Ехобаның сөзі тірі.
Ишая кітабындағы көңіл бұрарлық ойлар (ІІ-бөлім)
ИШАЯ пайғамбарлық міндетін адал орындауда. Оның он рулы Исраилге қарсы айтқан сөздері орындалып қойған болатын. Енді Иерусалимнің болашағы туралы айтар сөзі бар.
Иерусалим қаласы жойылып, тұрғындары тұтқынға алынбақ. Бірақ ол мәңгі-бақи қаңырап қалмайды. Біраз уақыттан кейін шынайы ғибадат қалпына келтірілмек. Ишая 36:1—66:24 дейінгі тармақтардағы басты хабар, міне, осыa. Бұл тарауларды қарастырғанымыздың пайдасы зор, өйткені осы бөлімдегі көптеген пайғамбарлықтар кең көлемде, немесе соңғы рет, біздің күнімізде не жақын болашақта орындалады. Ишая кітабының осы бөлігінде Мәсіхке қатысты көңіл толқытарлық пайғамбарлықтар да бар.
“БАРЛЫҚ БАЙЛЫҒЫҢ... ӘКЕТІЛЕДІ”
Езекия патшаның билігінің 14 жылында (б. з. б. 732 жыл) ассириялықтар Яһудаға басып кіреді. Ехоба Иерусалимді қорғайтынын уәде етеді. Ехобаның періштесі жалғыз өзі 185 000 ассириялық жауынгерді қырып салғанда, қауіптің беті қайтады.
Езекия дертке ұшырап қалады. Ехоба дұғасына жауап беріп, оны сауықтырады да, өмірін 15 жылға ұзартады. Бабыл патшасы оны құттықтап елшілерін жібергенде, Езекия ақылсыз әрекет етіп, оларға бар қазынасын көрсетіп салады. Ишая Езекияға Ехобаның мынадай хабарын жеткізеді: “Осыдан қара да тұр, сенің ата-бабаларың бүгінгі күнге дейін жиып-терген үйіңдегі барлық байлығың Вавилонға тасып әкетіледі, ештеңе де қалмайды” (Ишая 39:5, 6). 100 жылдан сәл аса осы пайғамбарлық орындалады.
Киелі кітапқа негізделген сұрақтың жауабы:
38:8. Үстіне түскен көлеңке кері қайтқан ‘сатылар’ деген не? Б. з. б. VIII ғасырларда Мысыр мен Бабылда күн сағаты қолданылған. Сондықтан мұндағы сатылар Езекияның әкесі Ахаздың, сірә, басқа елден әкелген күн сағатының көрсеткішіне нұсқауы мүмкін. Я болмаса сарайда баспалдақ болған болса керек. Оның жанында тұрған бағаналардың көлеңкесі баспалдақтарға түсетін де, сол көлеңкенің жылжуына қарап, уақытты өлшеген болуы да мүмкін.
Біз үшін сабақ:
36:2, 3, 22. Севна сарай басқарушысы қызметінен ығыстырылады, сөйтсе де, орнына келген адамның хатшысы боп патшаға қызмет ете беруге оған рұқсат етіледі (Ишая 22:15, 19). Егер қандай да бір себеппен Ехобаның ұйымындағы жауапкершілігімізден айырылып қалған болсақ, Құдай мүмкіндік берген қызметті атқара беруіміз керек емес пе?
37:1, 14, 15; 38:1, 2. Қиналған шақтарда Ехобаға дұға етіп, толық сенім артқанымыз жөн.
37:15—20; 38:2, 3. Иерусалимге ассириялықтар қауіп төндіріп тұрғанда, Езекияны бірінші кезекте мазалаған нәрсе оның талқандалуының Ехобаның есіміне кір келтіретіндігі еді. Дертінің соңы жақсылыққа апармайтынын білгенде, Езекияны басқа жайт көбірек мазалаған болатын: ол артынан мұрагер қалдырмай өліп кетсе, Дәуіттен шығатын патшалар әулетіне мұның қалай әсер ететініне қатты мазаланды. Сонымен қатар ол ассириялықтармен соғысты кім жүргізетінін ойлап та уайымдаған. Езекия сияқты біз де Ехобаның есімінің қастерленуі мен оның ниетінің орындалуын өзіміздің құтқарылуымыздан әлдеқайда маңызды санаймыз.
38:9—20. Езекияның осы дұғасынан өмірде Ехобаны мадақтай алатындай күйде болғаннан артық ештеңе жоқ екенін көреміз.
“ИЕРУСАЛИМ ҚАЙТА САЛЫНСЫН!”
Ишая Иерусалимнің жойылуы мен Бабылға тұтқынға әкетілетіні жайлы пайғамбарлық еткен соң, артынша-ақ шынайы ғибадаттың қайта қалпына келетіні жайлы айтады (Ишая 40:1, 2). “Иерусалим қайта салынсын!”— делінген Ишая 44:28-де. Бабылдың жалған тәңірлерінің мүсіндері “жүк” сияқты тиеліп әкетіледі (Ишая 46:1, Тт). Бабыл жойылмақ. Осының бәрі екі ғасырдан соң орындалады.
Ехоба өз қызметшісін ‘басқа халықтар үшін жарық нұр’ етпекші (Ишая 49:6). Бабылдықтардың ‘аспаны’, немесе билеуші табы, “түтіндей ғайып болып”, ал оның қол астындағылары ‘шыбын-шіркей секілді лезде өліп құрымақ’. Бірақ ‘тұтқындалған Сион халқы мойнындағы шынжырларды алып тастамақ’ (Ишая 51:6; 52:2). Өзіне жақындап, айтқанына құлақ түргендерге Ехоба: “Сендермен мәңгілік келісім жасамақпын. Кезінде Дәуітке уәде еткен мызғымас рақымымды енді өздеріңе көрсетпекпін”,— дейді (Ишая 55:3). Құдайдың әділ талаптары бойынша өмір сүргендер ‘Тәңір Иеден рақат табады’ (Ишая 58:14). Ал халқының әділетсіз істері, керісінше, ‘Құдаймен араларын ажыратады’ (Ишая 59:2).
Киелі кітапқа негізделген сұрақтардың жауаптары:
40:27, 28. Неге Исраил халқы: “Жүрген жолым Жаратқаннан жасырынған, Мүдделерім де назарынан тыс қалған!”— деген? Бабылдағы кейбір яһудилер бастарынан өткізіп жатқан әділетсіздіктері Ехобадан жасырын немесе Құдай оларды көрмей жатыр деп ойлаған болса керек. Жерді жаратқан әрі ешқашан шаршап-шалдықпайтын Құдайдың назарынан Бабыл тыс қалмайтындығы олардың естеріне салынды.
43:18—21. Неге тұтқыннан оралғандарға: “Естеріңе бұрынғыны алмаңдар”,— делінген? Бұл олар Ехобаның құтқару үшін істеген бұрынғы істерін ұмытулары керек дегенді білдірмейді. Ехоба олардың өз бастарынан өткергелі отырған ‘жаңа’ нәрсенің негізінде өзін мадақтағанын қалаған. Бұл ‘жаңа’ нәрсе, бәлкім, олардың шөл даладағы әлдеқайда төте жолмен Иерусалимге аман-есен оралуы сияқты жайт болуы мүмкін. “Ауыр азаптан” аман өтетін ‘өте үлкен тобырдың’ да Ехобаны дәріптеуге өз бастарынан өткізетін жаңа себептері болады (Аян 7:9, 14).
49:6. Мәсіхтің жердегі қызметі Исраил ұлдарымен шектелсе де, қалай ол “басқа барлық халықтар үшін де жарық” болып табылады? Бұл Исаның өлімінен кейін болған жайтпен байланысты. Ишая 49:6-ғы сөздер оның шәкірттеріне қатысты қолданылған (Елшілердің істері 13:46, 47). Бүгінде өте үлкен тобырдың мүшелерінің қолдауымен майланған мәсіхшілер “жердің түкпір-түкпіріндегі адамдарға” нұр төге отырып, ‘барлық халықтар үшін жарық болуда’ (Матай 24:14; 28:19, 20).
53:11. Мәсіхтің ‘көп адамдарды ақтайтын білімі’ деген не? (сілтемені қараңдар). Бұл — Исаның жер бетіне келуінің, адам болуы мен өлімге дейін азап шегуінің арқасында ие болған білімі (Еврейлерге 4:15). Осының арқасында ол майланған мәсіхшілер мен өте үлкен тобырдың Құдай алдында ақталуы, немесе әділ деп жариялануы, үшін қажет төлем құрбандығын ұсына алды (Римдіктерге 5:19; Жақып 2:23, 25).
56:6. “Басқа ұлт адамдары” кімдер және қалайша олар ‘[Ехобаның] келісімін берік ұстанады’? “Басқа ұлт адамдары” деп отырғанымыз — Исаның ‘басқа қойлары’ (Жохан 10:16). Олар сол келісіммен байланысты заңдарға мойынсұнуларымен, сол арқылы жасалған шараларға толық қолдау көрсетулерімен, майланған мәсіхшілердікіндей рухани ас-суды қабылдауларымен әрі оларға Патшалық хабарын уағыздау мен шәкірттер дайындау ісінде қолдау көрсетулерімен сол жаңа келісімді берік ұстанады.
Біз үшін сабақ:
40:10—14, 26, 28. Ехоба — күшті де жұмсақ, құдіреті зор әрі шексіз дана Құдай. Сондай-ақ оның түсінігі біздің ойлағанымыздан әлдеқайда асып түседі.
40:17, 23; 41:29; 44:9; 59:4. Саяси одақтар мен мүсіндер “түкке тұрғысыз”. Оларға сенім артудың ешбір пайдасы жоқ.
42:18, 19; 43:8. Құдай Сөзіне көз жұмсақ және оның “адал да ақылды құл” арқылы беріп отырған нұсқауларына құлақ салмайтын болсақ, бұл рухани соқыр әрі саңырау етеді (Матай 24:45, ЖД).
43:25. Ехоба күнәларды өзіне бола өшіріп тастайды. Күнә мен өлімнің құлдығынан босанып, мәңгі өмірге ие болуымыз Ехобаның есімінің қастерленуінен кейінгі орында тұр.
44:8. Біз берік те мықты қорғанымыз болып табылатын Ехобаның қолдауын көрудеміз. Ендеше, оның құдайлық болмысы жайлы куәлік беруден ешқашан қорықпайық! (Патшалықтар 2-жазба 22:31, 32)
44:18—20. Жалған тәңірге табыну — жүректің бүлінгендігінің белгісі. Жүрегімізде Ехобадан басқа еш нәрсеге орын болмасын.
46:10, 11. Ехобаның өз ‘мақсатын орындай’ алу қабілеті — құдайлық болмысының бұлтартпас дәлелі.
48:17, 18; 57:19—21. Егер құтқарылуды Ехобадан іздейтін, оған жақындайтын және өсиеттеріне құлақ асатын болсақ, тыныштығымыз сарқылмас өзен секілді, әділ істеріміз теңіз толқындарындай шексіз болады. Ал Құдай Сөзіне ден қоймайтындар “тынши алмайтын теңізге ұқсайды”. Оларда тыныштық болмайды.
52:5, 6. Бабылдықтар шынайы Құдай әлсіз деген қате тұжырымға келді. Олар Исраилдің құлдыққа алынуы Құдайдың өз халқына көңілі толмағандығынан болып отырғанын түсінген жоқ. Егер басқалар бақытсыздыққа ұшырап жатса, оның себебі туралы қандай да бір асығыс тұжырым жасамағанымыз абзал.
52:7—9; 55:12, 13. Патшалықты уағыздау мен шәкірттер дайындау ісіне қуанышпен атсалысуға бізде, кем дегенде, үш себеп бар. Біз рухани ашыққан кішіпейіл адамдарға барамыз. Ехобаны ‘өз көзімізбен көреміз’, немесе онымен тығыз қарым-қатынастамыз. Сондай-ақ рухани өркендеп гүлденудеміз.
52:11, 12. ‘Жаратқан Иенің бұйымдарын’, яғни оның қасиетті қызмет үшін қарастырған шараларын, ‘көтеріп алып жүруге’ жарамды болу үшін, рухани және құлықтылық жағынан таза болуға тиіспіз.
58:1—14. Сырт көзге Құдайға шын берілген әрі әділ болып көріну — бекершілік. Шынайы мәсіхшілер Құдайға шын берілгендік пен бауырластарға деген шынайы сүйіспеншілікті молынан көрсетулері керек (Жохан 13:35; Петірдің 2-хаты 3:11).
59:15ә—19. Ехоба адамзаттың істерін бақылап тұр, әрі өз уақыты келгенде бұған араласады.
ОЛ ‘КЕРЕМЕТ ӘДЕМІ ТӘЖ СЕКІЛДІ БОЛМАҚ’
Ишая 60:1-де ежелдегі және біздің күніміздегі таза ғибадаттың қайта қалпына келуі көрсетіліп, былай делінген: “Орныңнан тұр, уа, Иерусалим, сәулеңді шаш! Сен нұрға бөленіп, Жаратқан Иенің нұрлы салтанаты үстіңнен көтеріліп келе жатыр”. Сион ‘Құдай Иенің қолында патшаның керемет әдемі тәжі секілді болмақ’ (Ишая 62:3).
Бабылда тұтқында жүріп өкініш білдіретін отандастары үшін Ишая Ехобаға дұға етеді (Ишая 63:15—64:12). Шынайы мен жалған қызметшілердің арасындағы айырмашылықты көрсеткен соң, ол Ехобаның өз қызметшілеріне қалай батасын беретінін айтады (Ишая 65:1—66:24).
Киелі кітапқа негізделген сұрақтардың жауаптары:
61:8, 9. “Мәңгілік келісім” деген не, ал “ұрпақ” ше? “Мәңгілік келісім” — Ехобаның майланған мәсіхшілермен жасаған жаңа келісімі. Ал “ұрпақ” — ‘басқа қойлар’, яғни олардың айтқан хабарын қабыл алған миллиондаған адам (Жохан 10:16).
63:5. Қалайша Құдайдың қаһары өзіне сүйеніш болады? Құдайдың қаһары — жүгендей алатын сезім, яғни оның әділ ашуы. Қаһары Ехобаны әділ үкімдерін орындауға талпындырады және сүйеніш болады.
Біз үшін сабақ:
64:6. Кемелсіз адамдар өздерін құтқара алмайды. Ал күнәларды тазартуға қатысты айтсақ, олардың әділ істері лас шүберектей-ақ (Римдіктерге 3:23, 24).
65:13, 14. Ехоба адал қызметшілеріне батасын беріп, рухани қажеттіліктерін молынан қанағаттандырады.
66:3—5. Ехоба екіжүзділікті жек көреді.
“Мәз болып шаттанасыңдар”
Шынайы ғибадаттың қайта қалпына келтірілетіні жайлы пайғамбарлықтар Бабылда тұтқында жүрген адал яһудилер үшін сондай жұбаныш болған болса керек! Ехоба: “Сендер жасағандарыма мәңгі-бақи мәз болып шаттанасыңдар. Мен Иерусалим қаласы мен оның халқын рақат пен қуаныштың қайнар көзіне айналдырамын”,— деген (Ишая 65:18)
Біз де жер бетін қою қараңғылық басып, халықтарды қара түнек жауып алған уақытта өмір сүріп жатырмыз (Ишая 60:2). Қазір “қиын-қыстау күндер” (Тімотеге 2-хат 3:1). Сондықтан да Ишая кітабында жазылған Ехобаның құтқарылу туралы хабары біз үшін зор жігер болып табылады (Еврейлерге 4:12).
[Сілтеме]
a Ишая 1:1—35:10-ға дейінгі тармақтардың талқылануын 2006 жылдың 1 желтоқсандағы “Күзет мұнарасының” “Ишая кітабындағы көңіл бұрарлық ойлар (І-бөлім)” атты мақаласынан қарауға болады.
[4-беттегі сурет]
Езекияның ассириялықтардан құтқаруды сұрауының басты себебін білесіңдер ме?
[7-беттегі сурет]
“Ізгі хабар жеткізушінің таудан өтіп келгені қандай тамаша!”