Мінсіз жүрсең, қуанышқа кенелерсің
“Жаратқанның ақ батасы — бітім-болмысыңды байытады және қайғы-қасіретке ұшыратпайды” (НАҚЫЛ СӨЗДЕР 10:22).
1, 2. Неге болашақ жайлы ойға тым қатты беріліп кетуден сақ болуымыз керек?
“БОЛАШАҚ жайлы ойға тым беріліп кету... қолда бар нәрсенің қадірін білуге кедергі болады”,— деді бір американдық пәлсапашы. Бұның растығын ересек болуды армандап, өте шығатын балалық шақтың қызығын ескермей жүрген жас балалардан көруге болады.
2 Кейде тіпті Ехобаның қызметшілері де осындай ой қалып танытуы мүмкін. Келесі жағдайды қарастырып көрейік. Біз Құдайдың жер бетінде жұмақ орнатамын деген уәдесінің орындалуын және ауру, кәрілік пен қайғы-қасірет болмайтын өмірдің келгенін асыға күтудеміз. Мұндай нәрселерді күткеніміз орынды-ақ, алайда есіл-дертіміз тек болашақтағы баталарда ғана болып, қазіргі рухани баталарды көрмей жүрсек ше? Бұл қандай өкінішті жайт болар еді! Ұнжырғамыз тез түсіп, әрі өзіміз күткеннен ‘ұзаққа созылған үміт жүрегімізді қажытар’ еді (Нақыл сөздер 13:12). Өмірдің қиыншылықтарынан көңіліміз жабырқап немесе жанаяр болып кетуіміз мүмкін. Сондай-ақ жағымсыз жағдайлармен күресудің орнына, наразылық рухы пайда болуы да мүмкін. Егер қазіргі алып жатқан баталарымыз жайлы ризашылықпен ой жүгіртетін болсақ, мұның бәрінен аулақ болуға болады.
3. Бұл мақалада неге назар аударамыз?
3 Нақыл сөздер 10:22-де: “Жаратқанның ақ батасы — бітім-болмысыңды байытады және қайғы-қасіретке ұшыратпайды”,— делінген. Ехоба қызметшілерінің қазіргі рухани өркендеп отырғаны көңіл қуантарлық бата емес пе?! Қазір алып отырған рухани баталардың кейбірін қарастырайық және олардың әрқайсымызға қандай қатысы бар екенін көрейік. Ехобаның “ғұмыры мінсіз әділ жанның” үстінен жаудырып отырған баталары жайлы ойлануға уақыт бөлгеніміз, шын мәнінде, көктегі Әкемізге қуанышпен қызмет ете беруге деген шешімімізді нығайта түседі (Нақыл сөздер 20:7).
Бізді байытып жатқан баталар
4, 5. Сендер үшін Киелі кітаптағы әсіресе қандай ілім құнды және неліктен?
4 Бізде Киелі кітап ілімдері жайлы тура білім бар. Мәсіхшілер әлеміндегі діндер, жалпы алғанда, Киелі кітапқа сенеміз деп айтады. Алайда ондағы ілімдермен келісе бермейді. Тіпті бір діни топқа жататындардың Киелі кітап ілімдеріне қатысты көзқарасы әр түрлі. Ал Ехобаның қызметшілерінің жағдайы олардың жағдайынан мүлдем басқа! Ұлтымызға, мәдениетіміз бен түрлі ортадан шыққанымызға қарамай, шынайы Құдайға ғибадат етеміз, әрі оның есімін білеміз. Ол — адам түсініп болмайтын қандай да бір үштік құдай емес (Заңды қайталау 6:4; Забур 83:18, ЖД; [82:19]; Марқа 12:29). Сонымен қатар жақында Құдайдың бүкіләлемдік билігіне қатысты басты даулы сұрақтың шешілетінін, Құдай алдында мінсіз болуымызбен әрқайсымыз сол даулы сұраққа жауап бере алатынымызды білеміз. Сондай-ақ өлгендер жайлы шындықты білеміз, әрі тозақ отында азаптайды, немесе күнәдан тазартатын орынға жібереді деп сенетін адамдар сияқты Құдайдан үрейленіп қорықпаймыз (Екклесиаст 9:5, 10).
