Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • w04 1.4. 18—22 бет.
  • Тұрақсыз дүниенің рухына қарсы тұр

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • Тұрақсыз дүниенің рухына қарсы тұр
  • 2004 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
  • Тақырыпшалар
  • Ұқсас мәлімет
  • Құлықтылықтың құлдырауы
  • “Бағытымыздан ауытқып кетпеуіміз үшін”
  • Осы дүниелік рух күшті
  • Құдайдың рухы әлдеқайда күшті
  • Осы дүниенің емес, Құдайдан келген рухты қабылда
    2011 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
  • ‘Осы дүниелік рухқа’ қарсы тұрыңдар
    2008 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
  • Неге Құдай рухының жетелеуімен жүруіміз керек?
    2011 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
  • “Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен”
    2011 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
Көбірек мәлімет
2004 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
w04 1.4. 18—22 бет.

Тұрақсыз дүниенің рухына қарсы тұр

“Біз осы дүниелік рухты емес, Құдайдан келген Киелі Рухты қабылдадық” (1 ҚОРЫНТТЫҚТАРҒА 2:12).

1. Хауа не нәрселерге қатысты алданды?

‘МЕНІ жылан азғырды’ (Жаратылыс 3:13). Осы бір ауыз сөзбен алғашқы әйел Хауа өзінің Ехоба Құдайға қарсы шығуының себебін түсіндіруге тырысты. Хауаның айтқаны рас еді, алайда бұл оның бұрыс әрекетін ақтамады. Елші Пауыл кейіннен киелі рухтың жетелеуімен: “[Хауа] әзәзілге алданды”,— деп жазды (1 Тімотеге 2:14). Хауа тыйым салынған жемісті жеу арқылы мойынсұнбау пайдалы, Құдай сияқты етеді дегенге сеніп алданды. Сондай-ақ ол сөйлеп тұрған жылан екен деп те алданды. Ол жыланның жай ғана Шайтан Ібіліс қолданған қуыршақ сияқты болғанын білген де жоқ (Жаратылыс 3:1—6).

2. а) Қазір Шайтан адамдарды қалай адастырады? ә) ‘Осы дүниелік рух’ деген не және қандай сұрақтарды қарастырамыз?

2 Адам мен Хауаның кезінен бері, Шайтан адамдарды алдауды тоқтатқан емес. Шын мәнінде, ол ‘бүкіл әлемді алдап келеді’ (Аян 12:9). Оның алдау тәсілі өзгерген жоқ. Ол қазір жыланды қолданбағанымен, әлі де әрекетін жасырын түрде істейді. Көңіл көтеру өнеркәсібі, ақпарат құралдары мен басқа да нәрселер арқылы Шайтан адамдарды адастырып, Құдайдың сүйіспеншілікпен берген басшылығының қажеті де, пайдасы да жоқ дегенге сендіреді. Ібілістің күллі әлемді алдап-арбауының нәтижесінде адамдарда Киелі кітаптың заңдары мен оның принциптеріне қарсы рухы пайда болды. Киелі кітап оны ‘осы дүниелік рух’ деп атайды (1 Қорынттықтарға 2:12). Бұндай рух Құдайды білмейтін адамдардың сеніміне, көзқарасына, мінез-құлқына күшті әсер етеді. Бұл рух қалай көрінеді және оның бүлдіретін әсеріне қалай қарсы тұруға болады? Соны қарастырайық.

Құлықтылықтың құлдырауы

3. Қазір ‘осы дүниелік рух’ неліктен айқын көріне түсуде?

