Ехоба әділдікті сүйеді
‘Мен [Ехоба] әділдікті сүйемін’ (ИШАЯ 61:8).
1, 2. а) “Әділдік” және “әділетсіздік” деген не? ә) Киелі кітаптан Ехоба мен оның әділдікке қатысты көзқарасы жайлы не білеміз?
ӘДІЛДІК “ешкімді алаламауды, шыншыл болуды және құлықтылық нормаларына сай әрекет етуді” білдіреді. Ал әділетсіздікке турашыл болмау, өзгелерді алалау, зұлым болу және жазықсыз адамдарға қиянат жасау жатады.
2 Шамамен 3 500 жыл бұрын Мұса Әлемнің Әміршісі Ехоба жайлы: “Оның салған барша жолы әділ; Құдай аса сенімді, және де Онда жалғандық [“әділетсіздік”, ЖД] атаулы болмайды”,— деп жазған болатын (Заңды қайталау 32:4). Жеті ғасырдан астам уақыт өткен соң, Құдай Ишая пайғамбарға келесі сөздерді жаздырды: ‘Мен [Ехоба] әділдікті сүйемін’ (Ишая 61:8). Ал бірінші ғасырда Пауыл: “Құдайдың әділетсіз болғаны ма? Жоқ, мүлдем олай емес!”— деген болатын (Римдіктерге 9:14). Пауылдың замандасы Петір былай деген: ‘Құдай адамның бет-жүзіне қарамайды. Ол әр ұлттың Өзін қастерлеп, әділетке сай әрекет ететіндерін қабылдайды’ (Елшілердің істері 10:34, 35). Иә, Ехоба “әділеттілікті ұнатады” (Забур 32:5; Малахи 3:6).
Әділетсіздіктің кең етек алуы
3. Әділетсіздік жер бетінде алғаш рет қалай орын алды?
3 Бүгінде әділетсіздік кең тараған. Біз онымен кез-келген жерде — жұмыс орнында, мектепте, мемлекет қызметкерлерімен қарым-қатынас жасағанда, тіпті отбасында да — кезігуіміз мүмкін. Әрине, әділетсіздік адамзат қоғамында енді ғана орын алып отырған жоқ. Ол алғашқы адамзат жұбы Құдайға қарсы бүлік шығарғанда бастау алған болатын. Оларды осындай заңсыздық жасауға бүлікшіл рухани тұлға Шайтан Ібіліс итермелеген еді. Адам мен Хауаның және Шайтанның Ехобаның берген керемет сыйы — ерік бостандығын теріс қолданғаны әділетсіздік болғаны сөзсіз. Олардың бұрыс әрекеттерінің нәтижесінде бүкіл адамзат ауыр қасірет шегіп, өлетін болды (Жаратылыс 3:1—6; Римдіктерге 5:12; Еврейлерге 2:14).
4. Әділетсіздік қашаннан бері адамзат қоғамының бір бөлігі болып келеді?
4 Едемде бүлік шыққан уақыттан бері шамамен 6 000 жыл бойы әділетсіздік адамзат қоғамының бір бөлігі болып келеді. Бұған таңғалмасақ та болады, өйткені Шайтан — осы дүниенің тәңірі (Қорынттықтарға 2-хат 4:4). Ол — өтірікші және өтіріктің бастауы, Ехобаға жала жабушы әрі оның қарсыласы (Жохан 8:44). Шайтан ғасырлар бойы сорақы әділетсіздік жасап келеді. Мысалы, Нұхтың күндерін алайық. Құдай ‘жер бетінде адамдар жасаған зұлымдықтың тым зор екенін’ және олардың ‘жүрек қалаулары бойынша істегендерінің бәрі де жауыздыққа толы’ екенін көрді. Топан судың алдында зұлымдықтың осыншама тарауына қандай да бір шамада Шайтан ықпал еткен болатын (Жаратылыс 6:5). Исаның күнінде де жағдай осындай еді. Ол: “Әр күннің қиыншылығы өзіне жетерлік”,— дегенде, әділетсіздік жайлы да айтқан болатын (Матай 6:34). Киелі кітапта: ‘Қазірге дейін бүкіл жаратылыс толғақ азабы секілді бейнет шегіп, ыңқылдай күрсініп жатыр’,— деп тура айтылған (Римдіктерге 8:22).
5. Неге біздің заманымызда әділетсіздік соншалықты кең тараған?
5 Байқағанымыздай, адамзат тарихы басталғалы адамдар сорақы әділетсіздіктің қайғылы зардабын тартып келеді. Ал қазір жағдай ушыға түсті. Не себепті? Өйткені ондаған жылдар бойы “соңғы дәуірде” өмір сүріп жатқан құдайсыз адамзат осы дүниенің соңы жақындаған сайын ауырлай түскен “қиын-қыстау күндерді” бастан кешіруде. Киелі кітапта адамзат тарихының осы кезеңінде адамдардың “өзімшіл, ақшақұмар, мақтаншақ, тәкаппар, өсекшіл... алғысты білмейтін, қасиеттіні танымайтын, ешкімді сүймейтін, ымыраға келмейтін, жалақор, ұстамсыз, қатыгез, жақсылықты жек көретін, опасыз сатқын, ақылсыз қызба, кеуде көтерген” болатыны алдын ала айтылған (Тімотеге 2-хат 3:1—5). Адамдардың осындай мінез-құлық танытуы небір әділетсіздіктің себебі болып табылады.
6, 7. Бүгінде адамзат қандай сорақы әділетсіздіктен жапа шегуде?
6 Соңғы ғасырда әділетсіздік бұрын-соңды болмаған дәрежеде етек алды. Бұның бір себебі — бұл ғасырда адамзат соғыстан көз ашпады деуге болады. Мысалы, тарихшылардың айтуынша, Екінші дүниежүзілік соғыстың өзінде 50—60 миллионға жуық адам қаза болды. Олардың басым көпшілігі қарапайым тұрғындар — еш жазығы жоқ ерлер мен әйелдер және балалар — еді. Соғыс аяқталғаннан кейін де миллиондаған адам әртүрлі қақтығыстарда өмірлерінен айырылды. Олардың басым көпшілігі тағы да бейкүнә адамдар болды. Осындай сорақы әділетсіздікке Шайтан түрткі болып отыр, өйткені ол Ехобаның жақында өзін біржолата жеңетінін білгендіктен өте ашулы. Киелі кітап пайғамбарлығында былай делінген: “Әзәзіл төменге, сендердің қастарыңа түсті. Ол өз уақытының аз қалғанын білгендіктен қатты ашулы” (Аян 12:12).
7 Бүгінде дүниежүзі бойынша әскерге жыл сайын триллион долларға жуық қаржы жұмсалады. Күнкөріске қажет нәрселерге мұқтаж жүздеген миллион адам жайлы ойланып көрейікші. Осындай қаржының бейбіт мақсаттарға жұмсалғаны зор игілік әкелмес пе еді?! Бір миллиардтай адам тамаққа жарымай жүргенде, басқалары молшылықта өмір сүруде. БҰҰ-ның мәлімдеуінше, жыл сайын 5 миллионға жуық бала аштықтың салдарынан көз жұмады екен. Неткен әділетсіздік! Түсік жасатудың кесірінен де қаншама бейкүнә нәрестелер өліп кетіп жатыр. Дүниежүзі бойынша олардың саны жылына 40—60 миллионға жетеді. Бұл барып тұрған әділетсіздік емес пе?!
8. Жер бетінде нағыз әділдікті кім ғана орната алады?
8 Бүгінде басшылар көкейкесті мәселелердің шешімін таба алмай жатыр. Олар қанша тырысқанымен жағдайды ешқашан жақсарта алмайды. Құдай Сөзінде біздің күнімізде ‘қара ниеттілер мен алаяқтардың бұрынғыдан бетер жамандық жасап, өздері де алданып, өзгелерді де алдай беретіні’ алдын ала айтылған (Тімотеге 2-хат 3:13). Әділетсіздіктің күнделікті өміріміздің ажырамас бөлігі болып кеткені сонша — адамдар оны өз бетінше жоя алмайды. Мұны әділдіктің Құдайы ғана істей алады. Сол ғана Шайтанды, оның жын-перілері мен зұлым адамдарды жоя алады (Еремия 10:23, 24).
Түсінуге болатын мазасыздық
9, 10. Неге Асафтың ұнжырғасы түсті?
9 Тіпті ежелде Киелі кітап жазушыларының кейбірін “Құдай неге адамзат ісіне араласып, нағыз әділдік орнатпады?” деген сұрақ мазалаған. Қазір сондай адамдардың бір мысалын қарастырайық. 72-ші Забур жырының кіріспесінде Асаф деген есімді оқимыз. Бұл есім Дәуіт патша тұсында қызмет еткен әйгілі леуілік музыкантқа не Асафтың әулетінен шыққан музыканттарға нұсқайды. Асаф пен оның ұрпақтары көптеген жырлар жазып, оларды халық Құдайға ғибадат еткенде айтатын. Әйтсе де осы забур жыршысының рухани әлсіреген кезі болған. Зұлымдардың өркендегенін байқаған Асафқа олар еш жапа шекпей-ақ, рақат өмір кешіп жатқандай көрінді.
10 Киелі кітаптан былай деп оқимыз: “Күнәкарлардың өркендеуін көріп, Менмендерге қызғана қарай бердім. Өмірінде шекпейді олар азапты, Денсаулығы мықты әрі қуатты. Өзгелердей көрмейді ауыртпалықты, Басқалардай жемейді олар соққыны” (Забур 72:2—8). Бірақ уақыт өте келе ол мұндай көзқарастың дұрыс емес екенін түсінді (Забур 72:15, 16). Ол ой қалпын өзгертуге тырысты, әйтсе де әділдердің жиі жапа шегіп, ал зұлымдардың неге жазаланбай жатқанын толық ұға алмады.
11. Забур жыршысы Асаф нені түсінді?
11 Құдайдың сол адал қызметшісі зұлымдарды не күтіп тұрғанын, яғни Ехобаның түбінде оларға шара қолданатынын, ақырында түсінді (Забур 72:17—19). Дәуіт былай деп жазған: “Жаратушыға сенетін бол және Соның жолын ұстан: сонда жерге сен ие болу үшін Ол сені қолдайды; және де ұждансыздардың қырылған кезінде, оны өзің де көресің” (Забур 36:9, 11, 34).
12. а) Ехоба зұлымдық пен әділетсіздікке қатысты не істемек? ә) Құдайдың әділетсіздікті жоятыны саған қалай әсер етеді?
12 Ехобаның зұлымдық пен әділетсіздікті жер бетінен өзі белгілеген уақытта жоюды ниет еткені сөзсіз. Бұл жайтты тіпті адал мәсіхшілердің өздері де үнемі естеріне салып тұрулары керек. Ехоба өз еркіне қарсы шыққандарды құртып, ал айтқанын орындайтындарды жарылқамақ. “Оның жанарлары жіті бағуда, Оның кірпіктері адамдарды бағуда. Жаратушы Ие тақуаға сынай қарайды, ал ұждансыз бен озбырлықты ұнататындарды Оның жан-дүниесі жаратпайды. Ол ұждансыздарға қоздап жатқан шоқты, от пен күкіртті жаңбырша жаудырады; және де шыжыған аптап жел — олардың татар үлесі болады; Өйткені Жаратушы әділ, шындықты жақсы көреді; Оның жүзі тақуа адамға қарай бұрылады” (Забур 10:4—7).
Әділдік орнаған жаңа дүние
13, 14. Неге жаңа дүниеде әділдік орнайды деуге болады?
13 Ехоба Шайтанның билігіндегі осы әділетсіз дүниені жойған соң, ғажап жаңа дүние орнатады. Сол кезде Құдайдың көктегі Патшалығы билік етеді. Иса ізбасарларына осы Патшалық туралы дұға етуді үйреткен болатын. Зұлымдық пен әділетсіздік жойылып, әділдік орнағанда, сол дұғадағы “Патшалығың осында орнасын! Сенің еркің көкте орындалғандай, Жер бетінде де орындала берсін!” деген сөздер толықтай жүзеге асады (Матай 6:10).
14 Киелі кітапта ақ жүректі адамдардың бәрі күтіп жүрген осы биліктің қандай болатыны айтылған. Сонда Забур 144:16-ғы: “Сен алақаныңды жайып, тіршілік иесі атаулының бәрін өзіңнің рахым етуіңе орай тойындырасың”,— деген сөздер толық мағынада орындалады. Ал Ишая 32:1-де былай делінген: “Мінеки, Патша [көктегі Иса Мәсіх] әділдікпен патшалық құрады, әрі княздар да [Мәсіхтің жердегі өкілдері] заңдылықпен әмір етеді”. Патша Иса Мәсіхке қатысты Ишая 9:7-де былай деп алдын ала айтылған: “Оның құрған билігі арта түсіп, Орнатқан тыныштығы шексіз болады, Өзі Дәуіттің тағына отырып, Мәңгі патшалығын сол кезден бастайды, Әділдікпен нығайтып, жалғастырып, Ақиқатты да ұстанатын болады. Барлық қайрат-жігерімен бұларды Әлемнің Иесі іске асырады!” Осы әділ билік орнаған заманда өмір сүріп жатқаныңды елестете аласың ба?
15. Жаңа дүниеде Ехоба адамзат үшін не істейді?
15 Екклесиаст 4:1-гі: “Мен көңіл аудардым да аспан астында неше түрлі қысымшылық жасалып жатқанына көз жеткіздім: міне, көз жастары көл болған жәбірленушілер, ал оларды жұбатушы ешкім жоқ; оларды жәбірлеушілердің қолында — күш-қуат бар, ал олардың жұбатушы ешкімі жоқ”,— деген сөздерді Құдайдың жаңа дүниесінде айтуға еш себеп болмайды. Рас, кемелсіз санамызбен әділдік орнаған жаңа дүниенің қандай керемет болатынын елестету қиын. Бұдан былай жамандық атымен болмайды, ал әрбір күніміз қуанышқа толы болады. Ехоба жағдайды толықтай түзетеді әрі мұны біз күтпеген жолмен іске асырады. Ехобаның Петірге: “Біз Құдайдың уәдесіне сай әділдік орнаған жаңа аспан мен жаңа жердің пайда болуын күтудеміз”,— деген сөздерді жаздырғаны қаншалықты орынды болған десеңші! (Петірдің 2-хаты 3:13)
16. Қалайша бүгінде “жаңа аспан” орнап қойған және қай мағынада “жаңа жердің” негізі қалануда?
16 “Жаңа аспан”, яғни Мәсіхтің билігіндегі Құдайдың көктегі үкіметі, орнап қойған. Ал “жаңа жердің”, яғни әділ адамдардан тұратын қоғамның, негізін құрайтындар осы соңғы күндерде жиналуда. Бүгінде, кем дегенде, 235 ел мен аймақтағы шамамен 100 000 қауымды құрайтын осы адамдардың саны 7 миллионға жуық. Олар Ехобаның әділ жолдарын үйреніп, нәтижесінде, мәсіхшілер сүйіспеншілігі арқау болған бірлікте өмір сүруде. Бұл Шайтанның қоластындағыларының бірлігінен асып түсетін, адамзат тарихындағы ең керемет әрі ең мызғымас бірлік болып табылады. Мұндай сүйіспеншілік пен бірлік — Құдайдың әділдік орнаған ғажайып жаңа дүниесінің нышаны (Ишая 2:2—4; Жохан 13:34, 35; Қолостықтарға 3:14).
Шайтанның шабуылы сәтсіздікке ұшырайды
17. Неге Шайтанның Құдай халқына қарсы жасаған соңғы шабуылы міндетті түрде сәтсіз болады?
17 Таяуда Шайтан мен оның соңынан ергендер Ехобаның қызметшілерін құртуға әрекеттенеді (Езекиел 38:14—23). Бұл — Иса айтқан ‘әлем жаратылғаннан бері күні бүгінге дейін еш болмаған және қайтып болмайтын ауыр азапта’ болатын оқиғалардың бірі (Матай 24:21, сілтеме). Шайтанның шабуылы сәтті бола ма? Жоқ. Құдай Сөзі бізді мынаған сендіреді: “Жаратушы ақиқатты ұнатады [“әділдікті сүйеді”, ЖД] және Өзінің қасиетті пенделерін елеусіз қалдырмайды; олар мәңгі аман жүреді; ал ұждансыздардың үрім-бұтағы құртылады. Тақуалар жерге ие болады да ұзақ өмір сүреді” (Забур 36:28, 29).
18. а) Халқына Шайтан шабуыл жасағанда, Құдай қалай әрекет етеді? ә) Әділдіктің үстем болатынына қатысты Киелі кітапта не айтылғанын қарастырғаның сен үшін қалай пайдалы болды?
18 Шайтан мен оның қалың қолының шабуыл жасауы Ехобаның қызметшілеріне істелген соңғы сорақы әрекет болмақ. Ехоба Зәкәрия арқылы мынадай пайғамбарлық айтқан: “Кім сендерге тисе, менің көзіме тигені” (Зәкәрия 2:8, ЖД). Бұл, былайша айтқанда, әлдекімнің Ехобаның көзіне саусағын тигізгенімен пара-пар. Ал Құдай дереу әрекет етіп, қарсыластарына шара қолданады. Ехобаның қызметшілері — жер бетіндегі ең бейбіт, сүйіспеншілігі мен бірлігі зор және заңға мойынсұнғыш халық. Сондықтан оларға шабуыл жасау барып тұрған әділетсіздік болмақ. ‘Әділдікті сүйетін’ Құдай бұған төзбейді. Ол халқына көмекке келіп, жауларының көзін құртады, сөйтіп, әділдікті үстем етеді және өзіне ғибадат етушілерді құтқарады. Жақын арада бізді қандай керемет, жан тебірентерлік оқиғалар күтіп тұр десеңші! (Нақыл сөздер 2:21, 22)
Қалай жауап берер едіңдер?
• Неге әділетсіздік кең етек алған?
• Ехоба жер бетіндегі әділетсіздікті қалай жояды?
• Әділдіктің үстем болатыны жайлы осы мақалада саған не нәрсе әсер етті?
[9-беттегі сурет]
Топан судың алдында жер беті зұлымдыққа толы еді, осы “соңғы дәуірде” де жағдай тап сондай
[10, 11-беттердегі сурет]
Құдайдың жаңа дүниесінде зұлымдық жойылып, әділдік орнайды