Отбасы бақытының сыры
Қиыншылықтарды шешу
Күйеуі: — Қыздар қайда?
Әйелі: — Киім алуға сауда орталығына кетті.
Күйеуі (Шамданып, дауыс көтере): — Киім алуға кеткені несі? Өткен айда ғана жаңасын алған жоқ па?
Әйелі (Қапаланып, ақтала сөйлеп): — Онда заттар жаппай сатылып жатыр екен. Оның үстіне, олар менен сұранып кетті ғой.
Күйеуі (Ашуына ие бола алмай, айқайлап): — Қыздардың маған айтпай ақша жаратқанын жақтырмайтынымды білесің ғой! Неменеге жібере салдың, алдымен менен сұрамайсың ба?!
СЕНІҢШЕ, бұлардың арасында қандай проблема бар? Күйеуінің ашушаң адам екені көрініп-ақ тұр. Бұған қоса, олардың балаларына қаншалықты еркіндік беруге қатысты көзқарастары да екі түрлі сияқты. Олардың дұрыс пікір алыса алмайтындары да байқалады.
Кемшіліксіз отбасы жоқ. Ерлі-зайыптылар әйтеуір бір қиындықтарға кезігіп отырады. Алайда проблемалар үлкен болсын, кішкентай болсын оларды шешіп үйренудің маңызы зор. Неге?
Өйткені шешілмеген проблемалар уақыт өте келе, пікір алысуға бөгет жасайтын үлкен кедергіге айналуы мүмкін. Дана патша Сүлеймен: “Дауласқаның — бекітілген қақпадай”,— деген (Нақыл сөздер 18:19). Қиыншылық туғанда, жақсы пікір алысу үшін не істеуге болады?
Пікір алысуды некеге жан бітіретін қан дер болсақ, сүйіспеншілік — оның жүрегі, ал сыйластық — өкпесі (Ефестіктерге 5:33). Қиыншылықтарды шешкенде, сүйіспеншілік жұбайларды өткен-кеткен қателіктерді, тіпті жанға жара салғандарын да, қозғамай, бар ойларын туындаған проблемаға жұмылдыруға талпындырады (Қорынттықтарға 1-хат 13:4, 5; Петірдің 1-хаты 4:8). Сыйластық бар некеде жұбайлар бір-біріне еркін сөйлеуге мүмкіндік береді, әрі айтылғанның мәнін ұғуға тырысады.
Қиыншылықтарды шешуге көмектесетін төрт қадам
Келесі төрт қадамды қарастыра отырып, Киелі кітап принциптерінің қиыншылықтарды сүйіспеншілікпен және сыйластықпен шешуге қалай көмектесетініне назар аударайық.
1. Талқылайтын уақытты белгілеп алыңдар.
“Бәрінің өз уақыты бар... үндемей құтылу уақыты мен ойыңдағыны ашып айту мезгілі” (Екклесиаст 3:1, 7). Жоғарыдағы диалогтан көрініп тұрғандай, кейбір проблемалар адамның сезіміне қатты әсер етуі мүмкін. Мұндай сенде де болса, ашуға беріліп, жағдайды ушықтырып алмас үшін ұстамдылық танытып, талқылауды доғара тұр, немесе “үндемей” қоя тұр. Киелі кітаптағы: “Басталған ұрыс тасқын суға ұқсас, Жанжал қызбай тұрып, дауды бас”,— деген кеңесті ұстансаңдар, қарым-қатынастарыңа нұқсан келмейді (Нақыл сөздер 17:14).
Алайда ‘ойдағыны ашып айтатын мезгіл’ де бар. Проблемалар шешілмесе, арам шөп сияқты тез өсіп кетеді. Сондықтан өздігінен шешіліп кетеді деп оларға көз жұма салмаңдар. Егер жұбайыңнан мәселені талқылауды кейінге қалдыруды өтінсең, оны көп ұзамай қарастыратын уақытты белгіле. Сонда жарыңды құрметтейтініңді көрсетесің. Осылай уәделескендерің екеуіңе де: “Күн батпай тұрып, ашуларыңды басыңдар”,— деген кеңеске сай әрекет етуге көмектеседі (Ефестіктерге 4:26). Ал сен берген уәдеңде тұруың керек болады.
БЫЛАЙ ЕТІП КӨР: Отбасындағы қиындықтарды талқылауға апта сайын уақыт бөліңдер. Егер белгілі бір уақыттарда, мысалы жұмыстан келгенде немесе тамақ ішпей тұрып, дауласуға бейім екеніңді байқасаң, мұндай кездерде мәселелерді талқыламауға келісіп алыңдар. Оның орнына, екеуіңнің де көңіл күйлерің жақсы болатын уақытты таңдаңдар.
2. Өз ойларыңды ашық және құрметпен білдіріңдер.
“Әрқайсың басқаларға шындықты айтыңдар!” (Ефестіктерге 4:25). Егер басқаларға шындықты айту керек болса, жұбайымызға шындықты айту одан да маңызды емес пе? Сондықтан зайыбыңа не сезініп тұрғаныңды ашық және нақты түсіндіруге тырыс. Некеге тұрғанына 26 жыл болған Маргаретаa былай дейді: “Тұрмысқа жаңа шыққан кезімде, проблема туындағанда күйеуім не сезініп тұрғанымды өзі-ақ түсінеді деп күткен едім. Алайда мұның мүмкін емес екенін түсіндім. Қазір ойларым мен сезімдерімді анық етіп түсіндіруге тырысамын”.
Проблеманы талқылағанда, сенің мақсатың — жеңімпаз болып шығу емес, жай ғана жұбайыңа өз ойыңды білдіру екенін есіңде ұста. Мұндайда, сенің ойыңша, проблеманың неде екенін, оның қашан пайда болғанын және саған қалай әсер еткенін түсіндірген дұрыс. Мысалы, егер жұбайыңның ұқыпсыздығы шамыңа тисе, құрметпен былай деуіңе болады: “Сен жұмыстан келіп, киімдеріңді жерге тастай салғанда [проблема неде және қашан туындағаны], менің үйді таза ұстауға тырысып жатқанымды бағаламайтындай көрінесің [бұның саған қалай әсер еткені]”. Сосын, проблеманы қалай шешуге болатынына қатысты өз ойыңды ілтипаттылықпен айт.
БЫЛАЙ ЕТІП КӨР: Жұбайыңмен сөйлеспес бұрын, ойыңды жинақтап алу үшін, сеніңше, проблема неде екенін және оны қалай шешуге болатынын жазып ал.
3. Жұбайыңды тыңда және сезімін ескер.
Шәкірт Жақып мәсіхшілердің ‘тыңдауға жүйрік, ал сөйлеуге шабан, әрі ашулануға баяу болуы’ керектігін айтқан (Жақып 1:19). Туындаған проблема саған қалай әсер ететінін жұбайың түсінбесе, некеде адамға бұдан ауыр тиетін нәрсе кемде-кем. Олай болса, жұбайыңды осындай сезімде қалдырмауға тырыс (Матай 7:12).
Неке құрғанына 35 жыл болған Вольфганг былай дейді: “Проблеманы талқылағанда, әсіресе әйелім мені түсінбей жатса, күйгелектене бастаймын”. Ал тұрмыс құрғанына 20 жыл болған Диана: “Проблема туралы әңгімелесіп отырғанда, күйеуімнің мені дұрыстап тыңдамайтынына жиі наразылық білдіремін”,— дейді. Мұндайда не істеуге болады?
Жұбайыңның не ойлап, не сезініп тұрғанын білемін деп, өзіңе тым сенімді болма. Құдай Сөзінде: “Менмендік [“өзіне тым сенімді болу”, ЖД] дау-жанжал туғызар, Даналық ақылдасқандарда болар”,— деп жазылған (Нақыл сөздер 13:10). Зайыбыңның сөзін бөлмей тыңда, бұл оны сыйлағаныңның белгісі болмақ. Бұдан кейін оны дұрыс түсінгеніңе көз жеткізу үшін оның айтқандарын кекетпей, ашуланбай өз сөзіңмен айтып бер. Егер кейбір сөздерін дұрыс түсінбесең, өзіңді түзетуіне мүмкіндік бер. Тек өзің ғана сөйлей берме. Бір-біріңнің ойыңды және сезімдеріңді дұрыс түсінгендеріңе сенімді болғандарыңша, кезектесіп осылай пікір алысуды жалғастыра беріңдер.
Жұбайыңды мұқият тыңдау және оның ойын ескеру үшін кішіпейілділік пен шыдамдылық қажет. Бірақ жұбайыңа осылайша бірінші болып құрмет көрсетсең, оған да сені сыйлау оңай болады (Матай 7:2; Римдіктерге 12:10).
БЫЛАЙ ЕТІП КӨР: Жұбайыңның айтқандарын жай ғана сөзбе-сөз қайталап шықпа. Оның сөздері мен сезімдерін қалай түсінгеніңді мейіріммен айтып жеткізуге тырыс (Петірдің 1-хаты 3:8).
4. Ортақ шешімге келіңдер.
“Біреуге қарағанда екеудің артық екендігі анық; өйткені келетін жақсы табыс та солардың екеуіне ортақ: Егер біреуі құлап қалса, екіншісі өз жолдасын орнынан тұрғызады” (Екклесиаст 4:9, 10). Ерлі-зайыптылар бір-бірін қолдап, бірлесіп әрекет етпесе, некедегі қиыншылықтардың шешілуі екіталай.
Ехоба отбасындағы басшылықты күйеуге берген (Қорынттықтарға 1-хат 11:3; Ефестіктерге 5:23). Бірақ бұл оның өктемдік етуіне болады дегенді білдірмейді. Дана әрекет ететін отағасы әйелінің ойын ескермей шешім қабылдамайды. Неке құрғанына 20 жыл болған Дейвид: “Мен екеумізге де ұнайтын және екеуміз де қолдай алатын шешім қабылдауға тырысамын”,— дейді. Шаңырақ көтергеніне жеті жыл болған Таня былай дейді: “Әңгіме кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс екендігінде емес. Кейде проблеманы шешудің әртүрлі жолы болуы мүмкін. Қиыншылықты шешудің кілті бейімделгіш әрі парасатты болу екендігіне көзім жетті”.
БЫЛАЙ ЕТІП КӨР: Екеуің бірігіп проблеманы шешудің түрлі жолдарын қағазға түсіріңдер. Ойларыңды түгел жазып болған соң, екеуің де құптайтын шешімді таңдаңдар. Сосын, шешімдеріңе сай әрекет еткен-етпегендеріңді және оның қаншалықты тиімді болғанын тексеретін уақытты белгілеңдер.
Жеке-дара емес, бірлесе әрекет етіңдер
Иса пайғамбар: “Құдай қосқанды адам баласы ажыратпасын!”— деген (Матай 19:6). Мұнда “қосу” деп аударылған грек сөзі “қамытқа бірге жегілген” дегенді білдіреді. Исаның заманында екі малды жұмысқа салу үшін, оларды бір көлденең ағашқа жеккен. Егер мал бірге қимылдамаса, жұмыс өнбейтін, оның үстіне, ағаш мойындарын қажап жіберетін. Ал бірге қимылдаса, ауыр жүкті де, соқаны да тартып жүре алатын.
Сол сияқты, бірлесе әрекет етпейтін ерлі-зайыптыларға неке “қамыты” жайсыз болуы мүмкін. Ал бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығаратын болса, олар аса алмайтын асу болмайды десе де болады. Жұбайымен бақытты өмір кешіп жатқан Калала былай деді: “25 жыл бойы әйелім екеуміз ашық сөйлесу, өзімізді бір-біріміздің орнымызға қойып көру, Ехобадан көмек сұрап дұға ету және Киелі кітаптағы принциптерді қолдану арқылы қиыншылықтарды шешіп келеміз”. Сендер де осылай ете аласыңдар ма?
ӨЗІҢНЕН БЫЛАЙ ДЕП СҰРА:
Жарыммен әсіресе қандай мәселені талқылағым келер еді?
Бұл мәселеге қатысты оның шынымен не сезінетінін түсінгеніме қалай көз жеткізуіме болады?
Үнемі өз дегенімді істетуге тырысатын болсам, қандай проблемалар туындауы мүмкін?
a Кейбір есімдер өзгертілген.