Періштелер адамдар үшін не істейді?
“Бұлардан кейін көктен төмен түсіп келе жатқан бір ерекше періштені көрдім. Оның зор билігі бар еді... Періште қатты дауыспен: — Ол құлады! Ұлы Бабыл құлады!— деді” (АЯН 18:1, 2).
1, 2. Ехобаның өз еркін орындау үшін періштелерді қолданатыны неден көрінеді?
ПАТМОС аралында тұтқында болған қарт елші Жохан пайғамбарлық аяндар алады. Ол ‘киелі рух’ арқылы “Иеміздің күніне” әкелініп, жан тебірентерлік оқиғаларды көреді. Бұл күн 1914 жылы Иса Мәсіх таққа отырған кезде басталып, оның мыңжылдық билігінің соңына дейін жалғасады (Аян 1:10, ЖД).
2 Бұл аянды Ехоба Құдай Жоханға тікелей берген жоқ. Ол үшін белгілі бір арнаны қолданды. Аян 1:1-де былай делінген: “Жақын арада болуға тиісті оқиғаларды өз қызметшілеріне көрсету үшін Құдай осы аянды Иса Мәсіхке тапсырып, Ол бұларды періштесі арқылы қызметшісі Жоханға білдірді”. Иә, Ехоба “Иеміздің күніне” қатысты керемет жайттарды Жоханға білдіру үшін Иса Мәсіх арқылы періштені қолданды. Сондай-ақ Жохан ‘көктен төмен түсіп келе жатқан бір ерекше періштені көрді’. Бұл періштеге не тапсырылған еді? “Періште қатты дауыспен: — Ол құлады! Ұлы Бабыл құлады,— деді” (Аян 18:1, 2). Осы құдіретті періштеге Ұлы Бабылдың, дүниежүзілік жалған діндер империясының, құлауы жайлы хабарды айту мәртебесі берілген еді. Олай болса, Ехоба өз еркін орындау үшін періштелерді кереметтей қолданатынына толықтай сенімді болуымызға болады. Құдайдың ниетіндегі періштелердің рөлін және олардың біз үшін не істейтінін егжей-тегжейлі қарастырмас бұрын, осы рухани жаратылыстардың қалай пайда болғанын көрейік.
Періштелер қалай пайда болды?
3. Көп адам періштелер туралы қандай жаңсақ пікірде?
3 Бүгінде миллиондаған адам періштелердің бар екеніне сенеді. Бірақ көбісі періштелер мен олардың пайда болуы жайлы жаңсақ пікірде. Мысалы, кейбір діндегі адамдар жақындары қайтыс болғанда, періштеге айналып, Құдайдың қасына барады деп ойлайды. Алайда періштелердің пайда болуы, тіршілігі және қызметі жайлы Құдай Сөзі осыған үйрете ме?
4. Жазбаларда періштелердің пайда болуы жайлы не айтылған?
4 Билігі де, құдіреті де ең зор бас періште Михайл деп аталады (Яһуда 9). Оның Иса Мәсіх екені анық (Салониқалықтарға 1-хат 4:16, ЖД). Сансыз көп жылдар бұрын Ехоба Жаратушы болуды шешті де, ең алғаш періштесі етіп осы Ұлын жаратты (Аян 3:14 сілтемені қара). Кейінірек Ехоба осы тұңғыш Ұлы арқылы қалған рухани тұлғаларды жаратты (Қолостықтарға 1:15—17). Ехоба бұл періштелердің өзінің ұлдары екенін көрсете отырып, Әйүптен: “Жердің негізін Мен салған кезде сен қайда болдың? Білсең, айт... Оның шеткі тасын қалаған кім, Таңғы жұлдыздардың жаппай жамырап, барлық Құдай ұлдарының қуаныштан дауыстап жүргенінде?”— деп сұрады (Әйүп 38:4, 6, 7). Олай болса, періштелер — Құдайдың жаратылысы және адам атаулыдан ұзақ уақыт бұрын пайда болған.
5. Періштелер қандай топтарға бөлінеді?
5 Қорынттықтарға 1-хат 14:33-те: “Құдай тәртіпсіздікті емес, тыныштық пен татулықты қалайды”,— делінген. Сондықтан Ехоба рухани ұлдарын үш негізгі топқа бөлген: 1) Серафимдер. Олар Құдай тағының жанында қызмет етеді, оның киелілігін жариялайды және Құдай халқының рухани тазалығын қадағалайды. 2) Керубтер. Олар Ехобаның билігін қолдайды. 3) Құдайдың еркін жүзеге асыратын басқа да періштелер (Забур 102:20; Ишая 6:1—3, сілтемені қара; Езекиел 10:3—5; Даниял 7:10). Осы рухани жаратылыстар адамдар үшін не істейді? (Аян 5:11)
Періштелер қандай қызмет атқарады?
6. Ехоба керубтерге Едем бағына қатысты қандай тапсырма берді?
6 Рухани жаратылыстар туралы алғаш рет Жаратылыс 3:24-те тікелей айтылған. Ол жерден былай деп оқимыз: “[Ехоба] Адамды қуып шыққаннан кейін, мәңгілік өмірді сыйлайтын ағашқа апаратын жолды күзету үшін пейіш бағының шығыс жағына керуб деген періштелерді және жүзінен от шашып, әрі-бері қозғалып жарқылдап тұрған бір семсерді қойды”. Осы керубтер Адам мен Хауаға бақтағы үйлеріне қайта кіруге жол бермеді. Бұл — адамзат тарихының басында болған жайт. Содан бері періштелер қандай қызмет атқаруда?
7. Түпнұсқада “періште” деп аударылған сөздер нені білдіреді және бұл періштелердің қызметі жайлы нені көрсетеді?
7 Киелі кітаптың түпнұсқасында періштелер жайлы шамамен 400 рет айтылған. “Періште” деп аударылған еврей және грек сөздері “хабаршы” дегенді білдіреді. Демек, періштелер Құдай мен адамдар арасында жүріп байланыстыру қызметін атқарады. Осы мақаланың алғашқы екі абзацында айтылғандай, Ехоба періштені елші Жоханға өз хабарын жеткізу үшін қолданған.
8, 9. а) Періштенің келгені Манұх пен әйеліне қалай әсер етті? ә) Манұхтың Құдай періштесімен кездескен жағдайынан ата-аналар не нәрсеге үйрене алады?
8 Періштелер сондай-ақ Құдайдың жердегі қызметшілеріне қолдау көрсету әрі жігерлендіру үшін қолданылады. Мысалы, Исраилдегі билердің заманында Манұх пен оның бедеу әйелі қатты перзент сүйгісі келген болатын. Ехоба бірде Манұхтың әйеліне ұлды болатынын айту үшін өзінің періштесін жібереді. Біз былай деп оқимыз: “Сен құрсақ көтересің де ұл туасың, оның басына ұстара тимейтін болады, себебі құрсақта жатқанда-ақ нәресте Құдайдың назорейі болады және ол Исраилды филистимдіктердің қолынан құтқара бастайды” (Билер 13:1—5).
9 Сөйтіп, Манұхтың әйелі Киелі кітаптың әйгілі кейіпкері болған Самсонды дүниеге әкеледі (Билер 13:24). Сәби туылмас бұрын, Манұх періштенің тағы да келіп, баланы қалай тәрбиелеу керектігін үйретуін өтінеді. Ол: “Нәрестені біз қайтеміз, оған не істейміз?”— деп сұрайды. Ехобаның періштесі оған әйеліне айтқан нұсқауларды қайталайды (Билер 13:6—14). Манұх бұған қатты жігерленіп қалған болу керек. Бүгінде періштелер адамдарға осылай келіп сөйлеспейді, десе де ата-ана бала тәрбиелеуде Манұх сияқты Ехобадан басшылық іздей алады (Ефестіктерге 6:4).
10, 11. а) Сирия әскерінің қаланы қоршауға алғаны Елішә мен қызметшісіне қалай әсер етті? ә) Осы оқиға жайлы ой жүгірткеніміздің қандай пайдасы бар?
10 Елішә пайғамбардың кезінде де періштелердің қолдауын көрсететін бір керемет оқиға болған. Елішә Исраилдің Дотан қаласында еді. Бір күні оның қызметшісі таңертең ерте тұрып, сыртқа қараса, қаланы аттар мен соғыс күймелері қоршап алыпты. Бұл Елішәны қолға түсіру үшін Сирия патшасының жіберген қуатты қолы еді. Елішәнің қызметшісі не істейді? Зәре-құты ұшқан ол: “Сұмдық! Мырзам, біз не істеуіміз керек?”— деп айғайлап жібереді. Ол үшін бәрі біткендей көрінеді. Бірақ Елішә: “Қорықпа, оларға қарағанда, бізбен біргелер көп”,— деп жауап қатады. Ол нені айтып тұр еді? (Патшалықтар 4-жазба 6:11—15, 16, ЖД).
11 Елішә өзіне көмек көрсету үшін айналасында қыруар періште тұрғанын түсінді. Алайда қызметшісі ешкімді көрмеді. Сондықтан “Елисей жалбарынып, былай деді: Жаратушы Ие! Ол көру үшін оның көзін аш. Сонда Жаратушы Ие қызметшінің көзін ашты, сол кезде ол Елисейді қоршаған бүкіл тауда қаптаған отты аттар мен соғыс арбаларын көрді” (Патшалықтар 4-жазба 6:17). Осылайша қызметші қыруар періштені көре алды. Егер рухани көзіміз ашық болса, біз де Ехобаның және Мәсіхтің басшылығымен періштелердің оның халқына көмектесіп әрі қорғап жүргенін көре аламыз.
