Құдайға жақында
Құдай бізді бағалы деп қарастырады
‘ЖҮРЕГІМІЗ бізді айыптайды’. Киелі кітапта жазылған осы сөздерден кейде жүрегіміз бізді өзімізге тым сыншыл болуға итермелейтіні көрінеді. Ол тіпті “Құдайдың сүйіспеншілігі мен қамқорлығына лайық емеспін” деп ойлауымызға түрткі болуы мүмкін. Алайда Киелі кітап бізді: “Құдай жүрегімізден жоғары ғой, Ол бәрін де біледі”,— деп сендіреді (Жоханның 1-хаты 3:19, 20). Құдай бізді өзімізден де жақсы біледі. Оның бізге деген көзқарасы біз өзімізге қалай қарайтынымыздан мүлдем өзгеше болуы мүмкін әрі оның ойы біз үшін аса маңызды. Олай болса, Ехоба Құдай біз туралы қандай ойда? Бұл сұрақтың жауабын Иса екі жағдайда айтқан жүрекке жылы тиетін мысалдан табуға болады.
Бірде ол ‘екі торғайдың бір ассарионға сатылатынын’ айтқан (Матай 10:29 сілт., 31). Ал Лұқа 12:6, 7-ге сай, Иса сонымен қатар былай деген: “Бес торғай екі теңгеге сатылмай ма? Дегенмен олардың біреуін де Құдай ұмытпайды. ...Сондықтан адамдардан қорықпаңдар: Құдай үшін сендер көптеген торғайлардан да әлдеқайда қымбатсыңдар!”. Осы қарапайым, сөйте тұра әсерлі мысалдан Ехобаның өзінің әрбір қызметшісіне қалай қарайтыны көрінеді.
Торғай — сол заманда тағам ретінде қолданылған ең арзан құстардың бірі. Иса жарлы әйелдердің — бәлкім, тіпті өз анасының да — отбасын тамақтандыру үшін сол титтей құстарды сатып алып жатқанын көргенінде сөз жоқ. Бір ассарионға, немесе бүгінде құны 5 центтен де кем ақшаға, екі торғай сатып алуға болатын. Бұл құстардың арзан тұрғаны соншалық — адам екі теңгеге төрт емес, бес торғай алатын. Бесіншісі оған тегін берілетін.
Иса бірде-бір торғайды ‘Құдай ұмытпайтынын’ немесе Әкеміздің еркінсіз оның ‘жерге құлап түспейтінін’ айтқан (Матай 10:29). Торғайдың жарақат алып немесе тамақ іздеп жерге түскен әрбір кезі Ехобаның назарынан тыс қалмайды. Бір қарағанға елеусіз осы құстарды Ехоба жаратуға да, есте сақтауға да тұрмайтын тым кішкентай деп қарастырмаған. Торғайлар Жаратушы үшін құнды, өйткені олар бағалы тіршілік иелері. Сонымен, Иса келтірген мысалдың мәні неде?
Тәлім бергенде, Иса маңызды нәрсені көрсету үшін жиі кішкентай нәрсені қолданған. Мысалы, Иса тағы былай деген: “Қарғаларға назар салыңдаршы: олар егін екпейді де, ормайды да, ешқандай қоймалары мен қамбалары да жоқ, бірақ Құдай оларды асырайды. Ал сендер құстардан қаншама артықсыңдар!” (Лұқа 12:24). Енді Исаның торғайлар туралы айтқан сөздерінің мәні біз үшін анық: егер Ехоба торғай екеш торғайдың қамын ойласа, өзін жақсы көріп, қызмет етіп жүрген адамдардың қамын одан бетер ойлайды ғой!
Исаның сөздерін ескерер болсақ, “жүрегімізден жоғары” Құдайдың елеп, қамқорлық етуіне тұрмаймын” деп ойлауға бізде негіз жоқ. Бойымыздан өзіміз көрмейтін жақсыны Жаратушымыздың көретіні жұбаныш береді емес пе!?
[13-беттегі түпдерек]
Sparrows: © ARCO/D. Usher/age fotostock