Некелік өмірден қуаныш тап
“Даналықпен үй салынар, Парасатпен берік болар” (НАҚ. С. 24:3).
1. Құдай алғашқы адамға қатысты қалай даналықпен әрекет еткен?
КӨКТЕГІ дана әкеміз біз үшін ненің жақсы екенін біледі. Мысалы, ол өзінің ниеті жүзеге асу үшін, Едем бағында ‘адамның жалғыз болғанының жақсы болмасын’ білген. Оның ниетіндегі басты нәрсенің бірі — ерлі-зайыптылардың балалы болып, ‘жер бетін толтыруы’ еді (Жар. 1:28; 2:18).
2. Ехоба адамзаттың игілігі үшін қандай құрылымға бастама берді?
2 Ехоба: “Мен оған өзіне сай [“оны толықтыратын”, ЖД] көмекші жасап берейін”,— дейді. Сосын, ол Адамды терең ұйқыға батырып, оның кемелді тәнінен бір қабырғасын алады да, одан әйел жасайды. Ехоба сол кемелді әйел Хауаны Адамға әкелгенде, ол былай дейді: “Міне, бұл — өз сүйегімнен шыққан сүйек, Өз етімнен шыққан ет! Ол әйел деп аталсын, Себебі ол еркектен алынып жасалған”. Хауа, шынымен де, Адамды толықтырған еді. Олардың әрқайсысының өзіндік ерекшеліктері мен қасиеттері бар-тын, бірақ екеуі де кемелді әрі Құдайға ұқсас етіп жаратылған болатын. Осылайша Ехоба алғашқы некеге бастама берді. Адам мен Хауа бір-біріне сүйеніш болуға мүмкіндік беретін осы құрылымды қуана қабылдады (Жар. 1:27; 2:21—23).
3. Некеге көп адам қалай қарайды және осы орайда қандай сұрақтар туындайды?
3 Бір өкініштісі, бүгінде дүниені бүлікшілік рухы жайлаған. Бұдан туындайтын қиындықтарға Құдай жауапты емес. Көп адам Құдай берген сый — некені аяқ асты етеді, өйткені оны ескілікке балап, ашу-ыза мен кикілжіңнің ордасы деп біледі. Неке құрғандар арасында ажырасып жататындар көп. Ата-аналар балаларына сүйіспеншілік көрсетпей, оларды араларындағы тартыста өз мүддесі үшін қолданып жатады. Екеуінің ешқайсысы да тіпті отбасының тыныштығы мен ауызбірлігін сақтау үшін кішірейе салуды білмейді (Тім. 2-х. 3:3). Олай болса, қазіргі қиын-қыстау күндері некелік өмірден қалай қуаныш табуға болады? Отбасын ойран болудан сақтап қалу үшін иліге білудің — бірлесе әрекет етудің және Ехобаның басшылығына толықтай бағынудың — рөлі қандай? Ерлі-зайыптылық өмірлерінде қуаныш тауып жүргендерден не нәрсеге үйренуге болады?
Ехобаның басшылығына толықтай бағыну
4. а) Пауыл неке құруға қатысты қандай басшылық берген? ә) Мойынсұнуға дайын мәсіхшілер бұл басшылыққа қалай бағынады?
4 Елші Пауыл жесір қалған әйел қайта тұрмыс құруды шешсе, ‘Иемізбен тығыз байланыстағы’ адамға ғана қосылуы керектігін айтқан (Қор. 1-х. 7:39). Яһуди мәсіхшілер үшін бұл — жаңа нәрсе емес-тін. Мұса заңында исраилдіктерге пұтқа табынатын айналадағы халықтармен ‘қан араластырып туысқан болмауға’ қатысты нақты басшылық берілген болатын. Бұл басшылыққа немкетті қараудың салдары қандай болатынын Ехоба былай түсіндірді: “Өйткені [исраилдік емес адамдар] басқа құдайларға табынту үшін сенің ұлдарыңды Менен теріс айналдырады және сонда сендерге Жаратушы Иенің қаһары түседі, сөйтіп, Ол сендерді қас-қағым уақыт ішінде қырып салады” (Заң. қ. 7:3, 4). Жар таңдауға қатысты Ехобаның бүгіндегі қызметшілеріне қоятын талабы қандай? Олардың өмірлік серік ретінде ‘Иемізбен тығыз байланыстағы’ — бағышталып, шомылдыру рәсімінен өткен — адамды таңдау керектігі анық. Бұл мәселеде Ехобаның басшылығына толықтай бағыну даналыққа жатады.
5. Ехоба неке антына қалай қарайды, ал отау құрған мәсіхшілер ше?
5 Некелескендердің бір-біріне берген анты Ехоба үшін қасиетті. Ең алғаш құрылған некеге қатысты Құдай Ұлы Иса былай деген: “Құдай қосқанды адам баласы ажыратпасын!” (Мат. 19:6). Забур жыршысының келесі сөздері берілген антқа жауапкершілікпен қарау керектігін еске салады: “Құдайға құрбандық ретінде ризашылығыңды ұсын, Ең жоғарғыға берген антыңды да орында” (Заб. 50:14, ЖД; [49:14]). Отау құрғандарды алда зор қуаныш күтіп тұрғанмен, некесі қиылған күні олардың бір-біріне берген анты — жауапкершілікті нәрсе, сондай-ақ ол белгілі бір міндеттер жүктейді (Заң. қ. 23:21).
6. Ефтадан қандай үлгі алуға болады?
6 Б. з. б. ХІІ ғасырда Исраил елінің биі болған Ефтаның басынан өткен жағдайды қарастырып көрейік. Ол Ехобаға былай деп ант береді: “Егер Сен аммониттерді менің қолыма беретін болсаң, Онда аммониттерден ізгі ниетпен қайтар жолымда өз үйімнің қақпасынан шығып алдымнан не кездессе, сол Жаратқан Иенікі болады, оны тұтастай үйтуге [түгелдей өртелетін құрбандыққа] беремін”. Миспадағы үйіне оралғанда, алдынан қызы, жалғыз баласы, шыққанын көргенде, Ефта өз сертінен тайды ма? Жоқ. Ол: “Жаратушы Иенің алдында аузыма сені алып ем, енді серттен қайта алмаймын”,— деді (Би. 11:30, 31, 35). Ефта өзінің атын жалғастыратын ұрпағы болмауы мүмкін екеніне қарамастан, Ехобаға берген антынан тайған жоқ. Ефтаның анты неке антынан өзгеше еді, сөйтсе де оның сертіне берік болып қалғаны мәсіхші ерлі-зайыптылар үшін берген анттарын орындауға қатысты жақсы үлгі болып табылады.
Некені сәтті ететін не?
7. Жаңадан отау тіккендерге қандай өзгерістер жасау керек болып жатады?
7 Көп ерлі-зайыптылар кездесіп жүрген кездерін ерекше жылулықпен еске алады. Болашақ жарын жақынырақ біле түсу көңіл толқытады емес пе!? Олар бірге неғұрлым көп уақыт өткізсе, соғұрлым бір-біріне жақындай түседі. Бірақ ерлі-зайыпты болғаннан кейін, мейлі өздері кездесіп жүріп немесе айттырылып қосылсын, оларға біраз өзгерістер жасау керек болып жатады. Бір отағасы былай деп мойындады: “Зайыптылық өміріміздің басында ең қиын болғаны енді бойдақ емес екенімізді мойындау еді. Достарымыз бен туған-туыстарымыздың өз орны бар екенін айыра алмай қалған кездеріміз болды”. Отау құрғанына 30 жыл болған бір отағасы байсалды болу үшін енді “мен” емес, “біз” деп ойлау керек екенін отбасылық өмірінің басында-ақ түсініпті. Сондықтан қандай да бір шақыруды қабылдамас немесе біреуге уәде бермес бұрын, ол әйелімен ақылдасып, екеуіне де ұнайтын нәрселерді ескере отырып, шешім қабылдайды екен. Иә, мұндай жағдайларда иліге білудің пайдасы зор (Нақ. с. 13:10).
