Балаларыңызды тәрбиелеуге Киелі кітап көмектесе ала ма?
ОРХИДЕЯ — өте әсем гүл, бірақ оны өсіру қиынның қиыны. Ол үшін температураның, жарықтың және ыдыстың көлемінің дұрыс болуын қадағалап отыруыңыз керек. Орхидеяға топырақ пен тыңайтқыштың жағуы қиын және ол ауру мен құрт-құмырсқаларға тез бой алдырады. Сондықтан орхидея өсіруге тырысқанда, алғашқы кезде сәтсіздікке ұшырау — кәдімгі нәрсе.
Бала өсіру — әлдеқайда қиын да күрделі және аса қамқор болуды талап ететін іс. Сондықтан көбінесе ата-аналар бала өсіргенде не істерін білмей қиналатынына таңғалмаса да болады. Орхидея өсірген кісі тәжірибелі адамның кеңесін қажет еткені тәрізді, көп адам өзінің көмек қажет ететінін сезеді. Әрине, әрбір ата-ана ең жақсы басшылықты алғысы келеді. Бұндай басшылықты қайдан табуға болады?
Киелі кітап бала тәрбиесіне арналған кітап болмағанымен, Жаратушы оны жазған адамдарды киелі рухтың жетелеуімен осы тақырыпқа байланысты көптеген кеңестер жаздырған. Киелі кітап көбісінің ойынша ескерусіз қалатын жақсы қасиеттерді дамытуға ерекше көңіл бөледі (Ефестіктерге 4:22—24). Сондықтан Киелі кітаптың кеңестерінде дұрыс тәлім берудің сыры бар деуге де болады. Қай уақытта өмір сүргеніне және шыққан тегіне қарамастан, осы кеңестерді қолданған мыңдаған адамдар оның пайдасын көрген. Сондықтан төменде келтірілген Киелі кітап кеңестерінің балаларыңызды дұрыс тәрбиелеуге көмегі тиюі мүмкін.
Ата-ананың үлгісі — ең жақсы тәлім
“Сонымен, сен басқаларды үйретіп жүрсең де, қалайша өз іліміңді өзің ұстанбайсың?! “Ұрлама” дей тұра ұрлағаның не? “Неке адалдығын бұзба” дей тұра оны өзің бұзғаның қалай?” (Римдіктерге 2:21, 22).
Сеулдегі Білім беру департаментінің төрағасы: “Бала үшін ең жақсы тәлім — сөзбен және іспен үлгі көрсету”,— деген. Егер ата-аналар балаларына ауызша тәлім бергенімен, өздері жақсы үлгі көрсетпесе, балалар олардың екіжүзділіктерін бірден байқайды. Бұдан кейін ата-ананың сөздерінің салмағы болмайды. Мысалы, ата-ана балаларын шыншылдыққа үйреткісі келсе, олардың өздері шыншыл болулары керек. Кейбір ата-аналар үшін телефонды алғысы келмесе, балаларына: “Әкем (немесе шешем) үйде жоқ”,— деп айта сал деп жұмсау кәдімгі нәрсе. Мұндай кезде бала абдырап, не істерін білмей қалады. Ақырында, ол да қиын жағдайға тап болатын болса, еш шімірікпестен өтірік айта беретін болуы мүмкін. Сондықтан ата-аналар, шын мәнінде, балаларының шыншыл болып өскенін қаласа, алдымен өздері шындықты айтып, соған сай әрекет етулері керек.
Балаларыңызды ізеттілікке үйреткіңіз келеді ме? Олай болса, өзіңіз жақсы үлгі көрсетуіңіз керек. Балаларыңыз сізден көргендерін бірден қағып алатын болады. Төрт баланың әкесі Сен Сик былай дейді: “Әйелім екеуміз дөрекі сөздерді қолданбауды шештік. Біз бір-бірімізді сыйлайтынымызды көрсететінбіз және тіпті ренжіп немесе ашуланып тұрсақ та, дауыс көтерген емеспіз. Жай сөзге қарағанда жақсы үлгінің әсері әлдеқайда күшті болды. Балаларымыздың басқалармен сөйлескенде ізеттілік танытып, сыпайылық сақтайтыны бізді қуанышқа бөлейді”. Ғалаттықтарға 6:7-де: “Адам не ексе, соны орады”,— деп жазылған. Балаларының жоғары құлықтылық нормаларға сәйкес келгенін қалайтын ата-аналар, алдымен өздері, осы нормаларға сай өмір сүретіндерін көрсетулері керек.
Ашық пікір алмасып отырыңыздар
“[Құдайдың өсиеттерін] балаларыңның құлағына құй, үйіңде отырып та, жол жүргенде де, жатсаң да, тұрсаң да осы жайлы айт” (Заңды қайталау 6:7).
Бүгінде жұмысқа қосымша уақыт жұмсау кеңінен тарауда. Күйеуі де, әйелі де жұмыс істейтін болса, бұл балаға едәуір әсер етеді. Ата-аналар балаларымен уақытты аз өткізетін болып барады. Үйде болғанның өзінде ата-аналар үй шаруасын атқаратындықтан, қатты шаршаулары мүмкін. Бұндай жағдайда қалайша балалармен үнемі жақсы пікір алмасып отыруға болады? Үй шаруасын бірге атқаратын болсаңыздар өздеріңіз үшін де, балаларыңыз үшін де әңгімелесетін қолайлы жағдай тууы мүмкін. Бір отағасы балаларымен әңгімелесуге көбірек уақыт бөлу үшін тіпті теледидарынан бас тартқан. Ол былай дейді: “Алғашқыда балалардың іштері пысатын, бірақ мен олармен бірге жұмбақ ойындар ойнап, қызықты кітаптарды талқылайтынмын, сондықтан бірте-бірте теледидардың жоқтығына үйреніп кетті”.
Баланың жастайынан ата-анасымен пікір алмасып үйренгені маңызды. Әйтпесе балалар өтпелі кезеңге келіп, қиындықтарға кезіккенде, әке-шешелеріне сырын айта алатын жолдастары ретінде қарай алмайды. Олардың көңіліндегілерін ашық айтуларына қалай көмектесе аласыздар? Нақыл сөздер 20:5-те: “Адамның жүрегіндегі ой-ниеті тұңғиық судай болады, бірақ ақылды адам оны сарқып алады”,— деп айтылған. Көзқарасын білуге көмектесетін “қалай ойлайсың?” деген сияқты сұрақтар қою арқылы ата-аналар балаларын не ойлап, не сезініп отырғанын ашып айтуға талпындыра алады.
Балаларыңыз үлкен қателік жасап қойса не істейсіз? Бұндай кезде бала әсіресе көңіл бөлгенді қажет етеді. Балаңызды тыңдап отырғанда, сезімдеріңізді билей біліңіз. Бір әке мұндай жағдайда не істейтінін айтады: “Балалар қателіктер жасағанда, бұны жүрегіме жақын алмауға тырысамын. Мен отырып, олардың не айтатынын тыңдаймын және жағдайды түсінуге тырысамын. Ашуымды ұстай алмай бара жатсам, өз-өзіме келгенше күте тұрамын”. Сезімдеріңізді билей отырып, құлақ асатын болсаңыз, түзетуіңізді балалар жеңілірек қабылдайды.
Сүйіспеншілікке негізделіп жөн сілтеу маңызды
“Ата-аналар, балаларыңа шамасы келмейтін талап қойып, ашуландырмай, керісінше, ақылмен жөн сілтеп, Иемізбен жүргендерге лайықты тәрбиелеңдер!” (Ефестіктерге 6:4, сілтемені қараңыз).
Жақсы нәтиже шығу үшін берген тәрбиеңіз сүйіспеншілікке негізделу керек. Қалай ата-аналар балаларын ‘ашуландырулары’ мүмкін? Егер баланы тым қатал жазаласа, не намысына тиетіндей ауыр сөздермен сөгетін болса, ол одан сайын қасарысады. Жөнге салғанда ешқашан сүйіспеншілікті ұмытпау керек (Нақыл сөздер 13:24). Не үшін жазалағаныңызды балаларыңызға түсіндіріп айтсаңыз, олар жақсы көргендіктен жөнге салып жатқандарыңызды түсінетін болады (Нақыл сөздер 22:15; 29:19).
Дегенмен балалар жаман қылықтарының жағымсыз әсерін өздері көргендері дұрыс. Мысалы, бала біреуді өкпелеткен болса, одан кешірім сұрауын талап етуіңізге болады. Егер ол отбасындағы тәртіпті бұзса, оның өзі ұнататын кейбір істермен айналысуына тыйым салуыңызға болады. Осылайша тәртіпті ұстанудың маңыздылығын көрсетесіз.
Баланы дер кезінде жөнге салған дұрыс. Екклесиаст 8:11-де: “Жаман істерге үкім бірден шығарылмайды; сондықтан адам ұлдарының жүректері зұлымдық жасаудан қорықпайды”,— деп жазылған. Сол сияқты көп бала бұзықшылық жасап, жазасынан құтылып кетуге бола ма, соны тексеріп көруге тырысады. Сондықтан белгілі бір әрекет үшін жазалайтыныңызды алдын ала ескерткен болсаңыз, айтқан сөзіңізде тұрыңыз.
Дұрыс демалу мен көңіл көтерудің пайдасы
“Күлетін уақыт... және билейтін уақыт” (Екклесиаст 3:4).
Баланың ойы мен денесі жетілу үшін оның бос уақыты болу керек, әрі орынды түрде көңіл көтеріп отыруы қажет. Ата-аналар балаларымен бірге көңіл көтеріп, демалатын болса, отбасы нығая түседі, әрі балалар өздерін қауіпсіз сезінетін болады. Бірге демалу үшін отбасы көңіл көтерудің қандай түрін таңдауына болады? Осы жағын ойластыруға уақыт бөлсеңіздер, жақсылап көңіл көтерудің неше түрі бар екенін көресіздер. Мысалы, велосипед тебу тәрізді спорттың түрі немесе теннис, бадминтон және волейбол тәрізді доп ойындары бар. Отбасы бірігіп музыкалық аспаптарда ойнап отырған қуанышты сәттерді көз алдыңызға елестетіңізші. Жақын жердегі табиғат аясына шығу да еске алып отыратын жағымды әсер қалдырады.
Осындай жағдайларды пайдаланып, ата-аналар көңіл көтеруге деген байсалды көзқарасты балаларының санасына құюларына болады. Үш баласы бар бір мәсіхші әке былай дейді: “Мен мүмкін болса балаларыммен бірге көңіл көтеріп, демаламын. Мысалы, олар компьютер ойындарын ойнап жатса, олардан қалай ойнайтынын сұрап аламын. Олар мәз болып түсіндіре бастағанда, мүмкіндікті пайдаланып зиянды көңіл көтерудің қауіпті жақтарын айтамын. Қазір олардың орынсыз ойындарды ойнамайтындарын байқаймын”. Иә, отбасымен бірге көңіл көтеруден қуаныш табатын балалар зұлымдық, азғындық және нашақорлықты көрсететін теледидар бағдарламалары, бейнефильмдер, кинофильмдер мен Интернет ойындарына құмарта бермейді.
Балаларыңызға жақсы достар табуға көмектесіңіздер
“Ақылдымен араласқан ақылды болады, ал кім ақымақпен дос болса, азғындық жолға түседі” (Нақыл сөздер 13:20).
Төрт баласына жақсы тәрбие берген мәсіхші әке: “Олардың дос таңдай білулері өте маңызды екенін ұмытпаған жөн. Бір жаман жолдас бүкіл еңбегіңді зая кетіруі мүмкін”,— дейді. Балалары дұрыс дос таба алуларына көмектесу үшін, ол даналықпен: “Сенің жан досың кім? Ол саған несімен ұнайды? Оның қай жеріне еліктегің келеді?” — деген сияқты сұрақтар қойған. Басқа бір отағасы болса балалары жақын достарын үйіне шақыруларына жағдай жасайды. Осылайша оларды байқап, балаларына қажетті басшылық бере алған.
Сонымен қатар балаларды қатарларымен ғана емес, үлкендермен де дос болуға үйреткен маңызды. Үш баланың әкесі Бам Сен былай дейді: “Мен балаларыма Киелі кітаптағы Дәуіт пен Жонатанның жағдайынан көрініп тұрғандай, достардың жастары шамалас болуы шарт емес екенін түсінулеріне көмектесемін. Өзім болсам, балаларыммен араласулары үшін қонаққа әр түрлі жастағы мәсіхшілерді шақырамын. Нәтижесінде балаларым өз қатарларынан да басқа көптеген адамдармен араласады”. Үлгілі ересек адамдармен араласқандарының арқасында балалар көп нәрсеге үйрене алады.
Бала тәрбиелегенде табысты бола аласыз
Құрама Штаттарында жүргізілген бір зерттеу бойынша, балаларына ұстамдылық, өзін тәртіпке бағындыра білу және шыншылдық тәрізді қасиеттерді дарытуға тырысқан көп ата-аналар аз ғана жетістіктерге қол жеткізген. Бұл неге соншалықты қиын? Зерттеуге қатысқан бір ана: “Өкінішке орай, балаларымызды қорғаудың бір ғана жолы — оларды әлеммен араластырмай, бөлмеге қамап қою”,— деп айтқан. Ол балалар өсіп жатқан ортаның бұрын-соңды болмағандай бұзылғанын айтқысы келген. Мұндай жағдайда бала тәрбиесінде, шын мәнінде, табысқа жету мүмкін бе?
Егер орхидея өсіргіңіз келіп, бірақ оны солып қалады-ау деп уайымдайтын болсаңыз, бұл ұнжырғаңызды түсірері сөзсіз. Бірақ орхидея өсірудің маманы келіп жақсы оймен бөліссе және сеніммен: “Егер осылай істесең, ісің сәтті болады”,— деп айтса қандай жігерленіп қалар едіңіз! Ехоба адамзат болмысын бәрінен жақсы түсінетіндіктен, бала өсірудің ең жақсы тәсілдері жайлы кеңес береді. Ол: “Бозбалаға өмірлік жолы басталған кезде тәлім бер, сонда ол қартайса да сол жолдан таймайды”,— дейді (Нақыл сөздер 22:6). Балаларыңызды Киелі кітаптың кеңестеріне сай тәрбиелесеңіз, олардың ісіне жауапкершілікпен қарайтын, басқаның жағдайын ескеретін және құлықтылық жағынан таза адам болып өскенін көріп қуанышқа кенелуіңіз әбден мүмкін. Сонда олар адамдардың, ең бастысы, көктегі Әкеміз Ехобаның сүйікті ұл-қыздары болады.