Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • w06 1.2. 4—6 бет.
  • Нағыз байлық Құдайдың жаңа дүниесінде

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • Нағыз байлық Құдайдың жаңа дүниесінде
  • 2006 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
  • Тақырыпшалар
  • Ұқсас мәлімет
  • Жамандық ақшаның өзінен келмейді
  • Адал болған бай адамдар
  • Байлықтың тұзақтары
  • Нағыз байлық алда
  • Ақша жамандықтың түптамыры ма?
    Киелі кітап. Сұрақтар мен жауаптар
  • Шынайы байлыққа ұмтылайық
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2017
2006 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
w06 1.2. 4—6 бет.

Нағыз байлық Құдайдың жаңа дүниесінде

ДАВИДa есімді мәсіхші Құрама Штаттарына жол тартқанда, шешімінің дұрыс екеніне еш күмәнданбаған еді. Ол әйелі мен бала-шағасын қимаса да, отбасы өмірін жақсартудың бір ғана жолы көбірек ақша табу деп ойлады. Сондықтан Давид Нью-Йорктағы туыстарының шақыруын қабыл алады да, көп ұзамай сол жақта жұмысқа орналасады.

Алайда біраз уақыт өткен соң, Давидтің ойындағысы болмай, көңілі қала бастайды. Оған рухани істерге уақыт табу қиын болды. Тіпті Құдайға деген сенімін жоғалтып ала жаздаған кезі де болды. Ақыры, азғындық жасап қойғанда, Давид өзінің қаншалықты мүшкіл күйге жеткенін түсінді. Ол байлық қуып жүріп, өміріндегі ең қымбат нәрселерінен алшақтап кеткенін байқамай қалған еді. Енді Давидке бір өзгеріс жасау керек болды.

Көп адам Давид сияқты жағдайларын жақсарту үшін жыл сайын кедей елдерінен басқа жаққа кетіп жатады. Бірақ олар көбінесе рухани күйлерінен айырылып қалып жатады. Осыған орай, кейбіреулерде мәсіхшілер байлыққа ұмтыла отырып, Құдаймен қатынасында бай болып қалуы мүмкін бе деген сұрақ туындайды. Атақты жазушылар мен діни қызметкерлер мұның мүмкін екенін айтады. Алайда Давид сияқты адамдар көз жеткізгендей, бұлардың біреуін құрбан етпей, екіншісіне ие болу өте қиын (Лұқа 18:24).

Жамандық ақшаның өзінен келмейді

Әрине, басқа нәрселер сияқты ақшаны да ойлап тапқан — адам. Ақшаның өзі жамандық әкелмейді. Бұл — жай ғана алыс-беріс құралы. Сондықтан жөнімен қолданса, оның әкелер пайдасы көп. Мысалы, Киелі кітапта ақшаның, әсіресе кедейліктен туындайтын қиыншылықтардан, қорғайтыны айтылады (Екклесиаст 7:12). Сонда да кейбіреулер үшін “бәріне де күміс [ақша] жауап беретін” сияқты (Екклесиаст 10:19).

Киелі жазбалар жалқаулықты айыптап, қажымай еңбек етуге шақырады. Біз отбасымызды қамтамасыз етуіміз керек, ал ақшамыз артылса, ‘мұқтаждарға үлестіруіміз’ керек (Ефестіктерге 4:28; Тімотеге 1-хат 5:8). Оның үстіне, Киелі кітап өмірдің қызығынан бас тартуға емес, иелігіміздің рақатын көруге, сондай-ақ ‘өз үлесімізді алып’, бейнетіміздің зейнетін көруге шақырады (Екклесиаст 5:18—20). Бұған дәлел ретінде Киелі кітапта Құдайға адал болған әрі бай тұрған бірнеше адам туралы айтылады.

Адал болған бай адамдар

Құдайдың адал қызметшісі Ыбырайым қыруар малға, күміс пен алтынға бай болған және оның жүздеген қызметшілері болған (Жаратылыс 12:5; 13:2, 6, 7). Әділ адам Әйүптің де малдары, қызметшілері, алтыны мен күмісі мол болған (Әйүп 1:3; 42:11, 12). Бұл адамдар тіпті бүгінгі күннің деңгейімен салыстырғанда да бай саналған, алайда олар Құдаймен қатынастарында да бай еді.

Елші Пауыл Ыбырайымды “Құдайға сеніп ақталатындардың рухани түп атасы” деп атаған. Ол сараң да, дүниеқұмар да болмаған (Римдіктерге 4:11; Жаратылыс 13:9; 18:1—8). Ал Әйүптің “мінсіз, адал” адам екенін Құдайдың өзі айтқан (Әйүп 1:8). Ол жарлылар мен зәбір шеккендерге қол ұшын беруге дайын тұрған (Әйүп 29:12—16). Ыбырайым да, Әйүп те байлықтарына емес, Құдайға сенім артқан (Жаратылыс 14:22—24; Әйүп 1:21, 22; Римдіктерге 4:9—12).

Бай болған адамның бірі — Сүлеймен. Иерусалимдегі Құдай тағын мұра еткен Сүлейменге Құдай даналықпен бірге мол байлық пен атақ та берген (Патшалықтар 3-жазба 3:4—14). Ол қартайғанша адалдығын сақтаған. Алайда өмірінің соңында Сүлейменнің “жүрегі Жаратқан Иеге толығымен адал болмады” (Патшалықтар 3-жазба 11:1—8). Оның басынан өткен жағдайдан байлықтың кейбір кең тараған тұзақтарын көруге болады. Солардың кейбіреулерін қарастырып көрейік.

Байлықтың тұзақтары

Байлықтың ең қауіпті тұзағы — ақшаға және оған сатып алуға болатын нәрселерге үйір болып кету. Кейбір адамдарды байлық тойымсыздыққа ұшыратады. Бұрын Сүлеймен осыны басқалардан байқаған. Ол былай деп жазған: “Кім күмісті жақсы көрсе, сол күміске тоймайды және кім байлықты жақсы көрсе, оған бұдан келер пайда жоқ. Бұл да бос әурешілік!” (Екклесиаст 5:10) Кейін Иса да, Пауыл да мәсіхшілерді осы алдамшы құмарлықтан сақтандырған (Марқа 4:18, 19; Тімотеге 2-хат 3:2).

Ақша жай алыс-беріс құралы ғана емес, басты мақсатымызға айналса, өтірік, ұрлық және сатқындық сияқты жаман істерге беріліп қалуымыз мүмкін. Мәсіхтің шәкірттерінің бірі Яһуда Исқариот ұстазын не бары 30 мысқал күміске сатып жіберген (Марқа 14:11; Жохан 12:6). Ақшаға құнығып кеткен кейбір адамдар тіпті сол үшін Құдайдан бас тартқан (Тімотеге 1-хат 6:10). Сондықтан мәсіхшілер қандай ниетпен көбірек ақша тапқылары келетіндерін шыншылдықпен тексерулері керек (Еврейлерге 13:5).

Сонымен қатар байлыққа талпынудың жасырын қаупі бар. Біріншіден, байлық адамды өз күшіне ғана сенуге итермелейді. Мұндай жайтты Иса байлыққа алдану туралы сөзінде айтып кеткен (Матай 13:22). Сол сияқты шәкірт Жақып мәсіхшілерді тіпті ақша табудың жолын жоспарлағанда да, Құдайды ұмытпауды ескерткен (Жақып 4:13—16). Ақша қандай да бір шамада бостандық беретіндіктен, ақшалы адамдар үшін Құдайдан гөрі ақшаға көбірек сенім артып кететін бұрын-соңды болмаған қауіп бар (Нақыл сөздер 30:7—9; Елшілердің істері 8:18—24).

Екіншіден, Давидтің жағдайынан көргеніміздей, байлыққа талпыну жиі адамның бар уақыты мен күшін алып қояды да, оны біртіндеп рухани құндылықтардан алыстатып жібереді (Лұқа 12:13—21). Сондай-ақ бай адамдар ақшаларын ең бірінші көңіл көтеруге немесе жеке бастарының мақсаттарына жұмсауға еліктіретін жағдайларға көп кезігеді.

Сүлейменнің рухани құлауына қандай да бір шамада молшылықтың ойын тұмшалап тастауына жол бергені себеп болған жоқ па? (Лұқа 21:34). Ол Құдайдың жат жерлік адамдармен некеге тұруға тыйым салғанын білген. Бірақ соған қарамастан мыңға жуық әйел алды (Заңды қайталау 7:3). Жат жерлік әйелдерінің көңілінен шыққысы келген Сүлеймен олармен бірігіп жалған ғибадатқа араласады. Айтылып кеткендей, Сүлейменнің жүрегі біртіндеп Ехобадан алыстай берді.

Бұл мысалдар Исаның: “Құдайға және байлыққа бірдей бағышталып қызмет ете алмайсыңдар!”— деген сөздерінің растығын анық көрсетеді (Матай 6:24). Олай болса, мәсіхшілер қаржыға қатысты кеңінен тараған қиындықтарға қалай төтеп бере алады? Одан да маңыздысы, болашақта жағдайдың жақсаратынына қандай үміт бар?

Нағыз байлық алда

Исаның ізбасарларының Ыбырайым, Әйүп және Исраил халқынан айырмашылығы оларға күллі халықтардан шәкірт дайындау ісі тапсырылған (Матай 28:19, 20). Демек, олар осы дүниелік мақсаттарға жұмсайтын уақыттары пен күштерін осы тапсырмаға арнаулары керек. Сондықтан табысты болу үшін Исаның: “Ең бастысы, [Құдайдың]... Патшалығының қамын ойлап, Оның әділ еркін орындауға ұмтылыңдар! Сонда көктегі Әкелерің сендерге бұлардың бәрін қосып береді”,— деген кеңесіне құлақ асу өте маңызды (Матай 6:33).

Отбасы мен рухани күйінен айырыла жаздаған Давид қателігін жөндеп, өмірін қалпына келтірді. Ол қайтадан Киелі кітап зерттеуді, дұғаны және қызметті өмірінде бірінші орынға қойғанда, Иса уәде еткендей, қалған істері де өз орындарына келе бастады. Оның әйелімен және балаларымен қарым-қатынасы біртіндеп қалпына келіп, бұрынғыдай қуаныш пен қанағат сезіміне бөленді. Ол әлі де ауыр еңбек етеді. Байып кетпегенімен, өзінің басынан өткен жағдайдан ол маңызды сабақ алды.

Құрама Штаттарына барғанының қаншалықты дұрыс болғаны туралы ой жүгірте отырып, Давидтің тағы бір ойына түйгені — бұдан былай ешқашан да шешімдеріне ақшаның ықпал етуіне жол бермеу. Ол енді өмірдегі ең бағалы нәрселерді — сүйікті отбасын, жақсы достарды және Құдаймен қарым-қатынасын — ақшаға сатып ала алмайтынын біледі (Нақыл сөздер 17:17; Ишая 55:1, 2). Шынында да, құлықтылық тазалық байлықтан әлдеқайда бағалы (Нақыл сөздер 19:1; 22:1). Давид пен оның отбасы маңызды нәрселерді әрқашан басты орынға қоюға бел буған (Філіпіліктерге 1:10).

Адамдардың рухани әрі материалдық жағынан бай қоғам құрамыз деген әрекеттері талай рет сәтсіздікке ұшыраған. Алайда Құдай өз Патшалығы арқылы бізді бақытты өмір сүруімізге қажетті материалдық және рухани байлықпен қамтамасыз ететінін уәде етеді (Забур 71:16; Ишая 65:21—23). Иса шынайы байлық рухани мұқтаждықты қанағаттандырудан басталатынын айтқан (Матай 5:3,ЖД). Сондықтан бай болсақ та, кедей болсақ та Құдайдың жақында орнайтын жаңа дүниесінде өмір сүрудің ең жақсы жолы — рухани нәрселерді басты орынға қою (Тімотеге 1-хат 6:17—19). Сол жаңа дүниеде материалдық та, рухани да өркендеген қоғам орнайды.

[Сілтеме]

a Есімі өзгертілген.

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу