Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • w22 тамыз 26—31 бет.
  • Ехобаның халқы әділдікті сүйеді

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • Ехобаның халқы әділдікті сүйеді
  • Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2022
  • Тақырыпшалар
  • Ұқсас мәлімет
  • ӘДІЛДІК ДЕГЕН НЕ?
  • ЕХОБАНЫҢ НОРМАЛАРЫНА СҮЙІСПЕНШІЛІГІҢІЗДІ ДАМЫТЫҢЫЗ
  • Әділдікті жан-тәніңмен сүй
    2011 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
  • Ең бастысы, “Оның әділ еркін” орындауға ұмтылыңдар!
    2010 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
  • Ехобаның әділдігіне қуаныңдар
    2002 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
  • Әділдікті іздегеніміз бізді қорғайды
    2006 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
Көбірек мәлімет
Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2022
w22 тамыз 26—31 бет.

36-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

Ехобаның халқы әділдікті сүйеді

“Әділдікті аңсағандар бақытты” (МАТ. 5:6).

9-ӘН Ехоба — біздің Патшамыз!

АҢДАТПАa

1. Жүсіп қандай сынаққа кезікті және ол қалай әрекет етті?

ЖАҚЫПТЫҢ ұлы Жүсіп бір қиын жағдайға тап болды. Қожайыны Потифардың әйелі оған: “Менімен жат”,— деді. Бірақ Жүсіп бұл ұсыныстан бас тартты. Кейбіреулер: “Жүсіп неге бас тартты? Потифар үйде жоқ еді ғой. Оның үстіне, Жүсіп небәрі сол үйдің құлы еді. Қожайынының әйелінің бетін қайтарса, кейін ол Жүсіптің өмірін көмір қылып жібереді ғой”,— деп ойлайтын шығар. Бірақ ол әйел көндіруге қанша тырысса да, Жүсіп еш көнбеді. Неге дейсіз бе? Жүсіп: “Қалайша мен осындай ауыр қылмыс жасап, Құдай алдында күнәға батпақпын?!”— деді (Мұс. 1-ж. 39:7—12).

2. Жүсіп азғындықтың Құдайдың алдында күнә екенін қайдан білген?

2 “Неке адалдығын бұзба” деп жазылған Мұса Заңы Жүсіптің заманынан шамамен 200 жылдан кейін жазылған (Мұс. 2-ж. 20:14). Сонда, Құдай азғындықты “ауыр қылмыс” деп қарастыратынын Жүсіп қайдан білген? Ол Ехобаның ниетіне сай, неке тек бір еркек пен бір әйелдің арасында ғана құрылу керектігін жақсы білген. Сондай-ақ үлкен әжесі Сараның ары тапталмақ болған екі жағдайда Ехоба араша түсіп, оның абыройын сақтап қалғанын естісе керек. Ехоба дәл солай Жүсіптің әжесі Рабиғаны да қорғап қалған болатын (Мұс. 1-ж. 2:24; 12:14—20; 20:2—7; 26:6—11). Осы жағдайлар туралы ойланып, Жүсіп Ехобаның нені жақсы, ал нені жаман деп есептейтінін ұғып алған. Ол Құдайды да, оның әділдікке қатысты нормаларын да жақсы көрген, сондықтан оларды берік ұстанған.

3. Бұл мақалада не жайлы қарастырамыз?

3 Сіз әділдікті сүйесіз бе? Әрине, сүйетініңізде дау жоқ. Бірақ бәріміз кемелсіз болғандықтан, абай болуымыз керек, өйткені бізге осы дүниенің әділдікке қатысты түсінігі әсер етіп кетуі мүмкін (Ишая 5:20; Рим. 12:2). Сондықтан осы мақалада әділдіктің не екенін және осы қасиетті сүйсек, өзімізге қай жағынан пайдалы екенін қарастырамыз. Сондай-ақ Ехобаның нормаларына деген сүйіспеншілігімізді нығайтудың қандай үш жолы бар екенін талқылаймыз.

