Әрқашан Құдайдың басшылығына жүгін
“Өйткені бұл Құдай ғасырдан ғасырға дейін біздің Құдайымыз болады: өлгенімізше Ол біздің көсеміміз болады” (ЗАБ. 47:15).
1, 2. Неге өз ақылымызға сүйенбей, Ехобаның басшылығына жүгінуіміз керек және қандай сұрақтарды қарастырамыз?
ПАЙДАСЫЗ не зиянды нәрселерге келгенде, кейде өзімізді алдау оп-оңай (Нақ. с. 12:11). Мәсіхшілердің принциптеріне қайшы келетін нәрсені қатты қалап тұрсақ, соны істеуге іштей сылтау іздеуіміз мүмкін (Ерм. 17:5, 9). Сондықтан забур жыршысының: “Өзіңнің шапағың мен Өзіңнің ақиқатыңды жолда; сонда олар мені жетелеп алады да Сенің қасиетті тауыңа ертіп әкеледі”,— деп дұға еткені даналық болған (Заб. 42:3). Ол өзінің шектеулі ақылына емес, Ехобаға сенім артып, оның басшылығына жүгінгісі келген. Забур жыршысы сияқты біздің де Құдайдың басшылығына жүгінгеніміз жөн.
2 Неге біз Ехобаның берген басшылығына сеніммен қарауымыз керек? Оның басшылығына қай кезде жүгінуіміз керек? Ехобаның басшылығы бізге пайдалы болу үшін қандай көзқарас дамытуымыз керек және бүгінде ол бізге қалай басшылық беруде? Бұл мақалада осы маңызды сұрақтарды қарастырамыз.
Неге Ехобаның басшылығына сеніммен қараймыз?
3—5. Ехобаның басшылығына сеніммен қарауға қандай негіз бар?
3 Ехоба біздің көктегі Әкеміз (Қор. 1-х. 8:6). Ол біз туралы бәрін біледі, тіпті жүрегіміздің түкпірінде жатқан ой-ниетіміз де оған аян (Пат. 1-ж. 16:7; Нақ. с. 21:2). Дәуіт патша Құдайға былай деген: “Отырғаным, тұрғаным да Саған аян, Ойларымды да танисың алыстан. Сөз шықпай тұрып-ақ менің аузымнан Оны толық білесің, уа, Жаратқан!” (Заб. 138:2, 4). Ехоба бізді осыншалық жақсы білетін болса, біз үшін не жақсы екенін одан артық кім білуі мүмкін?! Сондай-ақ Ехоба — әлемдегі ең дана тұлға. Ол бәрін көреді, кез келген жағдайды адамнан да жақсы түсінеді және о бастан-ақ соңында не болатынын біледі (Ишая 46:9—11; Рим. 11:33). Ол “даналықтың бірден-бір иесі” (Рим. 16:27).
4 Оның үстіне, Ехоба бізді жақсы көреді және бізге бар жақсылықты тілейді (Жох. 3:16; Жох. 1-х. 4:8). Ол не берсе де, жомарттықпен береді. Шәкірт Жақып былай деген: “Көктегі Әкеміз берген қай нәрсе де игі. Нұр шашқан аспан денелерін жаратқан Ол бізге Өзінің мүлтіксіз жарылқауын жаудырады” (Жақ. 1:17). Сондықтан Құдайдың басшылығына жүгінгендер мол батаға кенеледі.
5 Ехобаның құдіреті күшті. Бұл жайлы забур жыршысы былай деген: “Алла Тағаланың панасында тұрған адам, Құдіреттінің саясынан табады тыным. Мен Жаратқан Иеге былай дейтін болам: “Құтылатын баспанам менің әрі қорғаным! Құдайым, Саған шынымен сенімімді артам!” (Заб. 90:1, 2). Ехобаның айтқанымен өмір сүретін болсақ, ол бізге сенімді қорған болады. Қарсылыққа кезігіп жатсақ та, ол бізді қорғап-қолдайды, сүрініп құлауға жол бермейді (Заб. 70:4, 5; Нақыл сөздер 3:19—26 оқы). Иә, Ехоба біз үшін ең жақсысы не екенін біледі, соны бізге тілейді, әрі оны жүзеге асыруға құдіреті жетеді. Олай болса, оның басшылығын елемеу неткен ақымақтық! Алайда оның басшылығына қай кезде жүгінуіміз керек?
Бізге қай кезде басшылық қажет?
6, 7. Бізге Ехобаның басшылығы қай кезде қажет?
6 Шындығында, біз өмір бойы Құдайдың басшылығына мұқтажбыз. Забур жыршысы: “Құдай ғасырдан ғасырға дейін біздің Құдайымыз болады: өлгенімізше Ол біздің көсеміміз болады”,— деген (Заб. 47:15). Парасатты мәсіхшілер де үнемі Құдайдың басшылығына жүгінеді.
