Жаратылысқа тамсанып, Жаратушысын танып-біліңіз
ИТАЛИЯЛЫҚ суретші және мүсінші Микеланджело жайлы естіген боларсыз. Оның керемет туындыларының негізгі нұсқаларының ешқайсысын көрмесеңіз де, оны “теңдесі жоқ майталман суретші” деп атаған өнертанушының сөздерімен келісетініңіз шүбәсіз. Иә, Микеланджелоның өнерін ешкім де жоққа шығара алмайды. Расында да, оның шығармаларына тамсанып, ал өзін көрнекті суретші ретінде мойындамауға бола ма?
Жер бетіндегі ғажап тіршіліктің адам ақылынан асқан күрделілігі мен сан алуандығы жайлы ойлап көріңізші. Осы орайда, «Нью-Йорк таймс» газетінде бір биология ғылымының профессорының сөздері келтіріледі: “Биология тұрғысынан қарағанда, жаратылыстың ойластырылып жасалғандығының дәлелдерін айқын көруге болады”. Сосын ол: “Бұндай дәлелдер тіршілік әлемінде жетіп-артылады”,— деп қосты. Жаратылысқа тамсанып, ал оның жаратушысын мойындамау ақылға қонымды ма?
Айналадағы жаратылысты мұқият бақылай білген елші Пауыл кейбіреулердің ‘Жаратушы Иеге бас ұрып ғибадат етудің орнына жаратылған нәрселерге құлшылық ететінін’ айтқан болатын (Римдіктерге 1:25). Шынымен де, кейбіреулер кең тараған эволюция ілімінің ықпалына беріліп, жаратылысқа қарап оның жаратушысы бар екенін анық көруге болатынын мойындағылары келмейді. Алайда эволюция теориясы ғылымның ең керемет көрінісі болып табыла ма? Венадағы католик архиепископы Кристоф Шонборнның қандай қорытынды жасағанына назар аударыңызшы. «Нью-Йорк таймс» газетінде оның сөздері келтіріледі: “Тіршіліктің ойластырылып жасалғандығының биологиядағы қыруар дәлелдерін жоққа шығаратын не елемейтін кез келген теория — ғылым емес, идеология”.
Ғылымға тосқауыл бола ма?
Алайда Жаратушының бар екенін мойындау ғылыми “ізденістерге кедергі жасайды” деп есептейтіндер де бар. “Нью сайентист” журналында жарияланған бір мақалада осылай қауіптенетіндердің көзқарасы былайша түсіндіріледі: “‘Бұл — Жаратушының ісі’ деп түсіндіру шексіз ізденіске жол ашатын ғылым үшін аса алмайтын таудай тосқауыл болады”. Алайда осылай ойлауға негіз бар ма? Ешқандай да. Тіпті керісінше деуге болады. Неге?
Әлем мен жердегі тіршілік соқыр кездейсоқтық пен эволюцияның арқасында пайда болды деп есептейтіндер, негізінен, ақылға қонымды түсіндірме алуға талпынбайды деуге болады. Ал айналамыздағы жаратылыс саналы Жаратушының ісі болып табылады деп сену оның материалдық әлемнен көрініс тапқан керемет шығармашылығын зерттеуге талпындырады. Мынадай жайтты ойланып көріңізші: Леонардо да Винчидің “Мона Лизаны” салғанын білгендері өнертанушыларға оның әдістері мен қолданған материалдарын зерттеуге кедергі болған жоқ. Сол сияқты Жаратушының бар екенін мойындау құрылысы күрделі жаратылыстарын бүге-шігесіне дейін зерттеуге тосқауыл болмау керек.
Киелі кітап терең зерттеу жасауды тоқтатуға емес, қайта, ғылыми және рухани сұрақтардың жауаптарын іздеуге шақырады. Мысалы, ежелде Дәуіт патша өз тәнінің керемет жаратылғаны жайлы ой жүгіртіп, мынадай қорытындыға келген: “Тамаша жаралдым... Керемет ғажап — жасаған істерің, Мұны мен шын жүректен мойындаймын” (Забур 138:14). Тіпті Жаратушының өзі Әйүп деген қызметшісінен былай деп сұраған: “Сен жердің аясы қаншалықты кең екенін ақыл-ойыңмен ұқтың ба?” (Әйүп 38:18, ЖД) Мұнда ізденіс пен зерттеуге тосқауыл болатындай ештеңе айтылмағаны анық көрінеді. Керісінше, шебер Жаратушы бізді жаратылыстарына үңіле түсуге шақырады. Сонымен қатар Киелі кітаптағы Ишая пайғамбардың дүниені жаратқан Тұлғаны біле түсуге шақырған сөздеріне көңіл аударыңызшы. Ол былай деген: “Аспанға көз жіберіп қараңдаршы: Кім жаратты ондағы жұлдыздарды?!” Расында да, Ишая 40:26-да Эйнштейннің көпшілікке мәлім E=mc2 формуласына сай келетін айғақ жазылған: Әлемнің пайда болуына орасан зор энергия мен күштің қайнар көзі себеп болды.
Алайда жаратылыс жайлы сұрақтарға жауап табу барлық уақытта оңай емес. Бұның бір себебі — біздің түсіну қабілетіміз де, дүниетанымымыз да шектеулі. Әйүп осыны түсінген болатын. Ол Жер шарын кеңістікте тірексіз іліп қойған және оны суға толы бұлттармен қоршаған Жаратушыны мадақтаған (Әйүп 26:7—9). Сөйтсе де ол осындай керемет істер Жаратушының ‘жолдарының бөлігі’ ғана екенін білген (Әйүп 26:14). Әйүптің қоршаған орта жайлы көбірек білгісі келгені сөзсіз. Ал Дәуіт түсіну қабілетінің шектеулі екенін мойындап, былай деген: “Біліміңді мүлде ұға алмаймын, Ол қол жеткізбес биік, ғажап маған!” (Забур 138:6)
Жаратушының бар екенін мойындау ғылымның дамуына кедергі жасамайды. Шындығында, физикалық және рухани нәрселер жайлы көбірек білу үшін шексіз әрі мәңгі ізденіс жасауға болады. Білімдарлығымен танымал болған ежелгі патша кішіпейілділікпен былай деп жазған: “Ол адамның санасына мәңгіліктің ойларын салды, сөйтсе де адам Құдайдың басынан аяғына дейін жасаған істерін түсіне алмайды” (Екклесиаст 3:11, Holy Bible—New Life Version).
“Тығырықтан шығудың оңай жолы”
Кейбіреулер Құдайға сенетін адамдар ғылыми дәлел келтіре алмаған жағдайдың бәрінде Құдайды соның “шешімі” ретінде қарастырады деп ойлайды. Басқаша айтқанда, олар Жаратушы Құдай қиындықтарға кезіккенде, “тығырықтан шығудың оңай жолына” айналды деп есептейді. Бірақ мұнда әңгіме қандай қиындықтар жөнінде? Бұл елеуге тұрмайтын қиындықтар ма? Әлбетте, жоқ. Білімдегі бұндай үлкен қиындықтар, не басқаша айтқанда кемшіліктер, болжамға толы Дарвиннің эволюция теориясында бар деуге болады. Биология салаларындағы бұндай маңызды мәселелерді эволюция теориясы түсіндіре алмайды. Ашығын айтқанда, дәлелі жоқ тұжырымдарға сүйенетін эволюция теориясының жақтастары Дарвиннің теориясын өздері де “тығырықтан шығудың оңай жолы” етті.
Киелі кітапта сипатталған Жаратушы — “тығырықтан шығудың оңай жолы” емес. Жаратушының ісі жаратылыстың барлық кезеңдерінде, қырлары мен ерекшеліктерінде көрініс табады. Забур жыршысы Ехоба Құдайдың жаратылыс атаулының бәрін қамтитын жасампаз ісіне ерекше назар аударып, былай деген: “Барлық өмірдің қайнар көзі — Сенсің, сенің нұрыңның арқасында жарықты көреміз” (Забур 36:9, Today’s English Version, [35:10]). Құдай сондай-ақ ‘көк пен жерді, теңізді және олардағы нәрселердің бәрін жаратушы’ ретінде сипатталады (Елшілердің істері 4:24; 14:15; 17:24). Бірінші ғасырдағы бір тәлімгердің Құдай жайлы “барлық нәрсені жаратқан” деп айтуға толық негізі болды (Ефестіктерге 3:9, ЖД).
Құдай сондай-ақ “аспан жарғыларын”, не материя мен энергияны басқаратын физикалық заңдарды, орнатты. Ғалымдар бұл заңдарды әлі толық зерттеп біткен жоқ (Әйүп 38:33). Жер бетін сан қилы тіршілік иелерімен толтыруды ниет еткен Құдайдың жаратылыстары арнайы мақсатпен әрі мінсіз етіп жаратылған.
Жаратылыс пен ақыл-парасат
Ал енді ақыл-парасатқа қатысты жайтты қарастырайық. Әртүрлі ғылыми теориялардың шынайылығына қатысты жазушы-ғалым Джон Хорган: “Қандай да бір айғақ күдік тудырса, ақыл-парасатымызға жүгінуден еш тартынбауымыз керек”,— деп өз пікірін білдіреді.
Тіршілік бар болғаны соқыр кездейсоқтықтың нәтижесінде не табиғат күштерінің арқасында пайда болды деу ақылға қонымды ма? Эволюция теориясының кең тарағанына қарамастан, көптеген парасатты адамдар, соның ішінде ғалымдар да, саналы Жаратушының бар екеніне сенімді. Бір профессор-ғалымның айтуынша, адамдардың “басым көпшілігі тіршілік жаратылды деп кәміл сенеді”. Неге бұлай деуге болады? Көп адам елші Пауылдың: “Әрбір үйдің салушысы бар”,— деген сөздерімен келісері сөзсіз (Еврейлерге 3:4). Осы сөздерді айтқаннан кейін, Пауыл мынадай қисынды тұжырым жасайды: “Ал бәрінің де Жаратушысы — Құдай”. Киелі кітаптағы осы сөздерге сүйенсек, үйдің салушысы бар екенін мойындап, ал құрылымы күрделі жасуша өздігінен пайда болды деу ақылға қонымсыз емес пе?!
Киелі кітапта Жаратушының бар екенін мойындамайтындар жайлы былай делінген: “Ақылсыз адам жүрек жарды ниетімен: — Құдай жоқ,— деді” (Забур 13:1). Бұл сөздермен забур жыршысы Құдайдың бар екеніне әлі көз жеткізбегендерді айыптайды. Әдетте мұндай адамдар әділ көзқарас танытпай, өз пікірлеріне ғана сүйенеді. Ал ақылды, парасатты адам Жаратушының бар екенін кішіпейілділікпен мойындайды (Ишая 45:18).
Көптеген ойланатын адамдар ұлы Жаратушының бар екенін көрсететін айғақтарды жоққа шығару мүмкін емес екеніне сенімді.
Жаратушыны танып-біле аласыз
Егер біз жаратылған болсақ, қандай мақсатпен жаратылдық? Не үшін өмір сүреміз? Тек ғылымға жүгініп, бұл сұрақтарға қанағаттандырарлық жауап ала алмаймыз. Бұл өмірлік маңызы бар сұрақтар көңіл толарлық әрі нанымды жауапты талап етеді. Осы орайда, Киелі кітаптың біз үшін көмегі зор. Одан Ехобаның тек Жаратушы ғана емес, не істесе де белгілі бір мақсатпен істейтін ұлы ниеттердің Құдайы екенін білеміз. Жазбалардан болашаққа үміт беретін Құдайдың бүкіл адамзатқа қатысты ниеті бар екені көрінеді.
Ехоба деген кім? Ол қандай Құдай? Ехоба куәгерлері сізді тірі тұлға болып табылатын шебер Жаратушымызды танып-білуге шақырады. Сіз оның есімі, қасиеттері мен адамзатқа қалай қарайтыны жайлы біле аласыз. Оның Сөзі Киелі кітаптан ғажап жаратылыстарына тамсанып қана қоймай, неге оны Жаратушы ретінде мадақтауымыз керек екенін көресіз (Забур 85:12; Аян 4:11).
[4-беттегі сурет]
Микеланджело
[5-беттегі суреттер]
Жаратушыға деген сенім ғылыммен үйлеседі
[6-беттегі сурет]
Сан алуандылық пен бейімделушілік тіршіліктің әртүрлі әрі тамаша етіп жаратылғандығын көрсетеді
[7-беттегі суреттер]
Жаратылыстың жаратушысы болу керек