ӘДІЛДІК ДЕГЕН НЕ?

4. Адамдардың әділдікке қатысты көзқарастары қалай бұрмаланған?

4 Исаның кезіндегі діни жетекшілер өздерін әділміз деп ойлаған. Бірақ олар адамдарды сынап-мінейтін және не жақсы, не жаман екендігіне қатысты нормаларды өздері орнататын. Сондықтан Иса оларды қатты айыптаған (Уағ. 7:16; Лұқа 16:15). Қазіргі кездің адамдары да сондай. Олар біз жаман ештеңе жасап жатқан жоқпыз деп айтады, бірақ не жақсы, не жаман екенін олар өздері шешіп алған. Олар әдетте басқаларды сынап-мінейді, өздерін өзгелерден әділ деп есептейді. Бірақ бұдан шынайы әділдіктің иісі де шықпайды. Ондай қасиеттер Ехобаға жеккөрінішті.

5. Киелі кітапқа сай, әділдік деген не? Мысал келтіріңіз.

5 Әділдік — өте әдемі қасиет. Бір ауыз сөзбен айтқанда, әділдік деген — Ехоба дұрыс деп есептейтін нәрсені істеу. Киелі кітаптағы “әділдік” ұғымы Ехобаның жоғарғы нормаларымен өмір сүру деген ойды қамтиды. Мысалы, Ехоба саудагерлерден “өлшеуіш ыдыстарың тура болсын” деп талап еткен (Мұс. 5-ж. 25:15). Мұндағы “тура” деп аударылған еврей сөзін “әділ” деп те беруге болады. Демек, Құдайдың алдында әділ болғысы келетін мәсіхші барлық іскерлік мәселеде тура әрекет етіп, шыншыл болады. Сондай-ақ әділдікті сүйетін адам өзгелердің әділетсіздіктен жапа шеккенін жек көреді. Оған қоса, ол “барлық жағынан [Ехобаға] ұнамды” болу үшін, әрбір шешімін Ехобамен санаса отырып қабылдайды (Қол. 1:10).

6. Ехобаның жақсы мен жаманға қатысты талаптарының дұрыстығына не үшін сенімдіміз? (Ишая 55:8, 9)

6 Киелі кітаптан Ехоба әділдіктің қайнары екенін білеміз. Сондықтан ол “әділдіктің мекені” деп аталған (Ерм. 50:7). Жаратушымыз болғандықтан, тек Ехоба ғана жақсы мен жаманға қатысты талаптарды орната алады. Кемелсіз әрі күнәкар пенделерден айырмашылығы — ол дұрыс пен бұрысты дөп басып айта алады (Нақ. с. 14:12; Ишая 55:8, 9 оқыңыз). Бірақ біз Құдайға ұқсас болып жаратылғандықтан, оның әділдік нормаларына сай өмір сүре аламыз (Мұс. 1-ж. 1:27). Бұлай ету бізге ұнайды да. Өйткені Әкемізді сүйеміз әрі оған барынша еліктегіміз келеді (Ефес. 5:1).

7. Құдайдың орнатқан нормалары бізге не үшін қажет? Мысал келтіріңіз.

7 Ехобаның дұрыс пен бұрысқа қатысты нормаларымен өмір сүру барлық жағынан пайдалы. Неге олай дейміз? Елестетіп көріңізші, әр қаланың өз жол ережелері болса, жағдай қандай болады? Бүкіл елде бейберекетсіздік, тәртіпсіздік орын алып, жүйеден шығып кетеді. Немесе дәрігерлер науқастарды емдеуге арналған арнайы ережелерді ұстанбаса, не болады? Бұл адам өліміне әкеп соғуы мүмкін. Шынында да, дәлелденген әрі сенімді нормалар өмірімізді сақтайды. Сол сияқты, Құдайдың да жақсы мен жаманға қатысты нормалары — біз үшін қорған.

8. Әділдікті сүйетіндерді қандай баталар күтіп тұр?

8 Ехобаның әділдік нормаларымен өмір сүруге ұмтылатындардың бәріне ол батасын береді. Ол: “Әділдер жерді мұра етеді, Онда мәңгі бақи өмір сүреді”,— деп уәде етеді (Зәб. 37:29). Жер бетіндегі әрбір адам Ехобаның талаптарын ұстанғанда, өмір қандай болатынын ойлап көріңізші! Бүкіл адамзат бірлік пен тыныштықта бақытты ғұмыр кешері анық. Ехоба сіздің сондай жерде өмір сүргеніңізді қалайды. Олай болса, әділдікті сүйгеніміз қаншалықты маңызды десеңізші! Осы қасиетті әрі қарай да жақсы көре түсуге не көмектеседі? Қазір бұның үш жолын қарастырайық.

ЕХОБАНЫҢ НОРМАЛАРЫНА СҮЙІСПЕНШІЛІГІҢІЗДІ ДАМЫТЫҢЫЗ

9. Әділдікті сүюге не көмектеседі?

9 1-жолы: әділдік нормаларын орнатқан Тұлғаны сүйіңіз. Әділдікті сүйгіміз келсе, ненің жақсы, ненің жаман екендігіне қатысты нормаларды орнатқан Тұлғаны сүюіміз керек. Ехобаны қаттырақ сүйген сайын, оның әділдік нормаларына сай өмір сүруді де қаттырақ қалайтын боламыз. Мысалға Адам мен Хауаны алайықшы. Олар Ехобаны сүйгенде, оның әділ заңынан ешқашан аттамас еді (Мұс. 1-ж. 3:1—6, 16—19).

10. Ыбырайым қалайша Ехобаны тани түсті?

10 Ешқайсысымыз да Адам мен Хауа жасаған қателікті қайталағымыз келмес еді. Сондықтан Ехобаны танып-біле берейік, қасиеттерін бағалайық және ой қалпын түсінуге тырысайық. Сонда оны бұрынғыдан бетер жақсы көретін боламыз. Ехобаны шын жақсы көрген адамдардың бірі — Ыбырайым. Ол Ехобаның кейбір шешімдерін түсінбей қалғанда, қарсы шықпаған. Қайта, оны жақсырақ танып-білуге тырысқан. Мысалға Ехобаның Содом мен Ғомораны жоямын деп шешкен кезін алайықшы. Бұны білгенде, Ыбырайым “қалай ғана бүкіл әлемнің Төрешісі зұлымдармен бірге әділ адамдарды жойып жібермекші” деп қорқып кетеді. Осы жағдай ақылына сыймай, ол Ехобаның алдына келіп, көп сұрақ қояды. Ехоба оның әрбір сұрағына шыдамдылықпен жауап береді. Ақырында Ыбырайым Ехобаның әрбір адамның жүрегін көре алатынына және әділді әділетсізбен бірге ешқашан жоймайтынына көзі жетіп, жүрегі орнына түседі (Мұс. 1-ж. 18:20—32).

11. Ыбырайым Ехобаны жақсы көретінін және оған сенім артатынын қалай көрсетті?

11 Ыбырайымға Содом мен Ғомора қалалары туралы Ехобамен сөйлескен әңгімесі қатты әсер етіп, оның көктегі Әкесіне деген сүйіспеншілігі мен құрметі арта түсті. Біраз жыл өте Ыбырайымның Ехобаға қаншалықты сенім артатыны қатты сыналған бір жағдай болды. Ехоба одан аяулы ұлы Ысқақты құрбандыққа шалуды сұрады. Бірақ Ыбырайым Құдайын жақсы танып-білгендіктен, бұл жолы ешқандай сұрақ қоймай, бірден орындауға кірісті. Әрине, бұл тапсырма оған оңайға соқпады, жанын сыздатты. Бірақ ол Ехоба туралы осы уақытқа дейін білгендері жайлы терең ой жүгіртсе керек. Оның ешқашан әділетсіздік жасамайтынын, тасжүректікке бармайтынын Ыбырайым білді. Елші Пауылдың сөздерінен білетініміздей, ол Ехобаның Ысқақты тірілте алатынына да сенді (Евр. 11:17—19). Оның үстіне, Ехоба Ысқақтан халық тарайтынын уәде еткен еді. Ал ол кезде Ысқақтың әлі баласы жоқ болатын. Ыбырайым көктегі Әкесін қатты жақсы көргендіктен, оның әділдігіне еш күмәнданбады. Ең қиын сынақта да Ыбырайым сенімінің арқасында мойынсұнды (Мұс. 1-ж. 22:1—12).

12. Ыбырайымға қалай еліктесек болады? (Зәбүр 73:28)

12 Ыбырайымға қай жағынан еліктесек болады? Ол сияқты біз де Ехобаны жақсырақ тани түсейік, сонда оған жақындай түсеміз және оны одан сайын жақсы көретін боламыз (Зәбүр 73:28 оқыңыз). Сондай-ақ ар-ұжданымыз оның ой қалпына сай жұмыс істейтін болады (Евр. 5:14). Сонда дұрыс емес әрекет етуге азғырылғанда, біз бұдан бірден бас тартамыз. Әкеміздің жүрегін ауыртатын, онымен достығымызды бұзатын нәрсені істемек түгіл, сол туралы ойлаудың өзінен тітіркенетін боламыз. Әділдікті сүйетінімізді көрсетудің тағы қандай жолдары бар?

13. Әділдікке қалай ұмтылсақ болады? (Нақыл сөздер 15:9)

13 2-жолы: әділдікке деген сүйіспеншілігіңізді күнде дамытып отырыңыз. Ехобаның әділдік нормаларына деген сүйіспеншілігімізді нығайтуды дене бұлшық етімізді нығайтумен салыстыруға болады. Екеуі де күнделікті күш салып, талмай жаттығуды талап етеді. Алайда Ехоба — парасатты Құдай. Ол ешқашан шамамыз келмейтін нәрсені талап етпейді (Зәб. 103:14). Киелі кітапта: “Ехоба... әділдікке ұмтылғандарды жақсы көреді”,— делінген (Нақыл сөздер 15:9 оқыңыз). Мысалы, қызметімізде қандай да бір мақсатқа ұмтылғанда, соған жету үшін аянбай күш саламыз. Әділдікке ұмтылу да дәл сондай. Ехоба бізге осы жағынан күннен-күнге жақсара беруге шыдамдылықпен көмектесетініне сенімді болайық (Зәб. 84:5, 7).

14. “Әділдік сауыты” деген не және оны не үшін киюіміз керек?

14 Сүюші Әкеміз Ехоба өзінің орнатқан әділдік нормалары бізге ауыртпалық емес екенін айтады (Жох. 1-х. 5:3). Қайта, олар бізді қорғайды. Ал бұндай қорғаныш бізге күнде қажет. Елші Пауыл сипаттап кеткен рухани сауыт-сайман есіңізде ме? (Ефес. 6:14—18). Соның қай бөлігі жүрегімізді қорғайтын? Ол — “әділдік сауыты”. Сауыт жауынгердің жүрегін сақтайтындай, Ехобаның жақсы мен жаманға қатысты талаптары да бейнелі жүрегімізді, яғни жан дүниемізді сақтайды. Ендеше, рухани сауыт-сайманыңыздың ішінде әділдік сауытын киюді ешқашан ұмытпаңыз (Нақ. с. 4:23).

15. Әділдік сауытын кию деген нені білдіреді?

15 Әділдік сауытын кию нені білдіреді? Бұл күнделікті таңдауларымыз бен шешімдерімізде Құдайдың талаптарын ескеруді білдіреді. Қандай әңгіме қозғайтыныңызды, не көріп, не тыңдайтыныңызды, қандай кітап оқитыныңызды шешпес бұрын, былай деп ойланыңыз: “Мен жүрегімді немен толтырмақшымын? Оны Ехоба құптай ма? Әлде ол азғындық, жауыздық, ашкөздік, өзімшілдік сияқты, Ехоба дұрыс емес деп есептейтін нәрселерді насихаттай ма?” (Філіп. 4:8). Қабылдаған шешіміңіз Ехобаның еркіне сай болса, демек, оның әділдік нормалары жүрегіңізді қорғап тұр.

Күн батып бара жатқанда әйел бауырлас толқынды жағамен кетіп бара жатыр.

Әділдігіңіз “теңіз толқындарындай” бола алады (16, 17-абзацтарды қараңыз)

16, 17. Ехобаның талаптарын мәңгі ұстана алатынымызға Ишая 48:18 қалай көзімізді жеткізеді?

16 Сіз: “Мен күндер өте, жылдар өте Ехобаның әділдік нормаларынан таймай жүре аламын ба?”— деп уайымдайсыз ба? Ишая 48:18-де (оқыңыз) Ехобаның бойымызға жігер құятын керемет уәдесі бар. “Әділдіктерің теңіз толқындарындай болады”,— дейді ол. Шетіне көз жетпейтін шалқар теңіз жағасында тұрғаныңызды елестетіңізші. Бір-бірін қуалаған толқындар жағаға үздіксіз келіп соғып жатыр. Сол бір мамыражай көрініске қарап тұрып, осы толқындар бір күні тоқтап қалады деп уайымдайсыз ба? Әлбетте, жоқ! Бұл теңіздің толқындары мыңдаған жылдан бері соғып келеді, әрі алда да олар толастамай соға беретініне сіз еш күмәнданбайсыз.

17 Сіздің де әділдігіңіз осы толқындардай бола алады! Қалай дейсіз бе? Қандай да бір таңдау жасап, шешім қабылдарда: “Ехоба не істегенімді қалайды?”— деп ойланып алыңыз. Сосын, соған сай әрекет етіңіз. Алдыңызда қандай қиын мәселе тұрмасын, сүюші Әкеңіз әрдайым қасыңыздан табылып, сізге күш береді және оның әділдік нормаларына күнде сай болуыңызға көмектеседі (Ишая 40:29—31).

18. Өзгелерді өз талаптарымыз бойынша айыптаудан неге аулақ болуымыз керек?

18 3-жолы: айыптауды Ехобаға тапсырыңыз. Ехобаның әділдік нормаларын барынша ұстана жүріп, өзімізді басқалардан жоғары санаудан, оларды өз талаптарымыз бойынша соттаудан аулақ болуымыз керек. Өзгенің әділ әрекет етіп жүрген-жүрмегенін шешіп, соттайтын — біз емес, “бүкіл әлемнің Төрешісі” Ехоба (Мұс. 1-ж. 18:25). Ол бізге басқаларды айыптайтын құзыр берген жоқ. Иса бізге: “Өздерің айыпталмас үшін, өзгелерді айыптауды доғарыңдар”,— деп бұйырғанын ұмытпайық (Мат. 7:1)b.

19. Жүсіп Ехобаның төрелігіне сенім артқанын қайдан білеміз?

19 Әділ адам Жүсіптің мысалына қайта оралайықшы. Ол тіпті оған жамандық жасаған адамдарды да айыптаудан аулақ болған. Жас кезінде оған өз ағалары тап беріп, құлдыққа сатып жібереді де, әкелеріне оны өлді деп өтірік айтып барады. Көп жылдан кейін Жүсіп отбасымен қайта қауышады. Ол кезде қолында зор билік болғандықтан, Жүсіп ағаларынан кек алып, жазаласа болар еді. Олар да оны осылай етеді деп қорықты. Бірақ істеріне шын жүректен өкінген бауырларына Жүсіп: “Қорықпаңдар, сендерді соттайтындай мен Құдай емеспін ғой!”— деп, көңілдерін орнықтырды (Мұс. 1-ж. 37:18—20, 27, 28, 31—35; 50:15—21). Ол кішіпейілділік танытып, соттауды Ехобаға тапсырды.

20, 21. Өзімізді өзгеден әділ санамауға не көмектеседі?

20 Жүсіп сияқты біз де өзгелерді соттауды Ехобаға тапсырамыз. Мысалы, біреу жайлы “оның бұл нәрсені қандай ниетпен істегенін білемін” деп ойлап, сыртынан тон пішпейміз. Біз ешкімнің жүрегін оқи алмаймыз, ниетті тексеретін — тек Ехоба (Нақ. с. 16:2). Қандай ортадан, қандай мәдениеттен шықпасын — Ехоба барлық адамды жақсы көреді. Ол бізді де: “Жүректеріңді айқара ашыңдар”,— деп шақырады (Қор. 2-х. 6:13). Біз рухани отбасымыздағы бауырластарды айыптауға емес, сүюге асық болғымыз келеді.

21 Біз қауымнан тыс адамдарды да соттамауымыз керек (Тім. 1-х. 2:3, 4). Сіз Куәгер емес туысыңызға “мынау ешқашан шындықты қабылдамайды” деп үкім шығарар ма едіңіз? Жоқ, әрине. Бұлай әділсініп, өзімізді өзгеден жоғары санағымыз келмес еді. Өйткені Ехоба “жер-жерді мекендейтін адамдардың” бәріне өкінуге әлі де мүмкіндік беріп отыр (Ел. іс. 17:30). Ендеше, мынаны әрдайым есте ұстайық: өзін өзгеден әділмін деп санайтын адамды Ехоба әділ деп санамайды.

22. Әділдікті сүюге не үшін бекіндіңіз?

22 Ехобаның әділдік нормаларын сүйсек, бақытты боламыз. Бұны көргендер бізге де, Ехоба Құдайымызға да жақындай түседі. Олай болса, “әділдікке ашығып, сусауды” ешқашан доғармайық (Мат. 5:6 сілт.). Әділдікке ұмтылып, дұрыс әрекет етуге күш салып жүргеніңізді Ехоба бағалайтынына сенімді болыңыз. Ал мына дүние әділетсіздікке белшесінен батып, одан сайын бұзылып бара жатқанына еңсеңіз түспесін! “Ехоба әділ жандарды жақсы көретінін” ешқашан ұмытпаңыз (Зәб. 146:8).

ҚАЛАЙ ЖАУАП БЕРЕР ЕДІҢІЗ?

  • Әділдік деген не?

  • Ехобаның әділдік нормаларын ұстанудың қандай пайдасы бар?

  • Ехобаның әділдік нормаларына деген сүйіспеншілігімізді қалай дамыта аламыз?

139-ӘН Жұмақта жүргеніңді елестет

a Мына дүние зұлымдыққа толы болса да, Ехобаның әділдігімен өмір сүретін миллиондаған адам бар. Сол әділдік жолына түскендердің бірі сізсіз. Өйткені сіз Ехобаны жақсы көресіз. Ал Ехоба әділдікті жақсы көреді. Ал әділдік деген не? Бұл қасиетті жақсы көрсек, өзімізге қай жағынан пайдалы? Әділдікке деген сүйіспеншілігімізді қалай дамыта аламыз? Бұл мақалада осы сұрақтарға жауап аламыз.

b Кейде қауым ақсақалдарына біреудің ауыр күнәсіна және өкінген-өкінбегеніне қатысты сот жүргізу керек болады (Қор. 1-х. 5:11; 6:5; Жақ. 5:14, 15). Сондайда олар адамның жүрегін оқи алмайтындарын және Ехобаның атынан төрелік етіп жатқандарын есте ұстайды (Шежірелер 2-жазба 19:6 салыстырыңыз). Олар Құдайдың парасаттылыққа, әділдікке, мейірімділікке толы нормаларын жан-жақты қарастыра отырып шешім шығарады.

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу