Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • w07 1.5. 4—7 бет.
  • Қатыгездік жойыла ма?

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • Қатыгездік жойыла ма?
  • 2007 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
  • Тақырыпшалар
  • Ұқсас мәлімет
  • Қатыгездіктің артында тұрған кім?
  • Адам өзгере алады. Қалайша?
  • Қатыгездік атаулының жойылатын кезі жақын
  • Неге кейбіреулер Құдайды қатыгез деп ойлайды?
    2013 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
  • Бүгінгі қатыгез дүние
    2007 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
  • Журналды ұсыну жолы
    Біздің патшалық қызметіміз. 2007
  • Зұлымдықтың артында кім тұр?
    2011 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
Көбірек мәлімет
2007 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
w07 1.5. 4—7 бет.

Қатыгездік жойыла ма?

КӨП адам қатыгездіктің, негізінен, өзімшілдіктен келіп туатындығымен келісер. Ондаған жылдар бұрын өмір сүрген өзімшіл ұрпақтан бүгінде бірінші кезекте қара басын ойлайтын қоғам пайда болып отыр. Адамдардың көбісі өз дегеніне жету үшін ештеңеден, тіпті қатыгездік жасаудан да тайынбайды. Тек жеке адамдар емес, тұтас халықтар жайлы да осылай деуге болады.

Бүгінде адам өмірі түкке тұрғысыз болып қалған сияқты. Кейбіреулер қатыгездік жасағанына тіпті мәз болады. Олар мұны өзгелерді қинағаннан рақатқа бөленетін қылмыскерлер сияқты қызық көріп істейді. Ал зорлық-зомбылық пен қатыгездікке толы фильмдерді ұнататын миллиондаған адам туралы не деуге болады? Бұндай адамдар бейнефильмдер жасау индустриясының осындай тақырыптағы фильмдерді көптеп шығаруына түрткі болып отыр. Көңіл көтеру бағдарламалары мен жаңалықтардан қатыгездікті жиі көретін адамдар аяушылық сезімдерінен айырылып жатады.

Қатыгездік адам психикасына зақым келтіріп, оның да солай әрекет етуіне түрткі болуы мүмкін. Мексикадағы бір университеттің (National Autonomous University of Mexico) оқытушысы Ноеми Диас Марокуин қатыгездіктен туындайтын зорлық-зомбылық туралы былай дейді: “Зұлымдық — үйренетін, қоғамда қалыптасатын нәрсе... Зұлымдық жасауды айналамыздағылар соған жол бергенде және талпындырғанда үйренеміз”. Ендеше, қорлық көрген адам ақыр соңында өзі де басқаларға зұлымдық жасауы, тіпті өзіне көрсетілген қорлықты көрсетуі мүмкін.

Адамды қатыгездікке ішімдікке салыну не есірткі қабылдау сияқты зиянды әдеттер де итермелеуі мүмкін. Енді бір жағдайда, халықтың қамын ойламайтын үкіметке көңілдері толмаған кейбіреулер өз көзқарастарын мәлім еткісі келіп, жиі жазықсыз адамдарға зардабын тигізетін қатыгез әрекеттерге және терроризмге барып жатады.

Бәлкім, сіз: “Адам қатыгездік жасауды өз бетінше үйренді ме? Қазіргі жағдайдың осындай күйге жетуіне не себеп болып отыр?”— деп ойларсыз.

Қатыгездіктің артында тұрған кім?

Киелі кітапта “осы күнәкар дүниенің “тәңірі” деп аталған Шайтан Ібіліс дүниеге барынша ықпал етуде (Қорынттықтарға 2-хат 4:4). Ол — ғаламдағы ең қатыгез әрі барып тұрған өзімшіл тұлға. Иса оны “кісі өлтіруші” және “өтіріктің бастауы” деп тура атаған (Жохан 8:44).

Адам мен Хауа тілазарлық танытқаннан бері, Шайтан адамзатқа күшті ықпал етіп келеді (Жаратылыс 3:1—7, 16—19). Алғашқы адам жұбы Ехобадан бас тартқаннан кейін, шамамен 15 ғасырдан соң бүлікші періштелер адами тәнге еніп, әйелдермен жақындасып, олардан алыптар туылды. Бұл алыптар несімен ерекше еді? Мұны аттарынан көруге болады. Олардың еврейше нефилим деген атауы “жығушылар” не “басқаларды құлатып жығатындар” дегенді білдіреді. Соған қарағанда, олар қатыгез және әдепсіз қылықтар жасайтын зұлым адамдар болған. Тек Құдай жіберген топан су ғана олардың зұлымдығын тоқтата алды (Жаратылыс 6:4, 5, 17). Нефилимдер топан суда жойылып кеткенімен, олардың әкелері көзге көрінбейтін жын-перілер ретінде көкке оралды (Яһуда 6).

Бүлікші періштелердің қатыгез болмысы Исаның күніндегі жын соққан баламен болған жағдайдан айқын көрінеді. Жын баланы қалшылдатып, құртпақ болып жиі отқа да, суға да тастайтын (Марқа 9:17—22). Бұдан осындай ‘зұлым рухтардың’ қатыгез басшылары Шайтан Ібіліс сияқты қатыбезер екені анық көрінеді (Ефестіктерге 6:12).

Жын-перілер бүгінгі күні де адамдардың қатыгездік жасауына ықпал етуде. Бұл жайлы Киелі кітапта алдын ала былай делінген: “Соңғы дәуірде қиын-қыстау күндер туады: адамдар өзімшіл... мақтаншақ, тәкаппар... алғысты білмейтін, қасиеттіні танымайтын, ешкімді сүймейтін, ымыраға келмейтін, жалақор, ұстамсыз, қатыгез, жақсылықты жек көретін, опасыз сатқын, ақылсыз қызба, кеуде көтерген, Құдайдан гөрі ләззат-ермекті артық көретін болады. Олар сырт көзге Құдайға ұнайтындай болып көрінгенмен, Оның күшінен бас тартады” (Тімотеге 2-хат 3:1—5).

Біздің күніміздің ерекше қиын болуының себебін Киелі кітап пайғамбарлықтарынан көруге болады. 1914 жылы Иса Мәсіх Құдай Патшалығына келген соң, Шайтан мен оның жын-перілері көктен қуылған болатын. Бұл туралы Киелі кітапта былай делінген: “Алайда жер мен теңізде тұратындарға қасірет! Себебі әзәзіл төменге, сендердің қастарыңа түсті. Ол өз уақытының аз қалғанын білгендіктен қатты ашулы” (Аян 12:5—9, 12).

Бұл жер бетіндегі жағдай жақсармайды дегенді білдіре ме? Жоғарыда сөздері келтірілген Диас Марокуиннің айтуынша, жаман әдеттен “адамдар арыла алады”. Алайда Шайтанның рухы дүниеге әбден сіңгендіктен, адам өзінің ой қалпы мен іс-әрекетіне өзге бір зор күштің ықпал етуіне жол бермейінше, жаман істерінен арылуы екіталай. Бұл қандай зор күш?

Адам өзгере алады. Қалайша?

Қуанышқа орай, Құдайдың киелі рухы — дүниедегі ең құдіретті күш, әрі ол жын-перілердің кез келген ықпалынан басым. Ол сүйіспеншілікті дамытуға көмектесіп, адамдарға жақсы жағынан әсер етеді. Ехоба Құдайға ұнамды болғысы келген адам Құдай рухына кенелу үшін зұлымдық атаулыдан қашуы, тіпті оның маңайына да жоламауы керек. Бұл үшін ол өз болмысын Құдайдың еркіне сай етіп өзгертуі қажет. Ал Құдайдың еркі қандай? Құдай өзіне барынша еліктегенімізді қалайды. Бұл басқаларға Құдай сияқты қарау керек дегенді білдіреді (Ефестіктерге 5:1, 2; Қолостықтарға 3:7—10).

Киелі кітапты зерттеп көрсеңіз, Құдайдың адамдарға немкетті қарамайтынын байқайсыз. Ол ешкімге, тіпті жануарларға да қиянат жасамайдыa (Заңды қайталау 22:10; Забур 35:8; Нақыл сөздер 12:10). Ол қатыгездікті және қатыгез адамдарды жек көреді (Нақыл сөздер 3:31, 32). Мәсіхші Ехобаның талабын орындап жаңа болмысқа ие болатын болса, оған басқа адамдарды өзінен жоғары қою және оларды құрметтеу жеңіл болады (Філіпіліктерге 2:2—4). Жаңа болмысқа ‘ұдайы жанашыр, мейірімді, кіші пейіл, ілтипатты, сабырлы болу’ және сүйіспеншілік таныту тән. Сүйіспеншілік ‘бәрін толықтай біріктіреді’ (Қолостықтарға 3:12—14). Барлық адамдар осындай қасиеттерді танытса, өміріміз басқаша болмас па еді?

Алайда сіз: “Адамның түбегейлі өзгеруі шынымен мүмкін бе?”— деп ойларсыз. Өмірден алынған бір мысалды қарап көрейік. Мартинb балаларының көзінше әйеліне айқайлап, оны аямай ұрып-соға беруші еді. Бірде жағдайдың ушыққаны соншалық — балалары көмек сұрап көршілеріне жүгіріп баруға мәжбүр болады. Бірнеше жыл өткен соң, бұл отбасы Ехоба Куәгерлерімен Киелі кітапты зерттей бастайды. Мартин өзін және өзгелермен қарым-қатынасын өзгерту керектігін түсінеді. Ол өзгере алды ма? Әйелі былай дейді: “Бұрын күйеуім ашуланған кезде әп-сәтте өзгеріп, үйдің берекесін алатын. Бұл ұзақ уақыт бойы осылай болып келді. Мартиннің өзгеруіне көмектескені үшін Ехобаға айтар алғысым шексіз. Ол — қазір жақсы әке әрі тамаша күйеу”.

Бұл — бір ғана мысал. Ал дүниенің төрт бұрышында миллиондаған адамдар Ехоба Куәгерлерімен Киелі кітапты зерттеп, қатыгездік атаулыдан арылып жатыр. Иә, адамның өзгеруі әбден мүмкін.

Қатыгездік атаулының жойылатын кезі жақын

Жанашыр патшасы Иса Мәсіх болып табылатын көкте орнаған Құдай Патшалығы жақын болашақта жер бетіне толығымен билік етеді. Бұл Патшалық көкті қатыгездік атаулының бастауы Шайтаннан және оның жын-перілерінен тазартып қойған. Жуырда ол жердегі бейбітсүйгіш адамдардың қамын жасайды (Забур 36:10, 11; Ишая 11:2—5). Дүниедегі қиыншылықтарды шешудің жалғыз жолы — осы. Алайда бұл Патшалық аталмыш өзгерістерді жасағанша, қатыгездіктің құрбаны болып қалсаңыз, не істеуге болады?

Қатыгездікке қатыгездікпен қайтарғаннан пайда жоқ. Бұл жағдайды тек ушықтырады. Киелі кітап Құдайға сенім артуға шақырады. Ол өз уақытында ‘әркімнің ұстанған жолына және оның істеген істерінің жемісіне орай сыбағаларын береді’ (Еремия 17:10; “Қатыгездікке қалай қарау керек?” деп аталатын қоршауды қараңыз). Рас, бүгінде қатыгездіктің құрбаны болып қалуыңыз мүмкін (Екклесиаст 9:11). Бірақ қандай қатыгездік жасалмасын, Құдай оның зардабын, тіпті өлімді де, жоя алады. Ол өзі уәде еткендей, жадында сақталған барлық адамдарды, оның ішінде қатыгездіктің салдарынан өлгендерді де, қайта тірілтеді (Жохан 5:28, 29).

Қатыгездіктің құрбаны болып қалу қаупі әлі де бар болғанымен, Құдаймен жақын қарым-қатынасымыздың және оның уәделеріне деген берік сеніміміздің арқасында көңіліміз жай таба алады. Мұны Сараның мысалынан көруге болады. Күйеуі жәрдемдеспесе де, ол екі ұлын тәрбиелеп өсіріп, олардың жақсы білім алуына көмектеседі. Бірақ қартайған шағында ұлдары оны тастап кетіп, денсаулығына да қарамай, қаржы жағынан да камтамасыз етпейді. Қазір Ехоба Куәгері болып табылатын Сара былай дейді: “Көңілім жабырқау болса да, Ехоба мені қалдырған емес. Қамқорлық көрсетіп жатқан рухани бауырластар арқылы оның мені қолдап жатқанын сеземін. Жақында оның жалғыз менің ғана емес, айтқандарын орындап, күшіне арқа сүйейтін барлық адамның қиыншылықтарын шешетініне кәміл сенемін”.

Сараның рухани бауырластарым деп отырғаны кімдер? Бұлар Ехоба Куәгерлері болып табылатын онымен бір сенімдегі мәсіхшілер. Дүниежүзілік бауырластықты құрайтын бұл жанашыр адамдар жақында зұлымдықтың жойылатынына сенімді (Петірдің 1-хаты 2:17). Иә, қатыгездіктің болуына басты жауапты тұлға Шайтан Ібіліс те, сол сияқты әрекет ететін барлық адамдар да жойылады. Бір жазушы “сұм заман” деп атаған осы дүние құрып, жоқ болады. Ехоба Куәгерлерімен байланысып, осындай керемет болашақ жайлы неге көбірек білмеске?

[Сілтемелер]

a Құдайдың қасиеттері жайлы көбірек білгіңіз келсе, Ехоба Куәгерлері басып шығарған “Ехобаға жақында” кітабын қараңыз.

b Кейбір есімдер өзгертілген.

[6-беттегі қоршау]

Қатыгездікке қалай қарау керек?

Қатыгездікке қалай қарау керектігіне қатысты Құдай Сөзі тиімді кеңестер береді. Төмендегі кеңестерді қалай қолдануға болатыны жайлы ойланып көріңіз.

“Зұлымдықтың кегін қайтарам деме, Тәңірге тапсыр, Ол қолдайды сені” (Нақыл сөздер 20:22).

“Кедей-кепшіктің біріне қысымшылық көрсетілгенін және зорлық-зомбылық жасалып, сот пен әділдіктің аяққа тапталғанын көрсең, бұған таңғалма, өйткені жоғарыдағыдан да жоғары тұрған біреу бақылап тұр” (Екклесиаст 5:8, ЖД).

“Кіші пейілділер бақытты: Олар жерді иемденетін болады!” (Матай 5:5)

“Барлық істе де басқалар өздеріңе қалай істесін десеңдер, сендер де оларға солай істеңдер!” (Матай 7:12)

“Жамандыққа жамандықпен қайтармаңдар! Іс-әрекеттеріңнің жұрт алдында әдепті болуына тырысыңдар. Қолдарыңнан келгенше, барлық адамдармен тату болыңдар. Сүйікті бауырластарым, кек алмаңдар, оны Құдайдың қаһарына қалдырыңдар! Киелі жазбада Жаратқан Иенің: — Кек алу — Менің ісім, есесін Мен қайтарамын,— дегені жазылған ғой” (Римдіктерге 12:17—19).

“Мәсіхтің Өзі бізге бола азап шегіп, үлгі қалдырды, сондықтан Оның ізімен жүруіміз керек... Мәсіх Өзіне тіл тигізгендерге жаман сөз қайырмады, азап көрген кезде де оларды қорқытпады. Қайта, Ол ісін әділ Соттаушыға тапсырды” (Петірдің 1-хаты 2:21—23).

[7-беттегі суреттер]

Ехоба көп адамға қатыгездіктен арылуға көмектесті

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу