Құдай басшылығының айқын көрінісін көріп жүрсің бе?
МҰНДАЙ құбылысты исраилдіктер де, мысырлықтар да бұрын-соңды көрген емес. Мысырдан шығып келе жатқан Исраил көшінің алдында бұлт тәрізді бағана күні-түні жүріп отырды. Ал түнде ол от тәрізді жанып тұрды. Қандай әсерлі көрініс десеңші! Бұл бағана қайдан пайда болды? Оның мақсаты неде еді? Исраилдіктердің “от пен бұлт тәрізді бағанамен” байланысты оқиғасы шамамен 3500 жылдан кейін өмір сүріп жатқан бізге қандай сабақ бола алады? (Мыс. ш. 14:24).
Құдай Сөзі бағананың қайдан және неге пайда болғанын былай түсіндіреді: “Жаратқан Ие исраилдіктерге жол көрсетіп, күндіз бағана тәрізді бұлт ішінде, ал түнде жолдарына жарық түсіріп, жалындаған от бағанасының ішінде алдарында жүріп отырды” (Мыс. ш. 13:21, 22). Ехоба бұлт пен от тәрізді бағананы өз халқын Мысырдан шығарып, шөл далада жол көрсетіп, басшылық беру үшін қолданды. Исраилдіктерге оның соңынан ілесу қажет еді. Мысыр әскері арттарынан қуып жетіп, шабуылдамақ болғанда, бағана тәрізді бұлт тосқауыл жасап тұрды да, Құдай халқын қорғады (Мыс. ш. 14:19, 20). Бағана исраилдіктерді төте жолмен бастап жүрмесе де, олар үшін Уәде етілген жерге жетудің жалғыз жолы оның соңынан ілесу еді.
Бағана тәрізді бұлт исраилдіктерге Ехоба өздерімен бірге екеніне кепілдік берді. Ол Ехобаны бейнеледі, әрі кейбір жағдайда Құдай өз халқына бұлттың ішінен сөйлеген (Ру. сан. 14:14; Заб. 98:7). Бұған қоса бұлт Мұсаның Ехоба өз халқын бастап жүруге тағайындаған өкілі екенін білдірді (Мыс. ш. 33:9). Киелі кітаптың бұлт жайлы соңғы мәліметінен Ехоба Ешуаны Мұсаның орнына тағайындағанда да бұлттың пайда болғанын білеміз (Заң. қ. 31:14, 15). Сонымен, исраилдіктердің Мысырдан шығу сапарының сәтті аяқталуы өздерін Құдай не арқылы бастап келе жатқанын анық түсініп, соған ілесіп жүрулеріне байланысты еді.
Саналары соқыр болып қалды
Бағананы алғаш рет көргенде, исраилдіктердің бойларын қастерлі сезім билеген болу керек. Өкінішке қарай, бұл таңғажайып құбылыс үнемі көз алдарында болғандықтан, келе-келе оның әсері бәсеңдеп, нәтижесінде халықтың Ехобаға деген сенімі әлсіреді. Содан олар Құдайдың өздеріне басшылық беріп келе жатқанына бірнеше рет күмән келтірді. Мысалы, мысыр әскері қуып жеткенде, Ехобаның құтқарушы күшіне сенім артпайтындарын көрсетті. Сөйтіп олар: “Бізді айдалаға өлу үшін алып келдің”,— деп Мұсаны айыптады (Мыс. ш. 14:10—12). Бұл аздай, Қызыл теңізден аман өткен соң көп ұзамай-ақ Мұсаға, Һаронға және Ехобаға азық-түлік пен су жоқ деп күңкілдеді (Мыс. ш. 15:22—24; 16:1—3; 17:1—3, 7). Ал бірнеше аптадан кейін Һаронды алтын бұзау жасауға мәжбүрледі. Сондағы халықтың істеген әрекетін елестетіп көрші: қостың бір жағында исраилдіктерді Мысырдан алып шыққан Тұлғаның басшылығының айқын көрінісі — бұлт пен от тәрізді бағана көрініп тұрса, басқа жағында олар өлі пұтқа табынып: “Әй, Исраил, сені Мысыр елінен бастап алып шыққан тәңірің — осы!”— деп айқайлап жатты. Бұл барып тұрған опасыздық емес пе еді! (Мыс. ш. 32:4; Нех. 9:18).
Исраилдіктер бүлікшіл әрекетімен Ехоба берген басшылықты құрметтемейтіндерін ашық көрсетті. Мұндай күйге олар көздерінің емес, саналарының соқырлығынан жеткен еді. Өйткені исраилдіктер бағананы күнде көріп жүрсе де, оның нені білдіретінін түсінуден қалған болатын. Олардың әрекеттері “Исраилдің Киелі Құдайын қайғыртса” да, Ехоба рақымдылық көрсетіп, басшылық беруін доғармады, әрі бағананы қолданып, исраилдіктерді Уәде етілген жерге жеткізді (Заб. 77:40—42, 52—54; Нех. 9:19).
Құдай басшылығының бүгіндегі айқын көрінісі
Бүгінде де Ехоба өз халқына басшылық беруде, әрі оны бізге айқын көрсетуде. Кезінде Құдай уәде етілген жерге исраилдіктер жолды өздері табады деп күтпегені сияқты, қазіргі уақытта да жаңа дүниеге жеткізетін жолды бізге өздерің табыңдар демейді. Сол себепті ол Иса Мәсіхті қауымның басшысы етіп тағайындады (Мат. 23:10; Ефес. 5:23). Ал Иса майланған мәсіхшілерден тұратын адал құл, не үй басқарушы, табына белгілі бір шамада билік берді. Құл табы да, өз кезегінде, мәсіхшілер қауымдарына бақылаушыларды тағайындады (Мат. 24:45—47; Тит. 1:5—9).
Адал құл табының кім екенін қалай біле аламыз? Исаның өзі олардың ерекшелігін сипаттап былай деген: “Қожайыны басқа қызметшілеріне қажетті ас-суын уақтылы беріп тұруға тағайындайтын адал да ақылды басқарушы кім? Қожайыны қайтып келгенде, оның солай істеп жүргенін көрсе, сол құл бақытты” (Лұқа 12:42, 43).
Демек, үй басқарушы тап “адал”, яғни Ехобадан, Исадан, Киелі кітап шындықтарынан және Құдай халқынан ешқашан бас тартпайды не оларға опасыздық жасамайды. Ал оның “ақылды” екені “патшалық жайлы ізгі хабарды” уағыздау мен “барлық халықтардан шәкірт дайындау” ісіне парасаттылықпен және көрегендікпен басшылық беруінен байқалады (Мат. 24:14; 28:19, 20). Сондай-ақ үй басқарушы тап Құдайға мойынсұнып, бізге пайдалы да нәрлі рухани тағамды “уақтылы” үлестіріп отыр. Ехобаның бұл қызметшіге риза екені өзінің халқына беріп отырған баталарынан айқын көрінеді. Мысалы, Құдай өзінің халқына өсім беруде, маңызды істерде жөн сілтеуде, ашылған Киелі кітап шындықтарын жақсырақ түсінуге көмектесуде, жауларының қолынан құтқаруда және жүрек пен ой-санамызға тыныштық беруде (Ишая 54:17; Філіп. 4:7).
Құдайдың басшылығына мойынсұну
Құдайдың басшылығын бағалайтынымызды қалай білдіре аламыз? “Араларыңда басшылықты қолға алғандарға мойынсұныңдар әрі бағыныңдар”,— деп жазды елші Пауыл (Евр. 13:17). Мойынсұну әрқашан оңай бола бермейді. Мысалы үшін, өзіңді Мұсаның заманындағы исраилдіктердің орнына қойып көрші. Жол жүріп келе жатқаныңа бірталай күн болғанда, ертіп келе жатқан бағана тоқтайды. Оның қанша уақыт тұратыны белгісіз. Бір күн бе, бір апта ма, жоқ әлде бірнеше ай ма? Сондықтан сен буып-түйіп қойған заттарыңды түгел шығарсам ба, жоқ па деп ойлайсың. Алғашында ең қажеттілерін ғана аласың. Алайда бірнеше күн өткен соң, түйіншектеріңді ақтарудан шаршап, бар затыңды шығара бастайсың. Олардың бәрін жайғастырып болдым дегенде, бағананың көтерілгенін көресің. Сонда қайтадан заттарыңды жинауың керек! Бұл, әрине, біраз қиындық пен ыңғайсыздық тудырады. Дегенмен исраилдіктер “жүруге сол замат” (ЖД) дайын болу керек еді (Ру. сан. 9:17—22).
