Наразылық білдіруден аулақ болыңдар
“Бәрін де наразылықсыз... істеңдер!” (ФІЛІПІЛІКТЕРГЕ 2:14)
1, 2. Елші Пауыл Філіпі мен Қорынттағы мәсіхшілерге қандай кеңес берді және неліктен?
ЕЛШІ Пауыл б. з. І ғасырында Філіпідегі мәсіхшілер қауымына киелі рухтың жетелеуімен жазған хатында көп мақтау сөздер айтты. Ол сол жердегі бір сенімдегілерді жомарттығы мен құлшыныстары үшін мақтап, ізгі істеріне қуанышын білдірді. Әйтсе де Пауыл оларға ‘бәрін де наразылықсыз істеуге’ кеңес берді (Філіпіліктерге 2:14). Неліктен ол осындай кеңес берді екен?
2 Пауыл наразылық білдіріп, күңкілдеудің неге әкеп соғатынын білген. Осыдан бірнеше жыл бұрын ол Қорынттағы қауымға күңкілдеудің қауіпті екенін ескерткен болатын. Ол исраилдіктер айдалада болған кезінде, қайта-қайта Ехобаның ашуын келтіргеніне назар аударды. Олар қалайша Құдайдың ашуын келтірді? Жамандыққа құмар болуларымен, жалған тәңірлерге табынып, азғындық жасап, сондай-ақ Құдайды сынап және күңкілдеулерімен ашуын келтірді. Пауыл қорынттықтарды сол оқиғалардан сабақ алуға шақырды. Ол: “Кейбіреулері сияқты Құдайға қарсы күңкілдей бермеңдер! Соның жазасы ретінде оларды қырып жоюшы періште өлтіріп кетті”,— деп жазды (Қорынттықтарға 1-хат 10:6—11).
3. Неге наразылық білдіру жайында қарастырған жөн?
3 Бүгінде Ехобаның қызметшілері ретінде біз де Філіпідегі қауымның рухындай рух танытудамыз: біз құлшыныспен игі істер жасаймыз, әрі бір-бірімізді сүйеміз (Жохан 13:34, 35). Алайда наразылық білдірудің Құдай халқына бұрын қандай залал келтіргенін ескерер болсақ, ‘бәрін де наразылықсыз істеңдер!’ деген кеңеске құлақ асуға бізде келелі себеп бар. Қазір Жазбалардағы наразылық білдіргендердің мысалдарын қарастырайық. Сонан соң залалы тимеу үшін мұндай әрекеттен қалай сақтана алатынымызды көреміз.
‘Ашулы қауымның’ Құдайға қарсы наразылық білдіруі
4. Исраилдіктер айдалада болғанда, қалайша наразылық білдірді?
4 Киелі кітапта “наразылық білдіру”, “күңкілдеу” деген мағынаны білдіретін еврей сөзі Исраилдің 40 жыл айдаланы кезіп жүргенде болған оқиғаларымен байланысты қолданылады. Кейде исраилдіктер бастарына түскен күнге налып, күңкілдеген. Мысалы, Мысыр құлдығынан босанғаннан кейін, бірнеше апта өткен соң-ақ ‘күллі қауым Мұса мен Һаронға қарсы наразылық білдірді’. Олар тамаққа көңілдері толмай: “Мысыр елінде Жаратқан Иенің қолынан өлгеніміз жақсы болған болар еді! Ол жерде етке толы қазанды айнала отырып, нанды тойғанымызша жеп жүрдік. Ал сендер бізді бүкіл қауымды аштан қатыру үшін осы шөл далаға бастап алып келдіңдер”,— деді (Мысырдан шығу 16:1—3).
5 Исраилдіктер наразылық білдіргенде, шын мәнінде мұны кімге қарсы білдірген еді?