7 Кейде бізге шұғыл жәрдем қажет болып қалуы мүмкін. Ал кей кезде қудалаудың, аурудың немесе жұмыссыздықтың кесірінен ‘қайғырамыз’ (Заб. 68:17, 18). Мұндай шақтарда Ехобаның бізге төзуге қажет күш және дұрыс шешім қабылдау үшін басшылық беретініне сенімдіміз. Сондықтан оған дұға етуден жұбаныш табамыз (Забур 101:18 оқы). Алайда оның көмегін басқа жағдайда да қажет етеміз. Мысалы, адамдарға Патшалық туралы ізгі хабарды айту керек болғанда, тиімді түрде куәлік беру үшін Ехобаның басшылық бергенін қалаймыз. Шешім қабылдау керек кез келген жағдайда — демалу, киім кию мен әрленіп-сәндену, араласатын орта не жұмыс таңдау, білім алу керек болғанда — Ехобаның басшылығына жүгінетін болсақ қана дұрыс әрекет етеміз. Демек, оның басшылығын керек етпейтін кез жоқ.
Құдай басшылығын елемеудің қаупі
8. Хауаның тыйым салынған жемісті жегені нені білдірді?
8 Ехобаның нұсқауын орындауға дайын болуымыз керек. Егер мойынсұнуды қаламасақ, ол бізді күштемейді. Алғаш рет Ехобаның басшылығынан бас тартқан Хауа болатын. Оның қабылдаған шешімінің қаншалықты дұрыс емес болғанын білеміз. Ал бұл әрекеттің шын мәнінде нені білдіргенін білесің бе? Ол тыйым салынған жемісті ‘ненің жақсы, ненің жаман екенін айырып, Құдай сияқты болуды’ қалағандықтан жеді (Жар. 3:5). Демек, ол Ехобаның басшылық бергенін қаламай, нені жақсы, ненің жаман екенін өзі шешті де, өзін Құдайдың орнына қойды. Осылайша ол Ехобаның бүкіләлемдік билігінен бас тартты, яғни өзі би, өзі қожа болғысы келді. Адам да әйелі бастаған соқпақ жолға түсті (Рим. 5:12).
9. Ехобаның нұсқауын орындамау нені білдіреді және неге бұл барып тұрған ақымақтық?
9 Бүгінде де тап солай, Ехобаның басшылығымен жүрмейтін болсақ, оның бүкіләлемдік билігін мойындамайтынымызды көрсетеміз. Мысалы, әлдекім порнографиялық бейнелерді көруді әдетке айналдыруы мүмкін. Егер ол мәсіхшілер қауымымен араласып жүрген болса, осыған қатысты Ехобаның талаптарымен таныс. Ол таза емес қылықтардың аты аталмақ түгілі, оларға құмарта қарамау керек екенін біледі (Ефес. 5:3). Сондықтан мұндай адам Ехобаның нұсқауын біле тұра орындамауымен оның бүкіләлемдік билігін мойындамайтынын, яғни оны басшы деп санамайтынын көрсетеді (Қор. 1-х. 11:3). Оның үстіне, мұнысы барып тұрған ақымақтық, себебі Еремия: “Жол жүріп бара жатқан [пенденің] табан тірер бағытты өзінің айқындауға шамасы жетпейтінін білемін”,— деген (Ерм. 10:23).
10. Неге ерік бостандығымызды жауапкершілікпен қолдануымыз керек?
10 Бәлкім, біреу Еремияның сөзімен келіспей, Ехоба бізге ерік бостандығын беріп алып, оны қолданғанымыз үшін неге соттайды деуі мүмкін. Алайда бізге ерік бостандығымен бірге жауапкершілік те жүктелгенін ұмытпалық. Сөйлеген сөзіміз бен істеген ісіміз үшін жауап береміз (Рим. 14:10). Иса: “Жан дүниең неге толса, ауызың соны айтар”— деген. Сондай-ақ ол: “Жүректен шығатындар мыналар: жаман ойлар, кісі өлтіру, неке адалдығын бұзу, азғындық, ұрлық, өтірік, жамандау”,— деп айтқан (Мат. 12:34; 15:19). Демек, сөзіміз бен ісімізден жан дүниеміз, яғни шын мәнінде қандай адам екеніміз көрінеді. Сондықтан да парасатты мәсіхші барлық жағдайда Ехобаның басшылығына жүгінеді. Ал Ехоба оны “ниеті түзу” деп тауып, оған жақсылық жасайды (Заб. 125:4, ЖД).
11. Исраил халқының тарихынан қандай сабақ аламыз?
11 Исраил халқының тарихы есімізде болар. Олар Ехобаның бұйрықтарын орындап, дұрыс шешімдер қабылдағанда, Ехоба оларды қорғап отырды (Ешуа 24:15, 21, 31). Алайда көп ұзамай олар ерік бостандықтарын бұрыс қолдана бастады. Сондықтан Ехоба Еремия арқылы былай деген: “Олар тыңдамады әрі өздерінің құлақтарын да түрмеді, және де өз жүректерінің әмірімен ғұмыр кешті, сөйтіп, Маған беттерін бұрудың орнына, теріс айналды” (Ерм. 7:24—26). Қандай өкінішті! Біз де қыңырлықтың не өзімшілдіктің кесірінен Ехобаның басшылығынан бас тартпайық және өз ақылымызбен жүреміз деп Құдайға ‘бет бұрудың орнына, одан теріс айналып’ кетпейік.
Құдайдың кеңесіне құлақ асу үшін не қажет?
12, 13. а) Ехобаның басшылығына жүгінуге қандай қасиет талпындырады? ә) Сенім не үшін қажет?
12 Ехобаға деген сүйіспеншілік бізді оның басшылығына жүгінуге талпындырады (Жох. 1-х. 5:3). Алайда Пауыл бұдан басқа тағы бір қасиет керек екенін көрсетіп: “Біз көргенімізбен емес, сенімімізбен өмір сүреміз”,— деген (Қор. 2-х. 5:6, 7). Неліктен сенім өте қажет? Ехоба бізді “тура жолмен жетелейді”, бірақ бұл жол осы дүниелік байлық пен мансапқа жеткізбейді (Заб. 22:3). Олай болса, сенім бар ойымызды Ехобадан келетін теңдесі жоқ рухани сыйға жұмылдыру үшін қажет (Қорынттықтарға 2-хат 4:17, 18 оқы). Сондай-ақ сенім бізге қолда бар ең қажетті нәрселерге қанағат етіп өмір сүруге көмектеседі (Тім. 1-х. 6:8).
13 Иса шынайы ғибадат үшін жанқиярлық қажет екенін айтқан. Ал жанқияр болу үшін сенім қажет (Лұқа 9:23, 24). Құдайдың кейбір адал қызметшілері жоқшылыққа, алалаушылық пен қорлыққа, тіпті қудалауға төзу арқылы зор құрбандыққа барған (Қор. 2-х. 11:23—27; Аян 3:8—10). Мұның бәріне олар мықты сенімнің арқасында ғана төзіп, қуаныш сақтай алған (Жақ. 1:2, 3). Сондай-ақ мықты сенім Ехобаның басшылығына жүгінудің әрқашан ең дұрыс жолы екеніне және мәңгілік игілігімізге қажет екеніне еш күмәнданбауға көмектеседі. Біз төзімділік үшін берілетін сыйдың уақытша қиыншылықтан әлдеқайда зор екеніне сенімдіміз (Евр. 11:6).
14. Ажарға неге кішіпейілділік таныту керек болды?
14 Ехобаның басшылығына жүгіну үшін кішіпейілділік қаншалықты маңызды екенін қарастырайық. Бұл қасиетті Сараның қызметшісі Ажар танытқан. Сара бала тумаған соң күңін Ыбырайымға қосады. Ол жүкті болып, онысын білген кезде Сараға менсінбей қарай бастайды. Нәтижесінде Сара оған ‘қысымшылық көрсетеді’, бұған шыдамаған Ажар қашып кетеді. Алайда Ехобаның періштесі Ажарға кезігіп: “Сен қожайын әйеліңе қайтып бар, оның айтқанына көн!”— дейді (Жар. 16:2, 6, 8, 9). Бәлкім, Ажар мұндай кеңес алғысы келмеген шығар. Өйткені періштенің нұсқауын орындау үшін, ол көзқарасын өзгерту керек еді. Қандай болған күнде де, Ажар періштенің айтқанын істеді, соның арқасында ұлы Ысмағұл әкесінің шатырында, қауіпсіз жерде, дүниеге келді.
15. Бүгінде бізге қандай жағдайларда кішіпейілдік қажет болуы мүмкін?
15 Ехобаның басшылығына жүгіну үшін бізге де кішіпейілділік қажет болып жатады. Кейбіреуімізге Ехобаға ұнамайтын көңіл көтерудің түріне көзқарасымызды өзгерту керек шығар. Ал кейбір мәсіхші біреуді ренжіткені үшін кешірім сұрау керек болуы мүмкін. Я болмаса, қателік жасап қойып, оны ашық мойындауға тура келер. Ал егер біреу күнә жасап қойса ше? Онда ол өзін кішірейтіп, ақсақалдарға күнәсын мойындауы керек. Кейбіреулер тіпті қауымнан шығарылатын шығар. Мұндайда ол қауымға қайта қабылдану үшін кішіпейілділікпен күнәсына өкініп, дұрыс жолға түсуі керек. Осындай жағдайларға кезіккенде, Нақыл сөздер 29:23-те жазылған келесі сөздер жұбаныш болады: “Тәкаппарлығы адамды төмендетеді, ал кіші пейілдігі мерейін өсіреді”.
Ехоба қалай басшылық беруде?
16, 17. Құдай басшылығын Киелі кітаптан қалай ала аламыз?
16 Киелі кітап — Құдайдың басшылығының бірден-бір көзі (Тімотеге 2-хат 3:16, 17 оқы). Ондағы кеңестердің игілігін көру және оны өмірде қолдану үшін, ауыр жағдайды күтудің қажеті жоқ. Қайта, Киелі кітапты күнделікті оқуды әдетке айналдырған жөн (Заб. 1:1—3). Сонда Құдай Сөзінде не айтылғанын жақсы білетін боламыз. Осылайша біздің көзқарасымыз Құдайдікіндей болады және аяқ астынан туындайтын проблемаларға төтеп бере аламыз.
17 Сонымен қатар дұға ете отырып, Жазбалардан оқығанымыздың үстінен ой жүгірту маңызды. Киелі кітап тармақтарын қарастырғанда, оларды белгілі бір жағдайларда қалай қолдануға болатынын ойланамыз (Тім. 1-х. 4:15). Сондай-ақ үлкен проблемаларға кезіккенде, Ехобаға дұға етіп, қажет басшылық табуға көмектесуін сұраймыз. Сонда Ехобаның рухы Киелі кітапты және оған негізделген әдебиеттерді оқу барысында білген принциптерді есімізге түсіреді (Забур 24:4, 5 оқы).
18. Басшылық беру үшін Ехоба мәсіхшілер қауымын қалай қолданады?
18 Ехоба мәсіхшілер қауымы арқылы да бізге басшылық береді. Осы қауымның өзегі — “адал да ақылды құлдың” өкілі болып табылатын Басқарушы кеңес. Ол әдебиеттер басып шығару және кездесу мен конгресс бағдарламаларын дайындау арқылы дүниежүзілік қауымға рухани ас-су беріп отыр (Мат. 24:45—47. Елшілердің істері 15:6, 22—31 салыстыр). Сондай-ақ мәсіхшілер қауымында жеке көмек және Киелі кітапқа негізделген кеңес беруге қабілетті рухани толысқан бауырластар, әсіресе ақсақалдар, бар (Ишая 32:1). Ал мәсіхшілер қауымындағы жастар үшін басшылықтың тағы бір көзі Құдайды қастерлейтін ата-анасы бола алады. Бұл билікті ата-анаға Құдайдың өзі берген (Ефес. 6:1—3).
19. Ехобаның басшылығына әрқашан жүгінудің қандай пайдасы бар?
19 Иә, Ехоба басшылығын түрлі жолдармен беріп отыр және оның толық пайдасын көргеніміз жөн. Дәуіт патша Исраилдің адал болған кезіне нұсқап, былай деген: “Ата-бабамыз Өзіңе иланып, Сөзіңе сенді, Сен де азат еттің; Саған сиынып, олар құтқарылды, Өзіңе сеніп, ұятқа қалмады” (Заб. 21:4—6). Біз де Ехобаның басшылығына жүгінетін болсақ, ешқашан ‘ұятқа қалмаймыз’ әрі үмітіміз ақталады. Ал егер өз ақылымызға сүйенбей, ‘жолымызды жаратушыға тапсырсақ’, қазірдің өзінде мол батаға кенелеміз (Заб. 36:5). Сондай-ақ адал жолдан таймағанымыз үшін мәңгі батаға да ие боламыз. Бұл жайында Дәуіт патша былай деп жазған: “Жаратушы ақиқатты ұнатады және Өзінің қасиетті пенделерін елеусіз қалдырмайды; олар мәңгі аман жүреді... Тақуалар [“әділдер”, ЖД] жерге ие болады да ұзақ өмір сүреді.” (Заб. 36:28, 29).
Түсіндіріп бере аласыңдар ма?
• Неліктен Ехобаның басшылығына сенім артамыз?
• Ехобаның басшылығына жүгінбеу нені білдіреді?
• Қандай жағдайларда мәсіхшілерге кішіпейілділік қажет?
• Бүгінде Ехоба бізге қалай басшылық беруде?
[8-беттегі сурет]
Ехобаның басшылығына әрқашан жүгінесің бе?
[9-беттегі сурет]
Хауа Ехобаның бүкіләлемдік билігін мойындамады
[10-беттегі сурет]
Ажарға періштенің айтқанын істеу үшін қандай қасиет қажет болды?