“Қояр да қоймай өтінгендіктен, біз келістік”
ШЫҒЫС елдері өздерінің қонақжайлылығымен танымал. Мысалы, Үндістанда аяқ астынан келген қонақты күту үшін, үй-ішіндегілердің өздері аш қалуға дайын. Ал Иранда әрбір ана күтпеген қонаққа дастарқан жая алу үшін, тоңазытқышын үнемі азық-түлікке толтырып қояды.
Осындай дарқан көңіл Киелі кітапта айтылған көп адамда болған. Соның бірі — Лүдия атты әйел. Ол Македония аймағының басты қаласы Філіпіде тұратын яһуди дінін қабылдаған әйел болған болу керек. Бір сенбіде елші Пауыл мен қасындағы серіктері Філіпінің сыртындағы өзеннің жанында жиналған Лүдия мен бірнеше әйелді кездестіреді. Сол жерде Пауыл уағыздағанда, Құдай Лүдияның жүрегін ашады. Сөйтіп, ол үй-ішімен бірге шомылдыру рәсімінен өтеді. Кейін ол жолаушылардан: ‘Егер мені Иеге сенуші деп мойындасаңыздар, менің үйіме келіңіздер’,— деп өтінеді. Пауылдың серігі Лұқа: “Қояр да қоймай өтінгендіктен, біз келістік”,— дейді (Елшілердің істері 16:11—15).
Лүдия сияқты, бүгінде мәсіхшілер бір сенімдегілерге, мысалы аралаушы бақылаушылар мен олардың әйелдеріне, қонақжайлылық көрсетеді. Олар қонақтарын ‘қояр да қоймай’ шақырады. Мұндай қонақжайлылықтың пайдасын өздері де көреді: жігерлендірерлік, рухани тақырыптарға әңгіме-дүкен құрып, достық қарым-қатынасты сезінеді. Ехоба Куәгерлерінің басым көпшілігі бақуатты тұрмаса да, ‘қонақжайлылық танытады’ (Римдіктерге 12:13; Еврейлерге 13:2). Олар өзгелерге жомарттық рухын көрсеткеннен өздерін бақытты сезінеді. Иса: “Алғаннан гөрі берген бақытты”,— деп тура айтқан (Елшілердің істері 20:35).