5 Сонымен қатар эволюция жолымен кездейсоқ пайда болмағанымызды білудің өзі қандай қуаныш! Біз өзіне ұқсас етіп жаратқан Құдайдың жаратылысымыз (Жаратылыс 1:26; Малахи 2:10). “Тамаша жаралдым, Сені мақтаймын,— деп жырлады забур жыршысы Құдайға, — Керемет ғажап — жасаған істерің, Мұны мен шын жүректен мойындаймын” (Забур 138:14).
6, 7. Өздеріңнің немесе басқалардың өзгерістер жасап, соның игілігін көрген қандай мысалдарды білесіңдер?
6 Зиянды әдеттерден арылдық. Бұқаралық ақпарат құралдарында темекі шегудің, ішімдікті шамадан тыс ішу мен азғындыққа салынудың қауіпті екені жайлы ескертулер толып жатыр. Көп жағдайда бұл ескертулер далаға кетіп жатады. Алайда таза пейілді адам шын Құдайдың мұндай істерді айыптайтынын, оны істейтіндер үшін жүрегі ауыратынын білгенде не болады? Әрине, ол мұндай әдеттерден арылуға талпынады (Ишая 63:10; Қорынттықтарға 1-хат 6:9, 10; Қорынттықтарға 2-хат 7:1; Ефестіктерге 4:30). Ол мұны Құдайға ұнау үшін істегенімен, өзі де пайдасын көреді, яғни денсаулығы жақсарып, жан тыныштығына ие болады.
7 Көп адамдарға жаман әдеттерден арылу оңайға соға бермейді. Десе де жыл сайын он мыңдаған адам олардан арылуда. Олар өздерін Ехобаға бағыштап, шомылдыру рәсімінен өтуде. Осылай өмірлерін Құдайға ұнамайтын істерден тазартқанын жұртқа білдіріп жатыр. Осының бәрі бізді қалай жігерлендіреді десеңші! Сондай-ақ біздің күнәкар және зиянды жүріс-тұрыстың құлдығынан аулақ болу шешіміміз нығая түседі.
8. Киелі кітаптағы қандай кеңестер отбасы бақытына ықпал етеді?
8 Бақытты отбасы. Көптеген елде отбасылардың іргесі берік емес. Көптеген отбасы ойран болып, жиі балалардың сезімі жараланып жатады. Еуропаның кейбір елдерінде отбасылардың ішіндегі 20 пайызға жуығы әкесі не шешесі жоқ отбасылар. Ехоба отбасылық өмірде мінсіз жүруімізге қалай көмектесуде? Ефестіктерге 5:22—6:4 оқып, Құдай Сөзінің күйеулерге, әйелдер мен балаларға қандай керемет кеңестер беретінін байқаңдаршы. Осы және басқа да Жазба орындарында айтылғандарды қолдану некені берік етеді, балаларды дұрыс тәрбиелеуге көмектеседі және отбасының бақытты болуына септігін тигізеді. Бұл көңіл қуантатын бата емес пе?
9, 10. Осы дүниеліктерден біздің болашаққа деген көзқарасымыздың айырмашылығы қандай?
9 Дүниедегі қиыншылықтардың жақында шешілетініне сенімдіміз. Ғылым мен техниканың жақсы меңгерілгеніне және кейбір басшылардың таза пейілмен күш салып жатқандарына қарамастан, қазіргі таңдағы маңызды проблемалар әлі де шешімін таппай отыр. Дүниежүзілік экономикалық форумның негізін қалаушы Клаус Шваб таяуда “дүние жүзіндегі проблемалардың барған сайын бұрын-соңды болмағандай көбейіп, ал оларды шешетін мерзімнің қысқарып бара жатқанын” айтты. Ол “ешбір шекара тосқауыл бола алмайтын терроризм, қоршаған ортаның бұзылуы мен қаржы тұрақсыздығы сияқты қауіптерге” көңіл бөлді. Сондай-ақ сөзін: “Қазір дүние жүзінің бірлесетін және тез арада әрекетке кірісетін уақыты жетіп отыр”,— деп қорытындылады. ХХІ ғасыр алға басқанымен, жалпы алғанда, адамзаттың болашағы әлі де бұлыңғыр болып отыр.
