Киелі кітап қуаныш табуға көмектесе алады
КИЕЛІ КІТАП медициналық кітап болмаса да, онда адамның жағымды және жағымсыз сезімдері денсаулығы мен психикалық күйіне әсер ететіні жайлы айтылған. Киелі кітапта: “Көтеріңкі көңіл шипа болар, Жабырқаңқы көңіл тәнді қуартар”,— делінген. Сонымен қатар ол жерден былай деп оқимыз: “Тап болған қиындыққа мойығаның, Тым аздығы бойыңдағы қуатыңның!” (Нақыл сөздер 17:22; 24:10). Жабырқаңқы күй әлсіретіп, өзгеруге не көмек іздеуге деген ықылас-ниеттен айырып, адамның жігерін жасытады.
Жабырқаңқы көңіл адамның рухани күйіне де әсер етеді. Өзін түкке тұрғысыз сезінетін адам көбінесе ешқашан Құдаймен жақсы қарым-қатынаста болып, оның қолдауына ие бола алмаймын деп ойлайды. Алдыңғы мақалада айтылған Симон өзінің “Құдайдың қолдауына лайық адам” екеніне күмәнданған болатын. Алайда Құдай Сөзіне үңілер болсақ, Құдайдың өзіне ұнамды болуға тырысып жүргендерге оң көзбен қарайтынын көреміз.
Құдай шынымен қамымызды ойлайды
Киелі кітапта: “Тәңір жаралы жүректерге жақын, еңсесі түскендерді құтқарады”,— делінген. Құдай “жаралы және күйреген жүректерге” теріс қарамайды, қайта, ол “кіші пейіл жанның қасында да болып, оны қайтадан рухтандырып, жаралы жүрегін сауықтыруды” уәде етеді (Забур 33:19; 51:17, ЖД [50:19]; Ишая 57:15).
Бірде Құдай Ұлы Иса шәкірттерінің назарын Құдай өз қызметшілерінің бойындағы жақсы нәрсені көретініне аудару керек екенін байқайды. Ол көрнекі мысал келтіріп, Құдай жерге құлап түскен торғайды да, яғни адамдардың көбісі мән бере қоймайтын нәрсені де, байқайтынын айтқан. Ол сондай-ақ Құдайдың адамдар туралы бүге-шігесіне дейін, тіпті бастарындағы шаштарының санын да, білетінін айтқан. Иса көрнекі мысалын былай аяқтаған: “Сондықтан... қорықпаңдар, сендер көптеген торғайлардан әлдеқайда қымбатсыңдар!” (Матай 10:29—31)a. Иса адамдар өздері туралы қандай ойда болмасын, сенімі бар адам Құдайдың көз алдында шынында бағалы екенін көрсетті. Елші Петір болса: ‘Құдай адамның бет-жүзіне қарамайды. Ол әр ұлттың Өзін қастерлеп, әділетке сай әрекет ететіндерін қабылдайды’,— деп есімізге салады (Елшілердің істері 10:34, 35).
Байсалды көзқарас
Құдай Сөзі өзімізге байсалдылықпен қарауға шақырады. Киелі рухтың жетелеуімен елші Пауыл: “Тәңіріміз маған берген рақымға сүйене отырып, әрбіреуіңе айтамын: өздерің туралы тиістісінен артық ойламаңдар! Қайта, Құдайдан сенім арқылы әрқайсыңның үлестеріңе қандай рухани дарындар тигенін ойлай отырып, өздеріңді саналы түрде бағалаңдар”,— деп жазған (Римдіктерге 12:3).
Әрине, дандайсып кетпес үшін, өзіміз жайлы тым жақсы ойлағымыз келмес еді, бірақ түкке тұрғысызбыз деп ойлап, екінші шектен де шығып кеткіміз келмейді. Қайта, өзімізге парасаттылықпен қарауды, күшті жақтарымыз бен әлсіздіктерімізді есепке алуды, үйренуді мақсат етіп қоюымыз керек. Бұл туралы бір мәсіхші әйел: “Мен тым жаман адам емеспін, бірақ тым ерекше де емеспін. Кез келген адам сияқты, менің жақсы да, жаман да мінезім бар”,— деген.
Әрине, осындай байсалды көзқарас болу керек деп ауызбен айта салу оңай. Бәлкім, жылдар бойы қалыптасқан өзіміз жайлы жағымсыз көзқарастан арылу үшін көп күш салу керек шығар. Дегенмен де Құдайдың көмегімен біз болмысымыз бен өмірге деген көзқарасымызды өзгерте аламыз. Құдай Сөзі де бізді осыған шақырып отыр. Біз былай деп оқимыз: “Алдамшы құмарлықтарымен өмірлеріңді құртып келген ескі күнәкар болмыстарың мен бұған дейінгі өмір салттарыңды енді тастаңдар! Рухтарың мен ақыл-ойларың түгелдей жаңарсын; осылай Құдайға рухани жағынан ұқсас жаратылған жаңа, шынымен әділетті де қасиетті адам болып өмір сүріңдер!” (Ефестіктерге 4:22—24).
‘Ақыл-ойларымызды’, яғни талпындырушы ішкі күшімізді, өзгерте отырып, жақсы жаққа қарай өзгере аламыз. Алдыңғы мақалада сөз болған Лина “ешкім де мені сүймейді, не көмектесе алмайды” деген ойдан арылмайынша, өзінің түкке тұрғысыз сезімін ештеңе де өзгертпейтінін, өзгерте де алмайтынын түсінген. Бойларында осындай өзгеріс жасаған Лина мен Симонға және тағы да басқа адамдарға Киелі кітаптағы қандай кеңестер көмектесті?
Қуанышқа кенелтетін Киелі кітап принциптері
“Барлық уайымыңды Тәңірге тапсыр, сонда Ол сені демейді” (Забур 54:23). Бірінші кезекте нағыз қуаныш табуымызға дұға көмектеседі. Симон: “Көңілім жабырқаған сәттерде Ехобаға дұға етіп, көмек сұраймын. Оның күші мен басшылығын сезінбеген кезім жоқ”,— дейді. Забур жыршысы уайымымызды Ехобаға тапсыруға шақыру арқылы Ехобаның қамымызды ойлайтынын ғана емес, бізді көмек пен қолдау көрсетуге тұрарлық адамдар ретінде қарастыратынын есімізге салады. Б. з. 33 жылының Құтқарылу мейрамының түнінде Исаның шәкірттері қайғы-мұңға батқан еді, өйткені Иса өзінің жерден кететін уақыты таяп қалғанын айтқан болатын. Иса оларды Әкесіне дұға етуге шақырып, кейін былай деп қосты: “Енді сұраңдар да алыңдар! Сонда шексіз қуанышқа кенелесіңдер” (Жохан 16:23, 24).
“Алғаннан гөрі берген бақытты” (Елшілердің істері 20:35). Иса үйреткендей, беру — өмірде нағыз қуанышқа кенелудің кілті. Осы Киелі кітап шындығын қолданғанымыз өзіміздің емес, өзгелердің мұқтаждықтарына көңіл қоюға мүмкіндік береді. Өзгелерге көмектесіп, әрі олардың ризашылығын естігенде, өзімізді жақсы сезініп қаламыз. Лина Киелі кітаптағы ізгі хабарды өзгелермен бөліскенде, екі жақты пайдасын көретініне сенімді. “Біріншіден, бұл мені Иса айтқан бақыт пен қанағат сезіміне бөлейді”,— дейді ол. “Екіншіден, өзгелердің жылы лебізі мені зор қуанышқа бөлейді”. Жомарттықпен бере отырып, біз Нақыл сөздер 11:25-тегі сөздердің рас екендігін өз өмірімізде көреміз: “Жомарт жан игілікке кенелер, Басқаны сергіткен өзі де сергір”.
“Бақытсыздың қай күні де қайғыдан арылмас, Қуанышты жанның тойы тарқамас” (Нақыл сөздер 15:15). Өзімізді және жағдайымызды қалай қарастыратынымыз өз қолымызда. Біз әр нәрсені тек жаман жағынан көріп, қайғыдан арылмайтын жан сияқты не тек жақсы жағынан ойлап, тойда отырған ‘қуанышты жан’ сияқты бола аламыз. Симон былай дейді: “Мен барынша дұрыс ой-қалпын сақтауға тырысам. Үнемі жеке зерттеумен айналысып, қызметке шығып, дұға етіп жүремін. Сондай-ақ көзқарастары жақсы адамдардың ортасында жүруге және өзгелерге дем беру үшін олардың жандарынан табылуға тырысам”. Мұндай көзқарас нағыз қуаныш әкеледі, бұл жайлы Киелі кітапта былай делінген: “Тәңірге қуаныңдар, Әділдер, шаттаныңдар! Шын жүректен адалдар, Қуанып ән салыңдар!” (Забур 31:11).
“Шынайы дос әрдайым жақсы көрер, Қиыншылықта бауырыңдай көмектесер” (Нақыл сөздер 17:17). Жақын адамымызға не сенімді кеңесшіге жүгінгеніміз жағымсыз сезімдерді қолға алуға және бойымызды билеп алмай тұрғанда, оларды басып тастауға көмектесе алады. Өзгелермен сөйлескеніміз барлық нәрсеге дұрыс, байсалды көзқараспен қарауға көмектеседі. “Іштегіні сыртқа шығару маған көп көмектеседі,— деп мойындайды Симон, — Не сезініп тұрғаныңды әлдекіммен бөлісуің қажет. Көбінесе осының өзі жеткілікті болып жатады”. Осылай ету Нақыл сөздерде айтылғанның растығына көз жеткізеді: “Сары уайым адамның еңсесін басар, Жақсы сөз оның көңілін тасытар” (Нақыл сөздер 12:25).
Не істеуге болады?
Біз жағымсыз сезімдерді жеңіп, қуаныш табуға көмектесетін Киелі кітаптағы тамаша әрі іс-жүзінде қолдануға болатын принциптердің бірнешеуін ғана қарастырдық. Егер өзін түкке тұрғысыз сезімімен күресіп жүргендердің бірі болсаңыз, Құдай Сөзі Киелі кітаппен жақынырақ танысып шығуға шақырамыз. Өзіңізге және Құдаймен қарым-қатынасыңызға мейлінше шынайы да байсалды көзқараспен қарауды үйреніңіз. Құдай Сөзінде берілген басшылықтың көмегімен әрбір ісіңізден нағыз қуаныш таба аласыз деп шын жүректен үміттенеміз.
[Сілтеме]
a Бұл Жазба орны 24, 25-беттерде егжей-тегжейлі талқыланады.
[7-беттегі сурет]
Киелі кітап принциптерімен өмір сүру қуанышқа кенелтеді