Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • w07 1.3. 27—31 бет.
  • Құдайдан қорқып, бақытты өмір кешейік

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • Құдайдан қорқып, бақытты өмір кешейік
  • 2007 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
  • Тақырыпшалар
  • Ұқсас мәлімет
  • Неге Құдайдан қорқу керек?
  • Құдайдан қорқатынымызды өмірімізде қалай көрсетеміз?
  • Құдайдан қорқу мол батаға кенелтеді
  • Қиындықтарға төтеп беруімізге көмектесетін уәделер
  • Дана бол және Құдайдан қорық!
    2006 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
  • Жүректеріңде Ехобаға деген қорқыныш дамытыңдар!
    2002 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
  • Құдайдан қорық та, бақытты бол!
    2006 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
  • Ехобадан қорқып, оның өсиеттерін орында
    2002 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
Көбірек мәлімет
2007 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
w07 1.3. 27—31 бет.

Құдайдан қорқып, бақытты өмір кешейік

“Оның қасиетті [жұрты], Жаратушыдан қорқыңдар, өйткені Одан қорқатындар тапшылық көрмейді” (ЗАБУР 33:10).

1, 2. а) Мәсіхшілер әлемі Құдайдан қорқу деген түсінік жайлы қандай екі түрлі көзқараста? ә) Қазір қандай сұрақтарды қарастырамыз?

МӘСІХШІЛЕР ӘЛЕМІНІҢ Құдайдан қорқу керек деп үйрететін уағыздаушылары мұны жиі Киелі кітапқа қайшы келетін Құдай күнәкарларды тозақ отында мәңгі азаптайды деген ілімге негіздейді. Мұндай ілім Киелі кітаптың Ехоба сүюші әрі әділ Құдай деп үйрететініне қайшы келеді (Жаратылыс 3:19; Заңды қайталау 32:4; Римдіктерге 6:23; Жоханның 1-хаты 4:8). Мәсіхшілер әлемінің басқа бір қызметшілері болса екінші шектен шығып жатады: Құдайдан қорқу деген түсінік олар үшін жат. Мұның орнына, Құдай барлық нәрсеге көз жұма салады, әрі өмір салты қандай болғанына қарамастан, ешкімнен бас тартпайды деп үйретеді. Бұл да Киелі кітаптың неге үйрететініне қайшы келеді (Ғалаттықтарға 5:19—21).

2 Шындығына келгенде, Киелі кітап бізді Құдайдан қорқуға шақырады (Аян 14:7). Бұған қатысты біраз сұрақтар туындайды: неге сүюші Құдай өзінен қорыққанымызды қалайды? Бұл қандай қорқыныш? Құдайдан қорыққанымыздың қандай пайдасы бар? Қазір 33-ші Забур жырын талқылауды жалғастыра отырып, осы сұрақтарды қарастырайық.

Неге Құдайдан қорқу керек?

3. а) Құдайдан қорқу дегенді қалай түсінесің? ә) Неге Ехобадан қорқатындар бақытты?

3 Ехоба Әлемнің Жаратушысы әрі Әміршісі болғандықтан, одан қорыққанымыз дұрыс: ол соған лайық (Петірдің 1-хаты 2:17). Алайда Ехобаның алдындағы қорқыныш — қандай да бір қатыгез құдайдан үрейлене шошыну емес, оның кім екенін түсіне отырып, терең қастерлеу. Сонымен қатар оған ұнамды болмай қалудан қорқу. Бұл — асқақ та жағымды сезім. Бұдан адамның еңсесі басылып немесе бойын үрей билемейді. “Бақытты Құдай” Ехоба адам баласының бақытты өмір кешкенін қалайды (Тімотеге 1-хат 1:11, ЖД). Бұл үшін Құдайдың талаптарына сай өмір сүруіміз қажет. Көбісі үшін бұл өмірде өзгеріс жасау керек дегенді білдіреді. Ал қажетті өзгерістер жасаған адамдардың бәрі де забур жыршысы Дәуіттің мына сөздерінің растығын көреді: “Дәмін татыңдар да Жаратушының қандай мейірімді екендігін көріңдер! Оған табынатын адам рахатқа кенеледі! Оның қасиетті [жұрты], Жаратушыдан қорқыңдар, өйткені Одан қорқатындар тапшылық көрмейді” (Забур 33:9, 10). Иә, Ехобадан қорқатындардың бәрі онымен жақсы қарым-қатынаста болғандықтан мәңгілік пайдасы бар нәрселерден құр қалмайды.

