Ішкі дауысыңа құлақ ас
“Өз табиғатынан заңды істер істегенде, олар [басқа ұлттар] Таурат заңдары болмағанмен, өздеріне өздері заң” (РИМДІКТЕРГЕ 2:14, сілтеме).
1, 2. а) Көп адам өзгелердің мүддесін ойлайтынын қалай көрсеткен? ә) Киелі кітапта бұған қатысты қандай мысалдар бар?
ПЛАТФОРМАДА тұрған 20 жасар жігіт қояншығы ұстап, теміржолға құлап түседі. Бұны көрген бір кісі екі қызын тастай сала, секіріп түсіп, әлгі жігітті теміржолдың арасына сүйреп, үстіне құлай кетеді. Осы кезде пойыз шиқылдап келіп, тура төбелеріне тоқтайды. Жұрт оны батыр дер еді, бірақ ол өзі: “Адам дұрыс нәрсені істеу керек. Мені бұлай етуге талпындырған — қайырымдылық; мен мұны атымды шығару үшін істеген жоқпын”,— дейді.
2 Сен де өзгелерге көмектесу үшін тәуекелге барған адамды білетін шығарсың. Мысалы, Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде көп адам өздеріне бейтаныс кісілерді жасырған. Мына жағдайды да есіңе алшы: Елші Пауыл мен 275 адам Сицилияның қасындағы Мальта аралына жақындағанда кеме апатына ұшырайды. Ал сол жердің тұрғындары танымаса да, оларға көмекке келіп, “әдеттен тыс адамгершілік” танытады (Елшілердің істері 27:27—28:2). Ал исраилдік қыз ше, ол өмірін қатерге тікпеген де болар, бірақ өзін тұтқынға әкеткен сириялық әскербасының қамын ойлаған еді ғой? (Патшалықтар 4-жазба 5:1—4) Исаның қайырымды самариялық туралы көпке танымал астарлы әңгімесі де есіңде болар: шала-жансар жатқан яһудидің қасынан дін қызметкері де, леуілік те қарамай өте шығады. Ал самариялық болса қолынан келгенше оған көмектеседі. Бұл әңгіме ғасырлар бойы мәдениеті әртүрлі көптеген адамдарды жақсылық істеуге талпындырып келеді (Лұқа 10:29—37).
3, 4. Кең тараған альтруизм эволюция теориясымен үйлесе ме?
3 Біз көп адам “қатыгез” әрі “жақсылықты жек көретін” ‘қиын-қыстау күндерде’ өмір сүріп жатырмыз (Тімотеге 2-хат 3:1—3). Сөйтсе де қайырымды адамдардың бар екенін көріп жүрміз, тіпті өзімізге де біреу қайырымдылық жасаған болар. Басын тәуекелге тігуге тура келсе де, адам басқаға көмектесуге бейім келетіндіктен, кейбіреулер мұны “адамгершілік” деп атайды.
4 Өзге дегенде өз мүддесін ысырып қою — барша ұлт пен барлық мәдениеттің адамдарына тән, әрі бұл “күштілер ғана аман қалады” дейтін эволюция теориясына қайшы келеді. Құрама Штаттардың мемлекеттік тапсырысы бойынша, адам геномын талдау жобасының жетекші генетигі Фрэнсис Коллинз: “Альтруизм [яғни адамдарға риясыз қызмет етіп, жеке мүддені құрбан ету] эволюционистер үшін үлкен проблема тудырады... Оны өзімшіл гендердің өмір сүруге деген құштарлығымен түсіндіре алмайсың”,— деді. Сондай-ақ ол былай деді: “Кейбіреулер өз тобынан бөлек әрі араларында ортақ ештеңе жоқ адамдар үшін өзін құрбан етіп жатады... Мұны Дарвиннің теориясымен түсіндіре алмайтын сияқтысың”.
“Ар-ұждан дауысы”
5. Әдетте адамның бойынан нені байқауға болады?
5 Доктор Коллинз альтруистік рухтың бір қырын көрсетіп: “Ар-ұждан дауысы бізді, қарымтасына ештеңе қайтарылмайтын болса да, өзгелерге көмектесуге талпындырады”a,— деді. Оның “ар-ұжданды” тілге тиек еткені елші Пауыл айтқан келесі жайтты еске салады: “Таурат заңы жоқ басқа ұлттар өз табиғатынан заңды істер істегенде, олар Таурат заңдары болмағанмен, өздеріне өздері заң. Осы арқылы олар Таурат заңының талаптарының өз жүректерінде жазулы екенін дәлелдейді. Бұған олардың ар-ұждандары куә, яғни оларды іштей қаралайтын немесе ақтайтын осы ұждандарынан туған ойлары куә” (Римдіктерге 2:14, сілтеме, 15).
6. Неге барлық адамдар Жаратушының алдында есеп береді?
6 Римдіктерге жазған хатында Пауыл адамдардың Құдай алдында есеп беретінін көрсеткен. Себебі оның бар екендігі және қасиеттері жаратылыстарынан көрінеді, әрі бұл “дүние жаратылғаннан бері” осылай болып келеді (Римдіктерге 1:18—20; Забур 18:2—5). Рас, көп адам Жаратушыны елемей, білгендерін істейді. Алайда Құдай адамзаттың Өзінің әділ нормаларын мойындап, жаман қылықтарына өкінгенін қалайды (Римдіктерге 1:22—2:6). Яһудилердің бұлай етуге салмақты себебі болған, өйткені оларға Мұса арқылы Таурат заңы берілді. Бірақ “Құдай сөзі” берілмеген халықтар да Оның бар екенін мойындаулары керек-тін (Римдіктерге 2:8—13; 3:2).
7, 8. Әділдік сезімі қаншалықты кең тараған және бұл не нәрсеге нұсқайды?
7 Адам атаулыны Құдайды мойындап, соған сай әрекет етуге талпындыратын қозғаушы күш — жаман мен жақсыны ажырата білу түйсігі. Әділдікті қалайтынымыз — ар-ұжданымыздың бар екендігінің дәлелі. Мынадай жайтты елестетіп көрші: балалар әткеншек тебу үшін өз кезегін күтіп тұр. Кенет бір бала ешкімге қарамай, алдына барып тұрады. Өзгелері: “Арамдық жасамасай!”— деп шу ете түседі. Енді өзің ойланып көрші: “Мұның әділдікке жатпайтынын балалар қалай біле қойды?” Олардың мұнысы — ішкі моральдық сезімдерінің көрінісі. Пауыл: “Таурат заңы жоқ басқа ұлттар өз табиғатынан заңды істер істегенде”,— деп жазды. Ол “егер істесе” деп емес, “істегенде” немесе “істеген кезде” деп жазған, осылайша басқа ұлттардың заңды істерді оқта-текте емес, жиі істейтініне нұсқаған. Басқаша айтқанда, адамдардың ‘табиғатынан заңды істер істеуін’ ішкі моральдық сезімдерінің оларды Құдай Сөзінде жазылған заңды оқымаса да, соған сай әрекет етуге талпындыруы деп түсінуіміз керек.
8 Мұндай сезім жер-жерлерде тұратын адамдарға тән. Кембридж университетінің бір профессорының айтуынша, Бабыл, Мысыр мен Грекия тұрғындарының, сондай-ақ Австралия аборигендері мен Америка үндістерінің адамгершілік нормаларына сай, “қиянатшылдық пен опасыздық, кісі өлтіру мен өтірік сөйлеу айыпталып, ал кәрі мен жасқа және әлсіздерге қайырымды болу талап етілетін”. Доктор Коллинз: “Дұрыс пен бұрысқа қатысты ұғым кез келген қоғамның мүшесіне танымал сияқты”,— деп жазған. Бұл Римдіктерге 2:14-тегі сөздерді есімізге салады емес пе?
Ар-ұжданымыз қалай жұмыс істейді?
9. Ар-ұждан деген не және бірдеңе істер алдында ол қалай көмектеседі?
9 Киелі кітаптан ар-ұжданның іс-әрекеттерімізді парықтап, іштей бағалай білу қабілеті екені көрінеді. Ол әрекетіміздің дұрыс не бұрыс екенін айтып отыратын бейне бір ішкі дауыс сияқты. Пауыл ішінде осындай дауыс бар екенін айтып: “Киелі Рухқа бағынған ар-ұжданым бұған куә”,— деген (Римдіктерге 9:1). Мысалы, бірдеңе істерде, әрекетіміздің дұрыс-бұрыстығын сол дауыс алдын ала “айтуы” мүмкін. Ар-ұжданымыз істегелі жатқан әрекетімізді таразылауға және оны істесек, не сезінетінімізді топшылауға көмектеседі.
10. Адамды ар-ұжданы жиі қай кезде мазалайды?
10 Ал көп жағдайда ар-ұжданымыз бізді бірдеңені істегеннен кейін мазалайды. Дәуіт Саул патшадан қашып жүргенде, Құдайдың майланған патшасының абыройын түсіретін бір нәрсе істеудің мүмкіндігі туып, соны пайдаланады. Бұдан кейін Дәуіт мұнысы үшін “ар-ұжданының алдында ұят сезінді” (Патшалықтар 1-жазба 24:2—6; Забур 31:3, 5). Бәріміздің де осылай бірдеңе істеп қойып, артынан “әттеген-ай” деп опық жеп, ар-ұжданымыздың азабына түскен кездеріміз болған. Кейбіреулер тиісті салықты төлемегендіктен ар-ұждандары мазалағаны сонша — берешектерін беріп, көңілдері жай тапқан. Өзге біреулер жарына жасаған опасыздығын мойындаған (Еврейлерге 13:4). Ал ар-ұжданының дауысына құлақ асқан адам қанағат пен жан тыныштығын сезінеді.
11. Неге ойланбастан ар-ұжданымыздың айтқанымен жүре беру қауіпті болуы мүмкін? Мысал келтір.
11 Олай болса, ойланбастан ар-ұжданымыздың айтқанымен жүре беруіміз керек пе? Әрине, оған құлақ асқан дұрыс, бірақ ол бізді қатты адастыруы да мүмкін. Иә, ішкі дауысымыз бізді жаңылдыруы мүмкін (Қорынттықтарға 2-хат 4:16). Бір мысалды қарастырып көрейік: Киелі кітапта Исаның “Құдайдың рақымы мен құдіретіне кенелген” Степан деген адал ізбасары туралы жазылған. Яһудилер оны Иерусалимнің сыртына шығарып, таспен атқылап өлтіреді. Сол жерде болған Саул (ол кейін елші Пауыл атанды) “Степанды өлтіруді қоштаған еді”. Сол яһудилер дұрыс істеп жатқандарына кәміл сенімді болса керек, сондықтан ар-ұждандары оларды мазаламаған. Бұған Саул да сенімді болғанға ұқсайды, өйткені бұдан кейін де ол “Иеміздің жолын қуушыларға қарсы өлтірем деген қоқан-лоқысы мен қаскөйлігін әлі де үдеткен” еді. Оның ар-ұжданы дұрыс бағыт бермегені айдан анық (Елшілердің істері 6:8; 7:57—8:1; 9:1).
12. Ар-ұжданымызға әсер ететін нәрселердің бірі не болуы мүмкін?
12 Саулдың ар-ұжданына не әсер еткен? Ондай нәрселердің бірі басқалармен тығыз қарым-қатынасы болуы мүмкін. Көпшілігіміздің телефонмен сөйлескенде, әкесі мен баласының дауысын айыра алмай қалған кезіміз болған шығар. Дауыс ырғағы балаға, қандай да бір шамада, қанмен беріледі, бірақ оған әкесінің сөйлеу мәнері әсер етуі де мүмкін. Сол сияқты, Саулға да Исаны жек көріп, оның тәлімдеріне қарсы болған яһудилермен тығыз араласқаны әсер еткен болса керек (Жохан 11:47—50; 18:14; Елшілердің істері 5:27, 28, 33). Иә, араласқан ортасы оның ішкі дауысына, ар-ұжданына, әсер еткенге ұқсайды.
13. Айналадағылар адамның ар-ұжданына қалай әсер етуі мүмкін?
13 Айналасындағылар адамның қандай акцентпен не диалектіде сөйлейтініне ықпал ететіні сияқты, оның ар-ұжданына тұрған жерінің мәдениеті не өскен ортасы да әсер етуі мүмкін (Матай 26:73). Ежелдегі ассириялықтардың жағдайында солай болғанға ұқсайды. Олар соғысқұмарлықтарымен танымал болған, ал тасқа салынған бедерлерінде тұтқындарын азаптап жатқандары бейнеленген (Нағұм 2:11, 12; 3:1). Жүністің заманындағы ниневиліктердің ‘жақсы мен жаманды айыра алмағаны’ айтылған. Басқаша айтқанда, олардың Құдай алдында ненің дұрыс, ненің бұрыс екендігіне қатысты тура бағыт-бағдары болмаған. Мұндай орта Ниневиде тұрған адамның ар-ұжданына әсер етпей қоймағаны сөзсіз (Жүніс 3:4, 5; 4:11). Бүгінде де адамның ар-ұжданына айналасындағылардың көзқарасы әсер етуі мүмкін.
Ішкі дауысты қалай жақсартуға болады?
14. Ар-ұжданымыздың бар болғаны Жаратылыс 1:27-гі сөздерді қалай растайды?
14 Ехоба Адам мен Хауаға ар-ұждан сыйлаған, біз оны солардан мұра еттік. Жаратылыс 1:27-де адамның Құдайға ұқсас етіп жаратылғаны айтылған. Бірақ мұны тура мағынада түсінбеу керек, өйткені Құдай — рух, ал біздің тәніміз бар. Құдай бізге сезімтал ар-ұжданнан тұратын моральдық сезіммен қоса, өзінің қасиеттерін дарытқан, біз оған осы мағынада ұқсаспыз. Бұдан ар-ұжданымызды жақсылап тәрбиелеп, оған сенім артуға болатындай етудің бір жолын көруге болады. Бұл — Жаратушы жайлы көбірек біліп, оған жақындай түсу.
15. Әкеміз жайлы білудің қандай пайдасы бар?
15 Киелі кітапта Ехобаның, қандай да бір мағынада, бәріміздің Әкеміз екені айтылған (Ишая 64:8). Мейлі, көкке баруға немесе жердегі жұмақта өмір сүруге үміттенсін, адал мәсіхшілердің бәрі де Құдайға Әке деп сиына алады (Матай 6:9). Біз Әкемізге бұрынғыдан да жақындай түсуді қалауымыз керек, сонда оның көзқарасы мен нормаларын терең түсінеміз (Жақып 4:8). Алайда көп адам бұлай еткісі келмейді. Мұндай адамдар Иса келесі сөздерді айтқан яһудилерге ұқсайды: “Сендер ешқашан Оның даусын естіп, бейнесін көрген емессіңдер. Оның сөзі де жүректеріңнен орын алған емес” (Жохан 5:37, 38). Біз де Құдайдың дауысын естіген жоқпыз, бірақ сөзін оқу арқылы оның ойын біле аламыз, осының арқасында оған ұқсап, сезіміміз де сонікідей болады.
16. Жүсіппен болған оқиғадан ар-ұжданымызды тәрбиелеу мен оған құлақ асуға қатысты не білеміз?
16 Бұл Потифардың үйінде болғанда, Жүсіптің бастан кешкен оқиғасынан көрінеді. Потифардың әйелі оны азғырмақ болады. Ол уақытта Киелі кітаптың бірде-бір кітабы әлі жазылмаған, Он өсиет те берілмеген еді, сөйтсе де Жүсіп: “Мен қалайша сондай ауыр қылмыс жасап, Құдайдың көз алдында күнәға батпақпын?!”— дейді (Жаратылыс 39:9). Ол үй-ішіндегілеріне ұнамды болу үшін бұлай жауап берген жоқ: олар жырақта тұратын. Жүсіп, ең алдымен, Құдайға ұнамды болғысы келген. Ол Құдайдың некеге қатысты нормасын білетін: бір еркектің бір ғана әйелі болып, екеуі “біртұтас” болады. Сондай-ақ ол Әбумәлік патша Рабиғаның күйеуі бар екенін біліп, оны алса, бұрыс әрекет етіп, халықты күнәға батыратынын түсінгенде, оның не сезінгенін естіген болу керек. Сол жағдайда Ехоба батасын беріп, азғындыққа қатысты көзқарасын білдірген еді. Осындай оқиғаларды білгені Жүсіптің мұра еткен ар-ұжданының ескертуі дұрыс екеніне көзін жеткізе түсіп, азғындықтан аулақ жүруге талпындырғанға ұқсайды (Жаратылыс 2:24; 12:17—19; 20:1—18; 26:7—14).
17. Әкемізге ұқсауға қатысты неге біз Жүсіпке қарағанда, ұтымды жағдайдамыз?
17 Әрине, Жүсіпке қарағанда, біз ұтымды жағдайдамыз, өйткені бізде толық Киелі кітап бар. Біз одан көктегі Әкеміздің ой қалпы мен сезімін, нені мақұлдап, ал неге тыйым салатынын білеміз. Жазбаларды терең түсінген сайын, Құдайға бұрынғыдан да жақындап, оған ұқсай түсеміз. Осылай етсек, ар-ұжданымыздың дауысы Құдайдың ой қалпымен сәйкестене түсуі әбден мүмкін, яғни ол барған сайын Құдайдың еркімен үйлесе түседі (Ефестіктерге 5:1—5).
18. Бұрын ар-ұжданымызға не әсер еткеніне қарамастан, қалайша оны сенім артуға болатындай ете аламыз?
18 Ал ар-ұжданымызға әсер ететін орта жайлы не деуге болады? Біздің ой қалпымызға туысқандарымыз бен өскен ортамыздағы адамдардың ой қалпы мен әрекеттері әсер еткен болуы мүмкін. Осылай ар-ұжданымыздың дауысы булығып шығуы немесе анық естілмеуі, яки айналамыздағылардың “акцентінде” сөйлеуі мүмкін. Рас, біз өткенімізді өзгерте алмаймыз, бірақ ар-ұжданымызға жақсы әсер ететін адамдармен араласып, жақсы ортада жүруді таңдай аламыз. Бұл үшін ұзақ уақыттан бері көктегі Әкелеріне еліктеуге тырысып келе жатқан адал мәсіхшілермен үнемі араласқанның маңызы зор. Қауым кездесулерінің алдында және олардан кейін бауырластармен әңгімелесудің керемет мүмкіндігі туады. Сол кезде олардың Киелі кітапта жазылғандарға сай ойлап, соған сай әрекет ететінін және Құдайдың көзқарасы мен жолдары көрініс табатын ар-ұждандарына құлақ асуға дайын екендерін байқаймыз. Нәтижесінде, біз де өз ар-ұжданымызды Киелі кітап принциптеріне сай тәрбиелеп, Құдайға жақсырақ еліктейтін боламыз. Ішкі дауысымызды Әкеміздің принциптеріне сай үндестіретін және бауырластарымыздың жақсы үлгісіне еліктейтін болсақ, оған қорықпай сенім артып, айтқандарына құлақ асуға әлдеқайда бейім боламыз (Ишая 30:21).
19. Ар-ұжданға қатысты тағы қандай жайттарды қарастырған жөн?
19 Дегенмен де кейбіреулерге үнемі ар-ұждандарының айтқанымен жүру оңай емес. Келесі мақалада мәсіхшілер кезіккен кейбір жағдайларды қарастырамыз. Оларды қарастыра отырып, ар-ұжданның рөлін, неге ол әртүрлі болуы мүмкін екенін, сондай-ақ неге барған сайын оның айтқанымен жүруіміз керектігін анығырақ көреміз (Еврейлерге 6:11, 12).
[Сілтеме]
a Ал Гарвард университетінің астрономия ғылымының профессоры Оуэн Гингрич былай деп жазды: “Альтруизм ...жануарлар әлемін бақылау арқылы ғылыми тұрғыдан жауап беру мүмкін емес сұрақ тудырады. Оның сенімді жауабы мүлдем басқа жерде, әрі ол ар-ұждан да кіретін Құдай дарытқан адамгершілік қасиетімен байланысты”.
Не білдіңдер?
• Неге мәдениетіне қарамай, барлық адамда жақсы мен жаманды ажырату қабілеті, немесе ар-ұждан, бар?
• Неге ойланбастан ар-ұжданымыздың айтқанымен жүре беруден сақ болуымыз керек?
• Ішкі дауысымызды жақсартудың кейбір жолдары қандай?
[13-беттегі суреттер]
Дәуітті ар-ұжданы мазалаған...
ал тарстық Саулдың жағдайында бұлай болмады
[14-беттегі сурет]
Біз ар-ұжданымызды тәрбиелей аламыз