Соңғы күндерде неке құру және балалы болу
“Осы заманның ақыры таяп қалды” (ҚОР. 1-Х. 7:29).
1. а) Қазіргі ‘қиын-қыстау күндерде’ қандай өзгерістер болуда? ә) Неге отбасындағы құндылықтардың өзгеруі бізді қызықтырады?
ҚҰДАЙ сөзінде соңғы күндері соғыстар, жер сілкіністері, ашаршылық және індеттер болатыны айтылған (Дан. 8:17, 19; Лұқа 21:10, 11). Сондай-ақ онда адамзат тарихының осы бір маңызды кезеңінде қоғамда үлкен өзгерістер болатыны ескертілген. Қазіргі ‘қиын-қыстау күндерде’ орын алатын осындай жайттардың бірі отбасындағы дағдарыстар болмақ еді (Тім. 2-х. 3:1—4). Неге олар бізді қызықтыру керек? Өйткені олардың кең тарағаны әрі әсері күшті болғаны сонша — мәсіхшілердің некеге және балаға деген көзқарастарына ықпал етуі мүмкін. Қалай?
2. Осы дүниедегілердің неке мен ажырасуға қатысты көзқарасы қандай?
2 Бүгінде ажырасу оңай, әрі көп елдерде ажырасып жатқандардың саны жылдам өсуде. Алайда біз мынаны мықтап есте ұстауымыз керек: Ехоба Құдайдың неке мен ажырасуға қатысты көзқарасы осы дүниеде қалыптасқан көзқарастан мүлдем басқа. Ал оның көзқарасы қандай?
3. Ехоба мен Иса Мәсіхтің некеге деген көзқарасы қандай?
3 Ехоба ерлі-зайыптылардан неке антына адал болады деп күтеді. Ол алғашқы еркек пен әйелді отастырғанда, ‘еркек әйеліне қосылып, екеуі біртұтас болатынын’ айтқан. Кейінірек, Иса Мәсіх осы сөздерді қайталады, сосын: “Сонымен Құдай қосқанды адам баласы ажыратпасын!”— деп қосты. Әрі қарай ол: “Кім жеңіл жүріске түспеген әйелінен ажырасып, басқаны алса, сол неке адалдығын бұзады”,— деген (Жар. 2:24; Мат. 19:3—6, 9). Демек, Ехоба мен Иса некені тек зайыбының бірі көз жұмғанда ғана бұзылатын өмірлік одақ деп қарастырады (Қор. 1-х. 7:39). Неке қасиетті болғандықтан, ажырасуға ешкім жеңіл-желпі қарамау керек. Құдай Сөзінде Ехобаның Жазбаларға негізделмеген себеппен “ажырасуды жек көретіні” (ЖД) айтылғанa (Малахи 2:13—16; 3:6 оқы).
Некеге жауапкершілікпен қара
4. Неге кейбір жас мәсіхшілер некеге асығыс тұрғандарына өкінеді?
4 Қазіргі құдайдан безген дүниеде адамдардың есіл дерті — жыныстық қатынас. Қайда қарасаң да, көретінің — сезімді оятатын суреттер мен бейнелер. Олардың бізге, әсіресе қауымдағы жастарымызға, әсер етпей қоймайтынын ескеруіміз керек. Ықтиярсыз құштарлық оятатын осындай жағымсыз нәрселердің әсеріне берілмеу үшін мәсіхші жастар не істеу керек? Кейбіреулер азғындықтан аулақ болуға үміттеніп, некеге тым ерте тұрады. Алайда көп ұзамай олардың біразы мұнысына өкініп жатады. Неге? Ыстық-суығы басылып, күнделікті өмір басталғанда, олар өздерін біріктіретін нәрселердің аз екенін түсінеді. Ал мұндай отбасыларының біраз қиыншылыққа кезігетіні белгілі.
5. Ерлі-зайыптылардың неке антына адал болуларына не көмектеседі? (Сілтемені де қара.)
5 Жұбайың өзің күткеннен мүлдем басқа болып шықса (мұндай нәрсе мәсіхшілер арасында да кезігеді), бірге өмір сүру, әрине, оңай болмайды (Қор. 1-х. 7:28). Алайда жағдай қаншалықты қиын болмасын, шынайы мәсіхшілер некедегі проблеманы шешу үшін Жазбаларға негізделмейтін себеппен ажырасудың дұрыс емес екенін біледі. Сондықтан неке антына адал болғысы келіп, шаңырақ отын сөндірмеу үшін барынша күш салатындар құрметке лайық, әрі қауымдағылар олардан көмегін аямайдыb.