4. Дәуіт те, Иса да ізбасарларын не нәрсеге сендірді?

4 Дәуіт қасындағы жігіттерін құрметпен ‘қасиетті жұрт’ атағанын байқашы. Олар Құдайдың қасиетті халқының мүшелері еді. Сонымен қатар Дәуітке ілесеміз деп, өмірлерін қауіпке тігуде еді. Саул патшадан қашуларына тура келсе де, Ехобаның өздерін басты қажеттіліктерімен қамтамасыз ете беретініне Дәуіт сенімді болған. Ол былай деп жазды: “Жас арыстандар бейшаралыққа ұрынды және аштыққа ұшырады, ал Жаратушыны іздегендер ешқандай игіліктен құр қалған жоқ” (Забур 33:11). Иса да ізбасарларын Ехобаның қамқорлығына сендірген (Матай 6:33).

5. а) Исаның шәкірттерінің көбісі қандай адамдар еді? ә) Иса тыңдаушыларына қандай кеңес берді?

5 Исаның тыңдаушыларының көбісі төмен таптан шыққан, кедей яһудилер еді. Сондықтан “оларға Исаның жаны ашыды. Себебі адамдар бағушысы жоқ қойлардай қалжыраған бейшара болатын” (Матай 9:36). Осындай адамдардың Исаның соңынан еруге батылдары жете ме? Бұлай ету үшін олар адамдардан емес, Құдайдан қорқуды үйренулері қажет еді. Иса оларға былай деді: “Тәнді өлтірсе де, кейін басқа ештеңе істей алмайтындардан қорықпаңдар! Сендерге кімнен қорқу керек екенін айтайын: өлтіргеннен кейін тозаққа түсіре алатын Құдайдан қорқыңдар! Сендерге тағы айтамын: Одан қорқып, Оны терең қастерлеңдер! Бес торғай екі теңгеге сатылмай ма? Дегенмен олардың біреуін де Құдай ұмытпайды. Тіпті бастарыңдағы шаштарыңның саны Оған белгілі! Сондықтан адамдардан қорықпаңдар: Құдай үшін сендер көптеген торғайлардан да әлдеқайда қымбатсыңдар!” (Лұқа 12:4—7)

6. ә) Мәсіхшілерге Исаның қандай сөздері күш береді? ә) Неге Иса Құдайдан қорқудың ең керемет үлгісін қалдырды деуге болады?

6 Жаулары қысым көрсетіп, Құдайға қызмет етулерін тоқтатуға тырысқанда, Ехобадан қорқатын адамдар Исаның келесі кеңесін еске алса болады: “Мені адамдар алдында мойындаған әркімді Мен де Билеуші ретінде көктен қайтып келген кезде Құдайдың періштелерінің алдында мойындаймын. Бірақ Менен жұрт алдында танған әркімнен Мен де Құдайдың періштелерінің алдында танбақпын” (Лұқа 12:8, 9). Бұл сөздер әсіресе шынайы ғибадатқа тыйым салынған жерлердегі мәсіхшілерге әрдайым күш береді. Олар Ехобаны мадақтауды тоқтатпай, сақ бола жүріп, қауым кездесулеріне баруды және уағыздауды жалғастыруда (Елшілердің істері 5:29). Иса ‘Құдайдан қорқудың’ ең керемет үлгісін қалдырды (Еврейлерге 5:7, ЖД). Ол жайында Құдай Сөзінде мынадай пайғамбарлық айтылған: “Осы патшаға Жаратқан Иенің Рухы қонып... Құдайды терең қастерлеуді дарытады. Өзі Тәңір Иеге мойынсұнып, Оны терең қастерлеуден қуаныш табады” (Ишая 11:2, 3). Демек, Құдайдан қорқуды бізге Исадан артық ешкім де үйрете алмайды.

7. а) Қалай мәсіхшілер Дәуіттің шақыруына құлақ асуда деуге болады? ә) Ата-аналар Дәуіттің керемет үлгісіне қалай еліктей алады?

7 Исаның үлгісіне еліктейтін әрі оның тәлімдеріне мойынсұнатын әркім Дәуіттің: “Балаларым, келіңдер де, Мені тыңдаңдар: сендерге Жаратушыдан қорқудың жолын көрсетемін”,— деген шақыруына құлақ асуда деуге болады (Забур 33:12). Дәуіттің қасындағы жігіттерін “балаларым” деп атағаны кәдімгі жайт болатын, өйткені олар оны басшылары ретінде сыйлаған. Ал Дәуіт рухани көмек көрсетіп, соның арқасында олар өзара бірлікте әрі Ехобаның шапағатына ие болған. Мәсіхші ата-аналар үшін неткен керемет үлгі! Ехоба оларға ұл-қыздарына ‘жөн сілтеп, Иемізбен жүргендерге лайықты тәрбиелеуге’ билік берген (Ефестіктерге 6:4). Балаларымен рухани нәрселерді күнделікті талқылау және Киелі кітапты жүйелі түрде зерттеу арқылы ата-аналар оларға Ехобадан қорқып, бақытты өмір кешуге көмектеседі (Заңды қайталау 6:6, 7).

Құдайдан қорқатынымызды өмірімізде қалай көрсетеміз?

8, 9. а) Құдайдан қорқып өмір кешу несімен жағымды? ә) Аузымызды тыю деген нені білдіреді?

8 Жоғарыда айтылғандай, Ехобадан қорқу бізді қуаныштан айырмайды. Дәуіт: “Адамның өмір сүргісі келе ме және ұзақ ғұмыр сүруді ұната ма?”— деп сұраған болатын (Забур 33:13). Расында да, Ехобадан қорқу ұзақ өмір кешу мен баталарға ие болу үшін өте маңызды. Алайда “Мен Құдайдан қорқам”,— деу бір бөлек те, мұны жүріс-тұрысымызбен көрсету бір бөлек. Сондықтан да Дәуіт Құдайдан қорқатынымызды қалай көрсете алатынымызды кейінгі сөздерінде түсіндіреді.

9 “Зұлымдықтан өз аузыңды тый және лағынет сөздерді аузыңа алма” (Забур 33:14). Елші Петір мәсіхшілерге бір-бірін туған бауырлардай сүюге кеңес берген соң, Құдай рухының жетелеуімен 33-ші Забур жырының осы бөлігін келтірген болатын (Петірдің 1-хаты 3:8—12). Зұлымдықтан аузымызды тыю өсек-аяң таратудан аулақ болуымыз керек дегенді білдіреді. Біз басқалармен сөйлескенде, әрдайым жігерлендіретін әңгімелер айтуға тырысамыз. Сондай-ақ батылдық танытып, шындықты айтамыз (Ефестіктерге 4:25, 29, 31; Жақып 5:16).

10. а) Зұлымдықтан аулақ болу нені білдіретінін түсіндіріңдер. ә) Қайырымдылық жасауға не жатады?

10 “Зұлымдықтан бойыңды аулақ ұста және қайырымдылық жаса; тыныштықты ізде” (Забур 33:15). Біз Құдай айыптайтын азғындық, порнография, ұрлық, спиритизм, зорлық-зомбылық, маскүнемдік пен нашақорлық сияқты істерден аулақ жүреміз. Сонымен қатар осындай жиіркенішті нәрселер орын алатын көріністерді көрмейміз (Ефестіктерге 5:10—12). Мұның орнына, уақытымызды қайырымдылық жасауға қолданамыз. Істей алатын ең зор қайырымдылығымыз — адамдарға құтқарылуға көмектесу үшін Патшалықты уағыздау мен шәкірт дайындау ісіне үнемі қатысу (Матай 24:14; 28:19, 20). Қайырымдылық жасауға сондай-ақ мәсіхшілер кездесулеріне дайындалу және бару, дүниежүзілік іске садақа жасау, Патшалық сарайын күтіп ұстау, мұқтаждық көрген мәсіхшілерге қол ұшын беру жатады.

11. а) Дәуіт татулыққа қатысты айтқан сөздерін өзі қалай іс жүзінде қолданды? ә) Қауымда татулыққа ұмтылу үшін не істей аласың?

11 Дәуіт тыныштыққа, не татулыққа, ұмтылуға қатысты жақсы үлгі қалдырды. Екі жағдайда оның Саулды өлтіруге мүмкіндігі болды. Бірақ екі жолы да зорлық-зомбылыққа барудан аяқ тартып, татуласу үмітімен патшамен сый-құрмет көрсетіп сөйлеседі (Патшалықтар 1-жазба 24:8—11; 26:17—20). Бүгінде қауымның татулығын бұзатын жайт болып жатса, не істеуге болады? Біз ‘тыныштықты іздеп’, татулыққа ұмтылуымыз керек. Егер бауырласымызбен арамыздағы қарым-қатынас қиындап кеткенін сезсек, Исаның: “Әуелі барып бауырыңмен татулас”,— деген кеңесіне құлақ асамыз. Сосын, шынайы ғибадаттың басқа қырларына да көңіл бөле береміз (Матай 5:23, 24, Тт; Ефестіктерге 4:26).

Құдайдан қорқу мол батаға кенелтеді

12, 13. а) Құдайдан қорқатын адамдар қандай баталар көруде? ә) Жақында Құдайдың адал қызметшілері қандай батаға ие болады?

12 “Жаратушының жанары құдайшылдарға қарайды, және де Оның құлағы — солардың зарын тыңдайды” (Забур 33:16). Құдайдың Дәуіт үшін не істегені осы сөздердің растығын дәлелдейді. Бүгінде біз зор қуаныш пен жан тыныштығын сезінеміз, өйткені Ехоба бізді көз қырына алып жүргенін білеміз. Тіпті қатты қиналған шақтарда да оның әрдайым қажеттіліктерімізді қамтамасыз ететініне сенімдіміз. Сондай-ақ жуырда Құдайдың шынайы қызметшілерінің бәрі де Магог жерінен шыққан Гогтың алдын ала айтылған шабуылына ұшырайтынын және ‘Жаратушы Иенің үрейлі күнін’ көретінін білеміз (Жоел 2:11, 31; Езекиел 38:14—18, 21—23). Сол уақытта қандай жағдайға тап болмайық, Дәуіттің мына сөздерінің орындалатынын көреміз: “Тақуа [пенделер] жалбарынады, сонда Жаратушы естиді, сөйтіп, оларды барлық қайғы атаулыдан құтқарады” (Забур 33:18).

13 Ехобаның өз ұлы есімін асқақтатқанын көру қандай жан тебірентерлік оқиға болмақ! Сонда бойымызды ғаламат қастерлі сезім кернейтін болады, ал қарсыластардың бәрі масқара өлімге ұшырайды. “Жаратушы зұлымдарды жер бетінен аластату үшін жүзін сол зұлымдарға бұрады” (Забур 33:17). Құтқарылу күнін көріп, Құдайдың әділ жаңа дүниесінде өмір сүру — неткен зор бата!

Қиындықтарға төтеп беруімізге көмектесетін уәделер

14. Қиындықтарға төтеп беруімізге не көмектеседі?

14 Сол уақыт келгенге дейін, осы азғын да зұлым дүниеде Ехобаға әрі қарай да мойынсұну үшін табандылық қажет. Мойынсұнғыш болуды үйрену үшін Құдайдан қорқудың пайдасы зор. Қиын-қыстау күндерде өмір сүріп жатқандықтан Ехобаның кейбір қызметшілері, былайша айтқанда, жүректерін шерге толтырып, рухтарын күйрететін ауыр қиындықтарға кезігуде. Алайда олар егер Ехобаға үміт артатын болса, ол қиындықтарға төтеп берулеріне көмектесетініне кәміл сенулеріне болады. Дәуіт арқылы берілген келесі уәде оларға нағыз жұбаныш береді: “Жаратушы жүректері шерлі пенделерге жақын жүреді және рухы күйрегендерді құтқарады” (Забур 33:19). Оның әрі қарай айтқан сөздері де жігер береді: “Тақуа адамның қайғысы да мол болады, және де солардың баршасынан оны Жаратушы құтқарады” (Забур 33:20). Иә, басымызға қаншама бақытсыздық түспесін, олардың бәрінен құтқаруға Ехобаның құдіреті жетеді.

15, 16. а) 33-ші Забур жырын шығарған соң көп ұзамай, Дәуіт не туралы естіді? ә) Бізге сынақтарға төтеп беруге не көмектеседі?

15 33-ші Забур жырын шығарған соң көп ұзамай, Дәуіт Ноб қаласының тұрғындары мен діни қызметкерлерін Саулдың қырғынға ұшыратқанын естиді. Саулдың ашулануына өзінің Нобқа барғаны себеп болғаны ойына түскен сайын, бұл Дәуіттің жанына қалай батқан болу керек десеңші! (Патшалықтар 1-жазба 22:13, 18—21) Оның Ехобадан көмек іздеп, әрі болашақта әділдердің қайта тірілетінінен жұбаныш алғаны анық (Елшілердің істері 24:15).

16 Бүгінде қайта тірілуге деген үміт бізге де күш береді. Біз жауларымыздың орны толмастай зақым келтіре алмайтынын білеміз (Матай 10:28). Дәуіт осындай сенімін келесі сөздермен білдірген: “Ол оның [әділдің] сүйектеріне әл бітіреді; бірде-бір сүйегі сынбайды” (Забур 33:21). Осы тармақ тура мағынада Исаның жағдайында орындалды. Иса қатыгездікпен өлтірілсе де, бірде-бір сүйегі ‘сындырылмады’ (Жохан 19:36). Кең мағынада алғанда, Забур 33:21 бізді мынаған сендіреді: майланған мәсіхшілер мен “басқа қойлар” қандай сынаққа кезіксе де, орны толмастай зақым көрмейді. Бейнелеп айтқанда, олардың сүйектері ешқашан сынбайды (Жохан 10:16).

17. Ехобаның халқына қайтпай жауласатын адамдарды қандай апат күтіп тұр?

17 Ал зұлымдарға келсек, жағдай мүлдем басқа. Жақында олар сепкен зұлымдықтарының жемісін орады. “Күнәһардың түбіне зұлымдық жетеді, және де тақуа адамды жаратпайтындар қаза табады” (Забур 33:22). Құдайдың халқына қарсы шығуын қоймағандардың бәрі ең қорқынышты апатқа ұшырайды. Иса Мәсіх қайта оралғанда, олар “мәңгі өлім жазасына тартылады” (Салониқалықтарға 2-хат 1:9, Тт).

18. Қай мағынада ‘өте үлкен тобыр’ құтқарылып қойған және болашақта қалай толығымен құтқарылмақ?

18 Дәуіттің жырындағы соңғы сөздер мынаған сендіреді: “Жаратушы өз құлдарының жан-дүниесін сақтап қалады, және де Оған табынғандардың ешқайсысы өлмейді [“Оны паналағандардың ешқайсысына кінә тағылмайды, ЖД]” (Забур 33:23). 40 жылдық билігінің соңына таман, Дәуіт патша: ‘Менің жанымды қайғы-қасірет атаулыдан құтқарушы Жаратқан Ие’,— деген болатын (Патшалықтар 3-жазба 1:29). Жақында Ехобадан қорқатын адамдар да, Дәуіт іспетті, бастан кешкендерін саралап, қуанатын болады, өйткені олар күнәнің кесірінен туған кінәдан арылады, сондай-ақ сынақ атаулыдан құтылады. Майланған мәсіхшілердің басым көпшілігі қазірдің өзінде көктегі сыйларын алып қойған. Ал барлық халықтан шыққан ‘өте үлкен тобыр’ Құдайға қызмет ету үшін бүгінде Исаның жерде қалған бауырларына қосылуда, әрі осының арқасында Құдай алдында ар-ұждандары таза. Өйткені олар Исаның төгілген қанының құтқарушы күшіне сенім білдіреді. Алдағы Мәсіхтің мыңжылдық билігі кезінде олар төлем құрбандығының толық пайдасын көріп, кемелділікке жетеді (Аян 7:9, 14, 17; 21:3—5).

19. ‘Өте үлкен тобыр’ әрі қарай да не істеуге бел буған?

19 ‘Өте үлкен тобырды’ құрайтын Құдайдың қызметшілері осы баталарға неліктен ие болады? Себебі олар Ехобаға деген қызметтерін ерекше қастерлі сезіммен атқарып, әрі қарай да Құдайдан қорқуға бел буған. Шынында да, Ехобадан қорқу қазірдің өзінде бақытты болуға, сондай-ақ “шынайы өмірді”, яғни Құдайдың жаңа дүниесіндегі мәңгілік өмірді, ‘берік ұстануға’ көмектеседі (Тімотеге 1-хат 6:12, 18, 19; Аян 15:3, 4).

Естеріңде ме?

• Неге Құдайдан қорқуымыз керек және бұл нені білдіреді?

• Құдайдан қорыққанымыз жүріс-тұрысымызға қалай әсер етеді?

• Құдайдан қорқу қандай баталарға кенелтеді?

• Қандай уәделер сынақтарға төтеп беруімізге көмектеседі?

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу