Құдайдың еркіне сай өмір сүруге ұмтыл
“Мәсіхтің бәрі үшін өлгендігінің мақсаты — жаңа өмірге ие болғандардың енді тек өздері үшін емес, қайта, Оған бағышталып өмір сүрулері!” (ҚОРЫНТТЫҚТАРҒА 2-ХАТ 5:15)
1. Бір миссионердің қызметінде болған оқиғаны айтып беріңдер.
“АФРИКАНЫҢ жырақтағы бір ауылына азаматтық соғыстан кейін ең алғаш әскери емес көлікпен кірген біз болдық,— деп есіне алды Аронa есімді миссионер.— Ондағы шағын қауыммен байланыс үзіліп қалғандықтан, біз оларға көмек көрсетуіміз керек еді. Ас-су, киім-кешек және Киелі кітапқа негізделген әдебиеттермен қоса, біз “Танысыңыздар, Ехоба куәгерлері ұйымы”b бейнетаспасын ала келдік. Оны көруге бейнемагнитофон мен теледидар қойылған шөптен жасалған үлкен “театрға” адамдардың көп келгені сонша — бейнефильмді екі рет көрсетуге тура келді. Нәтижесінде, көп адам Киелі кітапты зерттеу сабағын бастады. Біз еңбегіміздің жемісін көрдік”.
2. а) Неге мәсіхшілер Құдайға қызмет ету үшін өмір сүруге бел буған? ә) Қазір қандай сұрақтарды қарастырамыз?
2 Неге Арон мен жолдастары осындай қиын іске барды? Өйткені олар Иса Мәсіхтің төлем құрбандығына ризашылық білдіргендіктен, Құдайға бағышталған, сондай-ақ Оның еркіне сай өмір сүруді қалайды. Сол сияқты, Құдайға бағышталған мәсіхшілердің бәрі де ‘тек өздері үшін өмір сүрмей’, ‘Ізгі хабардың таралуына’ қолдан келгенше үлес қосуға бел буған (Қорынттықтарға 2-хат 5:15; Қорынттықтарға 1-хат 9:23). Олар осы дүниенің соңы келгенде, ақша мен атақ-даңқтың ешқандай құны болмайтынын біледі. Сондықтан денсаулықтарының қандай екеніне қарамай, өмірлерін Құдайға қызмет етуге арнағылары келеді (Екклесиаст 12:1). Мұны қалай істеуге болады? Бұған қажетті батылдық пен күш-қуатты қайдан алуға болады? Құдайға қызмет етудің қандай мүмкіндіктері бар?
Алға басу үшін қадамдар жаса
3. Құдайдың еркін орындауға қандай негізгі қадамдарды жасау кіреді?
3 Шынайы мәсіхшілер үшін Құдайдың еркін орындау — өмірлік іс. Ол әдетте Киелі кітапты күнделікті оқу, теократиялық қызмет мектебіне жазылу, уағыздау ісіне қатысу мен шомылдыру рәсімінен өту сияқты негізгі қадамдардан басталады. Біз елші Пауылдың: “Осыларды орындап, өзіңді соған арна; бәрі де бұдан сенің алға басуыңды көре алсын”,— деген сөздерін есте ұстаймыз (Тімотеге 1-хат 4:15). Біздің алға басуымыздың мақсаты — өз даңқымызды шығару емес, риясыздықпен Құдайдың еркін орындау. Алға басуға бел буғанымыз өміріміздің барлық саласында Құдайдың қадамымызды бағыттауына жол беретінімізді көрсетеді, ал біз бұны ешқашан ол сияқты істей алмас едік (Забур 31:8).
4. Орынсыз қорқыныштан қалай арылуға болады?
4 Алайда тартыншақтық немесе өзіміз жайлы тым көп ойлау қызметте алға басуға кедергі болуы мүмкін (Екклесиаст 11:4). Сондықтан Құдайға және өзгелерге қызмет етуден нағыз қуаныш алу үшін алдымен бойымыздағы қорқынышты жеңе білуіміз қажет. Мысалы, Эрик өзге тілде сөйлейтін қауымда қызмет еткісі келетін. Бірақ ол: “Қауымдағылармен тіл табысып кетемін бе? Мен оларға, олар маған ұнай ма?”— деп уайымдайтын. Кейінірек Эрик былай деді: “Ақырында, мен өзімнен гөрі бауырластарымды көбірек ойлауым керектігін түсіндім. Мен көп уайымдай бергенше, риясыздықпен қолымнан келгенді істеуге бел будым. Сөйтіп, дұғада көмек сұрадым да, әрекетке кірістім. Қазір сол жерде қуана қызмет етіп жүрмін” (Римдіктерге 4:20). Иә, Құдайға және басқаларға қаншалықты риясыз қызмет етсек, соншалықты қуаныш пен қанағатқа бөленеміз.
5. Неге Құдай еркін орындауда алға басу үшін істерімізді жақсылап жоспарлай білу керек? Мысал келтіріңдер.
5 Істерімізді жақсылап жоспарлай білу де Құдай еркін орындауда алға басуға көмектеседі. Біз қарызға батудан абай болғанымыз жөн, әйтпесе осы дүниенің құлы болып, Құдайдың ісіне уақытымыз аз қалады. Киелі кітап бізге: “Қарыздар қарыз бергеннің құлы болар”,— деп ескертеді (Нақыл сөздер 22:7). Ехобаға сенім артқанымыз және рухани істерді бірінші орынға қойғанымыз әр нәрсені өз орнына қоя білуге көмектеседі. Мысалы, Гуомин әпкесі, қарындасы және анасымен бірге баспана қымбат әрі тұрақты жұмыс табу қиын жерде тұрады. Бірі жұмыссыз қалса да, олар қаржыны үнемдеп жұмсаудың және шығынды бірге көтерісудің арқасында қажетті нәрселерден тапшылық көрмейді. “Кейде жалақыны біріміз алсақ, біріміз алмай қаламыз. Соған қарамастан ізашарлық қызметімізді жалғастырып, анамыздың да қамын жасай аламыз. Анамыз үлде мен бүлдеге оранып отыру үшін біздің рухани істерді құрбан еткенімізді қаламайтынына дән ризамыз”,— дейді Гуомин (Қорынттықтарға 2-хат 12:14; Еврейлерге 13:5).
6. Өмірімізді Құдай еркіне сай етіп өзгерте алатынымыз қандай мысалдан көрінеді?
6 Қаржы мәселесі не басқа нәрсе болсын, осы дүниелік істерге басымен кіріп кеткен адамға Құдайдың еркін бірінші орынға қою үшін көп өзгеріс жасау керек болады. Оның әп-сәтте өзгеруі мүмкін емес, бірақ алғашқыда күресу қиынға соқса да, бұл оның әлсіздігін жеңе алмайды дегенді білдірмейді. Мысалы, Коичи көңіл көтеруге тым көп уақыт бөлетін. Ол жасөспірім кезінде Киелі кітапты зерттейді, бірақ кейін өмірінің көп жылын бейнеойындарға сарп етеді. Бірде ол өзіне: “Мен осы не істеп жүрмін? Жасым болса 30-дан асты, бірақ өмірімде мағыналы ештеңе істеп жүрген жоқпын”,— дейді. Коичи Киелі кітапты зерттеуді қайта қолға алып, қауымның ұсынған көмегін қабыл алады. Өзгерістер жасау біраз уақытты алса да, ол берілген жоқ. Көп дұға етудің және бауырластардың сүйіспеншілікпен көрсеткен қолдауының арқасында ой-санасын жаулап алған әдетінен құтылды (Лұқа 11:9). Коичи қазір қызмет көмекшісі, әрі өзін бақытты сезінеді.
Байсалды болуды үйрен
7. Құдайдың ісін атқарғанда, неге байсалды болғанымыз жөн?
7 Құдайдың еркіне сай өмір сүру үшін жанаяр не жалқау болмай, жан-тәнімізбен күш салуымыз керек (Еврейлерге 6:11, 12). Әйтсе де Ехоба өзімізді тәндік, ой және эмоциялық жағынан қажытып жібергенімізді қаламайды. Құдайдың ісін өз күшімізбен істей алмайтынымызды кішіпейілділікпен мойындау арқылы оны дәріптейміз және байсалды екенімізді көрсетеміз (Петірдің 1-хаты 4:11). Ехоба өз еркін орындауға қажетті күш беруді уәде етеді. Бірақ ол талап етпесе де, шамамыз келмейтінді істеуге тырысып, өзімізді зорықтырмауымыз керек (Қорынттықтарға 2-хат 4:7). Қалжырап қалмай қызметімізді атқара беру үшін, күш-қуатымызды даналықпен жұмсайық.
8. Ехобаға да, осы дүниеге де барын беруге тырысқан бір жас мәсіхші қандай күйге ұшырады және ол қандай өзгеріс жасады?
8 Мысалы, Шығыс Азияның бір елінде тұратын Жи Хе ізашар бола жүріп, екі жыл бойы көп күш салуды талап ететін жұмыста істейді. “Мен Ехобаға да, осы дүниеге де барымды беруге тырыстым,— дейді ол, — бірақ бар-жоғы бес-ақ сағат ұйықтайтынмын. Ақырында, миым шаршап, рухани нәрселерді ойлай алмай қалдым, ал қызметтен аз қуаныш алатын болдым”. Содан ол Ехобаға ‘шын жүректен, бүкіл жан дүниесімен, барлық ақыл-ойымен, бар күш-қуатымен’ қызмет ету үшін жеңілдеу жұмыс іздестіреді (Марқа 12:30). “Отбасымның көп табыс табуға қысым жасағанына қарамастан, мен Құдай еркін басты орынға қоюға ұмтылдым,— дейді Жи Хе. — Қазір тауып жүрген қаражатым да оңды киім-кешек сияқты ең қажетті нәрселеріме жетеді. Ал ұйқыны қандырғанға не жетсін! Қазір қызметімнен қуаныш алып, рухани жағынан да нығайып қалдым. Өйткені осы дүниенің жылтырағы мен көңілді алаңдататын нәрселеріне бұрынғыдай уақытым жоқ” (Екклесиаст 4:6; Матай 6:24, 28—30).
9. Қолымыздан келгенше қызметке қатысқанымыздың нәтижесі қандай болуы мүмкін?
9 Толық уақытты қызмет етуге бәрінің жағдайы келе бермейді. Егер кәрілік, нашар денсаулық не басқа да нәрселердің кесірінен мүмкіндігің шектеулі болса, Ехоба адалдығың мен шын жүректен атқарған қызметіңді бағалайтынын есіңде сақта (Лұқа 21:2, 3). Қызметке салған күшіміздің, тіпті аз болса да, зая кетпейтінін ұмытпайық. Мысалы, біз бірнеше үйге соғып, бірақ ешкім ізгі хабарға қызығушылық танытпағандай көрінетін шығар. Біз кеткеннен кейін үй иелері, тіпті есігін ашпағандары да, біздің келгеніміз жайлы сағаттап не бірнеше күн бойы айтып жүруі мүмкін. Ізгі хабарды жұрттың бәрі бірдей қабылдайды деп күтпейміз, бірақ оған құлақ асатындар да болады (Матай 13:19—23). Кейбіреулер дүниеде не өмірлерінде қандай да бір өзгерістер болғанда, шындыққа көңіл қоюы мүмкін. Қалай болған күнде де, уағызға қолымыздан келгенше атсалысуымызбен Құдайдың ісін атқарамыз. Өйткені біз ‘Құдаймен бірге еңбектенеміз’ (Қорынттықтарға 1-хат 3:9).
10. Қауым мүшелерінің бәрінде қандай мүмкіндік бар?
10 Бұған қоса, бәріміз де үй ішіндегілерге және бауырластарға көмектесе аламыз (Ғалаттықтарға 6:10). Біз басқаларға терең әрі ұмытылмас әсер қалдыруымыз мүмкін (Екклесиаст 11:1, 6). Ақсақалдар мен қызмет көмекшілерінің өз міндеттерін ыждағатпен атқарғаны қауымның рухани мықты әрі тұрақты болуына септігін тигізеді, сонда қауымның қызметі де жандана түседі. ‘Иеміздің ісін әрдайым молынан істейтін болсақ’, ‘еңбегіміздің бекер еместігіне’ сенімді боламыз (Қорынттықтарға 1-хат 15:58).
Құдай еркін орындауды өмірлік жолың ет
11. Өз қауымымыздан басқа, қызмет етудің тағы қандай мүмкіндіктері бар?
11 Біз өмірді сүйеміз және не істесек те, Құдайды дәріптегіміз келеді (Қорынттықтарға 1-хат 10:31). Патшалық туралы ізгі хабарды тарату және басқаларды Исаның өсиет еткендерінің бәрін ұстануға үйрету ісіне адалдықпен атсалыссақ, қызмет етудің қуаныш әкелетін көп мүмкіндігі туады (Матай 24:14; 28:19, 20). Өз қауымымызда ғана емес, қажеттілік бар жерде — мысалы өзге аймақта, өзге тілде сөйлейтін қауымда не басқа елде — қызмет етуге мүмкіндігіміз бар шығар. Талаптарға сай келетін үйленбеген ақсақалдар мен қызмет көмекшілері Қызметті жетілдіру мектебінде тәлім алып, өз еліндегі немесе өзге елдегі толысқан бауырластардың көмегі қажет қауымдарда қызмет ете алады. Ал талаптарға сай келетін толық уақытты қызметтегі ерлі-зайыптылар Ғалақад мектебінде оқып, басқа елде қызмет ете алатын шығар. Сонымен қатар Бетелде әртүрлі жұмыстар атқаратын, сондай-ақ филиалдар, кездесулер өтетін ғимараттар соғатын және оларды күтіп ұстайтын ерікті қызметшілер барлық уақытта қажет.
12, 13. а) Қызмет түрін таңдауға не көмектеседі? ә) Қызметтің бір түрінде жинақтаған тәжірибенің басқа қызметте пайдасы тиетінін көрсететін мысал келтіріңдер.
12 Ал сен қызметтің қай түрін таңдайсың? Ехобаның бағышталған қызметшісі болғандықтан, басшылықты әрдайым оның өзінен және ұйымынан ізде. Оның ‘игілікті Рухы’ дұрыс шешім қабылдауыңа көмектеседі (Нехемия 9:20). Қызметтің бір түрі жиі басқасына жол ашады, сондай-ақ қызметтің бір түрінде жинақтаған тәжірибе мен қабілет екіншісінде пайдаға асуы мүмкін.
13 Мысалы, Деннис пен әйелі Дженни Патшалық сарайларын соғуға үнемі атсалысып тұрады. Олар Құрама Штаттарының оңтүстігінде болған Катрина дауылынан зардап шеккендерге ерікті қызметшілер ретінде көмектескен еді. Деннис былай деп мәлімдеді: “Патшалық сарайларын соғып жүргенде үйренгендерімізді бауырластардың игілігіне қолданып, зор қуанышқа бөленіп жатырмыз. Көмек көрсетілген адамдардың ризашылықтары жан тебірентеді. Көмектесуге келген басқа топтардың көбінің ісі өніп жатқан жоқ. Ал Ехоба куәгерлері 5 300-ден астам үй мен көптеген Патшалық сарайын жөндеп не қайта соғып үлгерді. Бұл адамдардың назарынан тыс қалып жатқан жоқ, енді олар ізгі хабарға көбірек құлақ асуда”.
14. Толық уақыт қызмет еткің келсе, не істеуіңе болады?
14 Толық уақытты қызметті өмірлік жолың ете аласың ба? Осылайша Құдайдың еркіне сай өмір сүруге ұмтылсаң, мол батаға кенелетінің шүбәсіз. Қазір бұған жағдайың келмесе, бәлкім, қандай да бір өзгеріс жасай алатын шығарсың. Маңызды бір істі атқаруды қатты қалаған Нехемия сияқты: “О, Ехоба, өтінем... қызметшіңнің ісін оңғара гөр”,— деп дұға ет (Нехемия 1:11, ЖД). Сосын, ‘дұғаны естуші’ Құдайға сенім арта отырып, өтінішіңе сай әрекет жаса (Забур 64:3). Сонымен, көбірек қызмет ету үшін алдымен әрекет жаса, сонда Ехоба оған батасын береді. Ал толық уақытты қызмет етуді шешсең, бұл шешіміңнен айныма. Уақыт өте келе тәжірибең де, қуанышың да арта түседі.
Шынымен мағыналы өмір
15. а) Құдайға ұзақ уақыт қызмет етіп жүрген бауырластардың өмірбаянын оқудың және олармен әңгімелесудің қандай пайдасы бар? ә) Сені кімнің өмірбаяны жігерлендірді?
15 Құдайдың еркіне сай өмір сүруге ұмтылсаң, қандай баталар күтуіңе болады? Ехобаға ұзақ уақыт қызмет етіп келе жатқан, әсіресе көп жыл толық уақытты қызмет атқарған, бауырластармен әңгімелес. Олардың өмірі нағыз мән-мағынаға толы! (Нақыл сөздер 10:22) Олар Ехобаның әрқашан, тіпті қиын жағдайда да қажеттерін артығымен қамтамасыз етіп отырғанын айтып береді (Філіпіліктерге 4:11—13). Соңғы онжылдықтарда “Күзет мұнарасында”c жүздеген мәсіхшілердің өмірбаяны басылды. Олардың құлшыныстары мен қуаныштары Елшілердің істері кітабында жазылған мәсіхшілердің рухын есімізге салады. Олардың қалай өмір сүргені бізді: “Мен де дәл осылай өмір сүргім келеді!”— деп айтуға талпындырады.
16. Мәсіхшінің өмірін мағыналы да бақытты ететін не?
16 Жоғарыда айтылып кеткен Арон былай деп есіне алады: “Мен Африкада өмірдің мағынасын іздеп, ел кезіп жүрген жастарды жиі кездестіретінмін. Бірақ басым көпшілігі оны сол күйі таба алмады. Ал біз таптық, өйткені Патшалық туралы ізгі хабарды жариялау арқылы Құдайдың еркіне сай өмір сүруге ұмтылдық; нәтижесінде, өміріміз мағыналы да қызықты болды. Алғаннан гөрі берген бақытты екеніне біздің көзіміз жетті” (Елшілердің істері 20:35).
17. Неге бүгінде Құдайдың еркіне сай өмір сүруге ұмтылуымыз қажет?
17 Ал сен туралы не деуге болады? Қандай мақсаттарға ұмтылып жүрсің? Егер нақты рухани мақсаттарың болмаса, уақытың мен күшіңді басқа нәрселер алып қояды. Бағалы өміріңді осы дүниедегі маңызды болып көрінетін нәрселерге жұмсаудың қажеті не? Жуырда, ‘ауыр азап’ басталғанда, байлық пен осы дүниелік атақ-даңқтың еш пайдасы болмайды. Ең маңыздысы — Ехобамен қарым-қатынасымыз болмақ. Сонда Құдайға және басқаларға қызмет еткеніміз, сондай-ақ өмірімізде Құдайдың еркіне сай өмір сүруге ұмтылғанымыз үшін қалайша қуанамыз десеңші! (Матай 24:21, сілтеме; Аян 7:14, 15)
[Сілтемелер]
a Кейбір есімдер өзгертілген.
b Ехоба куәгерлері шығарған.
c Орыс тіліндегі “Күзет мұнарасынан” көптеген мәсіхшілердің өмірбаянын оқуға болады.
Жауап бере аласыңдар ма?
• Ехоба біздің қызметімізге қалай қарайды?
• Қалай нақты қадамдар жасау және байсалды болу Құдай мен өзгелерге қызмет етуге көмектеседі?
• Қызмет етудің қандай мүмкіндіктері бар?
• Қалай бүгінде шынымен мағыналы өмір кеше аламыз?
[26-беттегі суреттер]
Құдайға қызмет етудің көп мүмкіндігі бар