Көңіл қалдыратын жағдайларға қарамастан, бақытты бола аласың
БӘРІМІЗ де көңіл қалдыратын жағдайға кезіккенбіз. Тіпті көктегі Әкеміз Ехоба Құдайдың да көңілі қалып, жанына батқан жағдайлар болған. Мысалы, исраилдіктер Мысырдың құлдығынан босағаннан кейін мол баталарға ие болған еді. Бірақ олар жайлы Киелі кітапта былай делінген: “Тағы да Құдайды алдады және Қасиетті Исраилге тіл тигізді [“жанын ауыртты”, ЖД]” (Забур 77:41). Сонда да Ехоба “бақытты Құдай” болып қала берді (Тімотеге 1-хат 1:11, ЖД).
Расында да, көңіл қалдыратын жағдайлар көп. Соған қарамастан бақытты болу үшін не істеуге болады? Ехоба Құдай көңіл қалдыратын жағдайда қалай әрекет еткен және одан біз не үйренеміз?
Көңіл қалдыратын жағдайлар
Құдайдың Сөзі ‘уақыт пен жағдайдың орайлас келуі’ барлығымызға да әсер ететінін айтады (Екклесиаст 9:11). Күтпеген жерден болған қылмыстың, қайғылы жағдай мен табиғи апаттың кесірінен қасірет шегуіміз мүмкін. Сондай-ақ Киелі кітапта: “Ұзақ орындалмаған үміт жүрекке мұң ұялатады”,— делінген (Нақыл сөздер 13:12, Тт). Жақсы нәрсені күту қуанышқа бөлейді, алайда ол жақын арада орындалмаса, көңілімізді қалдырып, еңсемізді түсіреді. Мысалы, Данканныңa қандай күй кешкенін қарастырайықшы. Ол миссионер болуды қалап, оған қол жеткізеді. Бірақ жұбайы екеуі көп жыл бойы қызмет еткеннен кейін аяқ астынан жағдайлары өзгеріп, үйлеріне қайтуға мәжбүр болады. “Бұрын-соңды болмаған күйге түстім: не істерімді білмей, абдырап қалдым,— деді ол.— Өмірімнің мәнін де, мақсатын да жоғалтып алғандай болдым”. Жан күйзелісі кейде ұзақ уақытқа созылуы мүмкін. Клара өз жағдайын түсіндіріп, былай дейді: “Мен жеті айлық болған шаранамнан айырылып қалдым. Содан бері бірнеше жыл өтсе де, мінбеге шығып сөйлеген баланы көрсем, ұлым осындай болып қалар еді деп, әлі күнге дейін мұңаямын”.
Көңілімізді адамның іс-әрекеті де қалдыруы мүмкін. Мысалы, ғашығыңның тастап кеткені, некеңнің бұзылғаны, балаңның өзіңе қарсы шыққаны, әріптесіңнің арамдық жасағаны, жан досыңның қадіріңді білмегені жанға батады. Сондай-ақ кемелсіз адамдармен арласқандықтан әрі қиын қыстау күндері өмір сүріп жатқандықтан, көңілімізді қалдыруы мүмкін жағдайларға жиі кезігеміз.
Ойлағанымыздың жүзеге аспай қалғаны да көңілімізді қалдырады. Мысалы, емтихан тапсыра алмасақ, жұмыссыз қалсақ, сүйген адамымыз бізді сүймесе, өзімізді түкке тұрғысыз сезінуіміз мүмкін. Сондай-ақ жақынымыздың ақиқат жолынан кеткені де қынжылтады. Осындай жайтты басынан кешкен Мария былай деді: “Қызым рухани жақсы-ақ өсіп келе жатқан еді. Мен оған үлгі көрсетіп жүрмін деп ойладым. Бірақ ол Ехоба Құдайдан бас тартып, отбасымыздың құндылықтарын таптағанда, өзегім өртенгендей күй кештім. Осы уақытқа дейінгі қол жеткізген жетістіктерім қасіретімді жеңілдете алмады. Мен қатты түңілдім”.
Мұндай сезімдерді қалай жеңуге болады? Бұл үшін көңіл қалдыратын жағдайларға кезіккенде, Ехобаның не істегенін қарастырайықшы.
Қиындықтың шешіміне баса назар аудар
Ехоба Құдай сүйіспеншілікпен алғашқы адам жұбын қажеттінің бәрімен қамтамасыз еткен болатын. Алайда олар оның қадірін білмей, бүлік шығарды (Жаратылыс 2, 3-тараулар). Содан кейін олардың ұлы Қабыл да бұрыс көзқарас дамыта бастады. Ақыр соңында, ол Ехобаның ескертуін елемей, туған бауырын өлтіреді (Жаратылыс 4:1—8). Бұл оқиғаның Ехобаның көңілін қаншалықты қалдырғанын ойлап көрші.
Осындай жағдайдың орын алғанына қарамастан, неге Ехоба бақытты Құдай болып қала берді? Өйткені ол жер бетін кемелді адамдарға толтыруды ниет етіп, соны жүзеге асыру үшін тынбай еңбек етіп келеді (Жохан 5:17). Мысалы, ол адамзат үшін төлем құрбандығын берді және Патшалығын орнатты (Матай 6:9, 10; Римдіктерге 5:18, 19). Демек, Ехоба Құдайдың бар назары туындаған қиындықта емес, оның шешімінде болды.
Құдай Сөзі болған жағдайды уайымдап, ойлай берудің орнына, жақсы нәрселерге баса назар аударуға шақырып, бізге былай дейді: “Күллі шынайы да қастерлі, әділ де таза, ұнамды да тартымды нәрселер турасында, қандай да адамгершілікті және мақтауға тұрарлық қасиет болмасын, солар туралы ойланатын болыңдар!” (Філіпіліктерге 4:8).
Дұрыс көзқарас
Қандай да бір жағдайлар өмірімізді түбегейлі өзгертуі мүмкін. Мысалы, жұмыссыз қалуымыз, отбасымыз ойран болуы немесе бағалайтын қызметімізден айырылуымыз мүмкін. Я болмаса денсаулығымыз нашарлауы, баспанасыз қалуымыз немесе достарымызды жоғалтуымыз мүмкін. Осындай өзгерістерге қалай төтеп беруге болады?
Кейбіреулер өмірлерінде ең маңызды нәрселерді анықтап алу пайдалы болатынын байқаған. Жоғарыда айтылған Данкан былай деді: “Әйелім екеуіміз өміріміз енді бұрынғыдай болмайтынын түсінгенде, қатты қамықтық. Ақырында, ең басты екі нәрсені анықтап алдық. Ол — анамыздың қамын ойлау және мүмкіндігінше толық уақытты қызметті жалғастыру. Сосын, шешім қабылдағанда, осы екі жайтты ескеріп отыратын болдық. Бұл өмірімізді әлдеқайда жеңілдетті”.
Көпшілігіміз ұнжырғамыз түскенде, қара аспанды төндіруге бейімбіз. Мысалы, бала тәрбиелегенде, тәжірибелі жұмысшы болуға тырысқанда, басқа тілді аумақта уағыздағанда, бәрі ойдағыдай бола бермейді. Сонда біз менен түк шықпайды деп ойлауымыз мүмкін. Алайда адамзаттың бастамасының сәтсіз болғаны Ехоба дәрменсіз дегенді білдірген жоқ. Олай болса, алғашқы әрекетіміз ойдағыдай болмаса, қолымыздан түк келмейді деп ойламаған жөн (Заңды қайталау 32:4, 5).
Біреу біздің көңілімізді қалдырғанда, тез ашуланып кетеміз. Алайда Ехоба бұлай етпейді. Дәуіт патша азғындық жасау мен кісі өлтіруге дейін барып, Ехобаны ренжітеді. Бірақ Ехоба оның шын өкінгенін көріп, одан бет бұрмайды. Сондай-ақ Жосафат Құдайдың жауларымен одақ құрып, шалыс қадам басады. Сонда Ехобаның пайғамбары оған: “Бұл үшін саған Жаратқан Ие жүзінен қаһар төгіледі. Дегенмен, сенің бойыңнан жақсылық та табылды”,— дейді (Шежірелер 2-жазба 19:2, 3). Ехоба Жосафатты бір қателігіне бола сатқын деп есептемеді. Біз де достарымыздың қателіктерін жүрегімізге жақын қабылдамасақ, оларды жоғалтып алмаймыз. Досымыз бір ісімен көңілімізді қалдырғанмен, жақсы қасиеттері бар адам болып қала береді (Қолостықтарға 3:13).
Жетістікке оңайлықпен қол жеткізу мүмкін емес. Кейде күнә жасап, өз-өзімізден көңіліміз қалып жатады. Алайда нақты мақсат қойып, дұрыс әрекеттер жасайтын болсақ, рухани жағынан аяққа тұра аламыз. Дәуіт патша күнәсі үшін қайтты қайғырғанда былай деп жазған болатын: “Аяқ-қолым сырқырап, күні бойы жүрдім ыңқылдап... Саған сонда күнәмды ашық айттым... Сен сонда барлық күнәмды кешірдің” (Забур 31:3—5). Егер біз де Құдайдың алдында күнә жасап қойсақ, одан кешірім сұрап, бұрыс жолдан қайтуымыз қажет. Әрі қарай оның өсиеттерімен өмір сүруге белді бекем бууымыз керек (Жоханның 1-хаты 2:1, 2).
Алдын ала дайындал
Көңіл қалдыратын жағдайларға бәріміздің де кезігуіміз әбден мүмкін. Олай болса, оған қалай алдын ала дайындалуға болады? Үлкен жастағы мәсіхші Бруно өмірінде болған өзгерістен қатты қамыққанда не дегеніне көңіл бөлейікші. Ол былай деді: “Түңіліп кетпеу үшін, ең маңыздысы, рухани күйімді нығайта беруді тоқтатпадым. Мен Ехобаның осы зұлым дүниеге неге жол бергенін білдім. Ұзақ жылдар бойы Ехобамен тығыз қарым-қатынас дамыттым. Осылай еткенім жақсы болды. Қиын кезде Ехобаның жанымда екенін білгенім жан күйзелісімен күресуге көмектесті”.
Болашақ жайлы ойлағанда, бір нәрсеге сенімді болуға болады: көңілімізді өзіміз де, өзге біреу де қалдырғанымен, Ехоба ешқашан көңілімізді қалдырмайды. Құдай бізге өзінің Ехоба деген есімін ашты. Оның есімі “Мен Кім болсам Сол боламын” дегенді білдіреді (Мысырдан шығу 3:14, сілтеме). Бұл бізді Құдай өз еркін орындау үшін кім болу қажет болса, сол бола алатынына сендіреді. Ол Патшалығы арқылы өз еркін ‘көкте орындағандай, Жер бетінде де орындауды’ уәде еткен. Сондықтан елші Пауыл былай деген: “Мен мынаған нық сенемін: өлім де, өмір де, періштелер де... тіпті жаратылыстың басқа ешбір нәрсесі де бізді Құдайдың Иеміз Иса Мәсіх арқылы көрсетіп жүрген сүйіспеншілігінен айыра алмайды!” (Матай 6:10; Римдіктерге 8:38, 39).
Біз Ехобаның Ишая пайғамбар арқылы айтқан уәдесінің орындалуын сеніммен күте аламыз: “Мен жаңа аспан мен жаңа жерді жаратпақпын. Бұрынғылар енді еске алынбай, ойға да келмейтін болады” (Ишая 65:17). Көңіл қалдырған жағдайлардың барлығы ұмытылғанда, өмір қандай керемет болады десеңші!
[Сілтеме]
a Кейбір есімдер өзгертілген.
[11-беттегі сөздер]
Алғашқы әрекетіміздің сәтсіз болғаны қолымыздан түк келмейді дегенді білдірмейді
[12-беттегі сөздер]
Құдай Сөзі болған жағдайды уайымдай бермей, жақсы нәрселерге баса назар аударуға шақырады
[13-беттегі суреттер]
Алғашқы адам жұбы жолдан тайса да, Құдай бақытты болып қала берді, себебі өз еркінің жүзеге асатынына сенімді еді
[14-беттегі сурет]
Рухани істерді бірінші орынға қою жан күйзелісімен күресуге көмектеседі