Бүгінде бала тәрбиелеу оңай іс емес
ЫМЫРТ жабыла мейрамхананың иесі мейрамхананы жауып, үйіне қайтуға икемделіп жатты. Бір кезде бала ерткен екі әйел келіп тапсырыс берді. Ол қатты шаршап тұрғандықтан, мейрамхананың жабық екенін айтқысы келіп оқталды да, бірақ ол ойынан айнып, қызмет көрсетуді шешті. Екі әйел әңгіме айтып тамақтанып отырғанда, бала печеньені жерге түсіріп, оны аяқтарымен шашып, мейрамхананың ішін айнала жүгіріп жүрді. Балаға қой деудің орнына, шешесі күліп қойып отыра берді. Әйелдер кеткен соң, әбден қалжыраған мейрамхананың иесі шашылған жерді жинап алуына тура келді.
Осы болған жағдай суреттегендей көп отбасыларында балаға дұрыс тәрбие берілмейтінін өзіңіз де білетін шығарсыз. Оның әр түрлі себептері бар. Кейбір ата-аналар бала еркін өсу керек деп ойлап, оларды еркіне жібереді. Ал басқалардың қолдары тимейтіні соншалық, балаларына көңіл бөліп, қажетті тәрбиені беруге уақыт таппайды. Кейбір ата-аналар бала үшін ең маңызды нәрсе білім алу деп ойлайтындықтан, мектепте жақсы баға алып, болашақта ең жақсы оқу орнына түсетін болса, баланы мүмкіндігінше бос жіберуге дайын.
Дегенмен кейбір адамдар ата-аналар мен жалпы қоғам маңызды деп санайтын нәрселерге қатысты көзқарастарын өзгертулері керек екенін айтады. Олар балалардың қылмыстың барлық түрлеріне қатысып жатқанына және мектептегі зорлық-зомбылықтың күн санап өсіп келе жатқанына көңіл аударады. Сондықтан Корей республикасының Сеул қаласындағы орта мектептің бір директоры балаларды жақсы қасиеттерге үйрету бірінші орында тұру керек екеніне баса көңіл аударады. Ол: “Білім беруді бастамас бұрын баланың бойына жақсы қасиеттер дарыту керек”,— дейді.
Балаларының оқу орнына түсіп, өмірде жетістіктерге қол жеткізгенін қалайтын көп ата-аналар ескертулерге құлақ аспайды. Егер балаңыз бар болса, оның қандай адам болғанын қалар едіңіз? Адамгершілігі бар, істеріне жауапкершілікпен қарайтын, басқалардың жағдайын ескеретін, жаңа жағдайларға бейімделе алатын және дұрыс ой-қалпын сақтай білетін адам болып өскенін қалайсыз ба? Егер қаласаңыз, келесі мақаланы қарастыруыңызға болады.