‘Құдайдың терең ой-мақсаттарын’ зерттеу
“Киелі Рух бәрінен де, Құдайдың терең ой-мақсаттарынан да хабардар” (ҚОРЫНТТЫҚТАРҒА 1-ХАТ 2:10).
1. Киелі кітапты жаңа зерттеп жүрген адамға қандай шындықтарды білгені қуаныш әкеледі?
МӘСІХШІЛЕР қауымындағылардың басым көпшілігінің шындықты алғаш естігендегі қуаныштары естерінде. Біз Құдай есімінің мағынасын, неге оның зұлымдыққа жол беріп отырғанын, неге кейбір адамдардың көкке баратынын және адал адамдарды қандай болашақ күтіп тұрғанын білдік. Шындықты естімес бұрын да Киелі кітапты оқыған болармыз, бірақ бұл нәрселер бізге ашылмаған еді, әрі олар басым көпшілік үшін әлі де жасырын болып келеді. Біз таң қылаң бере жолға шыққан адамға ұқсайтынбыз. Ала көлеңкеде ол көп нәрсені анық көре алмайды. Ал күн көтерілген сайын, айналадағының бәрін, тіпті көз ұшындағы нәрсені де анық көре алады. Сол сияқты біреу Киелі кітапты түсінуге көмектесе бастағанда, ‘Құдайдың терең ой-мақсаттары’ біз үшін “қылаң берді” (Қорынттықтарға 1-хат 2:8—10).
2. Неге Құдай Сөзін зерттеуден келетін қуанышты мәңгіге сақтауға болады?
2 Алайда Жазбалардағы шындықтың “қылаң бергенін” қанағат тұтуымыз керек пе? ‘Құдайдың терең ой-мақсаттарына’ киелі рух арқылы мәсіхшілерге ашылған, бірақ өзгелер үшін жасырын Құдайдың даналығын түсіну жатады (Қорынттықтарға 1-хат 2:7). Ал оның даналығы шексіз, әрі оны зерттеу зор қуанышқа бөлейді. Біз ешқашан оның түбіне жете алмаймыз. Сондықтан ‘Құдайдың терең ой-мақсаттарын’ зерттей берер болсақ, Киелі кітаптағы негізгі ілімдерді білгенде алған қуанышымызды мәңгі сақтап қала аламыз.
3. Неге біз ілімдеріміздің не нәрсеге негізделгенін терең түсінуіміз керек?
3 Неге бізге ‘Құдайдың терең ой-мақсаттарын’ түсіну қажет? Не нәрсеге сенетінімізді ғана емес, оған не себепті сенетінімізді, яғни ілімдеріміздің не нәрсеге негізделетінін, түсінгеніміз сенімімізді нығайтады. Жазбаларда “Құдайдың игілікті, ұнамды да кемелді еркіне көз жеткізу үшін” “санамызды қолдануымыз” керектігі айтылған (Римдіктерге 12:1, 2, ЖД). Ехобаның бізден белгілі бір өмір салтын ұстануды не себепті қалайтынын түсінгеніміз оған мойынсұнуға деген шешімімізге берік болуға көмектеседі. Осылайша ‘Құдайдың терең ой-мақсаттарын’ білгеніміз заңсыз істерге араласып кетпеуге күш береді және “игі істерге ынталы” болуға талпындырады (Титке 2:14).
4. Киелі кітапты зерттеуге не жатады?
4 Терең нәрселерді түсіну зерттеуді талап етеді. Бірдеңені зерттеу мен оны үстіртін оқи салу — бір нәрсе емес. Зерттеуге мәліметтің бұрын білгендерімізбен қандай байланысы барын көру үшін мұқият талдау жатады (Тімотеге 2-хат 1:13). Ол айтылған нәрсенің себептерін түсінуді де талап етеді. Зерттегенде білгенімізді дана шешім қабылдау және өзгелерге көмектесу үшін қалай қолдануға болатыны туралы ой жүгірту керек. Сонымен қатар ‘Киелі жазбалардың бәрі Құдай Рухының жетелеуімен жазылғандықтан’, зерттеуіміз ‘Құдайдың аузынан шыққан әрбір сөзден’ тұру керек (Тімотеге 2-хат 3:16, 17; Матай 4:4). Киелі кітапты зерттеу біраз тер төгуді талап етуі мүмкін. Сөйткенмен де бұл зор қуаныш әкеледі. Оның үстіне, ‘Құдайдың терең ой-мақсаттарын’ түсіну тым қиын емес.
Ехоба кішіпейілділерге түсінік береді
5. ‘Құдайдың терең ой-мақсаттарын’ кімдер түсіне алады?
5 Сен мектепте керемет оқымаған немесе ізденіп, зерттеуге дағдыланбаған болсаң да, ‘Құдайдың терең ой-мақсаттарын’ түсіне алмаймын деп ойламауың керек. Исаның жердегі қызметінің кезінде Ехоба өзінің еркін дана да білгірлерге емес, оқымаған әрі қарапайым адамдарға ашқан. Олар оның қызметшілерінен тәлім алуға дайын кішіпейіл әрі білімділермен салыстырғанда, бала сияқты болған (Матай 11:25; Елшілердің істері 4:13). “Құдай Өзін сүйетіндерге дайындап қойған” игіліктер жөнінде елші Пауыл бауырластарына былай деп жазды: “Бұны Құдай біздерге Өзінің Киелі Рухы арқылы анық білдірді. Киелі Рух бәрінен де, Құдайдың терең ой-мақсаттарынан да хабардар” (Қорынттықтарға 1-хат 2:9, 10).
6. Қорынттықтарға 1-хат 2:10-ды қалай түсінуге болады?
6 Қалай Құдайдың рухы ‘бәрінен де, Оның терең ой-мақсаттарынан да хабардар’? Ехоба шындықты әрбір мәсіхшіге ашпайды, мұның орнына, рухы арқылы ұйымына бағыт-бағдар береді. Ал ол, өз кезегінде, бірлесе қызмет етіп жүрген оның халқына Киелі кітапты түсіндіріп отыр (Елшілердің істері 20:28; Ефестіктерге 4:3—6). Дүниежүзіндегі қауымдар Жазбаларды бірдей бағдарламамен зерттейді. Олар бірнеше жылдың ішінде Киелі кітаптың барлық ілімдерін қарастырып шығады. Құдай халқына оның ‘терең ой-мақсаттарын’ түсінуге қажетті көзқарас дамытуға көмектесу үшін, киелі рух қауым арқылы әрекет етеді (Елшілердің істері 5:32).
‘Құдайдың терең ой-мақсаттарына’ не жатады?
7. ‘Құдайдың терең ой-мақсаттарын’ көп адамның түсінбеуінің себебі неде?
7 Терең нәрселер — міндетті түрде түсіну қиын нәрселер емес. Адамдардың басым көпшілігі үшін ‘Құдайдың терең ой-мақсаттары’ жасырын болуының себебі — оларды түсіну қиын болғандықтан емес, Шайтан адамдарды алдап, ұйымы арқылы беріп отырған Ехобаның көмегін қабылдатпайтындықтан (Қорынттықтарға 2-хат 4:3, 4).
8. Ефестіктерге арналған хатының үшінші тарауында Пауыл қандай терең нәрселерге нұсқаған?
8 Пауылдың Ефестіктерге арналған хатының үшінші тарауынан ‘Құдайдың терең ой-мақсаттарына’ уәде етілген Ұрпақты анықтау, көктегі өмірге үміті бар адамдарды таңдау және Мәсіхтің Патшалығы сияқты, Ехобаның халқының басым көпшілігі жақсы түсінетін шындықтар жататынын көруге болады. Пауыл былай деп жазды: ‘Ол [осы қасиетті құпия] адамзаттың алдыңғы ұрпақтарына айтылмаған болатын, ал қазір Киелі Рух оны Құдайдың қасиетті елшілері мен пайғамбарларына ашып отыр. Оның мазмұны мынау: басқа ұлттар яһуди сенушілерімен бірге Құдайдың жарылқауын қабылдайды, олармен бірге Мәсіхтің рухани денесінің мүшелері болып, Тәңіріміз берген уәдесінен үлестерін алмақ’. Пауыл өзінің “Құдайдың әуел бастан Өзінде құпия сақтап келген жоспарының [“қасиетті құпиясының”, ЖД] шындыққа қалай айналғанын жұртқа ашып беру’ үшін тағайындалғанын айтты (Ефестіктерге 3:5—9).
9. ‘Құдайдың терең ой-мақсаттарын’ түсіну неге зор мәртебе?
9 Әрі қарай Пауыл Құдай еркіне ‘жан-жақты даналығының көктегі рухани күштерге енді сенушілер қауымы арқылы мәлім болуы’ да жататынын түсіндірді (Ефестіктерге 3:10, сілтеме). Ехобаның мәсіхшілер қауымына қалай қарайтынын бақылау және даналығын түсіну арқылы періштелер тәлім ала алады. Тіпті періштелерді қызықтыратын нәрселерді түсіну неткен зор мәртебе! (Петірдің 1-хаты 1:10—12) Сосын, Пауыл біздің мәсіхшілер ілімінің ‘қаншалықты кең де көз жеткісіз, терең және биік екенін Құдайдың бүкіл халқымен бірге түсінуге’ тырысуымыз керектігін айтты (Ефестіктерге 3:11, 18). Енді түсінігімізді кеңейте түсетін терең нәрселердің кейбірін қарастырып көрейік.
Терең нәрселердің кейбірі
10, 11. Жазбаларға сай, қашан Иса Құдайдың көктегі “әйелінің ұрпағының” негізгі бөлігі болды?
10 Біз Иса Мәсіхтің Жаратылыс 3:15-те айтылған көктегі “әйелдің ұрпағының” негізгі бөлігі екенін білеміз. Түсінігімізді кеңейту үшін, өзімізден былай деп сұрауымызға болады: Иса қашан уәде етілген Ұрпақ болды? Адам болып келгенге дейін бе, жер бетінде туылғанда ма, шомылдыру рәсімінен өткенде немесе қайта тірілгенде ме?
11 Аталмыш пайғамбарлықтағы Ехобаның уәдесіне сай, “әйелі” ретінде бейнеленген оның көктегі ұйымының бөлігінен жыланның басын мыжитын ұрпақ шығу керек еді. Бірақ мыңдаған жыл өтсе де, сол “әйел” Шайтан мен оның ісін талқандай алатын ұрпақ әкелмеді. Сондықтан Ишаяның пайғамбарлығында ол “құрсақ көтермейтін”, “мұңды әйел” деп аталды (Ишая 54:1, 5, 6). Ақырында, Бетлехемде Иса дүниеге келеді. Бірақ суға шомылдыру рәсімінен өтіп, рухтан туылған ұлы болғанда ғана Ехоба: “Бұл Менің сүйікті рухани Ұлым”,— деді (Матай 3:17; Жохан 3:3). Әйелдің “ұрпағының” негізгі бөлігі ақырында өзін танытты. Кейінірек, Исаның ізбасарлары да майланып, киелі рухтан туылды. Ұзақ уақыт Ехобаның ‘бала сүймеген әйелі’ ақыр соңында ‘қуанып, шаттана ән шырқады’ (Ишая 54:1; Ғалаттықтарға 3:29).
12, 13. Жер бетіндегі майланған мәсіхшілердің бәрі “адал да ақылды құлды” құрайтыны қандай тармақтардан көрінеді?
12 Терең нәрселерге жататындардың тағы бірі — 144 000 адамды таңдауға қатысты Құдайдың ниеті (Аян 14:1, 4). Біз кез келген уақыт аралығында өмір сүрген майланғандардың бәрі, Иса айтқандай, отбасы мүшелеріне уақтылы ас-су беретін “адал да ақылды құлды” құрайтынына сенеміз (Матай 24:45, ЖД). Осы түсініктің дұрыстығын қандай Жазба орындары дәлелдейді? Иса өз бауырларын рухани ас-сумен қамтамасыз ететін әрбір мәсіхші туралы айтқан болуы мүмкін бе?
13 Құдай Исраил халқына қатысты: “Менің куәгерім... Өзім таңдап алған Менің қызметшім”,— деген (Ишая 43:10, Тт). Бірақ б. з. 33 жылының 11 нисанында Иса Исраил басшыларына Құдайдың бұл халықты қызметшісі ретінде қабылдаудан бас тартқанын айтты. Ол былай деді: “Құдай өз Патшалығын сендерден тартып алып, басқа бір халыққа тапсырмақ! Олар оның өнімін беріп тұратын болады”. Иса жиналған халыққа: “Сондықтан үйлерің қаңырап, бос қалдырылады”,— деді (Матай 21:43; 23:38). Ехобаның құлы ретінде Исраил әулеті адал да, ақылды да болмады (Ишая 29:13, 14). Сол күні Иса кейінірек: “Адал да ақылды құл шын мәнінде кім?”— деп сұрағанда, негізінде, мынаны айтқысы келген: “Қандай ақылды халық Исраилді алмастыратын Құдайдың адал құлы болмақ?” Елші Петір майланған мәсіхшілер қауымына: “Сендер ...қасиетті ұлт — Құдайдың меншікті халқы болдыңдар!”— дегенде, осы сұраққа жауап берді (Петірдің 1-хаты 1:4; 2:9). Сол ‘рухани Исраил халқы’ Ехобаның жаңадан таңдаған құлы болды (Ғалаттықтарға 6:16). Ежелдегі Исраил халқының барлығы бір ‘қызметшіні’ құрағаны сияқты кез келген уақыт аралығында өмір сүрген майланған мәсіхшілердің барлығы бір “адал да ақылды құлды” құрайды. Құдайдың құлынан ‘ас-су’ қабылдау неткен мәртебе!
Жеке зерттеу қуанышқа бөлейді
14. Неге Киелі кітапты жай оқу емес, оны зерттеу бізді қуанышқа бөлейді?
14 Жазбалардан жаңа нәрсе білгенде, біз қуанамыз, өйткені бұл сенімімізді қатайтады. Киелі кітапты жай оқу емес, оны зерттеудің зор қуанышқа бөлейтіні, міне, сондықтан. Сол себепті мәсіхшілердің әдебиеттерін оқығанда, өзіңнен былай деп сұра: “Бұл ілімнің осылайша түсіндірілуін оған қатысты бұрынғы түсінігіммен қалай байланыстыруға болады? Қандай қосымша Жазба орындары мен дәлелдер осы мақаладағы тұжырымды қолдайды?” Егер қосымша зерттеу жүргізу керек болса, сұрағыңды түртіп алып, келесі жолы зертте.
15. Қандай тақырыптарды зерттегенің қуаныш әкеледі және оның пайдасын ұзағырақ көру үшін не істеуге болады?
15 Жаңа жайттарды түсініп, қуанышқа бөлену үшін қандай тақырыптарды зерттеуге болар еді? Мысалы, Құдайдың адамзаттың игілігі үшін жасасқан түрлі келісімдерін егжей-тегжейлі зерттеуге болады. Иса Мәсіхке қатысты пайғамбарлықтарды немесе Киелі кітаптағы пайғамбарлық кітаптардың әр тармағын зерттегенің, сондай-ақ “Ехоба куәгерлері — Құдай Патшалығын жариялаушылар”a (ор.) кітабын қолданып Ехоба куәгерлерінің қазіргі тарихына шолу жасағаның сеніміңді нығайтады. Сонымен қатар “Күзет мұнарасы” журналдарындағы “Оқырман сауалдарын” қайта қарастырғаныңның белгілі бір тармақтарды анығырақ түсінуіңе көмектесері сөзсіз. Онда жасалған тұжырымдарды дәлелдеу үшін қандай Жазба орындары келтірілгеніне ерекше көңіл бөл. Бұл түйсіну қабілетіңді машықтандырып, қырағылық дамытуыңа көмектеседі (Еврейлерге 5:14). Зерттеуіңнің пайдасын ұзақ көруің және өзгелерге көмектесе алуың үшін, Киелі кітабыңның жиегіне не дәптерге ізденістеріңнің нәтижесін түртіп қой.
Балаларға Киелі кітапты зерттеуге көмектес
16. Балаларға Киелі кітапты зерттеуді қалай үйретуге болады?
16 Ата-аналар, балаларыңның рухани нәрселерге деген “тәбетін” ашу үшін, сендер көп нәрсе істей аласыңдар. Терең нәрселерді түсіну оларға тым қиын деп ойламаңдар. Балаларға отбасылық зерттеуге дайындық ретінде бір тақырыпты зерттеуді тапсырып, сосын, соған қатысты сұрақтар қоюға болады. Жастарға нанымдарын қорғап сөйлеуді және олардың дұрыс екенін дәлелдеуді үйренуге көмектесу үшін отбасылық зерттеуде әртүрлі жағдайларды ойнап көруге болады. Оларға Киелі кітап географиясын үйрету немесе апта сайын оқылатын Киелі кітап үзіндісін анық түсіну үшін “Жақсы жерге қараңдар”b (ор.) кітапшасын қолданыңдар.
17. Жеке зерттеуге қатысты неге байсалды болған дұрыс?
17 Иә, жеке зерттеу қызықты әрі сенімді нығайтатындай болуы мүмкін, бірақ абай бол, қауым кездесулеріне дайындалу назардан тыс қалып қоймасын. Кездесулер — “адал да ақылды құл” арқылы Ехобадан тәлім алудың бір жолы. Десе де қосымша зерттеу жүргізгенің кездесулерде — мысалы кітап зерттеу кездесуінде немесе теократиялық қызмет мектебінде Киелі кітаптан көңіл бұрарлық тұстар қарастырылып жатқанда — мағыналы түсініктемелер беруіңе көмектеседі.
18. Неге ‘Құдайдың терең ой-мақсаттарын’ түсіну үшін салған күшің соған тұрады?
18 Құдай Сөзін терең зерттегенің Ехобаға жақындауыңа көмектеседі. Оның пайдасына қатысты Киелі кітапта былай делінген: “Данышпандық шуағы күмістің пайдасымен бірдей; алайда білімнің артықшылығы сонда, кемеңгерлік өз иесіне өмір сыйлайды” (Екклесиаст 7:12). Сондықтан рухани нәрселерді терең түсіну үшін салған күшің соған тұрады. Киелі кітапта үнемі ізденіп, зерттейтіндерге қатысты мынадай уәде бар: “Құдай жайлы білімді иемденіп аларсың” (Нақыл сөздер 2:4, 5).
[Сілтемелер]
a Ехоба куәгерлері басып шығарған.
b Ехоба куәгерлері басып шығарған.
Қалай түсіндірер едіңдер?
• ‘Құдайдың терең ой-мақсаттары’ деген не?
• Неге терең нәрселерді мәңгі зерттей беруге болады?
• Неге барлық мәсіхшілер ‘Құдайдың терең ой-мақсаттарын’ түсініп, қуанышқа кенеле алады деуге болады?
• Қалай ‘Құдайдың терең ой-мақсаттарының’ пайдасын көбірек көруіңе болады?
[31-беттегі сурет]
Ата-аналар отбасымен зерттеуге дайындық ретінде балаларына тапсырма беріп қоюларына болады