Жарықты таңдағандарға арналған құтқарылу
“Тәңір — жарығым менің, құтқарушым менің; кімнен қорқамын?” (ЗАБУР 26:1).
1. Өмір сүру үшін Ехоба нендей нәрселермен қамтамасыз етуде?
ЕХОБА — жердегі тіршіліктің болуын қамтамасыз ететін Күн нұрының Қайнар көзі (Жаратылыс 1:2, 14). Сондай-ақ, ол — шайтанның дүниесінің өлімге жетелейтін қараңғылығын сейілтетін рухани жарықтың да Жаратушысы (Ишая 60:2; 2 Қорынттықтарға 4:6; Ефестіктерге 5:8—11; 6:12). Жарықты таңдаған адамдар Забур жыршысымен бірге: “Ехоба — жарығым менің, құтқарушым менің; кімнен қорқамын?” — деп айта алады (Забур 26:1а). Ал қараңғылықты таңдаған адамдар, Исаның кезіндегідей, Құдайдың қаһарына ұшырайды (Жохан 1:9—11; 3:19—21, 36).
2. Ежелгі уақытта Ехобаның жарығынан бас тартқандар мен оның сөздеріне құлақ асқандарды не күтіп тұрды?
2 Ишаяның күндерінде Ехобамен бітімде тұрған халықтың басым көпшілігі жарықтан бас тартты. Нәтижесінде Ишая Исраилдің солтүстік патшалығының халық ретінде жойылғанын көрді. Сондай-ақ, б. з. б. 607 жылы Иерусалим мен ғибадатхана жойылып, Яһуданың тұрғындарын тұтқынға алып кетті. Бірақ Ехобаның сөздеріне құлақ салған адамдар сол кездегі жолдан таюшылыққа қарсы тұру үшін нығайтылды. Б. з. б. 607 жылғы оқиғаға байланысты Ехоба өзіне құлақ асқандарды құтқаратынын айтып уәде етті (Еремия 21:8, 9). Бүгінгі күні жарықты сүйетін біздер сол кездегі болған нәрселерден көп нәрсеге үйренуімізге болады (Ефестіктерге 5:5).
Жарықта жүргендердің бақытқа бөленуі
3. Бүгінгі күні біз неменеге сенімдіміз, қандай “әділ халықты” сүйеміз және ол “халықтың” қандай “берік қаласы” бар?
3 “Біздің қаламыз берік; Ол қабырға мен дуалдың орнына құтқарылуды берді. Қақпаны ашыңдар; әділ, шындықты сақтап жүрген халық кірсін” (Ишая 26:1, 2). Бұл Ехобаға сенім артқан адамдардың шаттық сөздері. Өздерінің жерлестері жалған тәңірлерге сенім артқан шақта, Ишаяның күндеріндегі адал яһудилер қауіпсіздіктің жалғыз ғана шынайы Қайнар көзі — Ехоба екеніне сенімді болды. Сол сияқты, біз де бүгін осыған сенімдіміз. Сондай-ақ, біз Ехобаның ‘әділ халқы’ — “Құдайдың рухани Исраил халқын” сүйеміз (Ғалаттықтарға 6:16; Матай 21:43). Адалдықтары үшін Ехоба да бұл халықты сүйеді. Ехобаның батасының арқасында Құдайдың Исраилінің “берік қаласы” — яғни қолдап, қорғап отырған қалаға ұқсас ұйымы — бар.
4. Қандай ой қалпын дамытқанымыз жақсы болар еді?