5 Бірақ, шындығында, Ехоба шөл далада оларға сүйіспеншілікпен тамақ пен су беріп, қажет деген нәрселерімен қамтамасыз етті. Оларға сол жерде аштан өлетіндей ешқандай қауіп төнген жоқ еді. Алайда наразылық рухынан олар түймедейді түйедей етіп, жағдайларын тым әсірелеп, күңкілдей бастады. Олар Мұса мен Һаронға қарсы күңкілдегенімен, мұны Ехоба өзіне білдірген наразылық деп есептеді. Мұса исраилдіктерге: “Оған [Құдайға] қарсы күңкілдерің құлағына жетті. Оның қасында біз кімбіз? Сендер бізге емес, Жаратқан Иеге наразылық білдіріп тұрсыңдар!”— деді (Мысырдан шығу 16:4—8).
6, 7. Руларды санау 14:1—3 тармақтарда көрсетілгендей, исраилдіктердің көзқарасы қалай өзгеріп кетті?
6 Осыдан көп ұзамай исраилдіктер тағы да бір нәрсеге наразылық білдірді. Мұса 12 тыңшыны Уәде етілген жерді барлап қайтуға жіберген болатын. Сонда араларындағы он тыңшы жаман хабармен оралады. Нәтижесінде не болды? “Исраилдің бар әулеті Мұса мен Һаронға наразылықтарын білдірді және бүкіл қауым болып оларға былай деді: о, егер біз Мысыр жерінде қаза тапсақ, немесе осы шөлде шейіт болсақ етті! Жаратушы Иеміз бізді сол жерге [Қанаханға] не үшін ертіп келе жатыр, баршамыз семсердің құрбаны болу үшін бе? Біздің әйелдеріміз бен өз балаларымыз жауға олжа болады енді, одан да Мысырға оралғанымыз дұрыс емес пе?” (Руларды санау 14:1—3)
7 Исраилдіктердің көзқарасы қалай өзгеріп кетті десеңші! Алғашқыда Мысырдың құлдығынан босатылып және Қызыл теңізден аман өткен олар көңілдерін ризашылық кернеп, Құдайды мадақтап жырлаған болатын (Мысырдан шығу 15:1—21). Алайда айдалада қолайсыз жағдайға кезіккенде және қанахандықтардан үрейленгенде, олардың ризашылықтары наразылық рухына айналды. Бостандық әпергені үшін Құдайға риза болудың орнына, жаңсақ ойлап, жоғалтқандай боп көрінген нәрселері үшін оны кінәлады. Осылайша олар Ехобаның жасап жатқан жақсылықтарына деген ризашылықтарының жоқ екенін көрсетті. Онда Ехобаның: “Мына ашулы қауым Маған қашанға дейін наразылықтарын білдіріп, күңкілдей береді?”— деген сөздеріне таңғалмаса да болады (Руларды санау 14:27; 21:5).
Бірінші ғасырдағы наразылық білдірілген жайттар
8, 9. Мәсіхшілердің грек жазбаларындағы наразылық білдіргендердің мысалдары жазылған тармақтарды келтіріңдер.
8 Жоғарыдағы жағдайлар өздерінің наразылықтарын, сірә, жұрт алдында дауыстап білдірген адамдар жайлы еді. Алайда Иса Мәсіх б. з. 32 жылы Иерусалимге Шыбық күрке мейрамына келгенде де, “келген жұрт Ол туралы анау-мынау күңкіл сөз айтып жатты” (Жохан 7:12, 13, 32). Олар өзара сыбырласып, Исаны біреулері жақсы кісі десе, басқалары олай емес десті.
9 Тағы бірде Иса шәкірттерімен бірге салық жинаушы Леуінің, немесе Матайдың, үйінде қонақта болатын. “Дін мұғалімдері мен парызшылдар күңкілдеп, Исаның шәкірттеріне: — Неге салықшылармен және басқа күнәкарлармен бірге тамақ ішіп-жеп отырсыңдар?! — деп наразылық білдірді” (Лұқа 5:27—30). Біраз уақыт өткеннен кейін Ғалилеяда “Исаның көктен түскен “нан” Менмін дегеніне яһудилер күңкілдеп, наразылық білдірді”. Тіпті Исаның кейбір ізбасарлары да оның айтқанын көңілдеріне ауыр алып, күңкілдей бастады (Жохан 6:41, 60, 61).
10, 11. Неге грекше сөйлейтін яһудилер наразылық білдірді және бұл мәселенің қалай шешілгенінен мәсіхші ақсақалдар неге үйрене алады?
10 Б. з. 33 жылының Алғашқы өнім мейрамынан кейін көп ұзамай әлдеқайда орынды наразылық туған бір жағдай орын алған болатын. Исраилдің айналасынан келіп, жаңадан шәкірт болғандарға Яһудеядағы бір сенімдегілер қонақжайлылық танытуда еді, алайда бірде қолда бар нәрсені бөлісуге қатысты қиындық туындайды. Киелі кітапта бұл оқиға жайлы былай делінген: “Грекше сөйлейтін шетелдік яһудилер жергіліктілермен ренжісіп қалды [“наразылығы туды”, Тт], себебі күнделікті тамақпен қамтамасыз еткен кезде олардың жесірлері ескерілмей қалып жүр еді” (Елшілердің істері 6:1).
11 Бұл жолғы наразы болған мәсіхшілер шөл даладағы исраилдіктер сияқты емес еді. Грекше сөйлейтін яһудилер өз жағдайларын ойлап, күйініп жатқан жоқ-тын. Олар тек кейбір жесірлердің мұқтаждықтары қанағаттандырылмай жатқанына назар аударды. Сондай-ақ олар бүлікшілер сияқты әрекет еткен де, Ехобаға қарсы дауыс көтерген де жоқ. Олар наразылықтарын елшілерге айтты. Бұлары орынды болғандықтан, елшілер тез арада-ақ шара қолданды. Бүгінгі мәсіхші ақсақалдар үшін елшілер қандай керемет үлгі қалдырды десеңші! Бұл рухани бақташылар ‘жарлының зарына құлақтарын жаппауға’ барынша тырысады (Нақыл сөздер 21:13; Елшілердің істері 6:2—6).
Наразылық бізді бүлдірмесін
12, 13. а) Наразылық білдірудің салдарын мысалмен түсіндіріңдер. ә) Адамның наразылық білдіруіне не себеп болуы мүмкін?
12 Қарастырған Жазба орындарының басым көпшілігі наразылық білдірудің бұрын Құдай халқына көп зиян тигізгенін көрсетеді. Сондықтан бүгінгі таңда оның бізді қалай бүлдіруі мүмкін екенін байыппен ойланып көруіміз керек. Бұған мынадай мысал көмектеседі. Металдардың көп түрі тоттанғыш келеді. Егер оның тоттана бастағанына мән бермесе, кейін металл қолдануға жарамай қалуы мүмкін. Сансыз көліктер жөнделмегеннен емес, металдары тот басып кеткеннен жарамсыз болып жатады. Бұл мысалды наразылық білдіруге қатысты қалай қолдануға болады?
13 Кейбір металдардың тоттанғыш келетіні сияқты, кемелсіз адамдар да наразы болуға бейім. Біз оның кез келген белгісін байқай білуіміз керек. Ылғал және тұзды ауа металдың тоттануын күшейтетіні сияқты, қиын жағдайлар да бізді наразылық білдіріп, күңкілдеуге әлдеқайда бейім етеді. Адамның жаны қиналғанда, сәл ғана ашудың өзі қатты наразылыққа апарып соғуы мүмкін. Соңғы күндері жағдай күннен-күнге ушыға түсетіндіктен, наразылыққа себеп те көбейе түсуі әбден мүмкін (Тімотеге 2-хат 3:1—5). Тіпті Ехобаның қызметшілері бір-біріне қарсы күңкілдей бастауы ықтимал. Бұған кішкене нәрсе, мысалы әлдекімнің әлсіздігі, қабілеті мен қызметтегі артықшылығы себеп болуы мүмкін.
14, 15. Неге наразы болуға деген бейімділігімізді қадағалауымыз керек?
14 Наразы болуымыздың себебі қандай болған күнде де, егер соған деген бейімділігімізді қадағаламасақ, бойымызда наразылық рухы пайда болып, күңкілдеу әдет болып кетеді. Шынында да, күңкілдеудің рухани күйімізді бүлдіретін әсері өзімізді де құртуы мүмкін. Исраилдіктер шөл даладағы өмірлеріне налып, Ехобаны кінәлауға дейін барды (Мысырдан шығу 16:8). Біз бұған ешқашан да жол бермейік!
15 Металдың тоттануын арнайы бояумен сырлап және бүліне бастаған жерлеріне дер кезінде шара қолдану арқылы азайтуға болады. Сол іспетті өзімізден наразылықтың нышанын байқап қалсақ, оны дұға айтып, сондай-ақ түзетуге күш сала отырып, қадағалай аламыз. Мұны қалай істеуге болады?
Барлық нәрсеге Ехобаның көзімен қарау
16. Наразы болуға деген бейімділікке қалай бой алдырмауға болады?
16 Наразылық бар ойымызды өзімізге және қиыншылықтарымызға аударып, Ехобаның Куәгерлері ретінде алып жатқан баталарымызды көзден таса етіп жібереді. Наразы болуға деген бейімділігімізге бой алдырмау үшін, осы баталарды көз алдымызда ұстауымыз керек. Мысалы, әрқайсымызда керемет мәртебе, яғни Ехобаның атымен аталу мәртебесі бар (Ишая 43:10, ЖД). Біз онымен тығыз қарым-қатынаста бола аламыз. Сондай-ақ дұғаларды Тыңдаушымен кез келген уақытта сөйлесе аламыз (Забур 64:3, ЖД; Жақып 4:8). Біздің өміріміз шын мәнінде мағыналы, өйткені Құдайдың жоғары билігіне қатысты көтерілген дауды түсінеміз, әрі Құдайға мінсіз болып қалу біз үшін мәртебе екенін естен шығармаймыз (Нақыл сөздер 27:11). Сонымен қатар Патшалық туралы ізгі хабарды уағыздау ісіне үнемі атсалыса аламыз (Матай 24:14). Ал Иса Мәсіхтің төлем құрбандығына деген сеніміміз таза ар-ұжданға ие болуға көмектеседі (Жохан 3:16). Басымыздан небір нәрсені өткізуге тура келсе де, осы баталарға ие боламыз.
17. Неге наразылық білдіруге келелі себебіміз болса да, мәселеге Ехобаның көзімен қарауға тырысуымыз керек?
17 Кез келген нәрсеге өзіміздің емес, Ехобаның көзімен қарауға тырысып көрейік. Забур жыршысы: “Жаратушы Ие, маған Өз жолыңды көрсет және мені Өз соқпағыңмен жүруге баулы”,— деп жырлаған (Забур 24:4). Егер наразылық білдіруге бізде келелі себеп болып жатса, бұл Ехобаның назарынан тыс қалмайды. Ол жағдайды тез арада-ақ түзете алады. Онда неге ол кейде қиындықтың жалғасуына жол береді? Құдай бізге сабырлылық, төзімділік, сенім және асқан шыдамдылық сияқты керемет қасиеттерді дамытуға көмектесу үшін де осылай етуі мүмкін (Жақып 1:2—4).
18, 19. Қолайсыз жағдайларға наразылықсыз шыдағанымыздың нәтижесі қандай болуы мүмкін екенін көрсететін мысал келтіріңдер.
18 Қолайсыз жағдайларға наразылықсыз шыдағанымыз қасиеттерімізді жақсартуға ғана көмектеспейді, бұл жүріс-тұрысымызды бақылайтындарға да әсер етуі мүмкін. 2003 жылы бір топ Ехоба Куәгері Германиядан Венгриядағы конгреске автобуспен барады. Жүргізуші Ехоба Куәгері емес-тін, әрі ол он күн бойы Куәгерлермен бірге болғысы келмей, алғашында бірден келісе қоймаған болатын. Алайда сапар аяқталғанда, ол ойын түбегейлі өзгертеді. Неге?
19 Жолда бірнеше рет келеңсіз жағдай болады. Бірақ бұған Куәгерлер еш налып, қынжылмайды. Жүргізуші олардың осы уақытқа дейін тасыған жолаушыларының ішіндегі ең жақсысы болғанын айтады. Ол бұдан былай үйіне келген Куәгерлерді кіргізіп, мұқият тыңдаймын деп уәде етеді. Жолаушылардың ‘бәрін де наразылықсыз істегендері’ сондай керемет әсер қалдырды.
Кешірімшіл болу бірлікке ықпал етеді
20. Неге бір-бірімізді кешіруіміз керек?
20 Ал егер бір сенімдегілерге наразылығымыз болса ше? Егер бұл маңызды мәселе болса, Исаның Матай 18:15—17 тармақтардағы принципін қолдануымыз керек. Бірақ барлық уақытта бұлай ету қажет бола бермейді, өйткені наразылық көбінесе болмашы нәрсеге бола туындайды. Олай болса, неге мұндай жағдайды кешірімшіл болуды үйренудің мүмкіндігі деп қарастырмасқа? Пауыл: “Өзара төзімді болыңдар, егер қайсыбіреуіңе реніш сақтап, тағатын кінәларың болса, кешірімді болыңдар: сендерді Иеміз Мәсіх қалай кешірсе, сендер де солай етіңдер! Барлық қасиеттердің бастысы ретінде сүйіспеншілікке бөленіңдер, ол бәріңді толықтай біріктіреді”,— деп жазған (Қолостықтарға 3:13, 14). Біз кешіруге дайынбыз ба? Ехобаның бізге наразы болуына себеп жоқ па екен? Соған қарамастан ол бізге қайта-қайта жанашырлық танытып, кешіреді ғой.
21. Біреудің күңкілдегені жанындағыларға қалай әсер етуі мүмкін?
21 Не нәрсеге наразы болмайық, күңкілдегенмен бәрібір мәселе шешілмейді. “Күңкілдеу” дегенді білдіретін еврей сөзі сондай-ақ “бұрқылдап ұрсу” дегенді де білдіреді. Үнемі күңкілдеп жүретін адамның жанында өзімізді ыңғайсыз сезінуіміз әбден мүмкін, әрі біз одан бойымызды алшақ ұстауға тырысамыз. Егер біз де күңкілдеп, немесе бұрқылдап ұрсатын болсақ, бізді тыңдаушыларда да сондай жағымсыз сезім пайда болуы мүмкін. Иә, олардың да өздерін ыңғайсыз сезінетіндері сонша — бізден алшақ жүргілері келетін шығар. Күңкілдеу біреудің назарын аударар, бірақ оның жүрегін жаулап алуға еш көмектеспейді.
22. Бір қыз Ехоба Куәгерлері жайлы не деді?
22 Кешірімшіл болу бірлікке ықпал етеді, ал бұны Ехобаның халқы өте бағалайды (Забур 132:1—3). Еуропаның бір елінде 17 жасар католик қыз Ехоба Куәгерлерінің филиалына хат жазып, оларға сүйсінетінін айтып: “Бұл — араларында жеккөрушілік, ашкөздік, төзбеушілік пен өзімшілдік, немесе жікке бөлінушілік деген атымен жоқ мен білетін жалғыз ғана ұйым”,— деді.
23. Келесі мақалада нені қарастырамыз?
23 Шынайы Құдай Ехобаның қызметшілері ретінде алып жатқан барлық рухани баталарға деген ризашылығымыз бірлікке ықпал етуге және жеке мәселеге қатысты өзгелерге қарсы күңкілдеуден аулақ болуымызға көмектеседі. Келесі мақалада Құдайға ұнамды қасиеттер наразылық білдірудің бұдан да қауіптісінен, яғни Ехобаның ұйымының жердегі бөлігіне қарсы күңкілдеуден, қалай сақтайтынын қарастырамыз.
Естеріңде ме?
• Наразылық білдіріп, күңкілдеуге не жатады?
• Наразылық білдірудің салдарын қандай мысалмен түсіндіруге болады?
• Наразы болуға деген бейімділігімізге бой алдырмауға не көмектеседі?
• Кешіруге дайын болғанымыз наразылық білдіруден аулақ болуға қалай көмектеседі?
[7-беттегі сурет]
Исраилдіктер, шын мәнінде, Ехобаға қарсы күңкілдеп, наразылық білдірді
[9-беттегі сурет]
Барлық нәрсеге Ехобаның көзімен қарауға тырысасың ба?