6. Некеге тұруға қатысты мәсіхші жастардың қандай көзқараста болғаны дұрыс?
6 Сен әлі неке құрмаған жас мәсіхшісің бе? Олай болса, некеге тұруға қатысты қандай көзқараста болғаның дұрыс? Бауырласпен романтикалық қатынас дамытпас бұрын, ақыл тоқтатып, физикалық және рухани жағынан некеге дайын болғанша күте тұрсаң, көптеген жан азабынан аулақ бола аласың. Әрине, Жазбаларда қанша жаста неке құру керектігі айтылмағанc. Алайда одан көретініміз — өрекпіп тұрған құштарлық сезімі басылып, “албырт шақтан өткенше” күте тұрған дұрыс (Қор. 1-х. 7:36, ЖД). Неге? Өйткені өршіп тұрған жыныстық құштарлық жағдайға дұрыс баға беру қабілетінен айырып, бұрыс шешімге итермелеп, ақырында, бармақ тістеп қалуың мүмкін. Ехобаның некеге қатысты Киелі кітаптағы дана кеңестері сенің игілігің және бақытты болуың үшін берілгенін ұмытпа (Ишая 48:17, 18 оқы).
Балалы болу жауапкершілігі
7. Жастай некеге тұрғандардың кейбірі қандай жағдайға тап болады және неге бұл қарым-қатынастарын шиеленістіріп жібереді?
7 Жастай некеге тұрғандардың кейбірі ана сүті аузынан кетпей тұрып, балалы болып қалады. Олар бір-бірін жақсылап танып үлгермей жатып, 24 сағат бойы көңіл бөлуді талап ететін сәбилері дүниеге келеді. Әдетте мұндайда ананың бар көңілі бөбегіне ауады, ал бұл күйеуінде қызғаныш оятуы мүмкін. Бұған қоса, ұйқысыз өткен түндерден ерлі-зайыптылар қажып, қарым-қатынастары шиеленісе түседі. Олар енді аяқ-қолдары байланып, бұрынғыша еркін жүріп-тұра алмайтындарын түсінеді. Мұндай өзгерістерді қалай қабылдағандары дұрыс?
8. Ата-ана болуға қалай қарау керек және неге?
8 Некеге тұру жауапкершілікпен қарауды талап ететіні сияқты, ата-ана болу да солай, әрі бұл олар үшін — Құдай берген мәртебе. Баланың дүниеге келуіне орай мәсіхші ерлі-зайыптыларға қандай өзгеріс жасауға тура келмесін, бұған жауапкершілікпен қарап, бейімделуге барынша тырысқандары дұрыс. Жарық дүниеге бала әкелу қабілетін Ехоба бергендіктен, ата-ана өз перзентін ‘Жаратқан Иеден келген — сый’ деп қарастыру керек (Заб. 126:3). Мәсіхшілер Иемізге мойынсұнатын ата-ана ретінде өз міндеттерін орындауға бар күштерін салады (Ефес. 6:1).
9. а) Бала өсіру нені талап етеді? ә) Отағасы әйелінің рухани берік болуына қалай көмектесе алады?
9 Бала өсіру үшін біраз жылдар бойы құрбандықтарға бару керек болады. Бұл көп уақытты және күш салуды талап етеді. Мәсіхші отағасы мынаны түсіну керек: балалы болған соң, біраз жылдар бойы әйелінің қауым кездесулерінде көңілі бөліне беретін және жеке зерттеп, ой жүгіртуге мүмкіндігі бола бермейтін шығар. Бұл оның рухани күйіне әсер етуі мүмкін. Ата-ана міндетіне жауапкершілікпен қарайтын отағасы қолынан келгенше баласына қарасады. Әйелі кездесуде тыңдай алмаған ойларды үйге келгенде айтып береді. Сондай-ақ әйелі уағызға толық қатыса алу үшін баласына қарай тұрады (Філіпіліктерге 2:3, 4 оқы).
10, 11. а) Қалай балаларды Ехобаның тәрбиесімен өсіруге болады? ә) Неге көп мәсіхші ата-ана мақтауға лайық?
10 Жауапкершілік сезінетін ата-ана баласын ішер ас, киер киім және баспанамен қамтамасыз етіп яки денсаулығының жақсы болуының қамын жеп қана қоймайды. Әсіресе қаупі мол соңғы күндері өмірде қажет моральдік принциптерді жастарға балғын шағынан үйрету керек. Балаларды ‘ақылмен жөн сілтеп, Иемізбен жүргендерге лайықты тәрбиелеген’ дұрыс (Ефес. 6:4). Мұндай тәрбиеге баланың санасына нәресте күнінен жасөспірім шағына дейін Ехобаның ой-ниетін құйып отыру жатады (Тім. 2-х. 3:14, 15).
11 Иса ізбасарларына ‘күллі халықтарға барып, шәкірт’ дайындауды тапсырғанда, ата-аналардың да балаларын шәкірт етулері керектігіне нұсқағаны сөзсіз (Мат. 28:19, 20). Бұл дүние жастарға қатты қысым көрсететіндіктен бұлай ету оңай емес. Сондықтан балаларына мәсіхші болуға көмектескен ата-аналар мақтауға әбден лайық. Олар сенімдерімен және өз міндеттерін адал атқаруларымен дүниені ‘жеңді’ (Жох. 1-х. 5:4).
Салтбасты және баласыз болу
12. Неге кейбір мәсіхшілер біраз уақыт салт басты жүруді шешеді?
12 “Осы заманның ақыры таяп”, оның “қазіргі қалпы” өзгеріп жатқандықтан, Құдай Сөзі салт басты болудың пайдалы жақтарын қарастыруға шақырады (Қор. 1-х. 7:29—31). Сондықтан кейбір мәсіхшілер салт басты болып өтуді немесе біраз жыл бойдақ жүруді шешеді. Мақтауға тұрарлық бір жайт — олар бойдақ болып еркін жүріп-тұратын уақытта өз қара бастарының қамын жасауға ұмтылмайды. Көп мәсіхшілер Ехобаға ‘жан-тәндерімен’ ештеңеге алаңдамай қызмет ету үшін салт басты болуды шешеді (Қорынттықтарға 1-хат 7:32—35 оқы). Олардың кейбірі ізашар болып немесе Бетелде қызмет етеді. Өзге біреулері Ехобаның ұйымында көбірек қызмет атқару үшін Қызметті жетілдіру мектебінде оқуды мақсат етеді. Бойдақ кезінде біраз толық уақытты қызмет еткендердің кейбірі некеге тұрғаннан кейін де, мұның зор пайдасын көріп жатады.
13. Неге кейбір мәсіхші ерлі-зайыптылар балалы болмауды шешеді?
13 Ал кейбір елдерде отбасылық өмірде тағы бір өзгеріс байқалады: көп ерлі-зайыптылар балалы болмауды шешеді. Олардың кейбірі тұрмыс жағын ескерсе, өзге біреулері мансапқа жетуге қол байлау болмау үшін осылай етіп жатады. Мәсіхшілердің арасында да балалы болмауды шешетіндер бар. Бірақ олардың мақсаты — Ехобаға көбірек қызмет ету. Бұл — олардың некесі өзгелердікіндей емес дегенді білдірмейді. Олар да кәдімгі ерлі-зайыптылар. Сөйтсе де Патшалықтың мүддесі үшін олар некелік өмірдің кейбір артықшылықтарынан бас тартады (Қор. 1-х. 7:3—5). Осындай жұптардың кейбірі аудандық, облыстық қызметте не Бетелде Ехобаға және бауырластарына қызмет етеді. Өзге біреулері ізашар немесе миссионер ретінде қызмет етіп жүр. Ехоба олардың еңбегін және Өзінің атына бола көрсетіп жүрген сүйіспеншілігін ұмытпайды (Евр. 6:10).
“Көп ауыртпалық”
14, 15. Мәсіхші ата-аналар қандай “ауыртпалық” көруі мүмкін?
14 Елші Пауыл некедегі мәсіхшілердің ‘көп ауыртпалық көретінін’ айтқан (Қор. 1-х. 7:28). Бұған өздерінің, балаларының не қартайған ата-аналарының денсаулықтарының нашарлауы жатуы мүмкін. Сондай-ақ бала өсірудің қиындықтары мен уайымы да бар. Мақаланың басында ескерілгендей, Киелі кітапта ‘соңғы дәуірде қиын-қыстау күндер туатыны’ алдын ала айтылған. Бұл уақытты қиындататын нәрселердің бірі — балалардың ‘ата-аналарына бағынбауы’ (Тім. 2-х. 3:1—3).
15 Мәсіхші ата-аналарға бала өсіру оңай емес. Бізге ‘қиын-қыстау күндердің’ залалы тимей қоймайды. Сондықтан мәсіхші ата-аналар балаларын ‘осы күнәкар дүниенің’ әсерінен сақтау үшін үнемі күресу керек (Ефес. 2:2, 3). Бірақ олар барлық уақытта жеңімпаз бола бермейді. Мәсіхшілер отбасында өскен ұл-қыздардың Ехобаға қызмет етуді доғаруы — әрине, баласын шындықта тәрбиелеуге тырысқан ата-ана үшін зор “ауыртпалық” (Нақ. с. 17:25).
“Ауыр азап”
16. Иса қандай “азап” туралы пайғамбарлық еткен?
16 Алайда некеде және балалы болғанда кезігетін кез келген “ауыртпалық” алда болатын анағұрлым зор азаппен салыстыруға да келмейді. Иса өзінің осында болатыны және осы заманның ақыры жөнінде пайғамбарлық еткенде: “Сол уақытта әлем жаратылғаннан бері күні бүгінге дейін еш болмаған және қайтып болмайтын ауыр азап бастарыңа түседі”,— деген (Мат. 24:3, 21, сілт.). Кейінірек, ол өте үлкен тобырдың сол “ауыр азаптан” аман өтетінін ашқан. Алайда оған дейін, үлкен-кіші демей, бәріміз үшін қиын кезең болмақ. Өйткені Шайтанның дүниесі Ехобаның бейбіт куәгерлеріне қарсы шешуші шабуыл жасайды да, мүлдем құрып кеткенше, жанталаса шайқасады.
17. а) Неге біз болашаққа сеніммен қараймыз? ә) Біздің некеге және балалы болуға деген көзқарасымызға не әсер ету керек?
17 Бірақ біз болашақтағы жағдайларды ойлап, тым қорықпауымыз керек. Адалдығын сақтаған ата-аналар өздерін де, жас балаларын да Ехобаның қорғайтынына үміттене алады (Забур 31:7, 8 оқы; Соф. 2:2, 3; Қор. 1-х. 7:14). Қазір болса шешуші кезеңде өмір сүріп жатқанымызды түсінгеніміз осы соңғы күндерде неке мен балалы болуға қатысты көзқарасымызға әсер ете берсін (Пет. 2-х. 3:10—13). Сонда, салт басты не неке құрған, балалы не баласыз болайық, біздің өміріміз Ехобаны дәріптейді әрі мәсіхшілер қауымының мәртебесін арттырады.
[Сілтемелер]
a “Ехобаның күнін есте ұста” (ор.) кітабының 125-бетіндегі “Ол ажырасуды жек көреді” тақырыпшасын қара.
b Некелік өмірде қиыншылыққа кезігіп жүргендердің келесі мәліметтерді қайта қарастырып шыққандары пайдалы болады: “Күзет мұнарасы” 1 қазан, 2003 жыл; “Ояныңдар!” (ор.) 8 қаңтар, 2001 жыл.
c “Жастардың сауалдары. Пайдалы кеңестер” (ор.) кітабының “Мен неке құруға дайынмын ба?” деп аталатын 30-тарауын қара.
Қайталау
• Неге мәсіхші жастардың неке құруға асықпағандары дұрыс?
• Бала өсіру нені талап етеді?
• Неге көп мәсіхшілер салт басты болуды, ал үйленген болса, балалы болмауды шешеді?
• Мәсіхші ата-аналар қандай “ауыртпалық” көруі мүмкін?
[17-беттегі сурет]
Неге жас мәсіхшілердің неке құруға асықпағандары дұрыс?
[18-беттегі сурет]
Әйелі рухани істерге толықтай атсалыса алу үшін, отағасы көп нәрсе істей алады
[19-беттегі сурет]
Неге кейбір мәсіхші ерлі-зайыптылар балалы болмауды шешеді?