“Ыңғай танытқандар” ізгі хабарды қабыл алуда
“Мәңгі өмір сүруге ыңғай танытқандардың барлығы сенді” (ЕЛ. ІС. 13:48, ЖД).
1, 2. Ертедегі мәсіхшілер ізгі хабардың бүкіл әлемге уағыздалатынына қатысты Исаның пайғамбарлығына сай не істеді?
ЕЛШІЛЕРДІҢ ІСТЕРІ кітабында ертедегі мәсіхшілердің Патшалық туралы ізгі хабардың бүкіл әлемге уағыздалатынына қатысты Исаның пайғамбарлығына сай әрекет еткендері жайлы көңіл толқытатын жайттар жазылған (Мат. 24:14). Сол құлшынысқа толы жариялаушылар өздерінен кейінгілердің бәріне үлгі қалдырған. Исаның шәкірттері Иерусалимде зор ынтамен куәлік еткенінің нәтижесінде мыңдаған адам, олардың арасында “діни қызметкерлердің үлкен бір тобы да” бар, бірінші ғасырдағы мәсіхшілер қауымына қосылды (Ел. іс. 2:41; 4:4; 6:7).
2 Сол кездегі миссионерлер де көп адамға мәсіхшілікті қабыл алуға көмектесті. Мысалы, Філіп Самарияда уағыздап, елдің бәрі оның сөздерін зейін қойып тыңдады (Ел. іс. 8:5—8). Пауыл әртүрлі бауырластарды серік етіп, Кипр, Кіші Азияның аймақтары, Македония, Грекия және Италия сияқты көп жерлерде уағыздады. Ол куәлік берген қалалардағы көптеген яһудилер мен гректер мәсіхші болды (Ел. іс. 14:1; 16:5; 17:4). Тит Критте қызмет етті (Тит. 1:5). Ал Петір Бабылда уағыздады. Ол б. з. 62—64 жылдары бірінші хатын жазғанда, Понти, Ғалатия, Қападоқия, Азия және Бітүнияда ізгі хабар кеңінен уағыздалған болатын (Пет. 1-х. 1:1; 5:13). Бұл аса қызықты кезең еді. Бірінші ғасырдағы мәсіхшілердің құлшынысты болғаны сонша — жаулары олардың ‘бүкіл әлемде төңкеріс жасағанын’ айтқан (Ел. іс. 17:6; 28:22).
3. Патшалықты жариялаушылардың уағыз ісіндегі жетістіктері қандай және бұл саған қалай әсер етеді?
3 Бүгінде де мәсіхшілер қауымы қарқындап өсіп жатыр. Ехоба куәгерлерінің жылдық есебінен дүниежүзі бойынша олардың қандай жетістіктерге жетіп жатқанын көргенде, жігерленеді емессің бе? 2007 қызмет жылында алты миллионнан астам зерттеу сабағы жүргізілгені сені қуантады емес пе? Былтыр Иса Мәсіхтің өлімін Еске алу кешіне Ехоба куәгерлерінен басқа 10 миллиондай адам келді. Олардың осы маңызды кешке келгендері ізгі хабарға айтарлықтай қызығушылық білдіретінін көрсетеді. Демек, атқаратын іс әлі де көп.
4. Патшалық туралы хабарды кімдер қабыл алуда?
4 Бірінші ғасырдағыдай, бүгінгі таңда да “мәңгі өмір сүруге ыңғай танытқандардың барлығы” шындықты қабылдап жатыр (Ел. іс. 13:48, ЖД). Ехоба оларды өзінің ұйымына әкелуде (Нағай 2:7 оқы). Осы іске мейлінше толық атсалысу үшін біздің қызметке деген көзқарасымыз қандай болу керек?
Ешкімді алаламай уағызда
5. Ехоба қандай адамдарды қабылдайды?
5 Бірінші ғасырдағы мәсіхшілер ‘Құдайдың адамның бет-жүзіне қарамайтынын, әр ұлттың Өзін қастерлеп, әділетке сай әрекет ететіндерін қабылдайтынын’ білетін (Ел. іс. 10:34, 35). Ехобамен жақсы қарым-қатынаста болу үшін адам Исаның төлем құрбандығына сенім білдіру керек (Жох. 3:16, 36). Ехоба “барлық [немесе әртүрлі] адамдардың құтқарылып, шындықты біліп алуларын қалайды” (Тім. 1-х. 2:3, 4).
6. Патшалықты жариялаушылар не істемеу керек және неге?
6 Ізгі хабарды жариялаушылардың адамдарды нәсіліне, әлеуметтік жағдайына, сырт көрінісіне, дініне немесе басқа да ерекшеліктеріне қарап алдын ала тон пішкені дұрыс болмас еді. Мынаны ойлап көрші: кезінде саған Жазбалардағы шындықты айтқан адамның сен туралы алдын ала тон пішпегеніне риза емессің бе? Ендеше тыңдайды-ау деген адамға өмірін сақтап қала алатын хабарды неге айтпасқа? (Матай 7:12 оқы).
7. Неге біз өзіміз уағыздаған адамдарды соттамауымыз керек?
7 Ехоба адамдарды соттау үшін Исаны тағайындаған, сондықтан біреуді соттауға біздің қақымыз жоқ. Бұл дұрыс та, өйткені біз ‘сырт пішінге, ұзын құлақтан естігенімізге ғана сүйеніп үкім шығарамыз’, ал Иса адамдардың көңіліндегі ойын да, ниетін де біледі (Ишая 11:1—5; Тім. 2-х. 4:1).
8, 9. а) Саул мәсіхші болғанға дейін қандай адам болған? ә) Елші Пауылдың басынан өткен жағдайынан қандай сабақ алуымыз керек?
8 Адам бұрын қандай болғанына қарамастан, Ехобаның қызметшісі бола алады. Осының бір дәлелі — кейінірек елші Пауыл ретінде танымал болған тарстық Саул. Парызшыл болған ол мәсіхшілерге қатты қарсылық көрсеткен. Оларды адасып жүр деп кәміл сенгендіктен, Саул мәсіхшілер қауымын қудалаған (Ғал. 1:13). Адами көзбен қарағанда, оның мәсіхші болуы екіталай еді. Алайда Иса оның жүрегінде бір жақсы нәрсе бар екенін көріп, арнайы тапсырма беру үшін таңдап алды. Нәтижесінде, Саул бірінші ғасырдағы мәсіхшілер қауымының аса белсенді әрі құлшынысқа толы мүшелерінің бірі болды.
9 Елші Пауылдың оқиғасынан не нәрсеге үйрене аламыз? Учаскемізде айтқан хабарымызға қарсы көрінетіндей адамдар бар шығар. Олардың шынайы мәсіхші болуы екіталай көрінсе де, біз олармен әңгімелесуге күш сала беруіміз керек. Кейде шындықты қабылдайды деп мүлдем күтпеген адамдар оны қабылдап жатады. Бізге барлық адамдарға ‘уағыздауды тоқтатпау’ тапсырылған (Елшілердің істері 5:42 оқы).
‘Уағыздауларын тоқтатпайтындарды’ зор бата күтіп тұр
10. Неге қорқынышты көрінетін адамдарға уағыздаудан тартынбауымыз керек? Жергілікті мысал келтіріңдер.
10 Адамның сырт көрінісі алдамшы болуы мүмкін. Мысалы, Игнасиоa Ехоба куәгерлерімен Киелі кітапты Оңтүстік Американың бір елінде түрмеде отырғанда зерттей бастаған. Қатыгез болғандықтан, адамдар одан қорқатын. Сондықтан түрмеде қандай да бір зат жасап сататын тұтқындар қарыздарын қайтармай жүргендерді қорқыту керек болса, Игнасиоға баратын. Алайда рухани өсіп, білгендерін қолдана бастағандықтан, бір кездері залым бұзақы болған ол мейірімді адамға айналады. Енді ешкім қарыздарын алдыртуға Игнасиоға келмейді, бірақ ол Киелі кітаптағы шындық пен Құдай рухының арқасында өзгере алғанына қуанышты. Сонымен қатар ол жариялаушылардың еш алаламай, өзімен зерттеу үшін күш салғанына риза.
11. Неге біз адамдарға қайта-қайта барамыз?
11 Ізгі хабарды айтқан адамдарға қайта-қайта баруымыздың бір себебі — олардың жағдайы мен көзқарасы өзгеруі мүмкін әрі өзгеріп жатады да. Адамды соңғы рет көргеннен бері ол ауыр дертке ұшырауы, жұмыссыз қалуы немесе жақын адамынан айырылып қалуы мүмкін (Екклесиаст 9:11 оқы). Дүниеде болып жатқан оқиғалар адамдарды өз болашағы жөнінде ойлануға талпындыратын шығар. Мұндай жайттар бұрын немқұрайдылық танытқан, тіпті қарсылық білдірген, адамды жібітуі мүмкін. Сондықтан қолайлы жағдай туса, өзгелерге ізгі хабарды айтудан тартынбауымыз керек.
12. Біз уағыз айтқан адамдарға қалай қарауымыз керек және неге?
12 Біз адамдарды топтастырып, оларға үкім шығаруға бейімбіз. Бірақ Ехоба әр адамды жеке тұлға ретінде қарастырады. Ол әрбір адамның жақсы жақтарын көреді (Патшалықтар 1-жазба 16:7 оқы). Біз де қызметте солай етуге тырысуымыз керек. Осылай етсек, нәтижесі жақсы болатынын көрсететін мысалдар көп.
13, 14. а) Неге бір ізашар қызметте кездестірген әйелге қайтып бармай қойған? ә) Бұл оқиғадан қандай сабақ алуға болады?
13 Сандра деген ізашар Кариб аралдарының бірінде үйме-үй уағыздап жүргенде, жан-тәнімен карнавал думандарына қатысатын Рутты кездестіреді. Ол екі рет ұлттық карнавал патшайымы атағын жеңіп алған екен. Оны Сандраның айтқандары қатты қызықтырып, олар зерттеу сабағын бастауға келіседі. Бірақ Сандра былай деп есіне алды: “Қонақ бөлмесіне кіре сала көргенім карнавал киімін киген Руттың үлкен суреті мен жеңіп алған сыйлықтары болды. Мен осындай әйгілі әрі карнавал тойлауға беріліп кеткен адам шындыққа қайдан қызықсын деп жаңсақ ойлап, оған бармай қойдым”.
14 Біраз уақыт өте Рут Патшалық сарайына келеді. Кездесуден кейін Сандраға келіп: “Неге менімен зерттеуге келмей қойдың?”— деп сұрайды. Сандра кешірім сұрап, олар зерттеуді жалғастыруға келіседі. Рут рухани жылдам өседі: карнавалда түскен суреттерін алып тастайды, кездесулерге келіп, уағызға белсене атсалыса бастайды, сосын, өмірін Ехобаға бағыштайды. Ал Сандра болса бастапқы ойының дұрыс болмағанын мойындайды.
15, 16. а) Бір жариялаушының туысына куәлік еткенінің нәтижесі қандай болды? ә) Туысымыздың бұрын қандай адам болғаны неге оған уағыздауға кедергі болмау керек?
15 Шындықты қабылдамайтындай көрінген туысқандарына уағыздайтындар да мұның жемісін көруде. Құрама Штаттарда тұратын Джойспен болған жағдайды қарастырайық. Оның сіңлісінің күйеуі жасөспірім кезінен бастап бірнеше рет түрмеге отырып шыққан. “Жұрт оны құрыған адам дейтін,— деп есіне алды Джойс, — өйткені ол есірткі сататын, ұрлық және басқа да жаман істерді көп істейтін. Осының бәріне қарамастан, мен 37 жыл бойы оған Киелі кітаптағы шындықты айтудан талмадым”. Джойс шыдамдылықпен күш салғаны үшін зор батаға ие болды: туысы Ехоба куәгерлерімен зерттеу сабағын бастап, өмірінде үлкен өзгерістер жасады. 50 жасқа келген ол жақында Калифорнияда (АҚШ) өткен облыстық конгресте шомылдыру рәсімінен өтті. Джойс: “Қуаныштан менің көзіме жас келді. Одан ешқашан күдер үзбегеніме қатты қуанамын!”— деді.
16 Туыстарыңның өмір салтына қарап, оларға шындықты айтудан тартынатын шығарсың. Алайда Джойс мұндай нәрсенің күйеу баласына уағыздауға кедергі болуына жол бермеген. Біз өзгенің жүрегінде не бар екенін білмейміз ғой. Туысың бар көңілімен шындықты іздеп жүрген шығар. Сондықтан оны мұндай мүмкіндіктен айырма (Нақыл сөздер 3:27 оқы).
Киелі кітапты зерттеуге арналған тиімді құрал
17, 18. а) Дүниенің бұрыш-бұрышынан келген мәліметтерден “Киелі кітап үйретеді” кітабының тиімді құрал екені қалай көрінеді? ә) Осы кітапты қолданғаныңда, жігерлендіретін оқиғалар болды ма?
17 Дүниенің бұрыш-бұрышынан келген мәліметтерге сай, көптеген ақ жүректі адамдар зерттеуге арналған “Киелі кітап шын мәнінде неге үйретеді?” кітабын жақсы қабылдауда. Құрама Штаттарда қызмет ететін Пени деген бір ізашар осы кітаптың көмегімен бірнеше зерттеу сабағын бастаған. Олардың екеуі өз діндерін қатты ұстанатын үлкен жастағы кісілер еді. Пени “Киелі кітап үйретеді” кітабындағы Жазбаларға негізделген шындықтарды олар қалай қабылдар екен деп уайымдаған. Бірақ ол былай деп жазды: “Онда мәлімет артық сөзсіз, анық әрі қисынды жеткізілген. Сондықтан алып жатқан білімдері оларда еш талас тудырған жоқ. Олар оны шындық ретінде еш қиналмай қабылдады”.
18 Британияда қызмет ететін Пат Азия елдерінің бірінен қашып келген бір әйелмен зерттеу сабағын бастайды. Ол көтерілісшілер күйеуі мен ұлдарын алып кеткеннен кейін, қашуға мәжбүр болады, содан оларды қайтып көрмейді. Оның өміріне қауіп төнеді, үйін өртеп жібереді, ал өзін топ болып зорлап кетеді. Осындай нәрселерді бастан кешкен ол өмірден мағына көрмей, бірнеше рет өзіне қол салуды ойлайды. Алайда Киелі кітапты зерттегені оған үміт береді. Пат: “Киелі кітап үйретеді” кітабындағы қарапайым түсіндірмелер мен мысалдар оған қатты әсер етті”,— деп жазды. Әлгі әйел рухани тез өсіп, жариялаушы болу үшін талаптарға сай келеді де, алдағы конгресте шомылдыру рәсімінен өтуге ниет білдіреді. Ақ жүректі адамдарға Жазбалардағы үмітті білуге және оны бағалауға көмектесу неткен қуаныш!
“Жақсылық жасаудан талмайық!”
19. Неге уағыздау ісі қауырт атқарылу керек?
19 Әр күн өткен сайын уағыздауға және шәкірт дайындауға қатысты тапсырмамызды бұрынғыдан да қауырт атқаруымыз керек. Рас, жыл сайын мәңгілік өмірге ыңғай танытқан мыңдаған адам шындықты қабылдауда. Бірақ Ехобаның ұлы күні жақын, демек, рухани қараңғылықтан әлі шықпаған адамдар ‘қырғынға теңселіп бара жатыр’ (Соф. 1:14; Нақ. с. 24:11).
20. Әрқайсымыз не істеуге бел бууымыз керек?
20 Біз әлі де оларға көмектесе аламыз. Ал бұл үшін ‘тәлім беріп, Исаның Мәсіх екендігін уағыздауларын тоқтатпаған’ бірінші ғасырдағы мәсіхшілерге еліктегеніміз маңызды (Ел. іс. 5:42). Оларға қиыншылықтарға қарамай куәлік ете беру, ‘тәлім беру шеберлігіне’ көңіл аудару және ешкімді алаламай уағыздау арқылы еліктейік. “Жақсылық жасаудан талмайық”, сонда Құдайдың ықыласына ие болып, мол батаға кенелеміз (Тім. 2-х. 4:2; Ғалаттықтарға 6:9 оқы).
[Сілтеме]
a Кейбір есімдер өзгертілген.
Қалай жауап берер едіңдер?
• Ізгі хабарды кімдер қабыл алуда?
• Неге қызметте адамдар жайлы алдын ала тон пішпеген дұрыс?
• “Киелі кітап үйретеді” кітабын қолдану қандай нәтиже беруде?
[13-беттегі суреттер]
Мыңдаған ақ жүректі адамдар шындықты қабылдауда
[15-беттегі суреттер]
Елші Пауылдың өмірін қалай өзгерткенінен не нәрсеге үйренуге болады?
[16-беттегі сурет]
Ізгі хабарды жариялаушылар ешкім туралы алдын ала тон пішпейді