Оқырман сауалдары
Хауаға сөйлеген жыланның аяқтары болған ба?
Жаратылыс 3:14-тен көрінетіндей, Ехоба Құдай Едем бағында Хауаны алдаған жыланға сөйлеген. Ол былай деген: “Осылай істегенің үшін барлық мал мен жабайы аңдардың ішіндегі сені қарғыс атты. Өмір бақи жер бауырлап, топырақ жеп өт!” Киелі кітапта Хауаны азғырған бұл хайуанның аяқтары болып, бірақ кейіннен жоғалды деген нақты мәлімет жоқ. Жаратылыс 3:14-тегі сөздерді кейбіреулер қарғыс атқанға дейін жыланның аяқтары болған деп түсінгенмен, міндетті түрде бұндай тұжырым жасай алмаймыз. Неге?
Себебі Ехоба үкімді шын мәнінде Шайтанға, яғни жер жорғалап жүрген айуанды зұлым ниетпен қолданған көзге көрінбейтін тұлғаға, шығарған еді. Киелі кітапта Шайтан “өтіріктің бастауы” және ‘ежелгі жылан’ деп сипатталған. Бұдан Хауаны Құдайдың бұйрығын бұзуға итермелеу үшін Шайтанның көзге көрінетін хайуанды, жыланды, құрал ретінде қолданғаны айқын көрінеді (Жохан 8:44; Аян 20:2).
Ехоба жылан атаулыны жаратып, Адам ата оған атау бергенде, Шайтан өзінің арам ісін әлі жасамаған болатын. Сондықтан Хауамен сөйлескен сана-сезімі жоқ жыланның еш жазығы жоқ еді. Ол Шайтанның зұлым ниетпен өзін қолданып тұрғанын білген де, Құдайдың бүлікшілерге шығарған үкімін түсінген де жоқ.
Олай болса, неге Құдай жыланның масқара күйі жайлы айтқан? Оның тіршілік ету ортасындағы әрекеттері, бауырымен жорғалауы және топырақты жалағандай тілін жалаңдатуы Шайтанның масқара болғанын көрсететін лайықты бейне болып табылады. Алғашында Құдай періштелерінің бірі ретінде дәрежесі жоғары болған ол Киелі кітапта “тартар” деп аталған төмен дәрежеге түсірілді (Петірдің 2-хаты 2:4, ЖД).
Сондай-ақ кәдімгі жыланның адамды өкшесінен шағуы мүмкін екені сияқты, дәрежесі төмендетілген Шайтан Құдайдың ‘ұрпағының’ ‘өкшесін шақпақ’ еді (Жаратылыс 3:15). Осы ұрпақтың негізгі бөлігі Шайтанның адамдарынан уақытша зардап шеккен Иса Мәсіх болды. Алайда, уақыты келгенде, Мәсіх пен оның қайта тірілген майланған серіктері бейнелі жыланның басын мыжиды (Римдіктерге 16:20). Демек, Құдайдың көзге көрінетін жыланға айтқан сөздері көзге көрінбейтін “ежелгі жылан” Шайтан Ібілістің дәрежесінің төмендетілгені мен біржола жойылатынын дәл бейнелейді.