Сенімнің және Құдайдан қорқудың арқасында батыл болу
“Табанды да батыл бол... Жаратушы Иең — Құдайың барлық жерде сенімен бірге” (ЕШУА 1:9).
1, 2. а) Адами тұрғыдан қарағанда, Исраилдің қанахандықтарды жеңіп шығуы қаншалықты мүмкін еді? ә) Құдай Ешуаны не нәрсеге сендірді?
ИСРАИЛ халқы б. з. б. 1473 жылы Уәде етілген жерге аяқ басқалы тұр еді. Мұса алдағы қиыншылықтар жайлы олардың есіне салып: “Сен енді өзіңнен саны әлдеқайда көп әрі сенен тегеурінді, аспан зәулім қамалдармен нығайтылған үлкен қалалары бар халықты жаулап алу үшін Иорданның арғы жағына бара жатырсың. Олар жайында... “Енактар ұрпағына кім қарсы тұра алушы еді?” дегенді сан мәрте естігенсің, енді міне, саны әлдеқайда көп, әрі бойлары да ұзын Енак ұрпағының халқымен шайқасуға бара жатырсың”,— деді (Заңды қайталау 9:1, 2). Иә, бұлар ел аузындағы алып жауынгерлер еді! Оның үстіне, кейбір қанахандықтардың аттары мен темір күймелері бар жақсы жасақталған қолы болды (Билер 4:13).
2 Ал Исраил болса құлдықта әрі жуырда ғана 40 жыл айдалада болып келген халық еді. Демек, адами тұрғыдан қарағанда, олардың жеңімпаз болулары мүмкін еместей еді. Дегенмен де Мұсаның сенімі болды. Ол өздерін жетелеп отырған Ехобаны ‘көре’ білді (Еврейлерге 11:27). “Жаратқан Ие... сенің алдыңда жүріп келеді,— деді ол халыққа,— Ол бұларды қырып... сенің алдыңда тізе бүктіреді” (Заңды қайталау 9:3; Забур 32:16, 17). Мұса көз жұмған соң, Ехоба өзінің жар болатынын айтып, Ешуаны: “Тұр, сен және мынау барлық халық мына Иорданнан өтіп, Мен оларға, Исраилдың ұлдарына берген жерге барыңдар. Ғұмырыңның барлық күндерінде сенің алдыңда ешкім шыдап тұра алмас; Мен Мұсаға қалай болсам, саған да солай боламын”,— деп сендірді (Ешуа 1:2, 5).
3. Ешуаға сенімге ие болу мен батыл болуға не көмектесті?
3 Ехобаның қолдауы мен басшылығына ие болу үшін Ешуа Құдай Заңын оқып, үстінен ой жүгіртіп, оны өмірінде қолдануға тиіс еді. “Сонда сен өз жолыңда табысты боласың және саналы әрекет етесің”,— деді Ехоба. “Міне Мен саған бұйырамын: табанды да батыл бол, қорықпа да үрікпе; өйткені қайда барсаң да Жаратушы Иең — Құдайың барлық жерде сенімен бірге” (Ешуа 1:8, 9). Ешуа Құдайдың сөзіне құлақ асқандықтан батыл да табанды және табысты болды. Алайда замандастарының басым көпшілігі Құдайды тыңдамады. Нәтижесінде олар табысты болмай, шөл далада қайтыс болды.
Сенімі жоқ халықтың батылдығы да болмайды
4, 5. а) Он барлаушының көзқарасының Ешуа мен Халептікінен қандай айырмашылығы болды? ә) Халқының сенімі болмағанына Ехоба қалай қарады?
4 Осыдан 40 жыл бұрын Исраил алдымен Қанаханға келіп жеткенде, Мұса сол жерді барлап қайту үшін 12 кісіні жіберген еді. Сонда он кісінің үрейі ұшып қайтады. Олар: “Солардың арасынан біз көрген жұрттың барлығы бірдей еңселі жандар көрінеді. Біз сол жерден алыптар әулетінен тараған Енактың ұрпағы дәулерді де кездестірдік; олардың көз алдында біз шегірткеге ұқсап қалдық”,— деді. Тек Енак ұлдары ғана емес, ‘жұрттың барлығы бірдей’ алып болған ба еді? Жоқ. Енак ұлдары Топан судың алдындағы алыптардың ұрпақтары ма еді? Әрине, олай емес. Сөйтсе де осындай бұрмаланған сөздерден кейін, қостағыларды үрей биледі. Халық тіпті бұрын құлдықта болған елі Мысырға оралуды қалады! (Руларды санау 13:32—14:4)
5 Алайда екі барлаушы, Ешуа мен Халеп, Уәде етілген жерге кіргісі келді. Олар: “Ол [қанахандықтар] бізге жем болады; олардың қорғанар дәрмені қалған жоқ, ал Жаратушы Ие болса бізбен бірге; олардан қорықпаңдар”,— деді (Руларды санау 14:9). Олардың бұлай деуіне негіз болды ма? Әлбетте! Халықпен бірге олар да Ехобаның қуатты Мысыр мен оның тәңірлерін он жаза жібере отырып масқара еткенін көрген болатын. Сонан соң перғауын мен оның жасағын Қызыл теңізге қалай батырғанының да куәсі болды (Забур 135:15). Олай болса, он барлаушы мен олардың ықпалына беріліп қалған адамдардың ешбір негізсіз қорқып тұрғандары анық. “Осылардың арасында Мен жасаған барлық өрелі істерге қарамастан бұл жұрт... қашанға дейін маған сенбейтін болады?”— деп, Ехоба жанына батқан нәрсені айтты (Руларды санау 14:11).
6. Қалайша батылдық сеніммен байланысты және мұны бүгінде неден көруге болады?
6 Ехоба мәселенің түп-тамырын көрсеткен еді: халықтың қорқақтық танытуы олардың сенімі жоқтығын жайып салды. Расында да, сенім мен батылдық өте тығыз байланысты. Олардың тығыз байланысты болғаны сонша — елші Жохан мәсіхшілер қауымы мен оның рухани күресі жайлы: “Дүниені жеңген күш — біздің сеніміміз”,— деп жаза алды (Жоханның 1-хаты 5:4). Ешуа мен Халептікі сияқты сенімдері болғандықтан, бүгінде алты миллионнан астам Ехоба Куәгері, кәрі-жас, мықты не әлсіз демей, дүние жүзіне Патшалық туралы ізгі хабарды жариялауда. Ешбір жау осы батыл да қуатты қолдың аузына қақпақ бола алмайды (Римдіктерге 8:31).
‘Кері қайтпаңдар’
7. ‘Кері қайту’ деген нені білдіреді?
7 Бүгінгі таңда Ехоба Куәгерлері ізгі хабарды батылдықпен жариялауда. Өйткені олар “Біз алған бағытынан кері қайтып, тозаққа түсетіндердің қатарынан емеспіз, Құдайға нық сеніп, мәңгілік құтқарылмақпыз”,— деп жазған елші Пауылдікі сияқты ой қалып танытады (Еврейлерге 10:39). Мұндағы ‘кері қайту’ деп аударылған грек сөзі уақытша қорқыныш билегендіктен кері қайту дегенді білдірмейді. Өйткені Құдайдың көптеген адал қызметшілері де кейде қорыққан ғой (Патшалықтар 1-жазба 21:12; Патшалықтар 3-жазба 19:1—4). Бұл сөз бір Киелі кітап сөздігі бойынша “шындықты ұстануда селқос” болу дегенді білдіреді. Ол сөздікте сондай-ақ “кері қайту” деген Құдайға қызмет етуге қатысты “желкенді түсіріп, жүрісті баяулату” деген метафора болуы да мүмкін екені айтылған. Әрине, сенімі мықты қызметшілер қиындыққа — мейлі қудалау, ауру не басқа да сынақтарға — душар болғанда, “жүрісті баяулату” деген олардың ойларына кіріп те шықпайды. Қайта, олар Ехобаға қызмет етуде алға баса береді. Өйткені Құдай мүмкіндіктерінің шектеулі екенін және өздерінің қамын терең ойлайтынын түсінеді (Забур 54:23; 102:14). Сенің сенімің де осындай ма?
8, 9. а) Ехоба ертедегі мәсіхшілердің сенімін қалай нығайтты? ә) Сенімімізді нығайту үшін не істей аламыз?
8 Бірде елшілер сенімдерінің жеткіліксіз екенін байқап, Исаға: “Сенімімізді арттыра көріңіз”,— дейді (Лұқа 17:5). Олардың шын жүректен айтқан өтініштері, әсіресе б. з. 33 жылының Алғашқы өнім мейрамында уәде етілген киелі рух шәкірттерге келіп қонып, Құдай Сөзі мен оның ниеті жайлы тереңірек түсінік бергенде, орындалады (Жохан 14:26; Елшілердің істері 2:1—4). Олардың сенімі нығаяды да, уағыздау ісіне кірісіп, ізгі хабарды қарсылықтарға қарамастан ‘аспан астындағы барлық адамзатқа дерлік жариялайды’ (Қолостықтарға 1:23; Елшілердің істері 1:8; 28:22).
9 Сенімімізді нығайту және қызметімізде алға баса беру үшін бізге де Жазбаларды зерттеп, оның үстінен ой жүгіртіп, сондай-ақ киелі рух сұрап дұға ету керек. Ешуа мен Халеп және ертедегі мәсіхшілер сияқты Құдайдың шындығын санамыз бен жүрегімізге ұялатсақ қана рухани соғыста төтеп беруге және жеңіп шығуға қажетті батылдық беретін күшке ие боламыз (Римдіктерге 10:17).
Сенім — Құдайдың бар екеніне сену ғана емес
10. Шынайы сенім нені қамтиды?
10 Ертедегі Құдай алдында мінсіз болып қалған қызметшілерден көретініміздей, батылдық пен төзімділік беретін сенім Құдайға сеніп қоя салудан да көп нәрсені қамтиды (Жақып 2:19). Сенім Ехобаны тұлға ретінде танып білу мен оған толық сенім артуды білдіреді (Забур 77:5—8; Нақыл сөздер 3:5, 6). Сонымен қатар Құдай заңдары мен принциптерін ұстанудың бізге тек пайдалы екеніне бар жан-тәнімізбен нануды да білдіреді (Ишая 48:17, 18). Сенімге Ехобаның барлық уәдесін орындайтынына және ‘Өзін іздеп, жақыннан танығысы келгендерді жарылқайтынына’ шүбәсіз илану да жатады (Еврейлерге 11:1, 6; Ишая 55:11).
11. Сенімі мен батылдығы үшін Ешуа мен Халеп қандай баталарға ие болды?
11 Сенім бір деңгейде тұрмайды. Сеніміміз шындыққа сай өмір сүргенде, оның игілігінің ‘дәмін татқанда’, дұғаларымыздың жауабын ‘көргенде’ немесе басқа да жолдармен өмірімізде Ехобаның басшылығын сезінгенде арта түседі (Забур 33:9; Жоханның 1-хаты 5:14, 15). Ешуа мен Халептің сенімі Құдайдың ізгілігінің дәмін көрген сайын нығая түскеніне күмәнданбасақ та болады (Ешуа 23:14). Мына жайттарға қараңдаршы: Олар Құдайдың уәдесіне сай, шөл даладағы 40 жылдық сапарды аман-есен жүріп өтті (Руларды санау 14:27—30; 32:11, 12). Алты жыл бойы Қанаханды жаулап алуға белсене атсалысты. Ақырында, ұзақ өмір сүрді, денсаулықтары да мықты болды. Тіпті тиісті үлестерін де алды. Ехоба өзіне адал әрі батылдықпен қызмет ететіндерді қалай жарылқайды десеңші! (Ешуа 14:6, 9—14; 19:49, 50; 24:29)
12. Қалай Ехоба ‘сөзін асқақтатады’?
12 Ешуа мен Халепке көрсеткен Құдайдың сүйіспеншілікке толы мейірімділігі забур жыршысының: “Сен Өзіңнің сөзіңді Өзіңнің кез келген есіміңнен асқақтатып, ұлағатты еттің”,— деген сөздерін еске салады (Забур 137:2). Ехоба өзінің есімімен қандай да бір уәде берсе, оның орындалуының ‘асқақ’ болу себебі — ол күткен нәрселерімізден асып түседі (Ефестіктерге 3:20). Иә, Ехоба өзін ‘медет ететіндердің’ көңілін ешқашан қалдырмайды (Забур 36:3, 4).
‘Құдайға ұнамды болған’ адам
13, 14. Неге Енохқа сенім мен батылдық қажет болды?
13 Біз мәсіхшілерге дейін өмір сүрген куәгер Енохтың мысалынан сенім мен батылдыққа қатысты көп тәлім ала аламыз. Ол пайғамбарлық етуге кіріспей тұрып-ақ сенімі мен батылдығы сыналатынын білген болу керек. Неге бұлай деуге болады? Өйткені Ехоба Едем бағында өзінің қызметшілері мен Шайтан Ібіліске қызмет ететіндердің арасында өштесу, немесе жеккөрушілік, болатынын айтқан-ды (Жаратылыс 3:15). Енох сондай-ақ бұл жеккөрушіліктің адамзат тарихының басында, яғни Қабыл інісі Әбілді өлтіргенде енгенін білген. Олардың әкелері Адам Енох туылғаннан кейін 310 жылдай жасаған (Жаратылыс 5:3—18).
14 Алайда осы жайттарға қарамастан Енох Құдаймен бірге батыл жүрді және адамдардың Ехобаға қарсы айтқан ‘кәрлі сөздерін’ әшкереледі (Жаратылыс 5:22; Яһуда 14, 15). Осылай қорықпай шынайы ғибадаттың жағына шығуы өміріне қауіп төндірген жауларын көбейткен болу керек. Бұл жолы Ехоба өз пайғамбарын ажалдың азабынан құтқарып қалады. Ехоба Енохқа өзіне ‘ұнамды болғанын’ айтқаннан кейін, оны (пайғамбарлық аян алып ерекше күйге түскен кезінде болса керек) өмірден өлімге “қоныс аудартып жіберді” (Еврейлерге 11:5, Тт, 13; Жаратылыс 5:24, Тт).
15. Енох Ехобаның бүгінгі қызметшілеріне қандай үлгі қалдырды?
15 Енохтың әкетілгені жайлы айтып болған соң, Пауыл бірден сенімнің маңыздылығын тағы да көрсетіп: “Ал сенім артпай Құдайға ұнау мүмкін емес”,— деді (Еврейлерге 11:6). Расында да, сенімінің болғаны Енохқа Ехобамен бірге жүруге және Құдайсыз дүниеге оның сотын жариялауға батылдық берді. Осы жағынан Енох бізге керемет үлгі қалдырып отыр. Шынайы ғибадатқа қарсылық білдіретін әрі жамандықтың небір түрі жайлаған осы дүниеде біздің де Енохтікі сияқты атқаратын ісіміз бар (Забур 91:8; Матай 24:14; Аян 12:17).
Батылдық Құдай алдындағы қорқыныштан пайда болады
16, 17. Абадия кім болған және ол қандай жағдайға тап болды?
16 Сенімнен басқа батыл болуға көмектесетін тағы бір қасиет бар. Ол — Құдай алдындағы қастерлі қорқыныш. Қазір Ілияс пайғамбар мен солтүстік Исраил патшасы Ахабтың заманында өмір сүрген Құдайдан қорыққан бір кісінің керемет үлгісін қарастырып көрейік. Ахабтың билігі кезінде Бағалға табыну солтүстік патшалықта бұрын-соңды болмаған көлемде етек жайған еді. Бағалға табынушы 450 пайғамбар мен қасиетті бағанаға, жыныс мүшелеріне, табынатын 400 пайғамбар Ахабтың әйелі ‘Иезавельдің [Езабелдің] дастарханынан ас ішіп жүрген’ болатын (Патшалықтар 3-жазба 16:30—33; 18:19).
17 Ехобаның қас жауы Езабел елден шынайы ғибадатты түп-тамырымен жоймақшы болды. Ол Ехобаның пайғамбарларының кейбірін өлтірді. Тіпті Құдайдың айтуымен Иорданның арғы бетіне қашып кеткен Ілиясты да өлтірмекші болды (Патшалықтар 3-жазба 17:1—3; 18:13). Сол уақытта солтүстік патшалықта таза ғибадатты ұстану қаншалықты қиын болғанын елестете аласың ба? Ал егер сен патша сарайында қызмет ететін болсаң, одан да қиын болмас па еді? Ахабтың сарай басқарушысы, Құдайдан қорқатын Абадияa осындай жағдайға тап болған еді (Патшалықтар 3-жазба 18:3).
18. Ехобаның қызметшісі ретінде Абадия немен ерекшеленді?
18 Абадияның Ехобаға сақтықпен әрі қырағылық танытып ғибадат еткені шүбәсіз. Әйтсе де ол сеніміне қайшы әрекет жасамаған. Патшалықтар 3-жазба 18:3-те ол жайлы: “Авдий [Абадия] [Құдайдан] аса қорқатын адам болатын”,— делінген. Шынында да, Абадияның Құдай алдындағы қорқынышы ерекше еді. Бұл пайдалы қорқыныш, өз кезегінде, керемет батылдық берді. Мұны Езабел Ехобаның пайғамбарларын өлтіргеннен кейін болған оқиғадан көруге болады.
19. Абадия батылдығын қалай көрсетті?
19 Біз былай деп оқимыз: “Иезавель Құдай үйінің әулиелерін жойған кезде, Авдий [Абадия] жүз әулиені алып, оларды елу адамнан бөліп үңгірге жасырып қойған еді, оларға нан мен су беріп қорек жасап отырды” (Патшалықтар 3-жазба 18:4). Өзің білетіндей, жүз адамды жасырын түрде тамақтандыру — өте қауіпті іс. Абадия Ахаб пен Езабелдің қолына түсіп қалудан ғана емес, сарайға үнемі келіп тұратын 850 жалған пайғамбардың көзіне түсіп қалудан да сақ болу керек еді. Бұдан басқа сол елдегі жалған тәңірлерге ғибадат ететін көптеген басқа адамдар да, шаруадан бастап ақсүйектерге дейін, патша мен патшайымға жағыну үшін Абадияны әшкерелеудің кез келген мүмкіндігін қалт жібермесі сөзсіз. Соған қарамастан осы жалған тәңірге табынушылардың арасында жүріп-ақ Абадия батылдықпен Ехобаның пайғамбарларының қамын жасады. Құдай алдындағы қорқыныштың күші қаншалықты зор десеңші!
20. Құдайдан қорыққаны Абадияға қалай көмектесті және оның үлгісі сендерге қалай көмектеседі?
20 Абадия Құдайдан қорқудың арқасында батылдық танытқандықтан, Ехоба оны жауларынан қорғаған болу керек. Нақыл сөздер 29:25-те: “Пендеден қорыққан тұзаққа түседі, ал Жаратқанға сенуші аман жүреді”,— делінген. Абадия елден ерекше адам емес-тін: ол да қолға түсіп, өліп кетуден қорыққан (мүмкін, біз де сондай сезімде болар ма едік) (Патшалықтар 3-жазба 18:7—9, 12). Сөйткенмен де Құдай алдындағы қорқыныш оған адам алдындағы кез келген қорқынышын жеңуге батылдық берді. Абадия бәріміз үшін де, әсіресе Ехобаға бостандығын не тіпті өмірін қауіпке тігіп қызмет етіп жүргендерге, керемет үлгі болып табылады (Матай 24:9). Олай болса, бәріміз де Ехобаға оны ‘терең қастерлеп, Оған ұнамсызды істеуден шошына’ отырып, қызмет етуге талпыналық (Еврейлерге 12:28).
21. Келесі мақалада нені қарастырамыз?
21 Батыл болу үшін сенім мен Құдай алдындағы қорқыныш қана қажет емес: бұл жерде сүйіспеншіліктің рөлі әлдеқайда зор. Пауыл: “Өйткені бізге Құдай қорқыныштың рухын берген жоқ, қайта қуат пен сүйіспеншіліктің және саналылық рухын берді”,— деп жазды (Тімотеге 2-хат 1:7, Тт). Келесі мақалада сүйіспеншілік осы қиын-қыстау күндерде қалай Ехобаға батылдықпен қызмет етуге көмектесетінін көреміз (Тімотеге 2-хат 3:1).
[Сілтеме]
a Бұл — Абадия пайғамбар емес.
Қалай жауап берер едіңдер?
• Ешуа мен Халепке батыл болуға не көмектесті?
• Шынайы сенім нені қамтиды?
• Ненің арқасында Енох Құдайдың үкімін қорықпай жариялады?
• Құдай алдындағы қорқыныш батыл болуға қалай көмектеседі?