8, 9. а) Неге ерлі-зайыптылардың ашық пікір алысқаны маңызды? ә) Қандай жағдайларда бейімделгіш болған дұрыс және неге?
8 Кейде мәдениеті әртүрлі адамдар көңілдері жарасып, шаңырақ көтеріп жатады. Мұндай жағдайда ашық пікір алысып тұру әсіресе маңызды. Адамдардың сөйлеу мәнерлері әртүрлі келеді. Жарыңның өз туыстарымен қалай сөйлесетініне мән бергенің оны жақсырақ түсінуіңе көмектеседі. Кейде адамның көңіліндегісін не айтқанынан емес, оны қалай айтқанынан байқауға болады. Сондай-ақ бүгіп, айтылмай қалған сөздерден де көп нәрсе білуге болады (Нақ. с. 16:24; Қол. 4:6). Некеде бақытты болу үшін парасатты, яки қырағы, бола білу керек (Нақыл сөздер 24:3 оқы).
9 Ерлі-зайыптылардың көбісі бос уақытта айналысатын іс немесе демалыс түрлерін таңдауға келгенде бейімделгіш болудың маңызды екенін байқаған. Үйленгенге дейін жарың бос уақытын спортпен айналысуға не басқа демалыс түрлеріне жұмсаған шығар. Ал енді қандай да бір өзгеріс жасау керек емес пе екен? (Тім. 1-х. 4:8). Туған-туыстармен араласуға қатысты да осылай деп сұрауға болады. Ерлі-зайыптылардың рухани және басқа да істермен бірге айналысуға уақыт бөлулері керек екендігі анық (Мат. 6:33).
10. Илігуге дайын болу ата-ана мен некеге тұрған балаларының жақсы қарым-қатынаста болуына қалай ықпал етеді?
10 Ер адам үйленгенде, әдетте әке-шешесінен бөлек кетеді, әйел адам жайлы да осылай деуге болады (Жаратылыс 2:24 оқы). Сөйтсе де әке-шешені сыйлауға қатысты Құдайдың нұсқауы өз күшінде қала береді. Сондықтан қыз бен жігіт үйленгеннен кейін де, ата-анасымен және ата-енесімен араласып тұрады. Үйленгеніне 25 жыл болған бір отағасы былай деді: “Кейде жұбайыңның, өз ата-анаң мен бауырларыңның және қайын жұртыңның тілектері мен қажеттіліктерін қанағаттандыруда байсалды болу қиын. Бұл орайда дұрыс әрекет ету үшін Жаратылыс 2:24-тің көмегі зор екенін байқадым. Адам туған-туыстарына адал болу керек әрі олардың алдында оның жауапкершілігі бар, бірақ бұл тармақтан мен, бірінші кезекте, жарыма адал болу керектігімді түсіндім”. Ал илігуге дайын мәсіхші ата-аналар болса некеге тұрған балаларының енді өз отбасы бар екенін, сондай-ақ оған басшылық ету, негізінен, күйеуге жүктелетінін түсінеді.
11, 12. Неге ерлі-зайыптылар үшін отбасылық зерттеу өткізу және бірге дұға ету маңызды?
11 Ерлі-зайыптылардың жүйелі түрде отбасылық зерттеу өткізіп тұрғаны маңызды. Бұл көптеген мәсіхші отбасыларының өмірінен көрінеді. Отбасымен бірге зерттеуді бастау немесе оны үзбей өткізіп тұру оңай болмауы мүмкін. Бір отағасы: “Егер уақытты артқа шегіндіріп, бірдеңені өзгертуге болатын болса, некелік өміріміздің басынан бастап отбасылық зерттеуді үзбей өткізуді қолға алар едік”,— деп мойындады. Сосын, ол: “Зерттеу барысында рухани асыл тастардың бірін тапқанда, әйелімнің жайнаған жүзін көру — неткен қуаныш!”— деп қосты.
12 Некені сәтті ететін тағы бір нәрсе — бірге дұға ету (Рим. 12:12). Күйеуі де, әйелі де Ехобаға ғибадат ететін болса, олардың Құдаймен тығыз қарым-қатынасы некелерін нығайта түседі (Жақ. 4:8). Бір мәсіхші күйеу: “Қателіктеріміз үшін тез кешірім сұрау және оларды бірге дұға еткенде айту — реніш тудыратын тіпті кішкентай нәрсе үшін шын жүректен қынжылатынымызды көрсетудің жолы”,— деді (Ефес. 6:18).
Ерлі-зайыптылық өмірде иліге біл
13. Зайыптылық қатынасқа қатысты Пауыл қандай кеңес берген?
13 Нәпсіқұмарлыққа әбден берілген бүгінгі дүниеде адамдар зайыптылық қатынастарында келеңсіз қылықтар жасап, оның қадірін түсіріп жатады. Бірақ мәсіхшілер бұдан аулақ болу керек. Зайыптылық қатынасқа қатысты Пауыл: “Күйеуі әйеліне, ал әйелі күйеуіне тиісті ықылас көрсетулері керек. Себебі әйелдің денесі өзінің ғана емес, күйеуінің де билігінде; дәл солай күйеуінің денесі өзінің ғана емес, әйелінің де билігінде”,— деп кеңес берген. Сосын, ол мынадай нақты басшылық берді: “Алдын ала келісіп алған болмасаңдар, бір-біріңнен бас тартпаңдар!” Неге? Өйткені ерлі-зайыптылар ‘үздіксіз Құдайға сиыну’ үшін біраз уақыт бөлек болуы мүмкін, бірақ содан кейін тағы бірге болулары керек, әйтпесе өздеріне ие бола алмай, шайтанның азғыруына түсіп қалуы мүмкін (Қор. 1-х. 7:3—5). Пауыл Құдайға сиыну жайлы айтуымен мәсіхші нені өмірінде басты орынға қою керектігіне нұсқаған. Бірақ ол некедегі мәсіхшілердің әрқайсысы қосағының тәндік және эмоциялық қажеттіліктеріне мұқият болу керектігін де анық көрсеткен.
14. Жазбалардағы принциптерді зайыптылық қатынасқа қатысты қалай қолдануға болады?
14 Күйеуі мен әйелі бір-бірінен ештеңе жасырмауы керек, сондай-ақ зайыптылық қатынаста жылулықтың жетіспеуі қарым-қатынастарына сызат түсіретінін түсінулері керек (Філіпіліктерге 2:3, 4 оқы; Матай 7:12 салыстыр). Мұндай қиындық әсіресе бір дінді ұстанбайтын отбасыларында кездесіп жатады. Бірақ осындай отбасында да мәсіхші зайыбы жақсы жүріс-тұрысымен, мейірбандылығымен және бірлесе әрекет етуге дайын болуымен жағдайды жақсарта алады (Петірдің 1-хаты 3:1, 2 оқы). Отбасы өмірінің осы тұсында Ехобаға және зайыбына деген сүйіспеншіліктің, сондай-ақ иліге білудің пайдасы зор.
15. Неке бақытты болу үшін неге өзара сыйластық қажет?
15 Отбасы өмірінің басқа тұстарын алып көрейік. Мысалы, мейірбан күйеу тіпті кішігірім нәрселерде де әйелінің сезімін ескеріп, оған құрмет көрсетеді. Үйленгеніне 47 жыл болған бір отағасы: “Мен мұны әлі де үйреніп жүрмін”,— деп мойындады. Ал мәсіхші әйелдер күйеулерін барынша құрметтеуге шақырылады (Ефес. 5:33). Өзгелердің көзінше күйеуінің кемшіліктерін сынап-мінеуді құрметтеу дей алмайсың. Нақыл сөздер 14:1-де: “Ақылды әйел үйін өркендетер, Ақылсыз әйел үйін өз қолымен күйретер”,— делінген.
Ібілістің ырқына көнбе
16. Ерлі-зайыптылардың Ефестіктерге 4:26, 27-дегі кеңесті қалай қолдануына болады?
16 Пауыл: “Ашуланғанда, күнә жасамаңдар” деп жазылған: күн батпай тұрып, ашуларыңды басыңдар, сөйтіп шайтанның жамандыққа түрткі салуына жол бермеңдер!”— деген (Ефес. 4:26, 27). Осы сөздерді қолдану жұбайлар арасындағы келіспеушіліктің тігісін жатыстыруға немесе дау-жанжалдың алдын алуға көмектеседі. Бір әйел бауырлас: “Арамызда келіспеушілік туса, күйеуім екеумізге сағаттап әңгімелесу қажет болса да, жабулы қазанды жабық күйінде қалдырған кезіміз болмаған”,— деп есіне алды. Олар келіспеушілік туса, оның басын ашып алуды келесі күнге қалдырмауға отауласқан кезден-ақ бел буған екен. “Біз қандай проблема болмасын, қателіктерімізді жіпке тізбей, бір-бірімізді кешіріп, әр күнге жаңа бастама береміз деп шешкенбіз”. Осылайша олар ‘шайтанның жамандыққа түрткі салуына жол бермейді’.
17. Мәсіхші жар таңдағанда жаңылғандай сезінсе, не істеуіне болады?
17 Ал жар таңдағанда жаңылғандай сезінсең ше? Сендердің қарым-қатынастарыңда өзгелердікіндей романтикалық рең жоқ сияқты көрінетін шығар. Бірақ Жаратушының некеге қалай қарайтынын есте ұстағаның саған көмек болады. Пауыл рухтың жетелеуімен мәсіхшілерге мынадай кеңес берген: “Некеге барлығың да құрметпен қарап, жар төсегін былғамаңдар! Азғындар және неке адалдығын бұзғандар Құдай сотына түспек” (Евр. 13:4). Сондай-ақ “үш қайтара өрілген жіп жуық маңда үзіле қоймайды” деген сөздерді елеусіз қалдырма (Екк. 4:12). Ерлі-зайыптылардың екеуі де, ең алдымен, Ехобаның есімінің қастерленуін ойлайтын болса, бір-бірімен де, Құдаймен де тығыз қарым-қатынаста болады. Олар некелерін сәтті етуге барынша тырысу керек, өйткені бұл некеге бастау берген Ехобаға мадақ әкеледі (Пет. 1-х. 3:11).
18. Некеге қатысты не нәрсеге сенімді бола аламыз?
18 Мәсіхшілердің некелік өмірде қуаныш таба алары анық. Бұл үшін көп күш салу және мәсіхшілерге тән қасиеттер дамыту керек. Ал мұндай қасиеттердің бірі — иліге білу. Біз дүниежүзі бойынша Ехоба куәгерлерінің қауымдарында бүгінде некелік өмірде қуаныш тауып жүргендердің өте көп екенінің куәсіміз.
Қалай жауап берер едіңдер?
• Неге некелік өмірде қуаныш табу мүмкін?
• Некенің сәтті болуына не көмектеседі?
• Ерлі-зайыптылар қандай қасиеттер дамыту керек?
[9-беттегі сурет]
Ерлі-зайыптылар шақыруды қабыл алмас не бірдеңені жоспарламас бұрын, өзара ақылдасып алады
[10-беттегі сурет]
‘Шайтанның жамандыққа түрткі салуына жол бермеу’ үшін, келіспеушіліктердің басын ашып алуды ертеңге қалдырма