Ерлі-зайыптыларға арналған дана басшылық
‘Әйелдер, Иемізге мойынсұнғандай, күйеулеріңе де мойынсұныңдар; Күйеулер әйелдеріңді [“әрдайым”, ЖД] сүйіңдер’ (ЕФЕСТІКТЕРГЕ 5:22, 25).
1. Некеге қалай қараған дұрыс?
ИСА неке арқылы Құдай еркек пен әйелді біріктіріп, “біртұтас” ететінін айтқан (Матай 19:5, 6). Неке — ортақ мүдде мен мақсатқа талпынып жатқан әр түрлі екі адамның бірге өмір кешуі. Бұл — оп-оңай бұза салуға болатын нәрсе емес, өмірлік келісім. Көп елдерде ажырасу қиын емес, бірақ мәсіхшілер некені қасиетті санайды. Аса маңызды себеп болғанда ғана некені бұзуға болады (Матай 19:9).
2. а) Ерлі-зайыптылардың қандай көмек алатын мүмкіндіктері бар? ә) Неге некені табысты етуге тырысу маңызды?
2 Бір кеңесші былай деген: “Табысты неке — үнемі болып тұратын өзгерістер процесі, себебі онда үнемі жаңа мәселелерді, туындаған қиындықтарды шешу керек болады және өмірдің әр бір кезеңіндегі қолайлы мүмкіндіктерді пайдалану керек болады”. Мәсіхші жұбайлар үшін бұл мүмкіндіктер Киелі кітаптағы дана кеңестер, бауырластардың қолдауы және Ехобамен дұға арқылы пайда болатын тығыз қарым-қатынас болып табылады. Табысты неке жылдар бойы қиындықтарға төтеп береді, әрі бұл күйеуі мен әйелін бақыт пен қанағат сезіміне бөлейді. Ең бастысы, бұл некеге бастама берген Ехоба Құдайға даңқ әкеледі (Жаратылыс 2:18, 21—24; Қорынттықтарға 1-хат 10:31; Ефестіктерге 3:15, сілтемені қараңдар; Салониқалықтарға 1-хат 5:17).
Иса мен оның қауымына еліктеңдер
3. а) Пауылдың ерлі-зайыптыларға берген кеңесіндегі басты ой қандай? ә) Иса қандай керемет үлгі қалдырған?
3 Екі мың жыл бұрын елші Пауыл мәсіхші жұбайларға кеңес беріп, былай деп жазған: “Қауымның Мәсіхке мойынсұнғанындай, әйелдер де барлық істе күйеулеріне мойынсұнуға тиіс. Күйеулер, Мәсіх қауымды қалай сүйсе, сендер де [“әрдайым”, ЖД] әйелдеріңді солай сүйіңдер: Мәсіх қауым үшін жанын қиды!” (Ефестіктерге 5:24, 25). Неткен керемет салыстыру! Күйеулеріне кішіпейілдікпен бойсұнатын әйелдер басшылық принципін мойындап, сол бойынша жүру арқылы қауымға еліктейді. Әйелдерін барлық жағдайда сүйетін мәсіхші күйеулер қауымды сүйіп, оны қамқорлайтын Мәсіхтің үлгісіне барынша еліктейтінін көрсетеді.
4. Қалай күйеулер Исаның үлгісіне еліктей алады?
4 Мәсіхші күйеулер отбасының басы болғанымен, олардың да басы бар, ол — Мәсіх (Қорынттықтарға 1-хат 11:3). Сондықтан Иса қауымға қамқорлық жасағандай, күйеулер тіпті өздері қандай да бір құрбандыққа бару керек болса да, отбасының рухани және тәндік мұқтаждықтарын сүйіспеншілікпен қанағаттандырады. Олар отбасының мүддесін өз қалауларынан жоғары қояды. Иса: “Барлық істе де басқалар өздеріңе қалай істесін десеңдер, сендер де оларға солай істеңдер!”— деген (Матай 7:12). Бұл принцип әсіресе отбасы өмірінде маңызды. Бұл Пауылдың келесі сөздерінен көрінеді: “Жұбайларын өз тәніндей жақсы көру — күйеулердің міндеті... Ешкім де өз тәнін жек көрмейді, қайта, оған нәр беріп, баптап күтеді” (Ефестіктерге 5:28, 29). Ер адам өз тәнін қалай нәр беріп, баптап күтсе, әйеліне де дәл солай қарау керек.
5. Қалай әйелдер мәсіхшілер қауымына еліктей алады?
5 Мәсіхші әйелдер мәсіхшілер қауымынан үлгі алады. Иса жерде болғанда, оның ізбасарлары өз істерін тастай сала, қуана оған ерген. Исаның өлімінен кейін де, олар оған бағына берді, әрі соңғы 2 000 жылға жуық уақыт бойы шынайы мәсіхшілер қауымы бұрынғысынша Исаға бағынып, барлық жағдайда оның басшылығымен жүріп келді. Сол сияқты мәсіхші әйелдер де күйеулерін менсінбей немесе Киелі кітаптың некедегі басшылыққа қатысты принципіне немқұрайды қарамайды. Керісінше, олар күйеулеріне көмектеседі, бағынады, оларға қолдау көрсетеді және осылайша оларды жігерлендіреді. Күйеуі де, әйелі де осылайша сүйіспеншілікпен әрекет еткенде, неке табысты болады және екеуі де өзара қарым-қатынастан қуаныш алады.
Бірге өмір кешіңдер
6. Петір күйеулерге қандай кеңес берген және бұл неге маңызды?
6 Елші Петір де ерлі-зайыптыларға кеңес берген және оның күйеулерге айтқан сөздері әсіресе әсерлі болған: “Әйелдеріңе ілтипат пен [“білімге сәйкес”, ЖД] қамқорлық көрсетіп бірге өмір кешіңдер! Жан-тәндерінің нәзік екенін түсіне отыра, оларды ерекше қастерлей біліңдер, себебі Құдай рақым етіп сыйлаған мәңгілік өмірді сендермен бірге олар да иемденеді. Тәңірге сиынған кездеріңде ештеңе кедергі болмас үшін де осылай істеңдер!” (Петірдің 1-хаты 3:7). Петірдің кеңесінің маңыздылығы соңғы сөздерден көрінеді. Күйеуі әйелін қастерлемейтін болса, бұл оның Ехобамен қарым-қатынасына әсер етеді. Оның дұғаларына кедергі болады.
7. Күйеу әйелін қалай қастерлегені дұрыс?
7 Олай болса, күйеулер әйелдерін қалай қастерлей алады? Әйелін қастерлеу оған сүйіспеншілікпен қарауды, лайықты құрмет көрсетуді және сыйлауды білдіреді. Әйелге бұлай қарау көп адамға бір түрлі көрінетін шығар. Грек ғалымы былай деп жазған: “Рим заңы бойынша әйелдің ешқандай құқы болмаған. Оның құқы кішкене баланың құқымен бірдей болған... Ол күйеуіне әрқашан бағынышты болған және өмірі толығымен күйеуінің билігінде болған”. Бұл мәсіхшілер ұстанатын ілімнен қаншалықты өзгеше десеңші! Мәсіхші отағасы әйелін қастерлеген. Ол әйеліне өз қалауынша емес, мәсіхшілер принципі бойынша қараған. Оның үстіне, нәзік екенін түсіне отырып, “білімге сәйкес” әйеліне мұқият болған.
“Нәзік” деп қай мағынада айтылған?
8, 9. Қай жағынан әйелдер мен ерлер тең?
8 Әйелдің нәзік екенін айтқанда, Петір олардың ер адамдарға қарағанда санасы немесе рухани күйі төмен болатынына нұсқамаған. Рас, көптеген мәсіхші ер адамдарға қауымда әйел адам атқармайтын артықшылықтар беріледі, әрі отбасында әйел күйеуіне бағынады (Қорынттықтарға 1-хат 14:35; Тімотеге 1-хат 2:12). Дегенмен сенім, төзімділік және жоғары құлықтылық нормаларға бағыну ерлерден де, әйелдерден де бірдей талап етіледі. Әрі Петір айтқандай, әйел де күйеуімен бірге ‘Құдай рақым етіп сыйлаған мәңгілік өмірді иемденеді’. Құтқарылуға келгенде Ехоба Құдайдың алдында екеуінің де жағдайы бірдей (Ғалаттықтарға 3:28). Петір өзінің хатын бірінші ғасырдағы майланған мәсіхшілерге жазған. Демек, оның сөздері ‘Мәсіхтің салтанатты ұлылығына ортақ’ болатын мәсіхші күйеулердің естеріне әйелдерінің де сондай үміті бар екенін салған (Римдіктерге 8:17). Уақыты келгенде ерлер де, әйелдер де көктегі Құдай Патшалығында діни қызметкерлер мен патшалар ретінде қызмет етпек! (Аян 5:10).
9 Майланған мәсіхші әйелдер майланған мәсіхші күйеулерінен ешқандай да төмен болмаған. Жерде өмір сүруге үміттенетіндер туралы да осылай деуге болады. “Өте үлкен тобырды” құрайтын ерлер де, әйелдер де шапандарын Тоқтының қанымен жуып, аппақ қылған. Ерлер де, әйелдер де дүние жүзі бойынша “күні-түні” Ехобаны даңқтауда (Аян 7:9, 10, 14, 15). Ерлер де, әйелдер де “Құдайдың рухани балаларының салтанатты ұлылығы мен бостандығына” жетіп, ‘шынайы өмір’ сүретін күнді күтіп отыр (Римдіктерге 8:21; Тімотеге 1-хат 6:19). Майланғандар мен басқа қойларды қоса алғанда, барлық мәсіхшілер Ехобаға бір “Бағушысы” бар “біртұтас отар” ретінде қызмет етеді (Жохан 10:16). Мәсіхші күйеулер мен әйелдердің бір-біріне лайықты құрмет көрсетулеріне тұрарлық неткен керемет себеп!
10. Қай мағынада әйел адам нәзік?
10 Олай болса, әйелдің нәзік екені қай мағынада айтылған? Петір әйелдің жалпы ер адамға қарағанда кішілеу әрі әлсіздеу екенін айтқан болуы мүмкін. Оның үстіне, кемелсіздіктің әсерінен әйелдің дүниеге бала әкелетін керемет артықшылығы оның денсаулығына біраз ауыртпалық әкеледі. Бала көтеретін жастағы әйел үнемі тәндік ауыртпалықтар сезінуі мүмкін. Осындай кездерде немесе бала көтеріп, босанар кезде, оларға ерекше қамқорлық пен көңіл бөлу қажет болары анық. Әйелін қастерлейтін күйеу әйелінің қолдауды қажет ететінін түсінетін болса, некенің табысты болуына едәуір ықпал етеді.
Әр түрлі дінді ұстанатын отбасында
11. Қай мағынада жұбайлар әр түрлі дінді ұстанса да, неке табысты бола алады?
11 Ал ерлі-зайыптылар әр түрлі дінді ұстанатын болса, мысалы, некеге тұрған соң біреуі шындықты қабылдап, екіншісі қабылдамаған болса, мұндай отбасылардың табысқа жетуі мүмкін бе? Көп отбасылары мүмкін екенін көрсетіп отыр. Әр түрлі дінді ұстанатын отбасылары да, күйеуі мен әйелі өздерін бақытты сезіне алатындай табысты әрі баянды бола алады. Оның үстіне, Ехоба мұндай некені де қасиетті санайды, әрі ерлі-зайыптылар “біртұтас” болып қала береді. Сондықтан мәсіхшілерге егер мәсіхші емес жұбайлары қарсы болмаса, олармен бірге тұра беруге кеңес беріледі. Сонда егер отбасында балалар болса, мәсіхші әкесі не шешесінің адалдығы оларға жақсы әсер етеді (Қорынттықтарға 1-хат 7:12—14).
12, 13. Қалай мәсіхші әйелдер Петірдің кеңесін қолдана отырып, шындықты қабылдамаған күйеулеріне көмектесе алады?
12 Петір күйеулері шындықты қабылдамаған мәсіхші әйелдерге қайырымдылықпен кеңес берген. Оның сөздері осындай жағдайдағы мәсіхші ер адамдарға да қатысты. Ол былай деп жазған: “Сендер, әйелдер, күйеулеріңе мойынсұныңдар. Осылайша, күйеулеріңнің кейбіреулері Құдай сөзіне құлақ аспаса да, айтқан сөздеріңмен емес, игілікті мінез-құлықтарыңмен оларды Мәсіхтің иелігіне айналдырыңдар. Олар таза да ізетті мінез-құлықтарыңды көргенде ғана осылай болмақ” (Петірдің 1-хаты 3:1, 2).
13 Әйел күйеуіне өз сенімі туралы ілтипатпен айта алатын болса, бұл мақтауға тұрарлық. Алайда күйеуі тыңдағысы келмесе ше? Ол жағын өзі біледі. Бірақ күдер үзуге болмайды, себебі мәсіхші жүріс-тұрысымен де керемет куәлік береді. Алғашқыда қызығушылық білдірмеген, тіпті қарсылық көрсеткен көп күйеулер әйелдерінің жақсы жүріс-тұрысын көрген соң, ‘мәңгілік өмір сүруге ыңғай танытқан’ (Елшілердің істері 13:48, ЖД). Тіпті күйеуі шындықты қабылдамаған күнде де, әйелінің жүріс-тұрысы жағымды әсер етуі мүмкін, ал бұл некені нығайтады. Бір бауырласымыздың күйеуі ешқашан да Куәгерлердің жоғары құлықтылық нормалары бойынша өмір сүре алмайтынын мойындаған. Сонда да, ол бір газетке жазған хатында өзін “ғажайып әйелдің бақытты күйеуі” деп атаған және әйелі мен оның бауырластарын шын жүректен мақтаған.
14. Қалай мәсіхші күйеулер шындықты қабылдамаған әйелдеріне көмектесе алады?
14 Петірдің кеңесін қолданатын мәсіхші күйеулер де жүріс-тұрыстары арқылы әйелдерін ‘Мәсіхтің иелігіне айналдырған’. Шындықты қабылдамаған әйелдер күйеулері отбасындағы міндеттерін орындай бастағанын, енді ақшаны темекіге, ішімдікке немесе құмар ойындарға құртпайтынын және қорлық сөздер айтпайтынын байқаған. Сондай әйелдердің кейбіреулері қауымдағы басқа да мәсіхшілермен таныса бастаған. Оларға мәсіхшілердің бауырмалдығы қатты әсер етіп, көрген-білгендері Ехобаға жақындатқан (Жохан 13:34, 35).
‘Көзге көрінбес ізгі қасиет’
15, 16. Әйел қандай жүріс-тұрыс арқылы шындықты қабыл алмаған күйеуін ‘Мәсіхтің иелігіне айналдыра’ алады?
15 Әйел күйеуін қалай ‘Мәсіхтің иелігіне айналдыра’ алады? Мәсіхші әйелге тән жүріс-тұрысы арқылы. Петір былай деген: “Сендердің көріктерің сыртқы әшекейлерге: шашты ерекшелеп жинау, алтын әшекей бұйымдар тағып, көз тартарлық әдемі киімдер киюге тәуелді болмасын. Қайта, көріктерің көңілдеріңдегі көзге көрінбес ізгі қасиеттеріңнен тұрсын; мейірімді де сабырлы жан дүниелеріңнің мәңгі солмайтын көркі Құдай алдында аса бағалы. Ежелгі заманда үміттерін Құдайға артып, Оған бағышталған әйелдер өздерін дәл осылайша әшекейлеген. Солардың бірі Сара еді; ол Ыбырайымның айтқандарына құлақ асып, оны қожайыным деп атайтын. Егер сендер ешқандай қорқынышқа көнбей, адал өмір сүрсеңдер, Сараның рухани ұрпағы боласыңдар” (Петірдің 1-хаты 3:3—6).
16 Петір мәсіхші әйелге сырт көрініске сенім артпауға кеңес берген. Керісінше, күйеуі Киелі кітап ілімдерінің арқасында әйелінің ішкі дүниесінің өзгергенін байқау керек. Әйел күйеуіне өзінің жаңа болмысымен куәлік беру керек. Мүмкін, ол әйелінің қазіргі және ескі болмысын салыстыратын шығар (Ефестіктерге 4:22—24). Ол әйелінің ‘мейірімді де сабырлы жан дүниесінің’ жағымды әрі тартымды екенін көретінінде күмән жоқ. Бұл күйеуіне ғана ұнамды емес, сондай-ақ “Құдай алдында аса бағалы” (Қолостықтарға 3:12).
17. Қалайша Сара мәсіхші әйелдерге керемет үлгі болып табылады?
17 Сара барлық мәсіхші әйелдерге күйеулері шындықта болса да, болмаса да лайықты үлгі болып табылады. Ол Ыбырайымға өзінің басшысы ретінде сөзсіз бағынған. Ол тіпті өзінің жүрегінде де күйеуін “қожайыным” деп атаған (Жаратылыс 18:12, ЖД). Алайда Сара бұдан қадірін жоғалтпаған. Сара Ехобаға деген сенімі берік, рухани мықты әйел болғаны анық. Оның бізді ‘алдымыздағы “жарысты” қажырлылықпен аяқтауға’ жігерлендіретін ‘бұлт секілді қоршап тұрған сенушілер тобырындағы’ адамдардың бірі екеніне таңғалмасақ та болады (Еврейлерге 11:11; 12:1, сілтемені қараңдар). Мәсіхші әйелдің Сараға ұқсауы қадірін түсірмейді.
18. Әр түрлі дінді ұстанатын отбасында мәсіхшілер қандай принципті ұстанулары керек?
18 Әр түрлі дінді ұстанатын отбасында күйеуі отағасы болып қала береді. Егер ол мәсіхші болса, өз сеніміне кедергі келтірмейтін жағдайда әйелінің сеніміне құрметпен қарайды. Ал егер күйеуі емес, әйелі шындықта болса, ол да өз сеніміне күйеуінің кедергі жасауына жол бермейді (Елшілердің істері 5:29). Бірақ отағасы ретінде күйеуіне бағынудан бас тартпайды. Ол күйеуінің көзқарасын сыйлайды және ‘оған қосқан заңның ықпалында’ қала береді (Римдіктерге 7:2).
Киелі кітаптың дана басшылығы
19. Бүгінде отбасыларына қандай қысым көрсетілуде, бірақ бұған қалай төтеп беруге болады?
19 Бүгінде отбасы жан-жақтан қысым көріп жатады. Кейбір ер адамдар өз міндеттерін атқармайды. Кейбір әйелдер күйеулеріне бағынбайды. Кейбір отбасыларында ерлі-зайыптылардың бірі екіншісіне қорлық көрсетіп жатады. Ал жетіспеушілік, кемелсіздік және осы дүниенің азғындық рухы мен құндылықтарға деген көзқарастың бұзылуы мәсіхшілердің адалдықтарын сынайды. Дегенмен Киелі кітап принциптерін ұстанатын мәсіхшілер жағдайлары қандай болмасын, Ехобаның батасына ие болуда. Тіпті Киелі кітап принциптерін ерлі-зайыптылардың біреуі ғана ұстанса да, екеуі де ұстанбағаннан гөрі бұл да жақсы. Оның үстіне, Ехоба тіпті қиын жағдайларда да некелік антына берік болып жүрген қызметшілерін жақсы көреді және оларға қолдау көрсетеді. Ол олардың адалдығын ұмытпайды (Забур 17:26; Еврейлерге 6:10; Петірдің 1-хаты 3:12).
20. Петір барлық мәсіхшілерге қандай кеңес берген?
20 Ерлі-зайыптыларға берген кеңесін елші Петір жүрекке жылы тиетін сөздермен аяқтайды. Ол былай дейді: “Қорыта айтқанда, бәрің де өзара ниеттес, қуаныш пен қайғыға ортақтас, бір-біріңді туған бауырлардай сүйетін, қайырымды да кіші пейіл болыңдар. Жамандыққа жамандықпен, қорлыққа қорлықпен емес, ақ батамен жауап беріңдер. Себебі Құдай сендерді шақырғанда Өзінің ақ батасына ие болсын деп мақсат еткен еді” (Петірдің 1-хаты 3:8, 9). Бұл кеңес бәріне де, әсіресе ерлі-зайыптылар үшін пайдалы!
Естеріңде ме?
• Мәсіхші күйеулер Исаға қалай еліктейді?
• Мәсіхші әйелдер қауымға қалай еліктейді?
• Күйеулер әйелдерін қалайша қастерлей алады?
• Күйеуі шындықты қабылдамаған әйел өзін қалай ұстау керек?
[24-беттегі сурет]
Мәсіхші күйеу әйелін сүйеді және оған қамқорлық көрсетеді
Мәсіхші әйел күйеуін сыйлайды, әрі құрметтейді
[25-беттегі сурет]
Рим заңынан айырмашылығы мәсіхшілер ұстанатын ілім күйеуден әйелін қастерлеуді талап еткен
[26-беттегі сурет]
‘Өте үлкен тобырдағы’ ерлер де, әйелдер де Жұмақта мәңгі өмір сүруге үміттенеді
[28-беттегі сурет]
Сара Ыбырайымды қожайыны ретінде мойындаған