10 Алайда Ехобаның адамзат қиыншылықтарының бәрін шешетін құрылымды, яғни Құдай Патшалығын, орнатқанын білу қандай қуанышты! Сол арқылы шынайы Құдай ‘соғыстарды тоқтатады’ және ‘тыныштық салтанат құратын’ болады (Забур 45:10; 71:7). Майланған Патша Иса ‘кедейлерді, мүгедектерді, жәбір мен зорлық-зомбылық көрген жарлыларды құтқарады’ (Забур 71:12—14, ЖД). Патшалықтың билігі кезінде ешқандай да ас тапшылығы болмайды (Забур 71:16). Ехоба “барлық көздің жастарын сүртіп тастап жұбатады. Енді қайтып өлім, жоқтау, зар еңіреу мен ауру болмайды. Себебі бұрынғы әлем құрып, жоқ болды” (Аян 21:4). Патшалық көкте орнап қойған, жақында ол жер бетіндегі барлық мәселені шешу үшін әрекетке кіріседі (Даниял 2:44; Аян 11:15).
11, 12. а) Ләззат-ермек бақыт әкеле ме? Түсіндіріңдер. ә) Не нәрсе нағыз бақытқа қол жеткізеді?
11 Нағыз бақытқа не қол жеткізетінін білеміз. Нағыз бақыт ненің арқасында келеді? Бір психологтың айтуынша, бақыт үшін үш нәрсе қажет: ләззат-ермек, қандай да бір шұғылданатын іс (жұмыста не отбасында) және мән-мағына (жеке бастың қамынан бөлек өзге бір мұрат-мақсат). Аталған үш нәрсенің маңыздылығы жағынан ләззат-ермекті соңғы орынға қойып: “Мұны жұрт білу керек, өйткені көбісі өмірін көбінесе қызық қууға арнайды”,— деді. Ал Киелі кітапта бұған қатысты не делінген?
12 Ежелгі Исраил патшасы Сүлеймен: “Мен өз жүрегіме былай дедім: “келші, мен сені көңіл көтеру арқылы сынап көрейін, ал сен жақсылықтан ләззат ал”: дегенмен мұның өзі де — бос әурешілік екен! Күлкі туралы мен: “бұл ақымақтық!”, ал көңіл көтеру жөнінде: “бұл не істеп жүр?” деген едім”,— деп айтқан (Екклесиаст 2:1, 2). Киелі кітаптың айтуынша, ләззат-ермектен алатын бақыт тек уақытша ғана. Ал қандай да бір іспен шұғылдану туралы не деуге болады? Біз өмірде мәні зор іске атсалыса аламыз. Бұл — Патшалық туралы уағыздау мен шәкірттер дайындау ісі (Матай 24:14; 28:19, 20). Киелі кітаптағы құтқарылу туралы хабарды өзгелермен бөлісе отырып, нәтижесінде өзіміз де, тыңдаушыларымыз да құтқарылатын іспен айналысамыз (Тімотеге 1-хат 4:16). ‘Құдаймен бірге еңбектенушілер’ ретінде “алғаннан гөрі берген бақытты” екенін өз өмірімізден көреміз (Қорынттықтарға 1-хат 3:9; Елшілердің істері 20:35). Сондай-ақ бұл іс өмірімізді мағыналы етіп, Жаратушыға өзін қорлаушы Шайтан Ібіліске жауап беруге мүмкіндік береді (Нақыл сөздер 27:11). Шынында да, Ехоба өзіне ғана шын берілгендіктің шынайы да таусылмас бақыт әкелетінін көрсетті (Тімотеге 1-хат 4:8, ЖД).
13. а) Қалайша Теократиялық қызмет мектебі қуанышты болуымыз керек бата болып табылады? ә) Сен Теократиялық қызмет мектебінің қандай пайдасын көрдің?
13 Бізде маңызды да тиімді тәлім беру бағдарламасы бар. Герхард Ехоба Куәгерлерінің бір қауымында ақсақал болып қызмет етеді. Ол жастық шағын еске алып былай дейді: “Жас кезімде сөйлеу жағынан қатты қиналатынмын. Қысылғанда, тілім күрмеліп, тұтыға бастайтынмын. Бұдан өзімді кемтар сезініп, әрі осы қиындығым ойымнан бір елі кетпей қойды. Ата-анам сөйлеуді үйрену курсына апарды, бірақ одан ештеңе шықпады. Менің проблемам тілімде емес, ой қалпымда болатын. Алайда Ехобаның ұйымдастырған керемет шарасы, яғни Теократиялық қызмет мектебі, бар еді. Сол мектепке жазылғанның арқасында батылдыққа ие болдым. Білгенімді қолдануға барынша тырыстым, бұдан нәтиже шықты да! Мен әлдеқайда еркін сөйлеп, енді қысылмайтын болдым. Сондай-ақ қызметімде батылдау бола бастадым. Қазір тіпті баяндама айтамын. Осы мектеп арқылы маған жаңа өмір сыйлаған Ехобаға шын жүректен ризамын”. Өз ісін атқаруды үйретіп отырған Ехобаға осы шарасы үшін риза емеспіз бе?
14, 15. Қиын шақтарда қандай көмекке қиналмай жүгіне аламыз? Мысал келтіріңдер.
14 Біз Ехобамен қарым-қатынастамыз және халықаралық бауырластықтың қолдауын көрудеміз. Германияда тұратын Катрин қатты жер сілкінісінің салдарынан болған цунами туралы естігенде, қатты үрейленген болатын. Өйткені сол алапат болғанда, қызы Таиландта еді. Ол 32 сағат бойы қызының не тірі екенін, не сағат сайын көбейіп жатқан апат құрбандарының арасында екенін білмей әлек болды. Ақырында, телефоннан қызының аман-сау екенін естігенде, Катриннің көңілі қалай жай тапты десеңші!
15 Сол бір жанын қоярға жер таппаған шақтарда Катринға не көмектесті? Ол: “Мен сол уақыттың бәрінде дерлік Ехобаға дұға еттім. Дұғаның арқасында қаншалықты күш пен жан тыныштығына ие болғанымды бірнеше рет байқадым. Оның үстіне, сүйікті рухани бауырластарым келіп, қолдау көрсетті”,— деп жазды (Філіпіліктерге 4:6, 7). Сол азапты сағаттарда Ехобаға дұға еткендігінің көмегі және рухани бауырластар жұбаныш болмағанда, оған қаншалықты ауыр болар еді десеңші! Біздің Ехобамен және оның Ұлымен тығыз қарым-қатынасымыз, сондай-ақ мәсіхшілер бауырластығы — теңдесі жоқ бата! Сондықтан оны кәдімгі нәрседей көріп, бағаламай жүрмейік.
16. Қайта тірілуге деген үміттің құнды екенін көрсететін мысал келтіріңдер.
16 Өмірден өткен жақындарымызды қайта көруге үмітіміз бар (Жохан 5:28, 29). Матиас Ехоба Куәгерлерінің отбасында өсті. Алайда ол мұны бағаламай, жасөспірім кезінде біртіндеп мәсіхшілер қауымынан алыстап кетеді. Ол былай деп жазды: “Мен ешқашан әкеммен іш тартып сөйлескен емеспін. Біраз жылдар бойы екеуміздің арамызда көп келіспеушілік болды. Десе де әкем маған үнемі тек жақсылық тілейтін. Ол мені қатты сүйетін, ал мен мұны кезінде түсінбедім. 1996 жылы оның төсегінің басында қолынан ұстап отырып өзегім өртене жыладым, істегендерім үшін қаншалықты өкінетінімді әрі оны қатты жақсы көретінімді айттым. Бірақ ол мені ести алмады. Ол аз уақыт ауырып, көз жұмған еді. Егер аман қалып, әкемнің қайта тірілгенін көрсем, екеуміз өткен өкініштің орнын толтырамыз. Ол менің ақсақал екенімді, сондай-ақ әйелім екеуміздің ізашар ретінде қызмет еткенімізді естігенде, қатты қуанары сөзсіз”. Қайта тірілуге деген үміт — біздер үшін неткен керемет бата!
“Қайғы-қасіретке ұшыратпайды”
17. Ехобаның баталары жайлы ой жүгірткеніміз бізге қалай көмектеседі?
17 Иса Мәсіх көктегі Әкесі туралы: “Ол жамандарға да, жақсыларға да күн сәулесін бірдей түсіріп, әділдерге де, әділетсіздерге де жаңбырды бірдей жауғызады,— деген (Матай 5:45). Ехоба тіпті әділетсіз және зұлым адамдарға батасын беріп отырса, мінсіз жүргендерге одан да бетер береді емес пе?! Забур 83:12-де: “Адал өмір сүргендерді Ол [Құдай] игіліктен айырмайды”,— делінген. Өзін сүйетіндерге Құдайдың жасаған ерекше қамқорлығы жайлы ой жүгірткенде, жүрегіміз қаншалықты ризашылық пен қуанышқа толады десеңші!
18. а) Неге Ехобаның баталары қайғы-қасіретке ұшыратпайды деуге болады? ә) Көптеген Құдайдың адал қызметшілерінің қасірет шегуінің себебі неде?
18 “Жаратқанның ақ батасы” өз халқын рухани өркендетіп отыр. Киелі кітап бізді Құдайдың батасы ‘қайғы-қасіретке ұшыратпайтынына’ сендіреді (Нақыл сөздер 10:22). Олай болса, неге көптеген Құдайдың адал қызметшілері азап пен қасірет әкелетін сынақтарға кезігуде? Жалпы, басымызға түсіп отырған ауыртпалықтар мен қиындықтардың үш негізгі себебі бар: 1) Өзіміздің күнәкар бейімділігіміз (Жаратылыс 6:5; 8:21; Жақып 1:14, 15); 2) Шайтан мен оның жын-перілері (Ефестіктерге 6:11, 12); 3) Осы зұлым дүние (Жохан 15:19). Ехоба басымызға жамандықтың түсуіне жол бергенімен, оның себепкері емес. Өйткені ‘нұр шашқан аспан денелерін жаратқан көктегі Әкеміз берген қай нәрсе де игі’ (Жақып 1:17). Ехобаның баталары ешбір қайғы-қасірет әкелмейді.
19. Мінсіз болып келе жатқандарды алда не күтіп тұр?
19 Рухани баю үшін үнемі Құдайға жақындай түсуіміз керек. Онымен тығыз қарым-қатынас дамытатын болсақ, ‘өзімізге келешек заман үшін игілікті негіз болатын рухани қазына жинап, мәңгілік, шынайы өмірді берік ұстанатын’ боламыз (Тімотеге 1-хат 6:12, 17—19). Ал келешекте болатын Құдайдың жаңа дүниесінде рухани байлықпен қоса басқа да мол баталарға кенелеміз. Сол кезде ‘Құдайдың айтқандарын тыңдайтындардың’ бәрі шынайы өмірді иемденетін болады (Заңды қайталау 28:2). Олай болса, шешімімізге берік болып, қуанышпен әрі қарай да мінсіз болып жүре берейік.
Не білдіңдер?
• Неге болашақ жайлы ойға тым беріліп кету ақылдылыққа жатпайды?
• Қазір қандай баталарға ие болып отырмыз?
• Неге Құдайдың адал қызметшілері қасірет шегуде?