4 ‘[Ехоба] өзіне үміт артқан рухы берік адамды шынайы бейбітшілікте сақтайтынына’ осы “қаланың” ішіндегілер сенімді. Ехоба өзіне үміт артуда және әділ принциптерін орындауда берік рух танытатын адамдарды қолдайды. Сол себепті Яһудадағы адал адамдар Ишаяның: “Мәңгілікке Тәңірге [“Иаһ Ехобаға”, ЖД] арқа сүйеңдер, өйткені Тәңір — мәңгі қорған”,— деген өсиетін орындады (Ишая 26:3, 4; Забур 9:11; 36:3; Нақыл сөздер 3:5). Осындай ой қалпы бар адамдар “Иаһ Ехобаны” жалғыз ғана қауіпсіз Қорған санайды. Олар Құдаймен араларында “шынайы бейбітшілік” орнағанына қуанышты (Філіпіліктерге 1:2; 4:6, 7).
Құдайдың жауларының масқара болуы
5, 6. а) Ежелгі Бабыл қалай масқара болды? ә) “Ұлы Бабыл” қалай масқара болды?
5 Ехобаға үміт артатындар қиындыққа душар болса ше? Олар қорықпау керек. Ехоба мұндай жағдайға уақытша ғана жол береді де, ақыр аяғында жеңілдік әкеледі және оларды қиындыққа ұшыратқандардың жазасын береді (2 Салониқалықтарға 1:4—7; 2 Тімотеге 1:8—10). ‘Биік тұрған қаламен’ болған жағдайды қарастырайықшы. Ишая былай дейді: “Ол [Ехоба] биікте өмір сүргендерді, биік тұрған қаланы құлдыратты; құлатты оны, жерге құлатты, топыраққа тастап жіберді. Аяққа тапталып жатыр, кедейлердің аяғында, жарлылардың табанында тапталып жатыр ол” (Ишая 26:5, 6). Бұл жерде сөз болып тұрған биіктегі қала Бабыл болса керек. Бұл қаланың Құдай халқына көп зұлымдық жасағаны анық. Бірақ Бабыл қандай жағдайға ұшырады екен? Б. з. б. 539 жылы ол мидиялықтар мен парсылардың қолынан құлады. Қандай масқара!
6 Біздің уақытымызда Ишаяның пайғамбарлық сөздері 1919 жылдан бері “Ұлы Бабыл” басынан кешіп жатқан жағдайды жақсы суреттейді. Бұл биік тұрған қала Ехобаның халқын рухани құлдықтан босатуға мәжбүр болған жылы масқара болып құлады (Аян 14:8). Одан кейін болған жағдай тіпті одан да масқара болды. Сол мәсіхшілердің азғана тобы бұрын өздерін тұтқында ұстағандарды “таптады”. 1922 жылы олар Аян 8:7—12 тармақтардағы төрт періштенің кернейін тартқандағы хабарларды және Аян 9:1—11:15 тармақтарда алдын ала айтылған үш қасіретті жариялап, христиан әлемінің жойылатынын паш ете бастады.
“Әділ адамның жолы түзу”
7. Ехобаның жарығына бұрылғандар қандай басшылық алуда және олар кімге үміт артады және нені қадірлейді?
7 Ехоба өзінің жарығына бұрылған адамдарды құтқарып, Ишаяның мына сөздеріне сәйкес, оларға басшылық беруде: “Әділ адамның жолы түзу; әділдің жолын Сен тегістеп отырасың. Тәңірім, сенің соттарыңның жолында біз саған үміт арттық; біздің жанымыз Сенің есімің мен Сен туралы еске алуға талпынды” (Ишая 26:7, 8). Ехоба әділ Құдай және оған мінажат ететін адамдар оның әділ нормаларын ұстанулары керек. Осылай еткен кезде Ехоба олардың жолдарын тегістеп, басшылық береді. Оның басшылығын ұстану арқылы кіші пейіл адамдар Ехобаға үміт артатындарын және шын жүректен оның есімін, яғни ‘естерінде сақталғанды’ қадірлейтінін көрсетеді (Мысырдан көшу 3:15).
8. Ишая қандай үлгі боларлық рух танытты?
8 Ишаяның өзі де Ехобаның есімін қадірлеген. Оны Ишаяның келесі сөздері дәлелдейді: “Бар жан-тәніммен түнде саған талпындым және ішкі жан дүниемде рухыммен сені таңсәріден іздеймін: өйткені сен жерде сот жүргізіп жатқан кезде бейбіт өмір сүрушілер әділдікке үйренеді” (Ишая 26:9). Ишая “бар жан-тәнімен”, яғни бар болмысымен, Ехобаға жақындауға ұмтылды. Пайғамбардың түнгі тыныш мезгілде терең сезімдері мен бар ықыласымен Ехобаның басшылығын іздеп Ехобаға дұға айтып жатқанын көз алдарыңа елестетіңдерші. Қандай керемет үлгі десеңші! Сондай-ақ, Ишая Ехобаның жүргізген соттарынан әділ болуға үйренген. Бұл барлық уақытта қырағы болып, Ехобаның еркін ажырата білуіміз керек екенін біздің есімізге салады.
Кейбіреулер қараңғылықты таңдауда
9, 10. Ехоба өзінің адалдық танытпаған халқына қалай мейірімділік танытты, бірақ олар қалай оны қабыл алмады?
9 Ехоба яһудалықтарға кең мейірімділік танытты, бірақ, өкінішке орай, оны олардың барлығы бірдей қабылдамады. Олардың көпшілігі, көбінесе, Ехобаның шындығының жарығынан гөрі, бүлікшілік пен теріс жолды қалады. Ишая былай деген еді: “Егер құдайсызға кешірім етілсе, ол шындыққа үйренбейді, ол әділдердің жерінде жауыздық істеп, Тәңірдің ұлылығына қарамайды” (Ишая 26:10).
10 Ишаяның кезінде Ехоба Яһуда тұрғындарын жауларынан өз қолымен қорғап тұрған кездерде олардың көпшілігі бұны мойындағысы келмеді. Ехоба оларға тыныштық сыйлағанда, халық ризашылық білдірмеді. Сол себепті Ехоба оларды “өзге қожаларға” қызмет етуге қалдырды, ал ақыр аяғында б. з. б. 607 жылы яһудилерді бабылдықтардың тұтқынға алуына жол берді (Ишая 26:11—13). Сөйткенмен де, ең соңында халықтың қалдығы өз отандарына қайта оралды.
11, 12. а) Яһуда тұрғындарын тұтқынға алғандарды не күтіп тұрды? ә) 1919 жылдан бастап Ехобаның майланған қызметшілерін тұтқынға алғандарды қандай болашақ күтіп тұр?
11 Яһудилерді тұтқында ұстағандар туралы не айтуға болады? Ишая пайғамбарлық сөздермен жауап береді: “Өлгендер қайта тірілмейді; рефаимдер тұрмайды, өйткені Сен оларды жазалап, жоқ қылдың, олар туралы естеліктің бәрін де жойдың” (Ишая 26:14). Иә, Бабыл б. з. б. 539 жылы қираған соң, қайта қалпына келген жоқ. Уақыт өте келе қала мүлдем жоқ болуы керек еді. Оның ‘өлуі’ керек еді және оның орасан зор патшалығы өткеннің ісі болған болар еді. Осы дүниенің күштілеріне үміт артатындар үшін қандай ескерту десеңші!
12 Бұл пайғамбарлықтың кейбір жақтары Құдай өзінің майланған қызметшілерінің 1918 жылы рухани тұтқынға түсуіне жол беріп, 1919 жылы оларды босатқан кезде орындалды. Сол уақыттан бері оларды тұтқындағандарды — ең алдымен христиан әлемін — күңгірт болашақ күтіп тұр. Ал Ехобаның халқы болса көптеген баталарға ие болды.
“Сен халықты көбейттің”
13, 14. 1919 жылдан бері Ехобаның майланған қызметшілері қаншама көп баталарға ие болуда?
13 1919 жылы Құдай өзінің өкінгенін білдірген майланған қызметшілеріне батасын төгіп, олардың санын көбейтті. Алдымен Құдайдың рухани Исраилінің қалған соңғы мүшелерін жинауға көңіл қойылды, ал сонан соң “басқа қойларға” жататын “үлкен тобыр” жинала бастады (Аян 7:9; Жохан 10:16). Бұл баталар Ишаяның пайғамбарлығында алдын ала айтылған еді: “Сен халықты көбейттің, Тәңірім, халықты көбейтіп, Өзіңнің даңқыңды асырдың, жердің шекарасын кеңейттің. Тәңірім, бақытсыздыққа ұшырағанында ол Сені іздеді; Сен жазалағанда ол жалбарынып, үнемі баяу үнмен дұға етті” (Ишая 26:15, 16).
14 Бүгін Құдайдың рухани Исраилінің шекарасы кеңейіп, бүкіл жер бетін алып жатыр және оларға қосылған қазір саны алты миллионға жуық үлкен тобыр ізгі хабарды таратуда зор ынта танытуда (Матай 24:14). Ехобаның қандай керемет батасы десеңші! Және бұл оның есімінің даңққын қалай шығаруда десеңші! Оның есімі бүгінде 230-дан астам елде естілуде. Бұл оның уәдесінің керемет түрде орындалуы болып табылады.
15. Бейнелеп айтқанда 1919 жылы қандай қайта тірілу болды?
15 Яһуданың Бабыл тұтқынынан құтылуы үшін Ехобаның көмегі керек болды. Олар өздігінен құтыла алмас еді (Ишая 26:17, 18). Сол сияқты, 1919 жылғы Құдайдың рухани Исраилінің босауы да — Ехобаның көмегінің дәлелі. Олар Ехобаның көмегінсіз босай алмас еді. Және олардың жағдайының керемет өзгергені сонша, Ишая оны қайта тірілумен салыстырды: “Өлілерің тіріледі Сенің, өлі денелер көтеріледі! Топыраққа айналғандар тұрыңдар, салтанат құрыңдар: өйткені Сенің шығың — өсімдіктердің шығы, ал жер өлілерді шығарып тастайды” (Ишая 26:19; Аян 11:7—11). Иә, “топыраққа айналғандар” өздерінің қызметтерін жалғастыру үшін бейнелеп айтқанда “тұрулары” керек еді!
Қауіпті кезеңдердегі қорған
16, 17. а) Б. з. б. 539 жылы Бабыл құлаған кезде аман қалу үшін яһудилердің не істеуі керек еді? ә) Бүгінгі күні “ішкі бөлмелер” нені білдіреді және оның біз үшін қандай пайдасы бар?
16 Ехобаның қызметшілері әрдайым оның қорғанышына мұқтаж. Бірақ, жақында Ол шайтанның дүниесіне қарсы соңғы рет қолын созады және оған мінажат етушілер бұрын-соңды болмаған дәрежеде оның көмегіне мұқтаж болады (1 Жохан 5:19). Сол қауіпті уақытқа байланысты Ехоба бізге былай деп ескертеді: “Халқым менің, барып ішкі бөлмелеріңе кір де, есіктерін жауып ал, ашу басылғанша бір сәтке жасырына тұр; өйткені, міне, Тәңір заңсыздықтары үшін жер бетінің тұрғындарын жазалау үшін Өзінің мекенінен шығып келе жатыр, жер өзі жұтқан қанды сыртқа шығарып, құшағында жатқан өлгендерді енді жасырмайды” (Ишая 26:20, 21; Софония 1:14). Бұл ескерту көптеген яһудилерге б. з. б. 539 жылы Бабыл құлағанда қалай аман қалуға болатынын көрсетті. Осы ескертуді есте ұстағандар үйлерінен шықпай, көшеде жүрген жаулап алушы әскерлерден аман қалды.
17 Пайғамбарлықтағы “ішкі бөлмелер” бүгінгі күні бүкіл жер шарындағы Ехобаның халқының ондаған мың қауымдарын білдіретін болса керек. Мұндай қауымдар тіпті қазірдің өзінде қорғаныш; олар бауырластарының арасында, қариялардың сүйіспеншілікке толы қамқорлығының астында мәсіхшілер қауіпсіздік табатын орын болып табылады (Ишая 32:1, 2; Еврейлерге 10:24, 25). Аман қалуымыз тіл алуымызға байланысты болатын осы дүниенің ақыры таяп қалғандықтан, бұл әсіресе сол уақытқа қатысты! (Софония 2:3).
18. Ехоба жақында қалай “теңіз құбыжығын өлтіреді”?
18 Сол уақытқа байланысты Ишая былай деп пайғамбарлық етеді: “Сол күні Тәңір Өзінің ауыр, үлкен және өткір қылышымен тіке жылжитын жылан — левиафанды да, ирелеңдейтін жылан — левиафанды да жояды, сөйтіп теңіз құбыжығын өлтіреді” (Ишая 27:1). Қазіргі уақыттағы “левиафан” кім екен? Ол “ежелден бері келе жатқан абжылан” Шайтанның өзі мен оның Құдайдың Исраиліне қарсы күресу үшін қолданып отырған зұлым дүниесі болса керек (Аян 12:9, 10, 17; 13:14, 16, 17). 1919 жылы “левиафан” Құдайдың халқына жүргізіп отырған үстемдігінен айырылды. Уақыт өте келе ол мүлдем жойылады (Аян 19:19—21; 20:1—3, 10). Осылайша, Ехоба “теңіз құбыжығын өлтіреді”. Оған дейінгі уақытта левиафанның Ехобаның халқына қарсы істеуге тырысқан әрекеттерінің ешқайсысы да табысты болмайды (Ишая 54:17). Бұған сенімді болғанымыз қандай жұбаныш десеңші!
“Ашыған шарап жасайтын жүзімдік”
19. Бүгінгі күні майланған қалдықтың жағдайы қандай?
19 Ехобадан келіп отырған осы жарықтың бәрін есепке алар болсақ, қуанышты болуымызға толық негіз бар емес пе? Әрине, бар! Ишая Ехобаның халқының: “Сол күні сүйікті [“ашыған шарап жасайтын”, ЖД] жүзімдік жайлы ән шырқаңдар: Мен, Тәңір, оның қорғаушысымын, әр сәт сайын оны суарамын; ешкім баса-көктеп кірмес үшін оны күні-түні күзетемін”,— деген керемет сөздермен суреттейді (Ишая 27:2, 3). Құдайдың рухани Исраилінің қалдығы болып табылатын “жүзімдік” пен олардың еңбексүйгіш серіктеріне Ехоба қамқорлық етуде (Жохан 15:1—8). Оның қамқорлығының нәтижесінде Ехобаның есімі даңқталуда және оның жер бетіндегі қызметшілері үлкен қуанышқа кенелуде.
20. Ехоба мәсіхшілер қауымын қалай қорғауда?
20 Ехобаның ертеректегі өзінің майланған қызметшілеріне деген қаһарының басылғанына шын жүректен қуана аламыз. Ол, майланған қызметшілерінің 1918 жылы рухани тұтқынға түсуіне жол берген еді. Ехобаның өзі былай дейді: “Менде ашу жоқ. Бірақ, егер біреу ол жерде Маған қарсы арамшөп пен тікенек шығарса, Мен оған қарсы соғыс ашып, оны түгел өртеп жіберемін. Бірақ Менен қорған іздеп, Менімен бітім жасасар ма екен? [“Менімен бітім жасасын”, ЖД] ...келіп бітім жасасын Менімен” (Ишая 27:4, 5). Сол жүзімдердің көп мөлшерде “ашыған шарап” жасауға мол жеміс беруі үшін, Ехоба оларға зиянын тигізетін барлық арамшөпті жаншып, жояды. Сондықтан, ешкім де мәсіхшілер қауымының берекесін алмасын! Әркім де оның қолдауы мен қорғанышына ие болу үшін ‘[Ехобадан] қорған іздесін’. Осылай ету арқылы біз Құдаймен бітім жасасамыз, ал мұның маңыздылығы сонша — Ишая оны екі мәрте қайталаған (Забур 84:2, 3, 9; Римдіктерге 5:1).
21. Жер қалай “жеміске” толуда?
21 Баталар мұнымен шектелмейді: “Келер күндері Жақып тамырын жаяды, Исраил ұрпақ жайып, гүлдейді; сөйтіп әлем жеміске толады” (Ишая 27:6). Бұл тармақ Ехобаның күшінің керемет дәлелі ретінде 1919 жылдан бері орындалуда. Майланған мәсіхшілер жерді құнарлы рухани тағаммен, яғни “жеміспен” толтыруда. Құдайсыз дүниенің ортасында олар қуана-қуана Құдайдың жоғары нормаларын сақтауда. Және күн сайын Ехоба оларға батасын төгіп, Оған қызмет ететін адамдардың саны көбеюде. Нәтижесінде олардың миллиондаған серіктері — басқа қойлар ‘Құдай тағының алдында тұрып, Оған күні-түні киелі үйінде қызмет етуде’ (Аян 7:15). Осы “жемістен” тамақтанып, оны өзгелермен бөлісу құрметі беріліп отырғанын естен шығармағаймыз!
22. Жарықты қабылдағандарға қандай баталар төгілуде?
22 Бүгінгі жер бетін түнек, ал халықтарды қою қараңғылық басқан қиын-қыстау заманда Ехобаның өз халқының үстінен нұрын шашып тұрғанына риза емеспіз бе? (Ишая 60:2; Римдіктерге 2:19; 13:12). Осындай жарықты қабыл алғандардың бәрі үшін қазір бұл нұр жүректеріндегі тыныштық пен қуанышты және тіпті болашақтағы мәңгі өмірді білдіреді. Сондықтан осы жарықты сүйетін біздер дұға айтқанда жүрегімізді Ехобаға ашып, Забур жыршысымен бірге: “Тәңір — менің өмірімнің қорғаны; кімнен үрейленемін? Тәңірге үмітіңді арт, батыл бол; жүрегің бекем болсын, Тәңірге үмітіңді арт”,— деп айтуымызға жақсы себеп бар (Забур 26:1б, 14).
Есіңде ме?
• Ехобаның халқын қанағандарды не күтіп тұр?
• Ишая қандай көбею жайында пайғамбарлық еткен?
• Біз қандай ‘ішкі бөлмелердің’ ішінде қалуымыз керек және неліктен?
• Ехобаның халқының жағдайы неліктен оның есіміне даңқ әкеледі?
[31-беттегі қоршау]
ЖАҢА БАСЫЛЫМ
Осы талқылауға арналған екі мақалада талқыланған мәліметтердің басым көп бөлігі 2000/2001 жылғы облыстық конгрестің бағдарламасына енгізілген болатын. Баяндаманың соңында “Ишаяның пайғамбарлығы — бүкіл адамзат үшін нұр” деп аталатын жаңа кітаптың бірінші томы таратылды. Бұл 416 беттен тұратын кітапта Ишаяның кітабының алғашқы 40 тарауының әр тармағы талқыланады.
[28-беттегі сурет]
Тек әділдер ғана Ехобаның “берік қаласына”, яғни ұйымына, кіре алады
[29-беттегі сурет]
Ишая “түнде” Ехобаны іздеді
[32-беттегі сурет]
Ехоба өзінің ‘жүзімдігін’ қорғап, оны “жемісті” етуде