Дүниенің төрт бұрышында айтылып жатқан өтініш
МЫНАДАЙ жайтты елестетіп көріңізші: жүздеген миллион, тіпті миллиардтаған, адам бірдей нәрсені өтініп жатыр. Олар әлемдегі ең жоғары билік иесінен сол бір тілектерін орындауды сұрауда. Алайда олардың арасында өз өтініштерінің мәнін түсінетіндер кемде-кем. Осылай болуы шынымен мүмкін бе? Иә, бұндай жайт күнде болады. Олардың бәрі не жөнінде сұрап жатыр? Құдай Патшалығының орнағанын сұрауда!
Бір мәліметке сай, дүниеде 37 000-ға жуық діннің мүшелері Иса Мәсіхтің жолымен жүреміз деп сеніп, өздерін мәсіхші санайды. Олардың саны 2 миллиардтан асады. Бұл адамдардың басым көпшілігі “Көктегі Әкеміз” немесе “Иеміздің дұғасы” деп аталатын дұғаны айтады. Сіз осы дұға жайлы естігенсіз бе? Иса пайғамбар оны өзінің ізбасарларына үйреткен, әрі ол былай басталады: “Көктегі Әкеміз! Сенің киелі есімің қастерлене берсін, Патшалығың осында орнасын! Сенің еркің көкте орындалғандай, Жер бетінде де орындала берсін!” (Мат. 6:9, 10).
Жүздеген жылдардан бері сенуші адамдар шіркеулерінде бұл сөздерді ерекше қастермен қайталап келеді. Сондай-ақ олар оны отбасымен бірге және жеке, жақсылықта да, жамандықта да жатқа айтады. Олар бұл сөздерді шын жүректен, ынты-шынтысымен айтып жатады. Ал өзге біреулер оларды тек жаттап алып, мағынасына онша мән бермей немесе мүлдем ойланбай айтады. Алайда Құдай Патшалығына үміт артып, оның орнауы жайлы дұға ететіндер өздерін мәсіхшіміз дейтіндер ғана емес.
Басқа дінді ұстанатындардың өтініші
Иудаизм дініндегі танымал дұға — жоқтаушы айтатын каддиш. Бұл дұғаның өлім мен қасіретке тікелей қатысы болмағанмен әдетте ол жоқтау кезінде айтылады. Онда мынадай өтініш бар: “Көзің тіріде ол [Құдай] өз Патшалығын орнатсын... тіпті тезірек орнатсын”a. Ал синагогада айтылатын өзге бір ежелгі дұғада Дәуіттің әулетінен шыққан Мәсіхтің Патшалығына деген үміт жайлы айтылады.
Бұдан басқа діндегілерге де Құдай Патшалығы жайлы ой тартымды көрінеді. Бір газетке сай, индуизм, ислам және мәсіхшілер дініндегі ортақ нәрселерді іздеген ХІХ ғасырдағы бір әйгілі үндіс дін көсемі: “Нағыз Құдай патшалығы шығыс пен батыс бірікпейінше, орнамайды”,— деген (The Times of India). Стратфилдтегі (Австралия) бір ислам колледжінің директоры таяуда бір газетке былай деп жазды: “Барлық мұсылман қауымы сияқты, мен де Исаның қайтып келетініне және нағыз Құдай Патшалығын орнататынына сенемін”.
Олай болса, миллиардтаған адамның Құдай Патшалығына үміт артып, оның келуі жайлы сұрап жатқаны шүбәсіз. Бірақ келесі бір қызықты жайтты қараңызшы.
Сіз осы журналды басып шығаратын Ехоба куәгерлерінің аймағыңызда үйме-үй жүріп, адамдармен Киелі кітап жайлы әңгімелесетінін білетін шығарсыз. Біз бұл істі бүкіл дүниежүзі бойынша, 236 ел мен аумақта және 400-ден астам тілде жүргіземіз. Біздің уағызымыздың басты тақырыбы — Құдай Патшалығы. Сондықтан, өзіңіз байқағандай, осы журналдың толық атауы: “Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды”. Біз жиі адамдардан осы Патшалық туралы дұға ете ме, жоқ па — соны сұраймыз. “Иә” деп жауап беретіндер өте көп. Алайда “Патшалық деген не?” деген сұрақтың жауабын адамдардың басым көпшілігінің білмейтіні көрініп тұрады, я болмаса жауаптары көмескі, нақты емес.
Неге көп адам өздері түсіндіре алмайтын нәрсе жөнінде дұға етеді? Құдай Патшалығы күрделі, түсініксіз ұғым болғандықтан ба? Жоқ. Патшалық жайлы Киелі кітапта толық әрі анық түсіндірілген. Оның үстіне, Патшалық туралы ізгі хабар сізге осы аумалы-төкпелі заманда нағыз үміт береді. Келесі мақалада Жазбаларда осы үміт жайлы не айтылғанын білеміз. Сосын, Исаның Патшалықтың келуі жайлы дұғасы қашан орындалатынын көреміз.
[Сілтеме]
a Исаның үлгілі дұғасындағы сияқты, жоқтаушы каддишінде де Құдай есімінің қастерленуі туралы өтініш бар. Кейбіреулер каддиштің Иса пайғамбардың тұсында не одан да ертерек пайда болғаны турасында дауласқанымен, оның үлгілі дұғаға ұқсайтынына таңғалмауымыз керек. Иса дұғасында жұртқа беймәлім тың ойларды айтпаған. Ондағы әрбір өтініш сол замандағы барлық еврейлер оқи алатын Жазбаларға негізделген. Иса еврейлерді баяғыдан-ақ дұға етілуі керек нәрселер жөнінде сұрауға талпындырған.