Періштелердің Мәсіхтің күнінде көрсеткен қолдауы
12. Жәбірейіл періште Мәриямға қалай қолдау көрсетті?
12 “Енді құрсақ көтеріп, Ұл табасың, Оның атын Иса деп қоясың”,— деген хабарды естіген яһудилік қыз Мәриямға қалай қолдау көрсетілгенін көрейік. Құдай жіберген Жәбірейіл періште осы ғажайып хабарды айтпас бұрын, оған: “Қорықпа, Мәриям, саған Құдай рақымын түсірді”,— дейді (Лұқа 1:26, 27, 30, 31). Құдайдың рақымына ие екендігіне сендірген осы сөздер Мәриямға зор жігер беріп, нығайтты.
13. Періштелер Исаға қалай қолдау көрсетті?
13 Періштелердің қолдау көрсеткені жайлы тағы бір мысалды қарайық. Иса айдалада Шайтанның үш сынағына төтеп бергеннен кейін ‘Шайтан Оның қасынан кетіп қалады. Ал періштелер келіп, Исаға қызмет көрсетеді’ (Матай 4:1—11). Оның өлімінің алдындағы түні де осыған ұқсас жайт орын алады. Қатты азап шеккенде, Иса тізе бүгіп, әкесіне былай деп дұға ете бастайды: “О, Әкем, егер Сен қаласаң, (қаһарыңа толы) мына тостағанды Маған жолатпай алып кете гөр. Бірақ Менің емес, Сенің еркің болсын! Сонда көктен бір періште келіп, Исаға күш берді” (Лұқа 22:42, 43). Ал бүгінде періштелер бізге қалай қолдау көрсетеді?
Періштелердің бүгінгі күні қолдау көрсетуі
14. Біздің уақытымызда Ехоба Куәгерлеріне қандай қудалауларға төтеп беруге тура келді және мұның нәтижесі қандай болды?
14 Қазіргі заманда Ехоба Куәгерлерінің уағыздау ісі қалай жүріп жатқанына қарайтын болсақ, періштелердің көмегін байқаймыз. Мысалы, Ехобаның халқы Екінші дүниежүзілік соғыстың (1939—1945) алдында және соғыс кезінде Германия мен Батыс Еуропадағы нацистердің шабуылына төтеп бере алды. Италия, Испания және Португалиядағы католиктік фашистер режимі кезінде олар әлдеқайда ұзақ уақыт қудаланды. Сонымен қатар ондаған жылдар бойы бұрынғы Кеңес одағы мен оның қоластындағы елдерде қуғын-сүргін көрді. Ехоба Куәгерлерінің Африканың кей елдерінде де қудалауға кезіккенін айта кеткен жөнa. Грузиядағы Куәгерлердің қатты қуғынға ұшырағанына да көп уақыт өткен жоқ. Шайтан Ехоба Куәгерлерінің ісін тоқтату үшін қолынан келгеннің бәрін істеді. Алайда олар ұйым ретінде осы сияқты қарсылықтарға төтеп беріп қана қоймай, өркендеп те отыр. Бұл — періштелердің де қорғап-қолдағанының арқасы (Забур 33:8; Даниял 3:28; 6:22).
15, 16. Дүниежүзілік уағыздау ісінде періштелер Ехоба Куәгерлеріне қалай қолдау көрсетуде?
15 Ехоба Куәгерлері Патшалық туралы ізгі хабарды дүние жүзіне уағыздау мен қызығушылық білдірген адамдарға Киелі кітап шындығын үйрету арқылы шәкірт дайындау тапсырмасына үлкен жауапкершілікпен қарайды (Матай 28:19, 20). Алайда олар бұл істі періштелердің көмегінсіз атқара алмайтынын жақсы біледі. Сондықтан Аян 14:6, 7-гі сөздер олар үшін әрдайым жігердің көзі болып табылады. Онда былай делінген: “Мұнан кейін мен [елші Жохан] аспанда, шыңырау биікте ұшып бара жатқан ерекше бір періштені көрдім. Ол жер бетінде Құдайға мойынсұнбай тұратындарға — әрбір халыққа, руға, тілге және ұлтқа қарсы Құдайдың мәңгілік жеңісі туралы Ізгі хабарды жариялап, қатты дауыспен: — Құдайдан қорқып, Оны құрметтеп, салтанатты ұлылығын дәріптеңдер! Себебі Оның адамзатты соттайтын уақыты туды. Көк пен жерді, теңіз бен су көздерін жаратқан Құдайға бас ұрып тағзым етіңдер!— деді”.
16 Бұл сөздер Ехоба Куәгерлерінің дүние жүзі бойынша ізгі хабарды жариялау ісі періштелердің көмегі мен басшылығының арқасында жүріп жатқанын айқын көрсетеді. Ехоба періштелерін ақ жүректі адамдарды өз Куәгерлеріне бағыттау үшін қолдануда. Сондай-ақ періштелер Куәгерлерді лайықты адамдарға алып барады. Бұл қатты қиналып, рухани көмекке зәру болып тұрған адамға неліктен Ехоба Куәгерлері жолығып қалатынын түсінуге көмектеседі. Жиі болып тұратын мұндай жайтты, әрине, кездейсоқтық деп айта алмайсың.
Жақын болашақта періштелер не істейді?
17. Бір ғана періштенің ассириялықтарға қарсы шабуылы немен аяқталды?
17 Періштелердің хабар жеткізу және Ехобаның қызметшілеріне күш берумен қатар, тағы бір міндеті бар. Бұрынғы уақытта олар Құдайдың үкімдерін жүзеге асырған. Мысалы, б. з. б. VIII ғасырда ассириялықтардың қалың қолы Иерусалимге қауіп төндірді. Сонда Ехоба не істеген? Ол: “Бұл қаланы Өзіме, Дәуітке Менің құлыма бола құтқаруым үшін Мен оны қорғаймын”,— деді. Бұдан кейін не болғаны жөнінде Киелі кітапта былай делінген: “[Түнде] Жаратушы Иенің Періштесі келіп, Ассирия бекінісінде жүз сексен мың [“жүз сексен бес мың”, ЖД] жауынгерді жусатып салды. Ертеңгісін тұрса, бәрі өліп жатыр” (Патшалықтар 4-жазба 19:34, 35). Иә, бір ғана періштенің күшімен салыстырғанда, адам жасағының күші түк те емес!
18, 19. Жақын болашақта періштелер не істейді және бұл адамзатқа қалай әсер етеді?
18 Жақын болашақта періштелер Құдайдың үкімін жүзеге асырады. Жуырда Иса “құдіретті періштелерімен жалындаған отпен” келеді. Олардың мақсаты — ‘Ізгі хабарға құлақ аспай, Құдайды танымай жүргендерді жазалау’ (Салониқалықтарға 2-хат 1:7, 8). Олардың бұл ісі адамзат үшін өте маңызды. Дүние жүзі бойынша жарияланып жатқан Патшалық туралы ізгі хабарға құлақ асқысы келмегендер жойылады. Ал Ехобаны, әділдік пен момындықты іздегендер ‘Жаратушы Иенің қаһарлы күнінде бас сауғалап’, аман қалады (Софония 2:3).
19 Ехоба жер бетіндегі қызметшілеріне қолдау көрсету әрі күш беру үшін періштелерін қолданып жатқанына дән риза болуымызға болады. Құдайдың ниетінде періштелердің қандай рөл атқаратынын түсінгеніміз бізге зор жұбаныш береді. Өйткені Ехобаға қарсы шығып, Шайтанның жағына өткен періштелер де бар. Келесі мақалада шынайы мәсіхшілер Шайтан Ібіліс пен оның жын-перілерінің күшті ықпалынан өздерін қорғау үшін не істей алатыны қарастырылады.
[Сілтеме]
a Осы бірқатар қудалаулар туралы толығырақ мәліметті “Ехоба Куәгерлері жылнамасының” келесі сандарынан қараңдар: 1983 (Ангола, ағ.), 1974 (ағ.) пен 1999 (Германия ор.), 2006 (Замбия, ор.), 1978 (Испания, ағ.), 1982 (Италия, ағ.), 1999 (Малави, ор.), 1996 (Мозамбик, ор.), 2004 (Молдова, ор.), 1994 (Польша, ағ.), 1983 (Португалия, ағ.), 2000 (Чех Республикасы, ор.), 1972 (Чехословакия, ағ.), 2002 (Украина, ор.) және 1992 (Эфиопия, ағ.).
Не білдіңдер?
• Періштелер қалай пайда болды?
• Киелі кітап жазылған заманда періштелер қандай қызмет атқарған?
• Аян 14:6, 7-ден періштелердің бүгіндегі қызметі жайлы не білеміз?
• Жақын болашақта періштелер не істейді?
[13-беттегі сурет]
Періште Манұх пен әйелін жігерлендірді
[15-беттегі сурет]
“Оларға қарағанда, бізбен біргелер көп”