. 11:29; Евр. 1:2; Заб. 2:8). Пайғамбарлықта уәде етілген ‘Адам ұлының’ көкте серіктерімен бірге билік ететіні айтылған (Дан. 7:13, 14, 21, 22, 27). 144 000 момын майланғандар “Мәсіхпен еншілес” болғандықтан, олар да жердің иесі болады (Рим. 8:16, 17, сілт.; Аян 14:1). Ал басқа момын адамдар Патшалықтың жер бетіндегі азаматы ретінде мәңгілік өмірге ие болады (Заб. 36:11).
5. Мәсіх сияқты момын болғанымыз нені білдіреді?
5 Егер біз дөрекі болсақ, адамдарға бізбен араласу оңай болмайды немесе олар бізден алшақ жүретін болады. Ал Мәсіхтікіндей момындық бізді тартымды әрі бауырластарға рухани жігер бере алатындай етеді. Елші Пауыл: “Момындық, ұстамдылық. Ешбір заң бұларға қарсы тұрмайды”,— деп, момындықты киелі рухтың жемісі екенін көрсетті. Бұл қасиет бойымызда киелі рухтың “жетегімен жүргенде” жетіледі (Ғал. 5:23, 25, ЖД). Ал біз Ехобаның киелі рухының жетелеуімен жүретін момын адамдардың қатарында болғымыз келеді.
Мейірімділер қандай бақытты!
6. Мейірімді адам қандай керемет қасиеттерді танытады?
6 Таудағы уағызында сондай-ақ Иса: “Мейірімділер бақытты: Құдайдың мейірімі соларға түседі!”— деген (Мат. 5:7). Мейірімділікке қиналған адамға жанашыр болу, аяу және оның сезімін ескеру жатады. Иса қасірет шеккен адамдарға ‘жаны ашығандықтан’, керемет түрде көмектескен (Мат. 14:14; 20:34). Жанашырлық және адамның сезімін ескеру бізді де мейірімді болуға талпындыру керек (Жақ. 2:13).
7. Жанашырлық Исаны не нәрсеге талпындырды?
7 Иса тынығуға кетіп бара жатқанда, жиналған үлкен тобырды көріп, ‘жаны ашыды, себебі олар бағушысы жоқ қойлар сияқты’ еді. Сондықтан ол “жиналғандарға көп тәлім берді” (Мар. 6:34). Адамдарға Патшалық туралы хабар мен Құдайдың мейірімі жайлы айтқанда, біз де зор қуанышқа кенелеміз.
8. Мейірімділер неге бақытты?
8 Мейірімділердің бақытты болуының тағы бір себебі — “Құдайдың мейірімі соларға түседі”. Иса: “Өздеріңе күнә жасағандарды кешірсеңдер, онда көктегі Әкелерің сендерді де кешіреді”,— деген (Мат. 6:14). Мейірімділердің ғана күнәсі кешіріліп, Құдайға ұнамды бола алады, сондықтан олар бақытты. Сондай-ақ адамдарға мейірімді болсақ, олар да бізге мейірімділік танытуы әбден мүмкін (Лұқа 6:38).
Неге “татуластырушылар бақытты”?
9. Татуластырушы болсақ, қалай әрекет етеміз?
9 Бақытты болудың тағы бір жолын көрсетіп, Иса былай деген: “Татуластырушылар бақытты: Олар Құдайдың рухани балалары деп аталмақ!” (Мат. 5:9). Егер татуластырушы болсақ, ‘достарды айыратын’ өсек сөздерді құптамаймыз әрі айтпаймыз (Нақ. с. 16:28). Сөзімізбен де, ісімізбен де барлық адамдармен тату болуға ұмтыламыз (Евр. 12:14). Әсіресе Ехоба Құдаймен тату болуға бар күшімізді саламыз (Петірдің 1-хаты 3:10—12 оқы).
10. “Татуластырушылар” неге бақытты?
10 Иса ‘татуластырушыларды’ “Құдайдың рухани балалары” деп аталатындықтан бақытты деген болатын. Майланған мәсіхшілер Иса Мәсіхке сенім білдіргендіктен, “Құдайдың рухани балалары болуға құқықты” (Жох. 1:12; Пет. 1-х. 2:24). Ал Исаның ‘басқа қойлары’ жайлы не деуге болады? Ол өзінің көктегі серіктерімен мың жыл билік еткен кезде, олардың ‘Мәңгілік Әкесі’ болмақ (Жох. 10:14, 16; Ишая 9:6; Аян 20:6). Мыңжылдық билігінің соңында татулыққа ұмтылған осы қойлар толық мағынада Құдайдың жер бетіндегі ұлдары болады (Қор. 1-х. 15:27, 28).
11. “Көктен келген даналықты” басшылыққа алғанымыз адамдармен қарым-қатынасымызға қалай әсер етеді?
11 “Тыныштықтың қайнар көзі” Ехобамен тығыз қарым-қатынаста болу үшін, біз оның қасиеттерін бойымызда дамытуымыз керек, демек татуластырушы да болуымыз керек (Філіп. 4:9). “Көктен келген даналықты” басшылыққа алатын болсақ, ісімізбен де, сөзімізбен де, тату болудың жолын іздейміз (Жақ. 3:17). Сонда біз бақытты әрі татуластырушы боламыз.
“Сендердегі “нұр” адамдарға сәулесін төксін”
12. а) Иса рухани нұр жайлы не деген? ә) Өзіміздегі нұрды қалай жарқырата аламыз?
12 Адамдарға игілік жасаудың ең жақсы жолы — оларға рухани нұрды қабылдауға көмектесу (Заб. 42:3). Иса шәкірттерінің дүниеге “нұр” екенін айтып, оларды өздеріндегі нұрды адамдар ‘игі істерінен’ көре алатындай жарқыратуға талпындырған. Сонда рухани нұр ‘адамдарға сәулесін төгеді’, яғни пайдасын тигізеді (Матай 5:14—16 оқы). Бүгінде біз өзіміздегі нұрды маңайымыздағыларға жақсылық жасау және ізгі хабарды ‘бүкіл дүние жүзіне’, яғни “барлық ұлттарға” уағыздау арқылы жарқыратамыз (Мат. 26:13; Мар. 13:10). Бұл біз үшін зор мәртебе!
13. Адамдар бойымыздан нені байқайды?
13 Иса: “Төбе басына салынған қала жасырынып қала алмайды”,— деп айтты. Төбенің басында орналасқан кез келген қала көзге тез түседі. Сол сияқты біз де ізгі хабарды уағыздағанда, жұрт игі істерімізді, сондай-ақ байыптылық пен кіршіксіздік сияқты қасиеттерді көреді (Тит. 2:1—14).
14. а) Бірінші ғасырдағы шам қандай болған? ә) Қалайша біз рухани жарықты “ыдыспен” бүркеп қоймаймыз?
14 Иса шамды жаққан адам, оны бүркеп қоймайтынын, қайта, жарығы үйдегілердің бәріне түсу үшін шам қойғышқа қоятынын айтты. Бірінші ғасырда қыш ыдыстан жасалған май шам (әдетте зәйтүн майы құйылған шам) қолданылатын. Оның білтесін тұтатқан соң, үй ішіне жарығы жақсы түсетіндей етіп, шамды ағаштан не темірден жасалған қойғыштың үстіне қоятын. Адамдар оны тұтатып алып, ыдыспен бүркеп қоймас еді. Сондықтан Иса шәкірттерінің өздеріндегі рухани нұрды бейнелі мағынадағы ыдыспен бүркеп қойғанын қаламаған. Олай болса, біз де өзіміздегі нұрды жарқырату үшін, қудалау мен қарсылыққа қарамастан, Киелі кітаптағы шындықты жасырмай, жариялауымыз керек.
15. Біздің ‘игі істеріміз’ адамдарға қалай әсер етеді?
15 Иса өзінің шәкірттеріне жанып тұрған шырақ жайлы айтып болған соң, былай деді: “Сол сияқты, сендердегі “нұр” адамдарға сәулесін төксін. Осылайша олар игі істеріңді көріп, көктегі Әкелеріңді дәріптесін”. Адамдар біздің игі істеріміздің арқасында Құдайдың қызметшілері болып, оны дәріптейді. Бұл бізді ‘қараңғы дүниеде жарық жұлдыздай жарқырай’ беруге талпындырады (Філіп. 2:15).
16. Бізден осы ‘дүниеге нұр’ болу үшін не талап етіледі?
16 Осы ‘дүниеге нұр’ болу үшін біз уағыздау және шәкірт дайындау ісіне атсалысуымыз керек. Бірақ бізден тағы да бір нәрсе талап етіледі. Елші Пауыл былай деп жазды: “Ендеше нұрдың адамдары болып әрекет етіңдер! Ал нұрдағы өмірдің өнімі — нағыз игілік, әділдік, шындық” (Ефес. 5:8, 9). Біз үлгілі жүріс-тұрысымызбен де осы дүниеге нұр болуымыз керек. Олай болса, біз елші Петірдің келесі кеңесіне құлақ асамыз: “Құдайға мойынсұнбайтын халықтар арасында адал өмір сүріңдер! Олар сендерді жамандық жасаушылар деп айыптайды. Алайда өз көздерімен көріп жүрген игі істеріңе бола, Тәңір бізді құтқаруға келген күні олар Оны мадақтайтын болады” (Пет. 1-х. 2:12). Бірақ бауырластармен қарым-қатынаста қандай да бір қиындық туындаса, не істеу керек?
“Бауырласыңа барып, онымен татулас!”
17—19. а) Матай 5:23, 24-те қандай сый-тарту жайлы айтылған? ә) Бауырласпен татуласу қаншалықты маңызды және мұны Иса қалай көрсетті?
17 Иса Таудағы уағызында шәкірттерін бауырласына ашу сақтап, оны жек көрмеуді, қайта, өкпелеген бауырласымен тезірек татуласу керектігін ескерткен (Матай 5:21—25 оқы). Исаның осы кеңесіне ден қойшы. Құдайға арнаған сый-тартуыңды құрбандық үстеліне алып келдің делік. Сол жерде бауырласыңның өзіңе өкпелеп жүргені есіңе түсіп кетсе, не істер едің? Сый-тартуыңды сонда қалдырып, бауырласыңа барып, татуласуың керек болар еді. Содан кейін қайтып келіп, әкелгеніңді Құдайға бағыштай алар едің.
18 Ехобаның ғибадатханасына әкелген құрбандықтар жиі “сый-тарту” болып есептелетін. Мұса заңы бойынша құрбандыққа мал шалу Исраилдегі ғибадаттың маңызды бөлігі болған. Алайда бауырласының өзіне өкпелі екені есіне түсіп кетсе, онымен татуласу исраилдік үшін құрбандық шалудан да шұғыл іс болу керек еді. Сондықтан Иса: “Алып келгеніңді сонда қалдыр да, бауырласыңа барып, онымен татулас! Бұдан кейін қайтып келіп, сый-тартуыңды Құдайға бағышта”,— деді. Олай болса, бауырласпен татуласу Мұса заңының талабын орындаудан да маңызды болған.
19 Иса құрбандықтың және күнәнің нақты бір түрін атап айтпаған. Демек, біреудің өзіне өкпелеп жүргені есіне түсіп кетсе, адам кез келген құрбандықты қалдырып кетуі керек еді. Ол сый-тарту ретінде тірі малды алып келсе, оны ғибадатхананың ішкі ауласындағы құрбандық өртейтін үстелдің алдында қалдырып кету керек еді. Мәселесін шешкен соң ғана қайтып келіп, сый-тартуын бере алатын.
20. Бауырласымызға ашуланып қалсақ, неге тезірек татуласуға тырысуымыз керек?
20 Ехоба бауырластарымызбен араласуды ғибадаттың маңызды бөлігі деп қарастырады. Бауырласымен қарым-қатынасы нашар адамның шалған құрбандығы Ехобаның алдында пайдасыз болар еді (Миха 6:6—8). Сондықтан Иса шәкірттеріне: “Тезірек татуласуға тырыс!”— деген (Мат. 5:25). Пауыл да былай деген: “Ашуланғанда, күнә жасамаңдар” деп жазылған: күн батпай тұрып, ашуларыңды басыңдар, сөйтіп шайтанның жамандыққа түрткі салуына жол бермеңдер!” (Ефес. 4:26, 27). Ашулануға себеп бар болса да, ашуды басып, бауырласпен тезірек татуласуға тырысуымыз керек. Сонда Шайтанның жамандыққа түрткі салуына жол бермейміз (Лұқа 17:3, 4).
Адамдарға әрқашан құрметпен қараңдар
21, 22. а) Исаның талқыланған осы кеңесін қалай қолдана аламыз? ә) Келесі мақалада нені қарастырамыз?
21 Исаның Таудағы уағызындағы кейбір сөздерін талқылағанымыз бізге басқаларға жақсылық жасауға және құрмет көрсетуге көмектесу керек. Кемелсіз болғандықтан, Исаның кеңестерін қолданғанымыз жөн. Оның үстіне, Иса да, көктегі Әкеміз де бізден қолымыздан келмейтін нәрсені талап етпейді. Дұға етудің, шын ықыласпен күш салудың және Ехобаның батасының арқасында момын, мейірімді және татуластырушы бола аламыз. Сонда Ехобаның ұлылығын жарқырататын рухани нұрды төгетін боламыз. Сондай-ақ бауырласымызбен қарым-қатынасымызда қиындық туындаса, оны татулықпен шеше аламыз.
22 Ехоба ғибадатымызды қабыл алу үшін, маңайымыздағыларға сүйіспеншілік танытуымыз керек (Мар. 12:31). Келесі мақалада жақсылық жасауға көмектесетін Исаның Таудағы уағызында айтқан басқа өсиеттерін қарастырамыз. Оның осы бір ерекше баяндамасындағы сөздердің үстінен ой-жүгірткен соң, өзімізден: “Мен “алтын ережені” қаншалықты ұстанып жүрмін?”— деп сұрауымызға болады.
[Сілтеме]
a Бұл мақаланы зерттемес бұрын, көрсетілген тарауларды оқып шыққаның пайдалы болады.
Қалай жауап берер едіңдер?
• Момын болу нені білдіреді?
• Неге “мейірімділер бақытты”?
• Өзіміздегі нұрды қалай жарқырата аламыз?
• Неге бауырласымызбен ‘тезірек татуласуға тырысуымыз’ керек?
[4-беттегі сурет]
Патшалық хабарын жариялау — өзіміздегі нұрды жарқыратудың ең маңызды жолы
[5-беттегі сурет]
Мәсіхшілер Құдайға ұнамды жүріс-тұрыстың үлгісі болу керек
[6-беттегі сурет]
Бауырласыңмен тату болуға барынша тырыс