Ехобаның сөзі тірі.
Абадия, Жүніс және Миха кітаптарындағы көңіл бұрарлық ойлар
“АВДИЙДІҢ [Абадияның] көрген сәуесі” (Абадия 1). Абадия кітабы осы сөздермен басталады. Пайғамбар б. з. б. 607 жылы жазған кітабында өзі жайында өз есімінен басқа ештеңе айтпайды. Ал бұдан екі ғасырдай бұрын жазылған кітапта Жүніс пайғамбар Құдайдан тапсырма алып, жат елге барғандағы басынан өткен оқиға туралы ашық түрде баяндайды. Ал Жүністен кейін және Абадияға дейін қызмет еткен Миха пайғамбардың 60 жылға созылған қызметі б. з. б. 777 жыл мен б. з. б. 717 жылдар аралығын қамтиды. Миха өзі жайында ‘Морасфит’ ауылынан шыққанын және Ехобаның хабарын “Иудея патшалары Иоафамның [Жотамның], Ахаз бен Езекияның күндерінде” алғанын ғана айтады (Миха 1:1). Хабарының әсерін күшейту үшін келтірген мысалдарынан пайғамбардың ауыл өмірімен жақсы таныс болғаны көрінеді.
ЕДОМ ‘ТЫП-ТИПЫЛ ҚҰРТЫЛАДЫ’
Едомға қатысты Абадия: “Өз бауырың Жақыпқа жасаған қысымшылығың үшін сен масқараға қаласың, сөйтіп тып-типыл құртыласың”,— дейді. Едомдықтардың Жақыптың ұлдары — исраилдіктерге жасаған озбырлығы әлі де пайғамбардың көз алдында. Б. з. б. 607 жылы бабылдықтар Иерусалимді қиратқанда едомдықтар елге басып кірген ‘жатжұрттықтарға’ жақтасып ‘қарсы бетте тұрған’ (Абадия 10, 11).
Дегенмен Жақыптың үйі қайтадан қалпына келмек. Абадия пайғамбар былай дейді: “Сион тауында құтқару болады және ол киелі орынға айналады; сонда Жақыптың әулеті өзінің мұрасын алады” (Абадия 17).
Жазба орындарына қатысты сұрақтардың жауаптары:
5, ЖД, 6—8. Едомдықтардың күйреуін түнгі қарақшылардың және “жүзім жинаушылардың” келуімен салыстырудың қандай ерекшелігі бар? Егер Едомға ұрылар келгенде, олар өздері қалаған нәрсені ғана алып кетер еді. Ал жүзім жинаушылар келгенде, олар да арттарында біраз жүзімді қалдырып кеткен болар еді. Алайда Едом патшалығы құлағанда жаулары оның барлық қазынасын іздеп тауып, ‘одақтастары’ болған бабылдықтар түгін қоймай талап кететін болады (Еремия 49:9, 10).
10. Едом қалайша “тып-типыл құртылады? Алдын-ала айтылғандай, белгілі бір аймақты қоныстаған және өз үкіметі мен халқы бар Едом елі жойылып кетті. Бабыл патшасы Набонид Едомды б. з. б. VI ғасырдың орта тұсында жаулап алған. Б. з. б. IV ғасырдың басында Набатейлер едомдықтардың жерлерін қоныстанып алғандықтан, олар Яһудеяның оңтүстігіндегі кейін Идумея деген атпен белгілі болған Негев аймағына ойысуға мәжбүр болған. Римдіктер б. з. 70 жылы Иерусалимді қиратқан соң, едомдықтар жер бетінен мүлдем жойылды.
Біз үшін сабақ:
3, 4. Едомдықтар соғыста тамаша қорғаныш болатын биік таулардың үстіндегі ойлы-қырлы жерлер мен шыңырау шатқалдарды мекендегендіктен, тым еркінсіп, қауіпсіздікте жүрміз деп алданып қалғанға ұқсайды. Бірақ Ехобаның сотынан қашып құтылу мүмкін емес.
8, 9, 15. Адамзаттың даналығы мен құдіреті “Жаратушы Иенің... күні” келгенде құтқара алмайды (Еремия 49:7, 22).
12—14. Едомдықтардың жағдайы Құдайдың қызметшілері қиыншылыққа кезіккенде мәз болатын адамдар үшін жақсы сабақ болады. Өз халқына жасалған қиянат Ехобаға қатты әсер етеді.