3 Қазіргі кезде ‘осы дүниелік рух’ айқын көріне түсуде (2 Тімотеге 3:1—5). Байқап жүрген шығарсың, құлықтылық құлдырап барады. Киелі жазбаларда бұның себебі түсіндіріледі. 1914 жылы Құдай Патшалығы орнағаннан кейін көкте соғыс бұрқ ете түсті. Соғыста жеңілген Шайтан мен оның жын-перілері жердің маңайына лақтырылды. Шайтан долданып, күллі әлемді алдауға одан бетер күшті кірісті (Аян 12:1—9, 12, 17). Ол қолынан келгеннің бәрін істеп, ‘мүмкін болса, Құдайдың таңдап алған адамдарын да алдауға’ тырысуда (Матай 24:24). Біз Құдайдың халқы болғандықтан, оның басты нысанасымыз. Ол бізді рухани өлтіріп, Ехобаға жақпайтын адам етуге және мәңгілік өмір сүру үмітінен айыруға тырысып бағуда.

4. Киелі кітапты Ехобаның қызметшілері қалай қарастырады, ал осы дүниеліктер ше?

4 Шайтан сүюші Жаратушымыз жайлы үйрететін құнды кітапқа — Киелі кітапқа — күмән тудыруға тырысуда. Ехобаның қызметшілері Киелі кітапты бағалайды және оны сүйіп оқиды. Біз оның адамның емес, рухының жетелеуімен жазған Құдайдың сөзі екенін білеміз (1 Салониқалықтарға 2:13; 2 Тімотеге 3:16). Алайда Шайтанның дүниесі біздің басқалай ойлағанымызды қалайды. Бұған мысалы, Киелі кітапты сынап жазылған бір кітаптың алғы сөзінде былай делінген: “Киелі кітаптың “киелі”, “Құдай сөзі” дейтіндей еш нәрсесі жоқ. Оны Құдайдың рухы жетелеген адамдар емес, билікті көксеген діни басшылар жазған”. Бұндай сөздерге сенетіндер оп-оңай алданып, Құдайға қалай ғибадат етсем де, немесе тіпті ғибадат етпесем де өз еркім деген тұжырымға келуі мүмкін (Нақыл сөздер 14:12).

5. а) Киелі кітаппен байланысты діндер туралы бір мақала авторы не деді? ә) Кейбір осы дүниеліктерге ортақ ойларды Киелі кітаптағы сөздермен салыстыр. (21-беттегі қоршаудағы ойларды қос.)

5 Киелі кітапты ашық не астарлап айыптаудың және оны сөз жүзінде ғана қолдаймыз деушілердің екіжүзділігінің салдарынан адамдарда дінге, оның ішінде Киелі кітаппен байланысты дінге, теріс көзқарас етек алуда. Бұқаралық ақпарат құралдары мен жоғары білім өкілдері дінді сынауда. Бір автор былай деп ескерді: “Жалпы алғанда қоғам иудаизм мен христиандықты ұнатпайды. Жақсы дегенде, оларды көнеден қалған әдет деп қарастырады; жаман дегенде, сана-сезімнің дамуын тежейтін және ғылыми жетістікке кедергі жасайтын ескі көзқарас деп қарастырады. Соңғы жылдары адамдар бұл діндерді жақтырмауды былай қойып, олардың үстінен күлуге және ашық қарсылық білдіруге көшті”. Бұндай қарсылықтар жиі Құдайға сенбейтін, “түкке тұрғысыз ойға беріліп” кеткендердің тарапынан болады (Римдіктерге 1:20—22).

6. Осы дүниелік адамдар Құдай айыптайтын жыныстық қатынастарды қалай қарастырады?

6 Ендеше, адамдардың Құдайдың құлықтылық нормаларынан бұрын-соңды болмағандай алыстап бара жатқаны таңғалдырмайды. Киелі кітап еркекпен еркектің жақындасуын ‘әдепсіздікке’ жатқызады (Римдіктерге 1:26, 27). Сонымен қатар онда неке адалдығын бұзушылар мен азғындық жасаушылардың Құдай Патшалығынан орын алмайтыны айтылған (1 Қорынттықтарға 6:9). Алайда көптеген елде бұндай жақындасулардың еш оғаштығы жоқ деп қана қоймай, оларды жақсы нәрсе ретінде кітап пен журнал беттерінде, әндерде, көркем фильмдер мен теледидарда жағымды етіп көрсетеді. Олар бұндай істерді дұрыс емес дейтіндерді сыншыл, бірбеткей және заманға лайық емес көзқарастағылар деп қабылдайды. Құдайдың нормаларын оның қамқорлығы ретінде қарастырудың орнына, осы дүниелік адамдар оларды жеке адамның бостандығына және бар қабілетін қолдануға қойылған кедергі ретінде қарастырады (Нақыл сөздер 17:15; Яһуда 4).

7. Өзімізге қандай сұрақтар қоюымыз керек?

7 Құдайға қарсы әрекеттері күшейіп бара жатқан дүниеде өмір сүріп жатқандықтан, көзқарасымыз бен өмірлік құндылықтарымызды қадағалап жүрген абзал. Ехобаның көзқарасы мен нормаларынан ауытқып бара жатпағанымызға сенімді болу үшін, дұға арқылы және шынайы көңілмен өз-өзімізді мезгіл-мезгіл тексеріп тұруымыз керек. Мысалы, өзімізге мынадай сұрақтар қоюымызға болады: “Бірнеше жыл бұрын аулақ жүретін нәрселер қазір маған ұнайтын болып қалған жоқ па? Құдай айыптайтын істерге жұмсақтау қарайтын болып жүрген жоқпын ба? Рухани нәрселерге немқұрайды қарайтын болып қалмаппын ба? Өмірімнен Патшалықтың мүддесі бірінші орында тұрғаны көріне ме?” (Матай 6:33). Осылардың үстінен ой жүгірткеніміз осы дүниелік рухқа қарсы тұруға көмектеседі.

“Бағытымыздан ауытқып кетпеуіміз үшін”

8. Адам Ехобаның жолынан қалай ауытқып кетуі мүмкін?

8 Елші Пауыл бауырластарына: “Беттеген бағытымыздан ауытқып кетпеуіміз үшін... естігенімізге мықтап ден қоюымыз керек”,— деп жазды (Еврейлерге 2:1). Бағытынан ауытқыған кеме беттеген жеріне жете алмайды. Егер капитан жел мен ағыстың бағытына мұқият болмаса, кеме қауіпсіз айлаққа беттеген бағытынан оп-оңай ауытқып, қайырға тіреліп апатқа ұшырауы мүмкін. Сол сияқты біз де Құдай сөзіндегі құнды шындықтарға мұқият болмасақ, Ехобаның жолынан оп-оңай тайып, рухани кеме апатына ұшырауымыз мүмкін. Бұндай қайғылы жайт міндетті түрде шындықтан мүлдем бас тартқанда болмайды. Шын мәнінде, Ехобадан бірден, саналы түрде бас тарта салатындар аз. Жиі адамдардың көңілі басқа нәрсеге айналып, Құдай Сөзінен біртіндеп ауытқи бастайды. Күнәнің жолына түсіп бара жатқанын байқамауы мүмкін. Ұйықтап қалған капитан секілді, бұндай адамдар тым кеш болғанға дейін оянбайды.

9. Сүлеймен Ехобаның қандай баталарына ие болды?

9 Сүлейменнің өмірін қарастырайықшы. Ехоба оған Исраилдің патшалық тағын берді. Құдай оған ғибадатхана салуға мүмкіндік берді және Киелі кітаптың құрамына кірген кейбір кітаптарды жазуды тапсырды. Ехоба онымен екі рет сөйлесті және оған байлық, даңқ пен патшалық құрған уақытына тыныштық сыйлады. Ең бастысы, Ехоба Сүлейменге зор даналық берді. Киелі кітапта былай делінген: “Құдай Сүлейменге даналық пен орасан зор ақыл, теңіз жағалауындағы құм қиыршығындай көп білім берді. Сөйтіп, Сүлейменнің даналығы барлық шығыс ұлдары мен барлық Мысыр данышпандарының даналығынан асып түсті” (3 Патшалықтар 4:21, 29, 30; 11:9). Сүлеймен Құдайға адал болып қалмағанда, кім адал болып қалады деген ой туары сөзсіз. Алайда Сүлеймен Құдай жолынан тайып кетті. Қалайша?

10. Сүлеймен қандай басшылыққа мойынсұнбады және оның нәтижесі қандай болды?

10 Сүлеймен Құдайдың Заңын жақсы білген, әрі түсінген. Оның Исраилдің патшасы болғандарға арналған нұсқауларға ерекше көңіл қойғанында күмән жоқ. Сол нұсқаулардың бірі мынадай еді: “[Патша] жүрегі бұзылып кетпес үшін көп әйел алмасын” (Заңды қайталау 17:14, 17). Нақты айтылған осы басшылыққа қарамай, Сүлеймен жеті жүз әйел, үш жүз кәнизак алады. Бұл әйелдердің көбісі жалған тәңірге сиынатын еді. Сүлейменнің неге сонша көп әйел алғаны да, бұнысын қалай ақтағаны да бізге белгісіз. Тек білетініміз ол Құдайдың нақты айтқан басшылығына мойынсұнбады. Нәтижесінде Ехобаның ескерткеніндей жайт болды: “Әйелдері оның [Сүлейменнің] жүрегін басқа құдайларға бұрды” (3 Патшалықтар 11:3, 4). Ол Құдайдан алған даналықты бірте-бірте жоғалтып, беттеген бағытынан ауытқып кетті. Уақыт өте Құдайға мойынсұнып, оған ұнамды болу қалауынан басқа ұлттан шыққан әйелдерінің көңілінен шығу қалауы басымырақ болып кетті. “Ұлым, ақылды болып, менің жүрегімді қуант. Сонда мені кінәлап жүргенге жауап бере алам”,— деп жазған Сүлейменнің өзі осындай күйге түскені қандай өкінішті! (Нақыл сөздер 27:11).

Осы дүниелік рух күшті

11. Естіген және көрген нәрсе ақыл-ойымызға қалай әсер етеді?

11 Сүлейменнің мысалы ақиқатты білген адамға осы дүние әсер ете қоймайды деген жаңсақ ойдың қауіпті екеніне үйретеді. Жеген тағам ағзаға қалай әсер етсе, ой азығы да сана-сезімге солай әсер етеді. Ойға қандай “азық” берсек, ой-қалып пен көзқарасымыз да сондай болады. Осындай жайтты түсінген кәсіпкерлер шығарған өнімдеріне жарнама беру үшін миллиондаған доллар жұмсайды. Жақсы жарнама шығару үшін тұтынушыларды күшті қиялға батырып, сезім оятатын әсерлі сөздер мен бейнелер қолданады. Сондай-ақ адамдар жарнаманы бір-екі рет көріп, ондағы затты сатып ала салмайтыны жарнамашыларға белгілі. Уақыт өте қайта-қайта көрген көрініс әдетте адамдарға әсер етіп, көрсетіп жатқан затты ұната бастайды. Жарнама көздегеніне жетуде, әйтпегенде, ешкім ол үшін ақша жұмсамас еді. Ол қоғамның ой-қалпы мен көзқарасына күшті әсер етуде.

12. а) Шайтан адамдардың ақыл-ойына қалай әсер етеді? ә) Бұның мәсіхшілерге де әсер ететіні неден көрінеді?

12 Шайтан да жарнама берушілер сияқты өзінің ойын жағымды етіп ұсынады, осылайша ол уақыт өте адамдардың ақыл-ойын жаулап алатынын біледі. Ол көңіл көтерудің түрлері мен басқа да нәрселер арқылы жақсыны жаман, жаманды жақсы деп сендіру үшін адамдарды алдауда (Ишая 5:20). Тіпті шынайы мәсіхшілер де жалған мәліметке сеніп, Шайтанның қармағына түсіп қалып жатады. Киелі кітап былай деп ескертеді: “Құдай Рухы: — Соңғы дәуірде кейбіреулер сенімдерінен бас тартып, жалған рухтарға құлақ салып, жындар үйреткен ілімдерге еретін болады,— деп анық айтады. Осындай ілімдер ар-ұжданнан әбден безген, екі жүзді өтірікшілер арқылы тарайды” (1 Тімотеге 4:1, 2; Еремия 6:15).

13. Араммен араласуға не жатады және араласатын ортамыз бізге қалай әсер етеді?

13 Осы дүниелік рух қай-қайсымызға болса да ықпал етуі мүмкін. Шайтан дүниесінің дауылы мен ағысы күшті. Сондықтан Киелі кітап бізге: “Алданып қалмаңдар! Араммен араласқан жан адал әдетінен айырылады”,— деген ақыл береді (1 Қорынттықтарға 15:33). Араммен араласуға осы дүниелік рухты танытатын кез келген нәрсемен немесе адаммен, тіпті қауымның ішіндегі, байланысты жатқызуға болады. Егер жаман орта бізге зиян тигізе алмайды деп ойласақ, онда жақсы орта да бізге көмек бере алмайды деп ойлағанымыз. Бұлай адаспайық! Киелі кітап: “Ақылдымен араласқан ақылды болады, ал кім ақымақпен дос болса, азғындық жолға түседі”,— деп анық айтады (Нақыл сөздер 13:20).

14. Осы дүниелік рухқа қалай қарсы тұра аламыз?

14 Дүниелік рухқа қарсы тұру үшін ақылды адамдармен, яғни Ехобаға қызмет ететіндермен, араласуға тиіспіз. Ақыл-ойымызды сенімімізді жетілдіретін нәрселермен толтыруымыз қажет. Елші Пауыл былай деп жазды: “Бауырластарым, күллі шынайы да игі, әділ де таза, ұнамды да тартымды, адамгершілікті де мақтаулыны естеріңде ұстаңдар [“ойлап, осылар жөнінде ой жүгірте беріңдер”, ЖД]!” (Філіпіліктерге 4:8). Құдай бізге ерік бостандығын беріп жаратқандықтан, не жайлы ойлауды өзіміз шеше аламыз. Үнемі Ехобаға жақындататын нәрселер жайлы ойлайық.

Құдайдың рухы әлдеқайда күшті

15. Мәсіхшілердің Қорынт қаласының басқа тұрғындарынан қандай ерекшелігі болды?

15 Шынайы мәсіхшілер осы дүниелік рухқа алданған адамдардай емес, олар Құдайдың киелі рухының басшылығымен жүреді. Пауыл Қорынттағы қауымға: “Біз осы дүниелік рухты емес, Құдайдан келген Киелі Рухты қабылдадық, Соның көмегімен Құдайдың бізге сыйлаған игіліктерін біле аламыз”,— деп жазды (1 Қорынттықтарға 2:12). Ертеде Қорынт дүниелік рухқа әбден берілген қала болған. Тұрғындарының басым көпшілігінің жүгенсіздігі соншалық, “қорынттықтарша өмір сүру” деген тіркес “азғын өмір кешу” деген мағынаны білдірген. Шайтан олардың саналарын соқыр етіп қойған еді. Сондықтан олардың шынайы Құдай туралы түсінігі аз немесе тіпті болмады (2 Қорынттықтарға 4:4). Алайда Ехоба киелі рухы арқылы кейбір қорынттықтардың көзін ашып, шындықты білуге мүмкіндік берді. Олар рухтың ықпалымен әрі басшылығымен өмірлерінде үлкен өзгерістер жасап, Ехобаға ұнамды болып, баталарына ие бола алды (1 Қорынттықтарға 6:9—11). Дүниелік рух күшті болғанымен, Ехобаның рухы одан әлдеқайда күшті болған.

16. Қалай Құдайдың рухына ие болып, оны сақтай аламыз?

16 Бүгінде тап солай. Ехобаның киелі рухы ғаламдағы ең құдіретті күш және ол оны сеніммен сұрағандардың бәріне жомарттықпен береді (Лұқа 11:13). Алайда Құдайдың рухын алу үшін дүниелік рухқа қарсы тұру жеткіліксіз. Құдай Сөзі біздің рухымызға, яғни ой-қалпымызға әсер ету үшін оны үнемі зерттеп біліп, білгенімізді өмірде қолдануға тиіспіз. Солай істейтін болсақ, Шайтан бізді рухани жою үшін қандай әдіс қолданбасын, оларға қарсы тұруға Ехоба бізге күш-қуат береді.

17. Луттың өміріндегі оқиға бізге қалайша жұбаныш болады?

17 Мәсіхшілер осы дүниелік болмаса да, олар осы дүниеде өмір сүріп жатыр (Жохан 17:11, 16). Ешқайсымыз да осы дүниелік рухтан мүлдем аулақ жүре алмаймыз, өйткені бізге Құдайды және оның жолын сүймейтін адамдармен бірге тұруға немесе жұмыс істеуге тура келеді. Біз де содомдықтардың заңсыз іс-әрекеттерін көріп “қатты қиналған”, тіпті азап шеккен Лут секілді сезімдеміз бе? (2 Петір 2:7, 8). Солай болса, Лутпен болған оқиға бізге жұбаныш болады. Ехоба Лутты аман алып қалған әрі азат еткен болса, біз үшін де солай істей алады. Сүюші Әкеміз біздің жағдайымызды көреді, сондықтан ол рухани күйімізді сақтауға қажетті күш пен көмекті бере алады (Забур 32:18, 19). Біз оған шын сенім артсақ, арқа сүйесек, көмек сұрасақ, қандай жағдайға кездеспейік, ол бізге осы дүниелік рухқа қарсы тұруға жәрдемін береді (Ишая 41:10).

18. Неліктен Ехобамен қарым-қатынасымызды бағалауымыз керек?

18 Құдайдан безген және Шайтанның алдауына түсіп қалған дүниеде біз, Ехобаның халқы, шындықты біліп, батасын алдық. Бізде оларда жоқ қуаныш пен тыныштық бар (Ишая 57:20, 21; Ғалаттықтарға 5:22). Осы дүниелік рух болмайтын Жұмақта мәңгі өмір сүруге деген ғажап үміт біз үшін қымбат. Олай болса, Құдаймен керемет қарым-қатынасымызды бағалайық және рухани бағытымыздан ауытқып бара жатсақ, шұғыл шара қолданайық. Ехобаға жақындай түсейік, сонда ол осы дүниелік рухқа қарсы тұруымызға көмек береді (Жақып 4:7, 8).

Түсіндіріп бере аласыңдар ма?

• Шайтан адамдарды не нәрселерге қатысты алдады?

• Ехобаның жолынан ауытқып кетпес үшін не істеу керек?

• Осы дүниелік рухтың күшті екені неден көрінеді?

• Қалай Құдайдың рухына ие болып, оны сақтай аламыз?

[21-беттегі кесте]

ОСЫ ДҮНИЕНІҢ ДАНАЛЫҒЫ МЕН ҚҰДАЙ ДАНАЛЫҒЫ

Баршаға ортақ шындық жоқ, өйткені әр адамның өз шындығы бар.

‘[Құдайдың] сөзі — шындық’ (Жохан 17:17).

Ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін анықтау үшін ішкі сезіміңді басшылыққа ал.

“Адам жүрегі бәрінен де алдампаз және әбден бүлінген” (Еремия 17:9).

Қалағаныңды істе.

“Өзінің қадамына бағыт беру жүрушінің билігінде емес” (Еремия 10:23).

Бақытқа байлық жеткізеді.

“Ақшақұмарлық — әр түрлі жамандықтың түп тамыры” (1 Тімотеге 6:10).

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу