Құдайдың халқы мейірімділікті сүюге тиіс
“Тәңірдің сенен нені талап ететіні айтылған: әділ әрекет ету, мейірімділікті сүю және Құдайдың алдында кіші пейілділікпен жүру” (МИХА 6:8).
1, 2. а) Неге Ехобаның өз халқынан мейірімділік танытуды талап етуі орынды? ә) Мейірімділікке қатысты қандай сұрақтарды қарастырғанымыз жөн?
ЕХОБА — мейірімділіктің Құдайы (Римдіктерге 2:4; 11:22). Сол үшін алғашқы адам жұбы Адам мен Хауа риза болуға тиіс еді. Құдай мейірімінің дәлелі ретінде адам баласы рақаттанып өмір сүре алатындай Едем бағын көзге көрінетін жаратылыстарға толтырды. Қазір де Құдай бәріне, тіпті ризашылықты білмейтіндер мен зұлымдарға, мейірімін төгуде.
2 Адамдар Құдайға рухани жағынан ұқсас болып жаратылғандықтан, оның қасиеттерін өз бойларынан көрсете алады (Жаратылыс 1:26). Сондықтан да Ехоба бізден мейірімді болуды талап етеді, әрі онысы орынды да. Миха 6:8-де Құдай халқының ‘мейірімділікті сүюге’ тиіс екені айтылған. Ендеше, мейірімділік деген не? Бұның Құдайдың басқа қасиеттерімен қандай байланысы бар? Адамдар мейірімділік танытуға қабілетті болса да, неге дүниеде қатыгездік пен зұлымдық соншама көп? Неге мәсіхшілер ретінде біз адамдармен ара-қатынасымызда мейірімділік танытуымыз керек?
Мейірімділік деген не?
3. Мейірімділіктің не екенін қалай түсіндірер едіңдер?
3 Мейірімділік шын көңілден басқалардың қамын ойлау арқылы көрсетіледі. Бұл пайдалы іс-әрекеттер мен басқаның көңілін ескеретін сөздерден байқалады. Мейірімді болу деген зиян тигізу емес, қайта, игілік істеуді білдіреді. Мейірімді адам жылы шырайлы, жұмсақ мінезді, жанашыр және сыпайы. Ол — жомарт әрі басқаларға қамқор адам. Елші Пауыл мәсіхшілерге: “Ұдайы жанашыр, мейірімді, кіші пейіл, ілтипатты, сабырлы болып, осы қасиеттерге бөленіңдер”,— деп өсиет еткен (Қолостықтарға 3:12). Олай болса, мейірімділік — әрбір шынайы мәсіхшінің бөлену керек қасиеттердің бірі.
4. Қалай Ехоба бірінші болып адамзатқа мейірімділік көрсетті?
4 Ехоба Құдай мейірімділікті немесе қайырымдылықты бірінші болып көрсетті. Бұндай жағдай, Пауыл айтқандай, ‘күнәдан жуып тазартып, Киелі Рухы арқылы рухани қайта туғызып жаңарту’ үшін “Құтқарушы Құдайымыз Өзінің қайырымын және адамзатқа деген зор сүйіспеншілігін айқын көрсеткенде” болды (Титке 3:4, 5). Құдай майланған мәсіхшілер үшін Мәсіхтің төлем құрбандығының құнын қолданып, оларды Исаның қанымен ‘жуып тазартады’. Сондай-ақ олар киелі рух арқылы Құдайдың рухани балалары ретінде “жаңадан жаратылған адам” болады (2 Қорынттықтарға 5:17). Оған қоса, Құдай мейірімі мен сүйіспеншілігін ‘шапандарын Тоқтының төгілген қанымен “жуып” аппақ қылған’ ‘өте үлкен тобырға’ да төгеді (Аян 7:9, 14; 1 Жохан 2:1, 2).
5. Құдай рухының жетелеуімен жүретіндер неге мейірімділік танытулары керек?
5 Сондай-ақ мейірімділік немесе қайырымдылық Құдайдың киелі рухының, яғни әрекет етуші күшінің, игілікті “жемісінің” бөлігі. Пауыл былай деді: “Киелі Рух өмірлеріңде жетілдіретін игілікті “жеміс” мынадай: сүйіспеншілік, қуаныш, тыныштық, шыдамдылық, қайырымдылық, кеңпейілділік [“ізгілік”, ЖД], сенімділік, ілтипаттылық, ұстамдылық. Ешбір заң бұларға қарсы тұрмайды” (Ғалаттықтарға 5:22, 23). Олай болса, Құдай рухының жетелеуімен жүргендер басқаларға мейірімділік таныту керек емес пе?!
Шынайы мейірімділік әлсіздік емес
6. Қай кезде мейірімділік әлсіз болады және неге олай?
6 Кейбір адамдар мейірімділікті әлсіздік деп санайды. Олардың ойынша, адам өз күшін көрсету үшін қатал, кейде тіпті дөрекі болуға тиіс. Ал, шын мәнінде, көп күш шынайы мейірімділік танытуға және орынсыз мейірімділіктен аулақ болуға кетеді. Шынайы мейірімділік — Құдай рухы жетілдіретін жемістің бөлігі болғандықтан, бұрыс іс-әрекетке немқұрайды қарайтын әлсіз қасиет емес. Қайта, орынсыз мейірімділік күнәкар істерге көз жұмдыратын әлсіздік болып табылады.
7. а) Ели қалай жұмсақтық танытты? ә) Неге ақсақалдар орынсыз мейірімділік танытудан сақтануға тиіс?
7 Мысалы, Исраилдің бас діни қызметкері Елидің жағдайын қарастырайықшы. Ол киелі шатырда діни қызметкер міндетін атқарып жүрген ұлдары Орпы мен Пінехеске жұмсақтық жасап, түзету шарасын қолданбады. Олар Таурат заңында айтылған құрбандық етінің өздеріне тиесілі жерін қанағат тұтпай, қызметшілерін жіберетін де, Құдайға арналған май құрбандық орнында өртелмей жатып, құрбандық шалушылардан шикі ет кесіп беруді талап ететін. Бұған қоса, Елидің ұлдары кездесу шатырының кіре берісінде қызмет атқаратын әйелдермен азғындық жасайтын. Осындай істері үшін Орпы мен Пінехесті қызметтен қуудың орнына, Ели жұмсақ түрде сөгіс айтып қоя салады (1 Патшалықтар 2:12—29). Сондықтан да ‘сол заманда Жаратқан Иенің адамдарға сөзін арнауы өте сирек’ болғаны таңғалдырмайды (1 Патшалықтар 3:1). Мәсіхші ақсақалдар бұрыс іспен айналысатындарға орынсыз мейірімділік танытудан сақтануға тиіс, өйткені олар қауымның рухани саулығына қауіп төндіреді. Шынайы мейірімділік Құдай нормаларын бұзатын зұлым істер мен сөздерге көз жұмбайды.
8. Иса қалай шынайы мейірімділік танытқан?
8 Біз үшін үлгі болып табылатын Иса Мәсіх ешқашан орынсыз мейірімділік танытқан емес. Ол шынайы мейірімділіктің бейнесі болған. Мысалы, “жиналған халық тобырын көргенде оларға Исаның жаны ашыды. Себебі адамдар бағушысы жоқ қойлардай қалжыраған бейшара болатын”. Ақ жүректі адамдар Исаның қасына келуге жүрексінбеген, тіпті олар балаларын да алып келетін. Исаның ‘балаларды құшақтап, үстеріне қолын қойып бата бергенде’, қандай мейірім мен жанашырлық көрсеткенін ойлап көрші (Матай 9:36; Марқа 10:13—16). Алайда Иса мейірімді, жұмсақ болғанымен, көктегі Әкесінің көз алдында дұрыс нәрселерге келгенде берік болған. Ол зұлымдыққа ешқашан көз жұмған емес. Құдай берген күшпен ол дінбасыларының екіжүзділігін әшкерелеген. Матай 23:13—26 тармақтардан оның бірнеше рет: “Дін мұғалімдері мен парызшылдар, екі жүзділер, сендер қасіретке қаласыңдар!” — деп айтқанын білеміз.
Мейірімділік пен Құдай рухы жетілдіретін басқа қасиеттер
9. Мейірімділіктің шыдамдылық және ізгілікпен қандай байланысы бар?
9 Мейірімділік немесе қайырымдылық Құдай рухы жетілдіретін шыдамдылық және ізгілік сияқты басқа да қасиеттермен байланысты. Шынында да, адам мейірімділік дамытып жатқанын шыдамды болуымен көрсетеді. Ол тіпті қатігез адамға да төзімділік танытады. Мейірімділік басқаларға жақсылық істеуден байқалатындықтан, оның ізгілікпен де байланысы бар. Киелі кітапта “мейірімділік” деп аударылған грек сөзін кейде “ізгілік” деп те аударуға болады. Ертедегі мәсіхшілердің арасында танылған бұл қасиет басқа халықтың адамдарын таңғалдырғаны сонша, Тертулианның айтуынша, Исаның шәкірттерін “мейірімділігімен көзге түсетін адамдар” деп атаған.
10. Мейірімділік сүйіспеншілікпен қалай байланысты?
10 Мейірімділік пен сүйіспеншіліктің де арасында байланыс бар. Иса шәкірттеріне: “Менің шәкірттерім екендіктеріңді елдің бәрі өзара сүйіспеншіліктеріңнен білетін болады”,— деп айтқан (Жохан 13:35). Осы сүйіспеншілікке нұсқап, Пауыл: “Сүйіспеншілік шыдамды да мейірімді”,— деген (1 Қорынттықтарға 13:4). Сондай-ақ мейірімділіктің сүйіспеншілікпен байланысын “Киелі кітап — Жаңа дүние аудармасы” басылымында “сүйіспеншілікке толы мейірімділік” деген жиі кездесетін тіркестен көруге болады. Бұл мейірімділік айнымас сүйіспеншіліктен туындайды. “Сүйіспеншілікке толы мейірімділік” деп аударылған еврей тіліндегі зат есімнің мағынасы ыстық ықыластан күштірек. Ол біреуге қатысты мақсатына жетпейінше, соған сүйіспеншілікпен көрсетіле беретін мейірімділікті білдіреді. Ехобаның сүйіспеншілікке толы мейірімділігі немесе айнымас сүйіспеншілігі түрлі жолмен танылады. Мысалы, біреуді құтқару және қорғау үшін істеген әрекетінен байқалады (Забур 6:5; 39:12; 142:12).
11. Құдайдың сүйіспеншілікке толы мейірімділігі бізді не нәрсеге сендіреді?
11 Ехобаның “сүйіспеншілікке толы мейірімділігі” адамдарды өзіне “жақындатып тартады” (Еремия 31:3, ЖД). Адал қызметшілері жау қолына түскенде не көмекке мұқтаж болғанда, Құдайдың сүйіспеншілікке толы мейірімділігі, шынында да, айнымас сүйіспеншілік екенін және ешқашан қалдырмайтынын біледі. Сондықтан олар забур жыршысының сөзіне қосылып: “Мен болсам Сенің мейірімділігіңе [“сүйіспеншілікке толы мейірімділігіңе”, ЖД] сенім артам; Сенің құтқаратыныңды ойлап жүрегім қуанады”,— деп сеніммен дұға ете алады (Забур 12:6). Құдайдың сүйіспеншілігі айнымас болғандықтан, оның қызметшілері оған толық сенім арта алады. Құдай Сөзі: “Тәңір өзінің халқынан бас тартпайды, Өзінің меншігін тастамайды”,— деп сендіреді (Забур 93:14).
Бұл дүние неге сонша қатігез?
12. Қатігез билік қашан және қалай басталды?
12 Бұл сұрақтың жауабын алу үшін Едем бағында болған жайтты қарастырып көрейік. Адамзат тарихы басталғаннан көп ұзамай, өзімшіл әрі менмен болып алған бір рухани жаратылыс дүниеге әмірші болудың жоспарын жүзеге асыруға кірісті. Нәтижесінде ол “осы дүниенің әміршісі” болып, барып тұрған қатігез тұлғаға айналды (Жохан 12:31). Ол Шайтан Ібіліс деп аталды, яғни Құдай мен адамның басты қарсыласы болды (Жохан 8:44; Аян 12:9). Оның мейірімділікке негізделген Ехобаның билігінен басқа өз билігін орнату пиғылы Хауа жаратылғаннан соң-ақ айқын көрінді. Сөйтіп, жарамсыз билік Адам Құдайдың мейірімділігінен бас тартып, одан мүлдем тәуелсіз болуды таңдаған кезден басталды (Жаратылыс 3:1—6). Ешкімге тәуелді болмаймыз деп жүріп, Адам мен Хауа өзімшіл әрі менмен Ібілістің ықпалына түсіп, оған бағынышты болып қалды.
13—15. а) Ехобаның әділ билігіне қарсы әрекеттің кейбір салдары қандай? ә) Неге осы дүниеде зұлымдық орын алған?
13 Осы жайттың кейбір салдарын қарастырып көрейікші. Адам мен Хауа жұмақ бағы орналасқан жерден қуылды. Олар нәрлі жеміс-жидегі мол құнарлы жерден кетіп, Едем бағынан тысқарыдағы қиын өмірге тап болды. Құдай Адамға: ‘Әйеліңнің тілін алып, Мен тыйым салған ағаштың жемісін жеген сенің кесіріңнен жердің топырағын қарғыс атты! Бұдан былай тамағыңды өмір-бақи бейнет шегіп, топырақтан өсіріп жейтін боласың. Жердің топырағы саған арам шөп пен тікенектер қаулататын болады’,— деді. Топырақтың қарғыс атқаны енді оны өңдеп, жеміс-жидек өсіру өте қиын болады дегенді білдірді. Жердің қарғыс атып, арам шөп пен тікенектер қаулап, Адамның ұрпақтарын қинағаны сонша, Нұхтың әкесі Ләмех: “Жаратқан Иенің қарғысына іліккен жерде бейнетпен жұмыс істеп жүрміз”,— деді (Жаратылыс 3:17—19; 5:29).
14 Сондай-ақ Адам мен Хауа тыныш өмірді қайғы-қасіретке толы өмірге алмастырды. Құдай Хауаға: “Құрсақ көтерген кезіңде бейнетіңді ауырлатамын, балаларыңды қиналып босанатын боласың. Сен күйеуіңе құштар болып, ол саған билігін жүргізеді”,— деді. Кейінірек Адам мен Хауаның тұңғыш ұлдары Қабыл інісі Әбілді жауыздықпен өлтірді (Жаратылыс 3:16; 4:8).
15 “Бүкіл дүниеге шайтан билігін жүргізіп отыр”,— деді елші Жохан (1 Жохан 5:19). Әміршісі секілді осы дүние өзімшілдік және менмендік сияқты зұлым мінез көрсетуде. Оның қатігездік пен зұлымдыққа толы болуы таңғаларлық емес. Алайда бұндай жағдай мәңгі жалғаса бермейді. Ехоба Патшалығының қол астында қатігездік пен зұлымдық тоқтап, мейірімділік пен жанашырлықтың артатынына уәде берді.
Құдай Патшалығының қол астында мейірімділік артады
16. Құдайдың Иса Мәсіх арқылы жүргізетін билігі неге мейірімділігімен ерекшеленеді және бізге қандай міндет жүктейді?
16 Ехоба мен оның Патшалығының тағайындалған патшасы Иса Мәсіх қол астындағылардан басқалардың алдында мейірімділікпен танымал болуларын талап етеді (Миха 6:8). Иса Мәсіх Әкесінен алған билікті қалай мейірімділікпен жүргізетінін көрсетті (Еврейлерге 1:3). Бұны адамдардың мойнына ауыр борыштар жүктеген жалған діннің басшыларын әшкерелеген Исаның сөздерінен байқаймыз. Ол былай деді: “Қиналып қатты шаршап-шалдыққандар, еңселерін тым ауыр жүк басқандар, Менің қасыма келіңдер, барлығың, жандарыңды мен рақатқа бөлеймін! Бірге жүріп, үйреніңдер Өзімнен, жуас, кіші пейілмін шын жүректен, тыныштық табады сонда жандарың. Себебі ыңғайлы [сөзбе-сөз мейірімді] — билігім Менің, әрі жеңіл — жүктейтін міндеттерім” (Матай 11:28—30). Жер бетіндегі діни не басқа басшылар қисапсыз ережелермен және істегені үшін ризашылық білдірмейтін жұмыстар жүктеумен адамдарға ауыртпалық артады. Ал Исаның шәкірттеріне қойған талаптары олардың қажеттіліктерін қанағаттандырады және қабілеттеріне лайық келеді. Жанға тыныштық беретін неткен мейірімділікпен жүргізілетін билік! Бұл бізді Иса сияқты басқаларға мейірімділік танытуға құлшындырмай ма?! (Жохан 13:15).
17, 18. Исамен бірге көкте басшылық ететіндер мен оның жердегі өкілдерінің мейірімділік танытатынына неге сенімді бола аламыз?
17 Иса елшілеріне жасаған ескертуі арқылы Құдай Патшалығының билік жүргізуі адамдардың билігіне тіпті ұқсамайтынын анық көрсетті. Киелі кітапта былай делінген: “Шәкірттерінің арасында қайсымыздың жолымыз үлкен деген бір айтыс та басталып кеткен еді. Ал Иса оларға былай деді: — Патшалар қол астындағы елдерді билеп-төстеп, халықтардың үстінен қатаң әмір жүргізушілер “жақсылық жасаушылар” деп аталады. Бірақ сендерде ондай болмасын! Керісінше, ең ұлыларың ең кішілеріңдей, басшылық ететіндерің қызмет көрсетушілеріңдей болсын! Қайсысының жолы үлкен: дастарқанда отырғанының ба, әлде оған қызмет етушінің бе? Әрине, дастарқанда отырғанының. Ал Мен араларыңда қызмет етуші іспеттімін” (Лұқа 22:24—27).
18 Адам басшылары өзгелерді ‘билеп-төстеп’, жоғары лауазымдар ойлап тауып, мұнысымен қол астындағылардан артық бола қалатындай, өздеріне ұлылық іздеуге тырысады. Алайда Иса нағыз ұлылық басқаларға ынта-жігермен, барын салып қызмет етуден келетінін айтты. Исамен көкте басшылық ететіндер де, оған өкілі ретінде жерде қызмет ететіндер де оның кішіпейілділік пен мейірімділігінің үлгісіне еліктеуге тырысуға тиіс.
19, 20. а) Иса Ехобаның мейірімінің аясының кеңдігін қалай көрсетті? ә) Қалай Ехобаға еліктеп мейірімділік таныта аламыз?
19 Исаның сүйіспеншілікпен берген тағы бір кеңесіне көңіл бөлейікші. Ехобаның мейірімділігінің аясы қаншалықты кең екенін көрсетіп, Иса былай деді: “Егер өздеріңді жақсы көргендерді ғана жақсы көрсеңдер, сол үшін Тәңірден қандай сый алмақсыңдар? Өздерін жақсы көргенді күнәкарлар да жақсы көреді. Егер өздеріңе жақсылық істегендерге ғана жақсылық істесеңдер, сол үшін қандай сый алмақсыңдар? Оны күнәкарлар да істейді. Егер сол кісіден қайтарып алармын деген үмітпен қарыз берсеңдер, сол үшін қандай сый алмақсыңдар? Берген нәрселерін түгелдей қайтарып алу үшін күнәкарлар да өзі сияқтыларға қарыз береді. Бірақ сендер жауларыңды да жақсы көріңдер! Жақсылық істеп, жарлыларға ештеңе дәметпестен қарыз беріңдер! Сонда көктегі сыйларың зор болып, Құдай Тағаланың рухани балалары боласыңдар! Ол тіпті рақмет айтуды білмейтіндер мен жамандарға да мейірімді. Сонымен көктегі Әкелерің қандай қайырымды болса, сендер де сондай қайырымды болыңдар!” (Лұқа 6:32—36).
20 Құдайдың мейірімділігі — риясыз мейірімділік. Ол мейірімділігінің есесі қайтады деп күтпейді де, сұрамайды да. Ехоба мейіріммен “жамандарға да, жақсыларға да күн сәулесін бірдей түсіріп, әділдерге де, әділетсіздерге де жаңбырды бірдей жауғызады” (Матай 5:43—45; Елшілердің істері 14:16, 17). Көктегі әкемізге еліктеп, біз ризашылықты білмегендерге, тіпті бізге қастық істегендерге, жамандық жасаудан аяқ тартып қана қоймаймыз, қайта, оларға жақсылық жасаймыз. Мейірімділік таныту арқылы біз Ехоба мен Исаға Құдай Патшалығының қол астында өмір сүргіміз келетінін көрсетеміз. Өйткені ол кезде барлық адамның қарым-қатынасында мейірімділік пен Құдайға тән өзге де қасиеттер артады.
Неге мейірімділік танытуымыз керек?
21, 22. Неге біз мейірімділік танытуымыз керек?
21 Шынайы мәсіхшілердің мейірімділік танытқаны өте маңызды. Өйткені бұл Құдай рухының бізге әсер етіп жатқанының белгісі. Бұған қоса, мейірімділік таныту арқылы біз Ехоба Құдай мен Иса Мәсіхке еліктейміз. Сондай-ақ мейірімді болу Құдай Патшалығының азаматы болатындарға қойылатын талап. Олай болса, біз мейірімділікті сүюге және оны танытуға тиіспіз.
22 Күнделікті өмірде мейірімділік танытудың қандай жолдары бар? Келесі мақала осы жайлы болады.
Қалай жауап берер едіңдер?
• Мейірімділік деген не?
• Неліктен осы дүние қатыгездік пен зұлымдыққа толы?
• Құдайдың билігінің қол астында мейірімділіктің артатынын қайдан білеміз?
• Құдай Патшалығының қол астында өмір сүргісі келетіндер үшін мейірімділік таныту неге маңызды?
[9-беттегі сурет]
Мәсіхші ақсақалдар отарға мейіріммен қарауға тырысады
[10-беттегі сурет]
Ехобаның сүйіспеншілікке толы мейірімі қиын жағдайда қызметшілерін қалдырмайды