17—20. Жақыптың ұлдарына қатысты қайта қалпына келу туралы бұл пайғамбарлық б. з. б. 537 жылы исраилдіктердің тамтығы Бабылдан Иерусалимге қайта оралғанда орындала бастады. Ехобаның сөзі әрқашан орындалады. Біз оның уәделеріне толық сенім артуымызға болады.
“НИНЕВИ КҮЙРЕП, ТАС-ТАЛҚАН БОЛАДЫ!”
Құдайдың “сапарға жиналып, ұлы қала Ниневиге бар да, оны соттамақ екенімді жарияла!” деген бұйрығына бағынудың орнына, Жүніс қарама-қарсы бағытқа қарай қашып кетеді. Бірақ Ехоба “теңізге қатты жел жіберіп” және ‘бір үлкен балықты’ қолдана отырып, Жүністі өзінің тапсырмасын орындауға Ассирияның астанасына қайта жұмсайды (Жүніс 1:2, 4; 2:1; 3:1, 2).
Жүніс Ниневиге келеді де, ашықтан-ашық былай деп жариялай бастайды: “Қырық күннен кейін Ниневи күйреп, тас-талқан болады!” (Жүніс 3:4) Алайда уағыздау ісі күтпеген нәтиже бергенде, ол “қатты кейіп, ашуланды”. Сонда Ехоба Жүністі рақымшылыққа үйрету үшін “бір бұтаны” өсіріп шығарады (Жүніс 4:1, 6).
Жазба орындарына қатысты сұрақтардың жауаптары:
3:3. Ниневи қаласы шынында да “аралап шығуға үш күн уақыт кететіндей” үлкен болған ба? Иә. Ежелгі уақытта Ниневи деген атау солтүстіктегі Хорсабадтан оңтүстіктегі Нимрудтқа дейінгі елді мекеннің бәрін қамтығанға ұқсайды. Пішіні төртбұрышты болып келген бұл өңірдің шекарасының ұзындығы жүз шақырымды қамтитын.
3:4. Жүніс ниневиліктерге уағыздау үшін ассирия тілін үйренген бе? Жүніс ассирия тілін білген болуы мүмкін немесе керемет түрде сол тілде сөйлеу қабілетіне ие болған шығар. Сондай-ақ оның еврей тіліндегі сөздерін басқа біреу аударып тұрған болуы да ықтимал. Егер соңғы тұжырым дұрыс болса, оның сөздері адамдардың ерекше әуестігін оятқан болар.
Біз үшін сабақ:
1:1—3. Патшалық туралы уағыздау мен шәкірт дайындау ісіне толықтай атсалыспау үшін әдейі басқа бір істерді жоспарлайтын адамның ниеті дұрыс емес. Мұндай адамның Құдай тапсырмасын орындаудан қашқаны.
1:1, 2; 3:10. Ехоба рақымын бір халыққа, нәсілге немесе қандай да бір топқа ғана көрсетпейді. “Жаратушының ізгілігі барлығымызға дарысын, және Оның кеңпейілділігі Оның барлық істерінде көрінеді” (Забур 144:9).
2:1; 2:11. Жүністің үш күн, үш түн бойы үлкен балықтың ішінде болғаны Исаның өліп, қайта тірілуін бейнелеген (Матай 12:39, 40; 16:21).
2:1; 2:11; 4:6. Ехоба Жүністі дауылды теңізден құтқарып қалған. Ол сондай-ақ “Жүніске саясы түсіп, оған әлдеқайда қолайлы болуы үшін бір бұтаны өсіріп шығарды”. Ехобаның бүгінгі қызметшілері Құдайларының сүйіспеншілікке толы мейірімділігімен өздерін сақтап, құтқарып қалатынына сенімді болуларына болады (Забур 12:6; 39:12).
2:2, 3, 10, 11. Ехоба қызметшілерінің дұғасын естиді және олардың жалбарынған үндеріне құлақ түреді (Забур 119:1; 129:1, 2).
3:8, 10. Шынайы Құдай ниневиліктерді “құртамын деген райынан қайтты”. Неге? Себебі олардың “жаман жолдарынан қайтқандарына көз жеткізді”. Сол сияқты бүгінде де күнәкарлар шын жүректен өкініш білдіре отырып, Құдайдың сотынан аман қала алады.
4:1—4. Құдайдың рақым көрсетуіне ешбір адам кедергі бола алмайды. Біз Ехобаның рақымдылығын айыптаудан абай болуымыз керек.
4:11. Ехоба Патшалық туралы хабардың дүниежүзі бойынша уағыздалуына шыдамдылықпен мүмкіндік беріп отыр, себебі ол бүгінде де 120 000 ниневиліктер сияқты “жақсы мен жаманды айыра алмайтын” адамдарға жаны ашиды. Біз де учаскелеріміздегі адамдарға жанашырлық таныта отырып, уағыздау ісі мен шәкірт дайындау ісіне құлшына атсалысуымыз керек емес пе? (Петірдің 2-хаты 3:9)
‘ОЛАРДЫҢ ТӨБЕСІ АРШЫЛАДЫ’
Миха Исраил мен Яһуданың күнәсін әшкерелейді, сондай-ақ олардың астаналарының қаңырап бос қалатынын және кейін қайтып қалпына келетінін айтады. Самария ‘ен даладағы үйіндіге айналады’. Пұтқа табынып кеткендіктен, Исраил мен Яһуда ‘түлеп’ қалады, немесе масқара болады. Олар тұтқынға кеткенде ‘түлеген бүркітше төбелері аршылады’. Мұнда төбесінде аз ғана мамық қылшықтары бар бүркіт жайлы айтылып тұрған болу керек. Ехоба: “Сені қайта жинаймын, Жақып”,— деп уәде етеді (Миха 1:6, 16; 2:12). Бұзылған басшылар мен адалдықтарын сақтамаған пайғамбардың кесірінен Иерусалим “қираған жұрттың үйіндісіне айналады”. Алайда Ехоба ‘[өз халқын] жинап’ алады. Ефратадағы Бетлехемнен “Исраилда әмірші болатын” біреу шығады (Миха 3:12; 4:12; 5:2).
Ехоба Исраилге әділетсіздік жасады ма? Оның талаптары тым қатал ма? Жоқ. Ехоба өз халқынан ‘әділеттен айнымауды, мейірімділік істерін жанына жақын тұтуды және Құдайының алдында құлшылығынан таймауды’ ғана өтінеді (Миха 6:8). Алайда Миханың замандастарының бұзылғаны сонша, “олардың ең тәуірі — шомырт тектес, әділі — тікенекті қоршаудан әрмен” еді, басқаша сөзбен айтқанда, жақын келген жанға олардың зияны тимей қоймайтын. Бірақ пайғамбар: “[Ехобадай] Құдай қайда бар?”— деп сұрайды. Құдай өз халқына тағы да рақымын көрсетіп, олардың ‘күллі күнәсін теңіздің тұңғиығына жібермекші’ (Миха 7:4, 18, 19).
Жазба орындарына қатысты сұрақтардың жауаптары:
2:12. “Исраилдың қалдығын сөзсіз қайта біріктіремін” деген сөздер қашан орындалды? Бұл сөздер алғаш рет б. з. б. 537 жылы яһуди тамтығы Бабыл тұтқынынан отандарына оралғанда орындалды. Біздің заманымызда бұл пайғамбарлық “Құдайдың рухани Исраил халқына” қатысты орындалды (Ғалаттықтарға 6:16). Ехоба майланған мәсіхшілерді 1919 жылдан бастап “қорадағы қойларды иіргендей ғып” жинай бастады. Әсіресе 1935 жылдан бастап ‘басқа қойлардан’ тұратын ‘өте үлкен тобырмен’ қосылғанда, ‘олардың көптігінен жер жаңғырды’ (Аян 7:9; Жохан 10:16). Олар біріге отырып шынайы ғибадатқа құлшына қолдау көрсетуде.
4:1—4. Қалайша Ехоба “соңғы күндері” “көптеген халықтарды сотқа тартып, алыс елдердегі талай тайпаларды әшкерелейді [“ұлы халықтардың мәселелерін жөнге келтіреді”, ЖД]”? “Көптеген халықтар” және “ұлы халықтар” деген сөздер белгілі бір халықтарды немесе саяси күштерді білдірмейді. Бұл сөздер Ехобаға ғибадат ету үшін барлық халықтардан шыққан жеке адамдарға қатысты айтылған. Ехоба рухани мағынада оларды сотқа тартып, мәселелерін жөнге келтіреді.
Біз үшін сабақ:
1:6, 9; 3:12; 5:2. Ассириялықтар Самария қаласын б. з. б. 740 жылы, Миханың көзі тірісінде, қиратты (Патшалықтар 4-жазба 17:5, 6). Олар Иерусалимге Езекия билік етіп отырған уақытта келді (Патшалықтар 4-жазба 18:13). Иерусалимді б. з. б. 607 жылы бабылдықтар талқандады (Шежірелер 2-жазба 36:19). Мәсіх, алдын ала айтылғандай, Ефратадағы Бетлехемде туылды (Матай 2:3—6). Ехобаның пайғамбарлық сөзі ешқашан орындалмай қалмайды.
2:1, 2. Құдайға қызмет етеміз деп жүріп, “ең бастысы, Оның Патшалығының қамын ойлап, Оның әділ еркін орындауға” емес, байлыққа ұмтылғанымыз өте қауіпті болар еді (Матай 6:33; Тімотеге 1-хат 6:9, 10).
3:1—3, 5. Ехоба өз халқының арасындағы жауапкершілігі бар адамдардан әділдікті күтеді.
3:4. Ехобаның дұғаларымызға жауап бергенін қаласақ, күнә жасай бермеуіміз керек немесе екіжүзділікпен өмір сүрмеуіміз керек.
3:8. Ізгі хабарды уағыздау міндетімізді, бұған Құдайдың үкімін жариялау да жатады, Ехобаның киелі рухының қолдауынсыз атқара алмаймыз.
5:5. Мәсіхке қатысты бұл пайғамбарлықтан Құдай халқына жаулары шабуыл жасағанда, олардың арасында жетекшілік ету үшін “жеті [толықтықты білдіреді] бақташы мен сегіз кінәз”, яғни қабілетті ер бауырластардың көптеп, шығатыны көрінеді.
5:7, 8. Бүгінде майланған мәсіхшілер “Жаратушы Иеден келген шық тамшысындай” көп адам үшін Құдайдың батасы болып табылады. Себебі ол Патшалық туралы хабарды тарату үшін майланған мәсіхшілерді қолданып отыр. ‘Басқа қойлар’ уағыз ісінде майланғандарды құлшына қолдау арқылы басқаларды рухани мағынада сергітуде (Жохан 10:16). Осы нағыз сергітерлік іске атсалысу — шынында да зор мәртебе!
6:3, 4. Біз Ехобаға еліктей отырып, тіпті мінезі ауыр немесе рухани әлсіз адамдардың өзіне қайырымдылықпен және жанашырлықпен қарауымыз керек.
7:7. Осы зұлым дүниенің соңында қиындықтарға кезіккенде, ұнжырғамыз түспесін. Қайта Миха сияқты ‘Құдайымызға үміт артайық’.
7:18, 19. Ехоба қателіктерімізді кешіруге дайын, біз де өзімізге қарсы күнә жасаған адамдарды кешіруге дайын болуымыз керек.
‘Жаратушы Құдай Иеміздің атымен жүре’ берейік
Құдайға және оның халқына қарсы шыққандар ‘тып-типыл құртылады’ (Абадия 10). Алайда Ехобаның ескертуіне құлақ асып, ‘теріс жолымыздан қайтатын’ болсақ, оның қаһарына ұшырамаймыз (Жүніс 3:10). “Соңғы күндері”, яғни осы “соңғы дәуірде” жалған діндердің бәрінен де асқақ шынайы ғибадатқа бойсұнғыш адамдар ағылуда (Миха 4:1; Тімотеге 2-хат 3:1). Олай болса, “мәңгі-бақи өзіміздің Жаратушы Құдай Иеміздің атымен” жүре берейік (Миха 4:5).
Абадия, Жүніс және Миха кітаптарындағы тәлім боларлық құнды ойлар неткен керемет! 2 500 жылдан астам уақыт бұрын жазылса да, бұл кітаптардағы хабар әлі күнге дейін “тірі, әсері де күшті” (Еврейлерге 4:12).
[15-беттегі сурет]
Обадия: ‘[Едом] тып-типыл құртылады’,— деп пайғамбарлық еткен
[17-беттегі сурет]
Миха ‘Құдайына үміт артқан’, бұл сенің де қолыңнан келеді
[18-беттегі сурет]
Уағыздау ісін зор мәртебе деп қарастыруымыз керек