Құдайға жақында.
Қамқор Бағушы
ҚҰДАЙ менің қамымды ойлай ма? Мұндай сұрақ жалғыз сізді ғана мазаламайды. Қиындыққа кезіккенде, ұлан-ғайыр Әлемнің Жаратушысы жағдайымды біле ме деген сұрақ көпшілігімізді ойландырады. Сондықтан біз Құдайдың жеке әрқайсымызды қамқорлайтынына көз жеткізгіміз келеді. Ехобаны жақыннан танитын Иса жерде болған кезінде осыған қатысты әсерлі мысал келтірген.
Иса қойшылардың өмірінде болып тұратын бір жағдайды қолданып, былай деді: “Егер біреудің жүз қойы болып, солардың бірі адасып кетсе, ол тоқсан тоғыз қойын қырат басында қалдырып, адасып кеткенін іздеп шықпай ма? Сендерге шындығын айтайын: оны тапса, адаспаған тоқсан тоғызынан гөрі, табылған оған көбірек қуанады! Дәл сол сияқты, көктегі Әкелерің де осы кішкенелердің ешқайсысының адасып, тозаққа түсуін [“өлгенін”, ЖД] қаламайды!” (Матай 18:12—14). Осы мысалдан Ехобаның әрбір қызметшісіне деген қамқорлығы қалай көрінетінін қарастырайық.
Бағушы әрбір қойына жауапкершілікпен қарайды. Ол тіпті әрбір қойын өз атымен шақырады. Сондықтан отарында бір қойы жоғалып кетсе, нақты қайсысы жоғалғанын біле алады (Жохан 10:3). Қамқор бағушы жоғалған қойын отарына қайтармайынша тыным таппайды. Ал оны іздеуге кеткенде, қалған 99 қойын қараусыз қалдырмайды. Жиі қойшылар отарларын бір-біріне жақын бағатын, сондықтан отарлар кейде өзара араласып та кететін.a Демек, бағушы адасқан қойын іздеуге шыққанда, қалған отарын қасындағы қойшыларға аз уақытқа тапсырып кеткен. Аман жүрген қойын тауып алған соң, қойшы зор қуанышқа бөленіп, оны иығына салып алады да, тып-тыныш жайылып жүрген отарына әкеп қосады (Лұқа 15:5, 6).
Осы мысалмен Иса Құдайдың “кішкенелердің ешқайсысының адасып өлгенін” қаламайтынын көрсетті. Мұның алдында Иса шәкірттерін оған ‘сенетін кішкенелердің біреуін теріс жолға түсіруден’ аулақ жүруді ескерткен болатын (Матай 18:6). Олай болса, Исаның мысалынан Ехоба жайында не білеміз? Ехоба — отарындағы әрбір қойын, тіпті осы дүние түкке тұрғысыз деп есептейтін ‘кішкенелерді’ де, бағалайтын қамқор Бағушы. Иә, Құдайдың көз алдында өзіне ғибадат ететін әрбір адам ерекше әрі қымбат.
Ехоба сізді шынымен бағалайтынына сенімді болғыңыз келсе, неге Ұлы Бағушымызбен танысып, оған қалай жақындауға болатынын білмеске? Сонда сізде жоғалған қой туралы мысалды Исаның өз аузынан естіген әрі кейінірек: “Барлық уайымдарыңды Құдайға сеніп тапсырыңдар, себебі Ол қамдарыңды ойлайды!”— деп жазған елші Петірдікіндей сенімділік пайда болады (Петірдің 1-хаты 5:7).
[Сілтеме]
a Басқа отарға қосылып кеткен қойларын ажыратып алу қойшыға қиындық туғызбаған, себебі әр қой өз бағушысының даусын танитын болған (Жохан 10:4).