Құдайдан келіп жатқан басшылыққа біз қалай қараймыз? Оларға “сол замат” мойынсұнамыз ба? Әлде үйреншікті әдетіміз бойынша әрекет етіп жүре береміз бе? Мысалы, соңғы кездері Киелі кітап зерттеу сабағын жүргізуге, өзге тілде сөйлейтін адамдарға уағыздауға, отбасылық ғибадатты жүйелі түрде өткізуге, Ауруханалармен байланыс комитетімен қызметтесуге және конгресс кезінде дұрыс жүріп-тұруға қатысты қандай кеңестер берілгенін білеміз бе? Құдайдың басшылығын бағалайтынымызды осы кеңестерді қабыл алу арқылы көрсетеміз. Ал маңызды шешім қабылдау керек болғанда, өз ақылымызға емес, Ехобаға және оның ұйымының басшылығына жүгінеміз. Дауыл тұрса, бала пана іздеп ата-анасына жүгіретіні сияқты, осы дүниенің дауыл іспетті қиындықтары басымызға төнсе, пананы Ехобаның ұйымынан іздейміз.
Рас, Құдайдың жердегі ұйымында басшылық етіп жатқан ер адамдар кемелді емес. Мұса да кемелсіз болған. Сонда да оны өзі тағайындағанының әрі қолдайтынының айқын көрінісі ретінде Құдай бұлт пен от тәрізді бағананы исраилдіктердің көз алдында ұстады. Тағы да байқағанымыз, жүру керек уақытты әр исраилдік өзі шешпеген. Қайта, бүкіл халық “Жаратушы Иенің Мұса арқылы берген нұсқауын ғана орындап отырған” (Ру. сан. 9:23). Соған қарағанда, Ехобаның басшылық беру құралы ретінде қызмет еткен Мұса жолға шығу керек кезде халыққа белгі берген.
Бүгінде Ехоба үй басқарушы тап арқылы да алға жылжу керек кезде айқын белгі беріп отырады. Мұны олар қалай істейді? “Күзет мұнарасы” мен “Біздің патшалық қызметіміздегі” мақалалар, жаңа басылымдар, конгрестердегі баяндамалар арқылы береді. Сондай-ақ аралаушы бақылаушылар, қауымда жауапкершілік алған бауырластар үшін өткізілетін мектептер мен хаттар арқылы қауымдарға нұсқаулар беріледі.
Осылардың бәрі Құдай басшылығының айқын көрінісі екенін түсінесің бе? Шайтан дүниесінің соңғы кезеңінде “шөл далада” келе жатқан біздерді Ехоба өзінің ұйымы арқылы жетелеуде. Сондықтан да біз ынтымақтың, сүйіспеншілік пен қауіпсіздіктің рақатын көрудеміз.
Исраилдіктер Уәде етілген жерге жеткенде, Ешуа былай деген: “Құдайларың — Жаратушы Ие сендер туралы айтқан ізгі сөздердің бірде-біреуі бос кетпегенін бүкіл жан-жүректеріңмен сезесіңдер; сендер үшін бәрі орындалды, бірде-бір сөз іске аспай қалған жоқ” (Ешуа 23:14). Қазіргі кездегі Құдай халқы да уәде етілген жаңа дүниеге міндетті түрде жетеді. Алайда жеке әрқайсымыздың сол жерге жету-жетпеуіміз Құдай басшылығына, тіпті кішігірім нәрселерде де, кішіпейілділікпен әрі дайындықпен мойынсұнуымызға байланысты. Олай болса, Ехоба беріп отырған басшылықтың айқын көрінісін ешқашан көзден таса етпейік!
[5-беттегі суреттер]
Қазіргі кезде Ехоба бізге ұйымы арқылы басшылық беруде
Жаңа басылымдар
Теократиялық мектептер
Уағыздауға арналған кездесулер