Әділдікті іздегеніміз бізді қорғайды
“Ең алдымен... [Құдайдың] әділдігін іздеуді жалғастыра беріңдер” (МАТАЙ 6:33, ЖД).
1, 2. Бір жас мәсіхші қыз қандай шешім қабылдады және неліктен?
АЗИЯ елдерінің біріндегі жас мәсіхші қыз үкімет мекемесінде хатшы болып жұмыс істейтін. Ол жұмысқа ерте келіп, әрі ешқашан қол қусырып отырмай, ісін адал атқаратын. Бірақ ол жұмысқа уақытша қабылданғандықтан, әрі қарай істейтін-істемейтіні әлі шешілу керек болатын. Бастығы жас қызға егер өзімен көңілдес болса, жұмысында қалдыратынын, тіпті дәрежесін жоғарылататынын айтады. Бірақ жұмысынан айырылып қалатынына қарамастан, ол бұдан үзілді-кесілді бас тартады.
2 Бұл бауырластың әрекеті дұрыс болды ма? Иә, өйткені ол Исаның: “Ең алдымен... [Құдайдың] әділдігін іздеуді жалғастыра беріңдер”,— деген сөздерін бұлжытпай орындауға тырысатын (Матай 6:33, ЖД). Ол Құдайдың әділ принциптерін ұстануды азғындыққа барып, жұмыста қалғаннан әлдеқайда артық көрді (Қорынттықтарға 1-хат 6:18).
Әділ болудың маңыздылығы
3. Әділ болу деген нені білдіреді?
3 “Әділ болу” адамның құлықтылық жағынан таза әрі адал болуына нұсқайды. Киелі кітаптағы “әділдік” сөзінің мағынасын беру үшін қолданылған грек және еврей сөздерінің астарында туралық не дұрыстық деген ой бар. Әділ болу — адамның жеке нормалары бойынша өз-өзіне баға беруі емес (Лұқа 16:15). Бұл Құдайдың нормаларына тура келуді, яғни Құдай алдында әділ болуды білдіреді (Римдіктерге 1:17, сілтемені қараңдар).
4. Неге мәсіхшілер үшін әділ болу маңызды?
4 Неге әділ болу маңызды? Өйткені Ехоба — халқы әділ істер жасаса, рақым көрсететін ‘әділ Құдай’ (Забур 4:2, сілтемені қараңдар; Нақыл сөздер 2:20—22). Әділетсіздік жасайтын адам Құдаймен тығыз қарым-қатынаста бола алмайды (Нақыл сөздер 15:8). Міне, сондықтан да елші Пауыл Тімотені басқа да маңызды қасиеттермен қоса, ‘жастықтың құмарлықтарынан бас тартып, әділдікке’ ұмтылуға шақырған (Тімотеге 2-хат 2:22). Әр түрлі рухани қару-жарақты тізіп шыққанда да, Пауыл дәл осы себеппен ‘әділдікті сауыт қылып кию’ керектігін айтқан (Ефестіктерге 6:14).
5. Кемелсіз адамдар қалай әділдікті іздей алады?
5 Әрине, осы сөздің мағынасына толығымен сай келетін әділ адам жоқ. Адамдардың бәрі Адам атадан кемелсіздікті мұра еткен, бәрі де туылғаннан күнәкар, әділетсіз. Әйтсе де Иса әділдікті іздеуіміз керектігін айтқан. Бұл мүмкін бе? Егер Исаның біз үшін кемелді өмірін азаттық төлем ретінде бергеніне сенім білдірсек, Ехоба күнәларымызды кешіруге дайын (Матай 20:28; Жохан 3:16; Римдіктерге 5:8, 9, 12, 18). Осының негізінде егер Ехобаның әділ нормаларын біліп, оларды барынша ұстануға тырыссақ, әрі әлсіздіктерімізді жеңуге көмектесуін дұғада сұрайтын болсақ, Ехоба ғибадатымызды қабыл алады (Забур 1:6; Римдіктерге 7:19—25; Аян 7:9, 14). Бұл көңілге зор жұбаныш береді.
Әділетсіз дүниедегі әділдік
6. Неге ертедегі мәсіхшілер қайда барса да, осы дүние қауіп төндіріп тұрды?
6 Иса шәкірттеріне “жердің шетіне дейін” өзі туралы куәлік етуді тапсырғанда, бұл оларға оңайға соққан жоқ (Елшілердің істері 1:8). Оларға берілген аумақтың бәріне “шайтан билігін жүргізіп отыр” еді (Жоханның 1-хаты 5:19). Бүкіл дүниені оның зұлымдық рухы жайлаған болатын, сондықтан мәсіхшілер осы дүниенің ықпалына беріліп қалуы мүмкін еді (Ефестіктерге 2:2). Қайда барса да, бұл дүние оларға қауіп төндіріп тұрды. Сондықтан ең алдымен Құдайдың әділдігін іздеудің арқасында ғана олар мінсіздіктерін сақтап қала алатын. Ертедегі мәсіхшілердің басым көпшілігі осылай ете алды, бірақ ‘әділдік жолынан’ тайып кеткендері де болды (Нақыл сөздер 12:28; Тімотеге 2-хат 4:10).
7. Неліктен мәсіхшілер осы дүниенің жаман әсеріне қарсы тұрулары керек?
7 Бүгінде мәсіхшілер үшін осы дүниенің қаупі аз деуге бола ма? Ешқандай да! Қазір бұл дүние бірінші ғасырмен салыстырғанда одан бетер бұзылған. Оның үстіне, Шайтан жердің маңына қуылды және ол долданып, майланған мәсіхшілермен — “оның [әйелдің] ұрпағының қалғандарымен, яғни Құдайдың өсиетін орындап және Иса туралы куәлік етіп жүргендермен” — шайқасуда (Аян 12:12, 17, ЖД). Сондай-ақ ол сол ‘ұрпақты’ қолдайтын әркімге қарсы шабуыл жасайды. Бірақ мәсіхшілер бұл дүниеден ешқайда қашып кете алмайды. Олар бұл дүниелік болмағанымен, осы дүниеде өмір сүруге мәжбүр (Жохан 17:15, 16). Сондай-ақ олар шындыққа ыңғай танытқандарды тауып және оларды Иса Мәсіхтің шәкірті болуға көмектесу үшін осы дүниеде уағыздаулары керек (Матай 24:14; 28:19, 20). Мәсіхшілер әбден бүлінген осы дүниенің әсерінен толық құтыла алмайтындықтан, оған қарсы тұрулары керек. Қазір сондай нәрселердің төртеуін қарастырып көрейік.
Азғындықтың тұзағы
8. Неге исраилдіктер моабтықтардың тәңірлеріне құлшылық етіп кетті?
8 Көп исраилдіктер шөл даланы кезіп жүрген 40 жылдың соңына таман әділдік жолынан тайып кетті. Олар талай рет Ехобаның құтқарғанын өз көздерімен көрді. Ал енді Уәде етілген жерге аяқ басқалы тұр еді. Алайда осындай өте маңызды уақытта олар моабтықтардың тәңірлеріне құлшылық етіп кетті. Неге? Себебі ‘адамның [тәннің] құмарлықтарына’ қарсы тұра алмады (Жоханның 1-хаты 2:16). Киелі кітапта былай делінген: “Халық Моаб қыздарымен азғындық жасай бастады” (Руларды санау 25:1).
9, 10. Бүгінде орын алып отырған қандай жағдай көңіл қалауын қадағалауды ұмытпауымыз керек екенін көрсетеді?
9 Бұл жайт тән құмарлықтарын, яғни көңіл қалайтын нәрселерді қадағаламаса, адамның бұзылып кетуі мүмкін екенін көрсетеді. Бізге бұдан сабақ алған жөн, өйткені бүгінде әсіресе азғындық кәдімгідей нәрсе болып отыр (Қорынттықтарға 1-хат 10:6, 8). Құрама Штаттарындағы бір мәлімдемеде былай делінген: “Шамамен 1970 жылға дейін некесіз бірге өмір сүру АҚШ-тың барлық штаттарында заңсыз болып табылатын. Ал қазір ол кәдімгі жайт болып отыр. Алғаш некеге тұрғандардың жартысынан көбі некеге дейін осылай бірге өмір сүреді”. Осындай және осы сияқты азғын жүріс-тұрыс бұл елде ғана емес, дүниенің төрт бұрышында да орын алып отыр. Өкінішке қарай, кейбір мәсіхшілер осындай жолға түсіп, тіпті қауымда жақсы аттарына кір келтірген (Қорынттықтарға 1-хат 5:11).
10 Оның үстіне, қазір жер-дүниені азғындық жайлағандай көрінеді. Фильмдер мен телебағдарламалардан жастардың некеге дейінгі жыныстық қатынасқа барғанында тұрған ештеңе жоқ деген ой байқалады. Ал гомосексуализм кәдімгі нәрсе сияқты. Көптеген ойын-сауық бағдарламаларында жыныстық қатынас барған сайын ашықтан-ашық көрсетілуде. Оларды Интернеттен де табу оңай. Мысалы, бір газет шолушысы жеті жасар ұлының мектептен келе сала, жолдасының жыныстық қатынастағы жалаңаш әйелдердің суреттері бар Интернет бетін тауып алғанын даурыға айтып бергені туралы айтты. Бұған әкесінің төбе шашы тік тұрады. Бірақ әке-шешесіне айтпай, Интернеттен осындай беттерді көретін бала қаншама? Ал балаларының ойнап жүрген бейнеойындарының мазмұнын білмейтін ата-ана ше? Кең тараған ойындардың көбісі азғындыққа, зұлым рухтарды дәріптеу мен зорлық-зомбылыққа толы.
11. Ата-аналар отбасын осы дүниенің азғындығынан қалай қорғай алады?
11 Ата-аналар отбасын осындай сорақы “көңіл көтерудің” ықпалынан қалай қорғай алады? Ең алдымен Құдайдың әділдігін іздеу және азғындыққа қатысы бар кез келген нәрседен бас тарту арқылы (Қорынттықтарға 2-хат 6:14; Ефестіктерге 5:3). Балаларының немен айналысып жүргендерін бақылайтын және бойларына Ехоба мен оның әділ заңдарына деген сүйіспеншілікті сіңдіретін ата-аналар оларды порнографиядан, порнографиялық бейнеойындар, азғындық көрсетілетін фильмдер мен басқа да азғырулардан қорғайды (Заңды қайталау 6:4—9)a.
Айналадағы адамдардың ықпалы
12. Бірінші ғасырда қандай қиындық бар еді?
12 Пауыл Кіші Азиядағы Лүстра қаласында болғанда, керемет түрде бір кісіні сауықтырады. Киелі кітапта былай делінген: “Пауылдың істегенін көрген халық қатты дауыспен Лиқаон тілінде айғайлап: — Тәңірлер адам кейпіне еніп, бізге көктен түсті!— деді. Олар Барнабаны Зевс, Пауылды Гермес деп атады, себебі сөз тізгіні Пауылдың қолында еді” (Елшілердің істері 14:11, 12). Кейінірек дәл осы халық Пауыл мен Барнабаны өлтіргілері келді (Елшілердің істері 14:19). Бұл адамдар көптің ығына жығыла салуға бейім еді. Сол өңірдегі кейбіреулер мәсіхшілікті қабылдағанда, ырымшылдықтан толық арыла алмағанға ұқсайды. Қолостағы мәсіхшілерге жазған хатында елші Пауыл ‘періштелерге табынудан’ сақтандырған (Қолостықтарға 2:18).
13. Мәсіхшілер қандай әдет-ғұрыптардан аулақ болулары керек және олардан бас тарту үшін күшті қайдан алуға болады?
13 Сол сияқты бүгінде шынайы мәсіхшілерге жалған діннен шыққан, әрі мәсіхшілер принципіне қайшы келетін кең тараған әдет-ғұрыптардан аулақ болу қажет. Мысалы, кейбір елдерде адамның дүниеге келуі мен өліміне қатысты жасалатын салт-жоралардың көбісі адамның рухы өлмейді деген жалған түсінікке негізделген (Екклесиаст 9:5, 10). Кішкентай қыздарды сүндеттеу рәсімін жасайтын елдер де бар. Бұл қатыгездікпен жасалатын мағынасыз рәсім мәсіхші ата-аналардың сүйіспеншілікпен балаларының қамын ойлауы керек деген міндетіне қайшы келеді (Заңды қайталау 6:6, 7; Ефестіктерге 6:4). Мәсіхшілерге айналасындағы адамдардың ықпалына берілмей, осындай әдет-ғұрыптардан бас тартуға не көмектеседі? Бұл үшін Ехобаға толық сенім арту керек (Забур 30:7). Әділдіктің Құдайы өзіне шын жүректен: “Құтылатын баспанам менің әрі қорғаным! Құдайым, Саған шынымен сенімімді артам!”— деп айтатындарды нығайтып, қамын ойлайды (Забур 90:2; Нақыл сөздер 29:25).
Ехобаны ұмытып кетпеңдер
14. Уәде етілген жерге кірердің алдында Ехоба исраилдіктерге нені ескертті?
14 Уәде етілген жерге кірерден сәл-ақ бұрын, Ехоба исраилдіктерге өзін ұмытып кетпеуді ескертті. Ол: “Байқа, саған бүгін айтып отырған Құдайдың өсиеттерін, заңдары мен нұсқауларын орындамай қойып, Тәңірді, Құдай Иеңді, ұмытып кетіп жүрме. Ішіп-жеп тойғаныңда, жақсы үйлер салып, онда тұрғаныңда, сондай-ақ ірі қара мен ұсақ малдарың, күміс пен алтының мол болып, сенде бәрі де молынан болғанда, байқа, жүрегің тәкаппарланып... Тәңірді, Құдай Иеңді ұмытып кетіп жүрме”,— деді (Заңды қайталау 8:11—14).
15. Ехобаны ұмытып кетпегенімізге қалай көз жеткізуге болады?
15 Бүгінде осындай жағдай болуы мүмкін бе? Егер маңызды нәрселерді бірінші орынға қоймасақ, мүмкін. Ал ең алдымен Құдайдың әділдігін іздесек, таза ғибадат өміріміздегі ең маңызды нәрсе болады. Сонда Пауыл шақырғандай, ‘қолайлы уақыттың құнын өтеп аламыз’ және уақыттың тығыз екенін ескеріп, табандылықпен қызмет етеміз (Қолостықтарға 4:5, ЖД; Тімотеге 2-хат 4:2). Бірақ біз үшін кездесулер мен уағызға бару демалу мен көңіл көтеруге қарағанда онша маңызды емес болса, Құдай өмірімізде екінші орында қалып қояды да, осы мағынада оны ұмытып кетуіміз мүмкін. Пауыл соңғы күндерде адамдардың ‘Құдайдан гөрі ләззат-ермекті артық көретін болатынын’ айтқан (Тімотеге 2-хат 3:4). Адал мәсіхшілер өздеріне осындай ой-қалып ықпал етіп жатқан жоқ па, соны үнемі тексеріп отырады (Қорынттықтарға 2-хат 13:5).
Тәуелсіздік рухынан сақтаныңдар
16. Хауа қандай дұрыс емес рух танытты, ал Пауылдың күндеріндегі кейбір мәсіхшілер ше?
16 Шайтан Едем бағында Хауаның өзімшілдік танытып, тәуелсіз болуды көксегенін ұтымды пайдаланып кетті. Хауа ненің жақсы, ненің жаман екенін өзі шешкісі келді (Жаратылыс 3:1—6). I ғасырда Қорынт қауымындағы кейбір мәсіхшілер де осындай тәуелсіздік рухын танытты. Олар Пауылдан көбірек білеміз деп ойлады. Пауыл оларды мысқылдап “озат елшілер” деп атады (Қорынттықтарға 2-хат 11:3—5; Тімотеге 1-хат 6:3—5).
17. Бойымызда тәуелсіздік рухын дамытудан қалай аулақ бола аламыз?
17 Бүгінде осы дүниедегілердің көбісі “ақылсыз қызба, кеуде көтерген”. Осындай ой-қалып кейбір мәсіхшілерге де ықпал еткен. Тіпті шындыққа қарсы шыққандар да бар (Тімотеге 2-хат 3:4; Філіпіліктерге 3:18). Таза ғибадатқа қатысты барлық мәселелерде Ехобадан басшылық іздеп, “адал да ақылды құлмен” және қауым ақсақалдарымен қызметтес болғанымыз өте маңызды. Осылай әділдікті іздейміз, әрі бұл бойымызда тәуелсіздік рухының дамып кетуінен қорғайды (Матай 24:45—47, ЖД; Забур 24:9, 10; Ишая 30:21). Майланғандар қауымы “шындықты тірек, таяныш секілді жоғары көтеріп ұстайды”. Ехоба оны бізді қорғау және басшылық беру үшін құрған (Тімотеге 1-хат 3:15). Оның рөлі маңызды екенін түсінгеніміз ‘жеке басымыздың абырой-атағын ойламай’, кішіпейілділікпен Ехобаның әділ еркіне бағынуға көмектеседі (Філіпіліктерге 2:2—4; Нақыл сөздер 3:4—6).
Исаға еліктеңдер
18. Исаға қай жағынан еліктеуіміз керек?
18 Иса туралы Киелі кітапта мынадай пайғамбарлық айтылған: “Әділетсіздікті жек көріп, сүйесің Сен әділдік” (Забур 44:8; Еврейлерге 1:9). Үлгі аларлықтай қандай керемет көзқарас! (Қорынттықтарға 1-хат 11:1) Иса Ехобаның әділ нормаларын біліп қана қоймай, оларды сүйген. Сондықтан да айдалада Шайтан оны азғырғанда, ол ‘әділетті жолдан’ таюдан ойланбастан бас тартты, әрі осы шешіміне берік болды (Нақыл сөздер 8:20; Матай 4:3—11).
19, 20. Әділдікті іздегеннің қандай жақсы нәтижесі болады?
19 Рас, тәннің құмарлықтары күшті болуы мүмкін (Римдіктерге 7:19, 20). Алайда әділдікті жоғары бағаласақ, бұл зұлымдыққа қарсы тұруымызға күш береді (Забур 118:165). Әділдікті қатты жақсы көргеніміз жамандықтан қорғайды (Нақыл сөздер 4:4—6). Азғыруға беріліп қалған сайын, Шайтан жеңіске жетіп отыратынын ұмытпаңдар. Оған қарсы тұрып, Ехобаға жеңіс әкелетіндей әрекет еткеніміз әлдеқайда артық емес пе?! (Нақыл сөздер 27:11; Жақып 4:7, 8)
20 Шынайы мәсіхшілер әділдікті іздейтіндіктен, ‘Иса Мәсіхтің көмегімен молынан әділетті іс-әрекет жасайды, осылай Құдайдың ұлылығы көрініп, мадақталады’ (Філіпіліктерге 1:10, 11). Сонымен қатар “Құдайдың рухани болмысына сай жаратылған жаңа, нағыз әділетті де Тәңірге ұнамды (пәк таза) адам” болады (Ефестіктерге 4:24, сілтемені қараңдар). Олар Ехобаның меншігі әрі өздері үшін емес, оған қызмет ету үшін өмір сүреді (Римдіктерге 14:8; Петірдің 1-хаты 4:2). Олардың ойлары мен іс-әрекеттеріне бағыт беретін, міне, осы нәрсе. Осылай көктегі Әкелерінің жүрегін қалай қуантады десеңші! (Нақыл сөздер 23:24)
[Сілтеме]
a Отбасын азғындықтың ықпалынан қалай қорғауға болатыны жайлы құнды кеңестерді ата-аналар Ехоба Куәгерлері басып шығарған “Отбасы бақытының сыры” деген кітаптан табуына болады.
Түсіндіріп бере аласыңдар ма?
• Неге әділдікті іздеу маңызды?
• Кемелсіз адамдар қалай әділдікті іздей алады?
• Мәсіхшілер осы дүниедегі қандай нәрселерден аулақ болулары керек?
• Әділдікті іздегеніміз бізді қалай қорғайды?
[29-беттегі сурет]
Ехобаны жақсы көруді үйренген балалар азғындыққа қарсы тұра алады
[30-беттегі сурет]
Исраилдіктердің кейбіреуі Уәде етілген жерде дәулетке кенелгенде, Ехобаны ұмытып кетті
[31-беттегі сурет]
Иса сияқты мәсіхшілер де әділетсіздікті жек көреді
[32-беттегі сурет]
Исаның ізбасарлары қайда барса да, бұл дүние оларға қауіп төндіріп тұрды