Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • w05 1.3. 18—23 бет.
  • Бүгінгі дүниеде некені табысты етуге болады

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • Бүгінгі дүниеде некені табысты етуге болады
  • 2005 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
  • Тақырыпшалар
  • Ұқсас мәлімет
  • Тұзақтардан сақтаныңдар
  • Асығыс неке құрма
  • Кейбір некелердің бұзылу себебі
  • Шындыққа тура қараңдар және пікір алысыңдар
  • Той өткен соң
    Құдай сүйіспеншілігіне бөлене беріңіз
  • Неке бұзылғалы тұрған болса
    Отбасы бақытының сыры
  • Мәсіхшілік некеңіз баянды болсын!
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2016
  • Ақ неке — Құдайдың сыйы
    Құдай сүйіспеншілігіне бөлене беріңіз
Көбірек мәлімет
2005 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
w05 1.3. 18—23 бет.

Бүгінгі дүниеде некені табысты етуге болады

“Сүйіспеншілікке бөленіңдер, ол бәріңді толықтай біріктіреді” (ҚОЛОСТЫҚТАРҒА 3:14).

1, 2. а) Мәсіхшілер қауымында не нәрсе жігерлендіреді? ә) Табысты неке деген не?

МӘСІХШІЛЕР қауымындағы бір-біріне 10, 20, 30 немесе одан да көп жыл адалдықтарын сақтап келе жатқан ерлі-зайыптыларды көру жүректі тебірентпей ме? Олар өмірдің ыстық-суығына қарамастан, бір-біріне деген адалдықтарын сақтап келеді (Жаратылыс 2:24).

2 Көп адам өз некелерінің қиыншылықсыз болмағанымен келісер еді. Бір шолушы былай деп жазған: “Бақытты отбасы қиыншылықсыз болмайды. Жақсы да, жаман да кездер болып тұрады... Бірақ әйтеуір... бұл адамдар қазіргі өмірдің [қарбаласына] қарамастан, бірге өмір сүруде”. Табысқа қол жеткізген жұбайлар, әсіресе бала өсіріп отырса, өмірдің қысымынан болатын қашып құтылу мүмкін емес қарбаластар пен дағдарыстармен күресуді үйренген. Өмірлік тәжірибеден мұндай жұбайлар сүйіспеншіліктің ешқашан ‘сарқылмайтынын’ түсінген (Қорынттықтарға 1-хат 13:8).

3. Неке мен ажырасу туралы қандай мәліметтер бар және бұдан қандай сұрақтар туындайды?

3 Бірақ миллиондаған некелер ойран болып жатыр. Бір мәлімдемеде былай делінген: “Бүгінде Құрама Штаттарындағы барлық отбасының жартысы күйрегелі тұр. Олар алғашқы 7—8 жыл аралығында ажырасады... Солардың екінші мәрте неке құратын 75 пайызының 60 пайызы тағы ажырасады”. Тіпті бұрын ажырасу деңгейі төмен болған елдерде де жағдай өзгерген. Мысалы, Жапонияда соңғы жылдары ажырасу деңгейі жүз пайызға жуық көтерілген. Осындай жағдайға әкеліп жатқан, кейде тіпті мәсіхшілер қауымына да әсерін тигізіп жатқан, ол қандай қысым? Шайтанның осы құрылымды бұзуға тырысып жатқанына қарамастан, некені табысты ету үшін не істеу керек?

Тұзақтардан сақтаныңдар

4. Некені не бұзуы мүмкін?

4 Құдай Сөзі некені не бұзуы мүмкін екенін түсінуге көмектеседі. Мысалы, елші Пауылдың соңғы дәуірде болатын жағдайға қатысты айтқан сөздерін қарастырайық: “Есіңде болсын, соңғы дәуірде қиын-қыстау күндер туады: адамдар өзімшіл, ақшақұмар, мақтаншақ, тәкаппар, өсекшіл, ата-аналарына бағынбайтын, алғысты білмейтін, қасиеттіні танымайтын, ешкімді сүймейтін, ымыраға келмейтін, жалақор, ұстамсыз, қатыгез, жақсылықты жек көретін, опасыз сатқын, ақылсыз қызба, кеуде көтерген, Құдайдан гөрі ләззат-ермекті артық көретін болады. Олар сырт көзге Құдайға ұнайтындай болып көрінгенмен, Оның күшінен бас тартады. Мұндай адамдардан аулақ жүр!” (Тімотеге 2-хат 3:1—5).

5. Неге “өзімшіл” адамдар некелеріне қауіп төндіреді және Киелі кітап бұған қатысты қандай кеңес береді?

5 Пауылдың сөздері туралы ой жүгірте келе, ол атап өткен көп жағдайлар ерлі-зайыптылардың қарым-қатынасын бұзуы мүмкін екенін көреміз. Мысалы, “өзімшіл” адамдар басқалардың жағдайын ойламайды. Өзімшіл күйеу немесе әйел өз пайдасын ғана көздейді. Ондайлар басқаның жағдайына бейімделе білмейді. Мұндай көзқарас некені бақытты ете ме? Әрине, жоқ. Елші Пауыл, ерлі-зайыптыларды қоса алғанда, мәсіхшілерге даналықпен былай деп кеңес берген: “Жеке басының абырой-атағын ойлайтын менмен емес, кіші пейіл болып, басқаларды өздеріңнен жоғары қойыңдар! Әркім өз мүддесін ғана емес, басқалардікін де ойлай жүрсін” (Філіпіліктерге 2:3, 4).

6. Қалай ақшақұмарлық ерлі-зайыптылардың қарым-қатынасын бұзуы мүмкін?

6 Ақшақұмарлық күйеуі мен әйелінің қарым-қатынасына зиян тигізуі мүмкін. Пауыл былай деп ескерткен: “Баюға ұмтылғандар азғыруға ұшырап, өздерін апатқа, құруға алып келетін көптеген ақымақ та зиянды құмарлықтардың торына түседі. Өйткені ақшақұмарлық — әр түрлі жамандықтың түп тамыры; кейбіреулер осыған бола сенімдерінен адасып, өздерін көптеген қайғы-қасірет пен өкінішке душар етті” (Тімотеге 1-хат 6:9, 10). Өкінішке орай, Пауылдың осы сөздері бүгінде көп отбасыларының өмірінде орындалған. Дүниенің соңына түсіп кеткен көп ерлі-зайыптылар жұбайларының сезімін ескеру мен үнемі жылы шыраймен пікір алысуды қоса ең басты мұқтаждықтарын елеусіз қалдырады.

7. Кей жағдайда неке адалдығын бұзуға қандай әрекет жетелейді?

7 Сондай-ақ Пауыл соңғы дәуірде “қасиеттіні танымайтын [“адалдықтан жұрдай”, ЖД], ешкімді сүймейтін, ымыраға келмейтін” адамдардың болатынын айтқан. Ерлі-зайыптылардың адалдық сақтау туралы бір-біріне салтанатты түрде берген анттары опасыздыққа емес, тұрақты бірлікке жетелеу керек (Малахи 2:14—16). Алайда кейбіреулер жұбайынан басқаға көз салады. Күйеуі тастап кеткен отыздан асқан бір әйел кетпей тұрып-ақ күйеуінің басқа әйелдермен өзін тым еркін ұстап, қылмыңдайтын әдеті болғанын айтқан. Әйелі бар адамға мұндай қылықтың лайықсыз екенін ол түсінгісі келмейтін. Күйеуінің осындай қылығын көргенде, бұл оған ауыр тиеді де, оған мұндай жүріс-тұрыстың қауіпті екенін ескертуге тырысады. Бірақ күйеуі ақыры көзіне шөп салып, азғындыққа барып қояды. Тіпті қайырымдылықпен ескерту берілсе де, ол ашуланып оған құлақ аспайды. Ақырында, ақымақтықпен тұзаққа түседі (Нақыл сөздер 6:27—29).

8. Неке адалдығын бұзуға не себеп болуы мүмкін?

8 Киелі кітаптағы ескерту қалай дәл айтылған! “Неке адалдығын бұзғанның ақылы кем, құртады өз жанын солай істеуімен” (Нақыл сөздер 6:32). Негізі, азғындық — күтпеген жерден болатын әрекет емес. Киелі кітап жазушысы Жақып айтқандай, әдетте мұндай күнә осы туралы ой пісіп-жетілген соң ғана іске асады (Жақып 1:14, 15). Күнә жасаушы адам өмір бойы адал болып өтуге ант берген зайыбына адалдығын біртіндеп жоғалта бастайды. Иса: “Неке адалдығын бұзба!” деген өсиетті де естідіңдер. Ал мен сендерге былай деймін: кім бір әйелге құмарта қараса [“қарап тұра беріп, оған құмартса”, ЖД], оның өз жүрегінде сол әйелмен неке адалдығын бұзғаны”,— деген (Матай 5:27, 28).

9. Нақыл сөздер 5:18—20-да қандай дана кеңес айтылған?

9 Сондықтан дана әрі адал жол деп, Нақыл сөздерде көрсетілген жолды айтуға болады: “Құдайым жарылқай көрсін “бұлағыңды”, қанағат ет жастай алған қосағыңды: ол еліктей сұлу, тау ешкідей әсем, үнемі ләззат тап кеудесінен, мас бола бер махаббатына лайым. Балам, өзге әйелмен әуестіктің қажеті не? Басқаның кеудесін құшқаннан табасың не?” (Нақыл сөздер 5:18—20).

Асығыс неке құрма

10. Неге болашақ жарды білу үшін уақыт бөлген абзал?

10 Ерлі-зайыптылар асығыстықпен үйленгенде, отбасында қиындықтар туындауы мүмкін. Олар тым жас әрі тәжірибесіз болулары ықтимал. Немесе олар бір-бірінің ұнататын және ұнатпайтын нәрселерін, өмірдегі мақсаттарын, қандай отбасында тәрбиеленгенін, қысқасы, бірін-бірі жақсылап білмей жатып үйлене салуы мүмкін. Болашақ жарды жақсылап біліп алу үшін шыдамдылық танытып, уақыт бөлген абзал. Ысқақтың ұлы Жақыпты есіңе түсірші. Рахилаға үйлену үшін ол болашақ қайын атасының қолында жеті жыл еңбек етті. Ол бұған дайын болған, себебі ол қыздың сырт келбетіне ғана қызыққан жоқ, оның сезімі нағыз сүйіспеншілікке негізделген еді (Жаратылыс 29:20—30).

11. а) Неке қандай адамдарды біріктіреді? ә) Неге отбасында ойланып сөйлеу маңызды?

11 Неке — жай ғана романтикалық қарым-қатынас емес. Неке әр түрлі отбасынан шыққан, мінездері де, сезімдері де, көбінесе білім деңгейлері де әр түрлі екі адамды біріктіреді. Кейде мәдениеттері, тіпті тілдері әр түрлі адамдар қосылып жатады. Мұндай болмаған күнде де, некедегі екі адамның әр нәрсеге қатысты ойлары да әр түрлі болады. Некеде мұндай нәрселерді болады деп күткен жөн. Ерлі-зайыптылар көзқарастарын не үнемі сынап-мінеп, наразылықтарын білдіру арқылы не жылы шыраймен жігерлендіру арқылы білдіре алады. Иә, сөзімізбен жұбайымыздың жанын жаралай да, емдей де аламыз. Ойланбай сөйлеу отбасындағы қарым-қатынасты едәуір қиындатып жіберуі мүмкін (Нақыл сөздер 12:18; 15:1, 2; 16:24; 21:9; 31:26).

12, 13. Неге некеге қатысты байыпты көзқарас ұстану керек?

12 Сондықтан болашақ жарды жақсылап біліп алу үшін уақыт бөлу маңызды. Некелік өмірде көп тәжірибесі бар бір бауырлас былай деген: “Өзіңе жар таңдағанда, оның бойынан көргің келетін басты он қасиетті ойла. Егер оның бойынан жетеуін ғана байқасаң, өзіңнен: — Қалған үш қасиеттің жетіспейтініне көңіл аудармауға дайынмын ба? Өмір-бақи бойынан осы қасиеттерді көре алмай өтетініме шыдаймын ба?— деп сұра. Егер күмәнің болса, сәл тоқтап, тағы да ойлан”. Әрине, шындыққа тура қарауың керек. Неке құрғың келсе, кемелді жар табу мүмкін емес екенін біліп ал. Сондай-ақ болашақ жарың да кемелді адам таба алмайды (Лұқа 6:41).

13 Некеде әр түрлі құрбандықтарға бару керек болады. Пауыл осыған ерекше көңіл бөліп, былай деген: “Сендерді уайым-қайғы баспаса екен деймін. Үйленбеген ер адам Иемізге ұнауға ұмтылып, Оның ісінің қамын ойлайды. Ал үйленген ер адам жұбайының көңілін табуға тырысып, бұ дүниелік істердің қамын жейді. Осы себепті ол екі ойлы болып жүреді. Сол сияқты, үйленбеген әйел мен қыз Иеміздің істерінің қамын ойлай отырып, жан-тәнімен Оған берілмек. Ал тұрмысқа шыққан әйел күйеуіне ұнауға тырысып, бұ дүниелік істердің қамын жейді” (Қорынттықтарға 1-хат 7:32—34).

Кейбір некелердің бұзылу себебі

14, 15. Некедегі қарым-қатынастың әлсіреуіне не әсер етуі мүмкін?

14 Жақында ғана бір мәсіхші әйел қайғылы жағдайға тап болды: оның он екі жыл отасқан күйеуі басқа әйелмен неке құрып, кетіп қалды. Ол бұған дейін қандай да бір белгілерді байқаған ба еді? Ол былай деп түсіндіреді: “Ол дұға айтуды қойды. Не болса соны сылтауратып, қауым кездесулеріне және уағыздауға бармай қалатын. Бірде шаршап тұрғанын, бірде бос емес екенін айтып, маған көңіл бөлмейтін. Менімен сөйлескісі де келмейтін. Рухани әңгімеден қашатын. Оның осыншама өзгеріп кеткені өкінішті-ақ еді. Мен күйеуге шыққан адам мұндай емес еді”.

15 Басқалар да Киелі кітапты жеке зерттеуге, дұғаға және қауым кездесулеріне немқұрайды қарау сияқты белгілерді байқаған. Басқаша сөзбен айтқанда, жұбайларын тастап кеткен көп адам алдымен Ехобамен қарым-қатынастарының әлсіреуіне жол берген. Нәтижесінде олар рухани нәрселерге назар тігуді доғарған. Олар үшін енді Ехоба Құдай тірі Құдай болудан қалған, ал әділ жаңа дүние келмейтіндей көрінеді. Кейде неке адалдығын бұзған адам басқа біреумен кездесуді бастамай тұрып-ақ рухани әлсірей бастайды (Еврейлерге 10:38, 39; 11:6; Петірдің 2-хаты 3:13, 14).

16. Некені нығайтатын не?

16 Ал бақытты бір жұбайлар болса некелерінің мықты рухани қарым-қатынастарының арқасында табысты болғанын айтады. Олар дұғаны да бірге айтып, Киелі кітапты да бірге зерттейді екен. Күйеуі былай дейді: “Біз Киелі кітапты бірге оқимыз. Уағызға бірге барамыз. Біз бәрін бірге істегенді ұнатамыз”. Бұдан мынадай сабақ алуға болады: Ехобамен жақсы қарым-қатынасты сақтау некенің берік болуына үлкен септігін тигізеді.

Шындыққа тура қараңдар және пікір алысыңдар

17. а) Некенің табысты болуына не септігін тигізеді? ә) Пауыл мәсіхшілерге тән сүйіспеншілікті қалай суреттеген?

17 Некенің табысты болуына септігін тигізетін тағы екі нәрсе бар, бұл — мәсіхшілерге тән сүйіспеншілік және пікір алысу. Ғашық адамдар әдетте бір-бірінің кемшіліктеріне көз жұмуға бейім келеді. Олар некедегі өмір романдағыдай немесе фильмдегідей керемет болады деп үйленулері мүмкін. Алайда некеге тұрған соң, олар өмірдің шындығымен кезігеді. Енді кішігірім кемшіліктер немесе онша ұнамайтын әдеттерге бола үлкен қиындықтар туындауы мүмкін. Мұндай жағдай болған күнде мәсіхшілер құрамына сүйіспеншілік те кіретін киелі рухтың жемісін танытулары керек (Ғалаттықтарға 5:22, 23). Жай махаббат емес, мәсіхшілерге тән сүйіспеншілік — шынында да, өте күшті сезім. Оны Пауыл: “Сүйіспеншілік шыдамды да мейірімді... [ол] не өзімшіл, не ашушаң емес, ол кек те сақтамайды... Ол әрдайым қорған болып, ұдайы сенеді, үмітін еш үзбей, бәріне де шыдайды”,— деп суреттеген (Қорынттықтарға 1-хат 13:4—7). Шынайы сүйіспеншілік адамның әлсіздіктерін ескеретіні сөзсіз. Ол кемелділікті күтпейді (Нақыл сөздер 10:12).

18. Пікір алысу қарым-қатынасты қалай нығайтады?

18 Пікір алысу да маңызды. Қанша жыл бірге тұрса да, ерлі-зайыптылар бір-бірімен сөйлесіп, бірін-бірі шын ықыласпен тыңдап отырулары керек. Бір отағасы: “Біз сезімдерімізді ашық, бірақ жұмсақ түрде жеткіземіз”,— дейді. Уақыт өте келе бақытты ерлі-зайыптылар бірін-бірі сөзсіз-ақ түсінуді, яғни жылдар өткен сайын, бір-бірінің ойы мен сезімдерін ашық білдірмесе де, сезіп отыруды үйренеді. Кейбір әйелдер күйеулерінің зейін қойып тыңдамайтынын айтады. Ал кейбір отағалары әйелдерінің дәл орынсыз кезде әңгімелескісі келетініне наразылықтарын білдіреді. Пікір алысу жанашырлықпен, түсінікпен қарауды білдіреді. Дұрыс пікір алысу күйеуі үшін де, әйелі үшін де пайдалы (Жақып 1:19).

19. а) Неге кешірім сұрау қиын болуы мүмкін? ә) Кешірім сұрауға бізді не талпындырады?

19 Пікір алысуға кейде кешірім сұрау да жатады. Ал бұл үнемі оңайға соға бермейді. Қателікті мойындау үшін кішіпейілділік қажет. Алайда неке берік болу үшін мұның пайдасы өте зор! Шын жүректен кешірім сұрау үлкен даудың алдын алады және шын жүректен кешіруге әрі қиындықты шешуге көмектеседі. Пауыл: “Өзара төзімді болыңдар, егер қайсыбіреуіңе реніш сақтап, тағатын кінәларың болса, кешірімді болыңдар: сендерді Иеміз Мәсіх [“Ехоба”, ЖД] қалай кешірсе, сендер де солай етіңдер! Барлық қасиеттердің бастысы ретінде сүйіспеншілікке бөленіңдер, ол бәріңді толықтай біріктіреді”,— деген (Қолостықтарға 3:13, 14).

20. Мәсіхші жеке қалғанда және көпшіліктің алдында жұбайына қалай қарауы керек?

20 Неке табысты болу үшін екі жақтап күш салу маңызды. Мәсіхші жұбайлардың бір-біріне сенім артқаны және арқа сүйегені дұрыс. Бір-бірінің абыройын түсіріп немесе өз-өзіне деген сенімділігінен айыру дұрыс болмайды. Біз жұбайларымызды сүйіспеншілікпен мақтап отырамыз; оларды қатты сынап-мінемейміз (Нақыл сөздер 31:28ә). Оларды күлкіге айналдырып немесе намысқа тиерлік қалжыңға қосып, қадірін түсірмейміз (Қолостықтарға 4:6). Осылайша өзара сүйіспеншілік білдіріп отыру қарым-қатынасты нығайтады. Жаймен қол тигізумен немесе жұмсақ дауыспен жұбайыңды әлі де жақсы көретініңді және оның жаныңда жүргеніне қуанышты екеніңді білдіруге болады. Бұл — қарым-қатынасты нығайтуға және некені осы дүниеде табысты етуге көмектесетін кейбір жайттар ғана. Келесі мақалада некені табысты етуге көмектесетін Жазбаларға негізделген басқа да кеңестер беріледіa.

[Сілтеме]

a Көбірек мәлімет алу үшін Ехоба Куәгерлері басып шығарған “Отбасы бақытының сыры” деген кітапты қараңдар.

Түсіндіріп бере аласыңдар ма?

• Некені не бұзуы мүмкін?

• Неге асығыс неке құру даналыққа жатпайды?

• Рухани күй некеге қалай әсер етеді?

• Некенің баянды болуына не көмектеседі?

[20-беттегі сурет]

Неке — жай ғана романтикалық қарым-қатынас емес

[22-беттегі суреттер]

Ехобамен қарым-қатынас жұбайларға некелерін сәтті етуге көмектеседі

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу