Қызметіңді толық орында
“Қызметіңді [“толықтай”, ЖД] орындай бер!” (2 ТІМОТЕ 4:5).
1, 2. Мәсіхшілердің бәрі ізгі хабардың уағыздаушысы болғанымен, Киелі кітапқа сай ақсақалдардан не талап етіледі?
ПАТШАЛЫҚТЫ жариялаушысың ба? Онда, бұндай керемет артықшылығың үшін Ехоба Құдайға ризашылық білдір. Қауым ақсақалысың ба? Онда, бұл — Ехобаның саған берген тағы бір артықшылығы. Алайда бізді Құдайға қызмет етуге немесе қауымның бақылаушысы болуға қабілетті ететін осы дүниедегі білім не шешендік дарын емес екенін ұмытпауға тиіспіз. Бізді қызметке қабілетті ететін Ехоба және арамыздағы кейбір ер бауырластар бақылаушы ретінде қызмет ету құрметіне Киелі кітаптағы талаптарға лайық болғандықтан ие болған (2 Қорынттықтарға 3:5, 6; 1 Тімотеге 3:1—7).
2 Өзін Құдайға бағыштаған мәсіхшілердің бәрі де ізгі хабарды уағыздайды, алайда қызмет етуде әсіресе бақылаушылар немесе ақсақалдар жақсы үлгі көрсетулері қажет. ‘Құдай сөзін уағыздап, үйретуде еңбегі сіңіп’ жүрген ақсақалдарды Құдай мен Мәсіх көреді және бір сенімдегі бауырластарды да көреді (1 Тімотеге 5:17; Ефестіктерге 5:23; Еврейлерге 6:10—12). Ақсақалдардың тәлімі барлық жағдайда рухани пайдалы болуға тиіс. Осыған байланысты елші Пауыл бақылаушы Тімотеге былай деп жазды: “Себебі адамдар дұрыс тәлімді еш қабылдамайтын уақыт та туады. Олар жеке құмарлықтарының жетегінде кетіп, құлақтарына жағатындарды айтатын мұғалімдерді көптеп шақырып, соларды тыңдайтын болады. Сөйтіп, шындыққа құлақ салмай, бос аңыздарға назар аудармақ. Ал сен әрдайым қырағы, азапқа төзімді бол; Ізгі хабарды уағыздаушының міндетін атқарып, қызметіңді [“толықтай”, ЖД] орындай бер!” (2 Тімотеге 4:3—5).
3. Жалған ілімдер қауымның рухани күйіне зиян тигізбес үшін не істеліну керек?
3 Жалған ілім қауымның рухани күйіне зиян тигізбес үшін бақылаушылар Пауылдың келесі кеңесіне сай әрекет етулері тиіс: ‘Сен әрдайым қырағы бол, қызметіңді [“толықтай”, ЖД] орындай бер!’ (2 Тімотеге 4:5). Иә, ақсақал ‘қызметін толықтай орындауы’ қажет. Яғни ол өз міндетін толық, тиянақты, аяғына дейін орындауға тиіс. Солай ететін ақсақал барлық міндетін дұрыс орындайды, оларға атүсті не тиянақсыз қарамайды. Бұндай адам кішкене істе де сенімді (Лұқа 12:48; 16:10).
4. Қызметімізді толықтай орындауға не көмектеседі?
4 Қызметімізді толықтай орындау үшін міндетті түрде көп уақыт жұмсау емес, уақытты тиімді қолдану қажет. Әрбір мәсіхші өз қарқынын бір қалыпты ұстаса, қызметте көп нәрсе істей алады. Уағыздау қызметіне көбірек уақыт бөлу үшін, ақсақалға уақытын дұрыс әрі жақсы жоспарлау қажет, сондай-ақ басқалармен міндеттерінің қайсысын және қалай бөлісе алатынын білу қажет (Еврейлерге 13:17). Нехемияның Иерусалим қабырғасын тұрғызуға атсалысқаны сияқты жақсы ақсақал да, әрине, уағыздау ісіне өз үлесін қосады (Нехемия 5:16). Ехобаның қызметшілерінің бәрі Патшалық туралы уағыздауға үнемі қатысулары керек (1 Қорынттықтарға 9:16—18).
5. Қызметімізге қалай қарауымыз керек?
5 Көкте орнаған Патшалықты жариялау тапсырмасын орындау біз үшін неткен қуаныш! Зұлым дүниенің ақыры келмей тұрып, күллі әлемге ізгі хабарды жариялау мүмкіндігімізді сөзсіз бағалаймыз (Матай 24:14). Кемелсіз болсақ та, Пауылдың келесі сөздерінен жігерленеміз: “Біз осы рухани қазынаны сақтайтын қарапайым қыш құмыралар іспеттіміз. Осылайша ондағы шексіз зор құдіреттің өзімізден емес, Құдайдан екені анық болып тұр” (2 Қорынттықтарға 4:7). Иә, Құдайдың берген күші мен даналығының арқасында ғана Құдайға ұнамды қызмет атқара аламыз (1 Қорынттықтарға 1:26—31).
Құдайдың салтанатты ұлылығын көрсет
6. Исраил мен рухани Исраилдің арасында қандай айырмашылық бар?
6 Пауыл Құдайдың майланған мәсіхшілерді ‘Жаңа келісімге сай қызмет етуге қабілетті қылғанын’ айтады. Ол Иса арқылы рухани Исраил халқымен бекітілген жаңа келісімді Мұса арқылы Исраил халқымен бекітілген Заң келісімімен салыстырды. Бұған қоса Пауыл Мұса Таурат заңы жазылған тақтайшаларды ұстап, Синай тауынан түскен кезде, исраилдіктердің оған бет-әлпетіндегі нұр сәулесінің күштілігінен қарап тұра алмағанын айтты. Алайда кейінірек бұл оқиғадан маңыздырақ бір жайт болды, өйткені ‘олардың саналары түйсіксіз’, жүректері “пердемен” жабулы болып қалған еді. “Перде” Ехобаға шын жүрекпен бет бұрған жағдайда алынып тасталады. Сондықтан Пауыл әрі қарай Жаңа келісімге кіретіндерге тапсырылған қызметтің жайына көшіп, былай дейді: ‘Бәріміз бетімізді бүркемей ашық түрде Иеміздің [Ехобаның] салтанатты ұлылығын меңзеп айнадан көрсеткендей боламыз’ (2 Қорынттықтарға 3:6—8, 14—18, сілтемеге қара; Мысырдан шығу 34:29—35). Исаның ‘басқа қойлары’ да бүгін Ехобаның салтанатты ұлылығын көрсету құрметіне ие болып отыр (Жохан 10:16).
7. Адам баласы Құдайдың салтанатты ұлылығын қалай көрсете алады?
7 Күнәкар адам баласы Құдайдың бет-жүзін көріп тірі қала алмайтын болса, қалайша Құдайдың салтанатты ұлылығын көрсете алады? (Мысырдан шығу 33:20). Ехобаның тұлға ретіндегі ұлылығынан басқа, бүкіләлемдік билігін Патшалық арқылы ақтауға қатысты да ұлы ниеті бар. Патшалыққа қатысты шындық ‘Құдайдың ұлы істеріне’ жатады, оны б. з. 33 жылы Алғашқы өнім мейрамында киелі рухқа кенелгендер жариялай бастады (Елшілердің істері 2:11). Олар рухтың басшылығымен өздеріне тапсырылған қызметті толық орындай алды (Елшілердің істері 1:8).
8. Пауыл қызметке қатысты не нәрсеге бекінді?
8 Пауыл еш нәрсенің қызметін толықтай орындауға кедергі жасауына жол бермеуге бекінген. Ол: “Құдайдың рақымымен осы қызметке ие болған біз ешбір мойымаймыз. Қайта, құпия да ұят қылықтардан аулақ жүріп, ешқандай қулық-сұмдықты қолданбаймыз. Құдайдың хабарын бұрмаламаймыз да: Оның көз алдында шындықты ашық уағыздап, өзімізді барлық адамдардың ар-ұждандарына таныстырамыз”,— деп жазды (2 Қорынттықтарға 4:1, 2). Пауыл айтқан ‘осы қызмет’ арқылы шындық ашылады және рухани нұр жан-жаққа тарайды.
9, 10. Ехобаның салтанатты ұлылығын қалай көрсетуге болады?
9 Кәдімгі жарық пен рухани жарықтың Бастауы жайлы Пауыл былай деп жазды: “Жаратылыстың басталуында қараңғылықтан нұрдың жарқырауын бұйырған Құдай жан дүниемізді де жарқыратып, бізді Иса Мәсіхтің бетінен көрінетін Өзінің салтанатты ұлылығын білуіміз арқылы нұрландырады” (2 Қорынттықтарға 4:6; Жаратылыс 1:2—5). Құдайдың қызметшілеріне деген баға жетпес құрметке ие болғандықтан, оның салтанатты ұлылығын айнадай шағылыстыру үшін өзімізді таза сақтайық.
10 Рухани қараңғылықта жүргендер Ехобаның ұлылығын немесе оның Үлкен Мұса Иса Мәсіх арқылы жарқыраған нұрын көре алмайды. Алайда біз Ехобаның қызметшілері ретінде бұл ұлылықтың нұрын Киелі кітаптан алып, басқаларға жарқыратып көрсетеміз. Рухани түнектегілерге аман қалу үшін Құдайдың нұры қажет. Сондықтан біз Ехобаның салтанатты ұлылығын көрсетіп, оның қараңғылықтан нұрды жарқыратыңдар деген бұйрығын қуана әрі құлшына орындаймыз.
Басқалармен Киелі кітапты зерттеу арқылы өзіңдегі нұрдың сәулесі төгілсін
11. Иса нұрдың сәулесін төгу жайлы не деді және оның бір жолы қандай?
11 Иса ізбасарларына: “Сендер дүниеге (Құдай жолын көрсететін) “нұрсыңдар”. Төбе басына салынған қала жасырынып қала алмайды. Ешкім шам жағып, оны ыдыспен бүркеп қоймайды. Қайта, оны шам қойғышқа қойып, жарығы үйдегілердің бәріне түседі. Сол сияқты сендердегі “нұр” адамдарға сәулесін төксін. Осылайша олар игі істеріңді көріп, көктегі Әкелеріңді дәріптесін”,— деген болатын (Матай 5:14—16). Біздің үлгілі жүріс-тұрысымыз өзгелердің Құдайды мадақтауына түрткі болуы мүмкін (1 Петір 2:12). Сондай-ақ уағыздау ісінің түрлі салалары бізге нұрдың сәулесін төгуге көп мүмкіндік береді. Біз үшін ең басты істің бірі — Киелі кітап зерттеу сабағын тиімді өткізу арқылы Құдай Сөзіндегі рухани нұрдың сәулесін төгу. Бұл — қызметімізді толықтай орындаудың өте маңызды жолы. Қандай кеңестер Киелі кітап зерттеу сабағын шындықты іздегендердің жүректеріне әсер ететіндей етіп жүргізуге көмектеседі?
12. Киелі кітап зерттеу сабағын өткізу мен дұғаның қандай байланысы бар?
12 Киелі кітапты зерттеу сабағын өткізу жайлы дұға еткеніміз оны шын мәнінде қалайтынымызды көрсетеді. Сондай-ақ бұл басқалардың Құдай туралы білім алуы маңызды екенін түсінетінімізді көрсетеді (Езекиел 33:7—9). Ехоба дұғаларымызға әлбетте жауап береді және шын ықыласпен орындап жатқан қызметімізге батасын төгеді (1 Жохан 5:14, 15). Бірақ дұғамыз тек Киелі кітап зерттейтін адамды табуды сұраумен шектелмейді. Ондай адам табылған соң, оның жеке қажеттілігі жайлы ойлап, сол жайлы дұға етеміз, ал бұл өз кезегінде әрбір сабақты тиімді өткізуге көмектеседі (Римдіктерге 12:12).
13. Киелі кітап зерттеу сабағын тиімді етіп өткізуге не көмек болуы мүмкін?
13 Киелі кітап зерттеу сабағын тиімді етіп өткізу үшін әрбір сабаққа жақсылап дайындалуға тиіспіз. Егер өз қабілетімізге сенімсіз болсақ, апта сайын кітап оқу тобының бақылаушысы талқылауды қалай жүргізетінін қадағалағаның жақсы көмек болар. Кейде зерттеу сабағын жақсы жүргізетін жариялаушымен бірге қызметке шыға аларсың. Әрине, Иса Мәсіхтің көзқарасы мен тәлім беру әдістерін қарастырған әсіресе пайдалы.
14. Қалай Киелі кітапты зерттеп жүрген адамның жүрегіне әсер етуге болады?
14 Иса көктегі Әкесінің еркін орындауды және ол туралы басқалармен сөйлесуді ұнатқан (Забур 39:9). Иса кішіпейіл болған және оның берген тәлімі тыңдаушыларының жүрегіне әсер еткен (Матай 11:28—30). Олай болса, біз де Киелі кітапты зерттеп жүрген адамдардың жүректеріне әсер ететіндей тәлім беруге тырысайық. Ол үшін оның жеке жағдайын есте ұстап, әрбір сабаққа дайындалу керек. Мысалы, ол адам Киелі кітапты мойындамайтын ортада тәрбиеленген болса, оны Киелі кітапта шындық жазылғанына сендіруіміз керек шығар. Ол үшін кейде көптеген Жазба орнын оқып, түсіндіру қажет.
Киелі кітапты зерттеп жүрген адамға мысалдарды түсінуге көмектес
15, 16. а) Оқушының Киелі кітапта келтірілген мысалды түсінуіне қалай көмектесе аламыз? ә) Егер әдебиетіміздің біріндегі мысалды түсіну қиын болса, не істеуге болады?
15 Киелі кітапты зерттеп жүрген адамға ондағы қандайда бір мысалдар түсініксіз болуы мүмкін. Айталық, оған Исаның шам қойғышқа қойылған шамның мысалымен не айтқысы келгені түсініксіз болуы мүмкін (Марқа 4:21, 22). Иса бұл жерде бұрындары қолданыста болған жанатын білтесі бар май шамды айтқан. Май шам арнайы қойғыш үстіне тұратын да, бөлмеге жарық түсіретін. Исаның мысалдарын жақсырақ түсіндіру үшін әдебиеттерімізден қосымша мәлімет іздестіру керек болатын шығар. Алайда зерттеу сабағына оқушы жақсы түсінетіндей және риза болатындай мәлімет дайындап келгеніміз қандай жақсы!
16 Кейбіреулерге Киелі кітапты зерттеу құралында келтірілген мысалды түсіну қиын болуы мүмкін. Онда уақыт бөліп, оны анығырақ түсіндір, немесе сол ойды беретін басқа мысал келтір. Айталық, әдебиетте некеде жақсы серік және келісіп әрекет етудің маңызды екеніне ерекше көңіл бөлген. Бұған мысал ретінде бір акробаттың секіріп, екіншісін оны іліп алып, ауада ойын көрсетіп жүргендері келтірілген шығар. Ал бұл мысалдың орнына жұмысшылардың кемеден қолдан қолға беріп жүк түсіріп жатқанын келтіруге болады. Себебі бұл жағдайда да жақсы серік және келісіп әрекет ету қажет.
17. Исаның келтірген мысалдарынан не нәрсеге үйрене аламыз?
17 Қосымша бір мысал келтіру үшін алдын ала дайындалу қажет болар. Бірақ бұнымен біз Киелі кітапты зерттеп жүрген адамның қамын ойлайтынымызды көрсетеміз. Күрделі нәрселерді түсіндіру үшін Иса қарапайым мысалдарды қолданған. Бұны оның Таудағы уағызы дәлелдейді. Сондай-ақ Киелі кітап оның берген тәлімі тыңдаушыларына жақсы әсер еткенін көрсетеді (Матай 5:1—7:29). Иса шыдамдылықпен түсіндірген, себебі басқалардың қамын ойлаған (Матай 16:5—12).
18. Әдебиеттерімізде келтірілген Жазба орындарына қатысты қандай кеңес беріледі?
18 Басқалардың жағдайын ойлағанымыз олармен “Киелі жазбалар туралы пікір алысуға” талпындырады (Елшілердің істері 17:2, 3). Бұл үшін алдымен өзімізге дұға айта отырып, зерттеу және ‘адал қызметші’ дайындаған әдебиеттерді жақсылап қолдану керек (Лұқа 12:42—44). Мысалы, “Мәңгілік өмірге алып баратын білім” кітабында көптеген Жазба орындары келтірілгенa. Орын аз болғандықтан, кейбіреулері тек сілтеме ретінде ғана берілген. Киелі кітапты зерттеу кезінде олардың жоқ дегенде кейбірін оқып, түсіндірген өте маңызды. Себебі ілімдеріміз Құдай Сөзіне негізделген, әрі оның әсері де күшті (Еврейлерге 4:12). Әр сабақта абзацта келтірілген тармақтарды ашып оқып, Киелі кітапты жиі қолдан. Оқушыға қандай да бір мәселе не іс-әрекет жайында Киелі кітаптың не дейтінін көруіне көмектес. Құдайға мойынсұнғаны қаншалықты өзіне пайдалы екенін көрсетуге тырыс (Ишая 48:17, 18).
Ойландыратын сұрақтар қой
19, 20. а) Неліктен оқушының көзқарасын айқындайтын сұрақтар қою қажет? ә) Қандай да бір мәселені қосымша қарастыру қажет болса, не істеуге болады?
19 Иса шеберлікпен сұрақтар қойып, адамдарға ой жүгіртуге көмектескен (Матай 17:24—27). Егер адамды ыңғайсыздандырмайтын, көзқарасын айқындайтын сұрақтар қойсақ, жауабынан оның қандайда бір нәрсе жайлы не ойлайтынын білеміз. Мүмкін, ол әлі де Киелі кітапқа қайшы көзқарасты ұстанатынын байқайтын шығармыз. Айталық, ол Үштік ілімге сенеді. “Білім” кітабының 3-тарауында “Үштік” сөзінің Киелі кітапта кездеспейтініне көңіл бөлінген. Онда Ехобаның Исадан бөлек тұлға екенін және киелі рухтың Құдайдың әрекет етуші күші әрі тұлға еместігін көрсететін Жазба орындары берілген. Сол Киелі кітап үзінділерін оқып, талқылаған жеткілікті болуы мүмкін. Ал жеткіліксіз болса ше? Онда келесі жолғы сабақтан соң шамалы уақыт бөліп, Ехоба Куәгерлерінің осы тақырып талқыланған басқа бір әдебиетін қосымша қарастыруға болар, мысалы, “Үштік іліміне сену керек пе?” деген брошюраны. Бұдан кейін сабақты қайтадан “Білім” кітабымен жалғастыра беруге болады.
20 Көзқарасын айқындайтын сұраққа таңғалдыратын не тіпті біз күтпеген жауап берілуі мүмкін. Егер біздің тарапымыздан абайлап сөйлеуді талап ететін, мысалы, темекі шегу сияқты мәселе қозғалса, зерттеуді әрі қарай жалғастыра беріп, бұл мәселеге кейінірек оралуды ұсынуға болады. Ол әлі де темекі шегетінін білгендіктен, оған рухани өсуге көмектесетін әдебиеттер іздеп тауып, әкеп бере аламыз. Оның жүрегіне әсер етуге тырысумен қатар, оның рухани өсуі жайлы сұрап, Ехобаға дұға айтқанымыз абзал.
21. Оқытушылық тәсілдерімізді жеке адамның жағдайына бейімдегеніміздің нәтижесі қандай болуы мүмкін?
21 Жақсы дайындық пен Ехобаның көмегінің арқасында оқытушылық тәсілдерімізді Киелі кітапты зерттеп жүрген адамның жағдайына бейімдей алатынымыз сөзсіз. Уақыт өте келе, оның Құдайға деген терең сүйіспеншілік дамытуына көмектесе алармыз. Сондай-ақ ол Ехобаның ұйымын құрметтей әрі бағалай түсіп, еңбегіміз жемісті болатын шығар. Киелі кітапты зерттеп жүрген адамның “шынымен араларыңда Құдай бар!” деп мойындағаны біз үшін зор қуаныш! (1 Қорынттықтарға 14:24, 25). Олай болса, Киелі кітап зерттеу сабағын тиімді жүргізіп, басқалардың Исаның шәкірті болуына көмектесу үшін қолымыздан келгеннің бәрін істей берейік.
Бағалы тұтылу керек қазына
22, 23. Қызметімізді толықтай орындау үшін бізге не қажет?
22 Қызметімізді толықтай орындау үшін біз Құдайдың күшіне арқа сүйеуіміз керек. Қызметке қатысты Пауыл майланған мәсіхші бауырластарына былай деп жазды: “Біз осы рухани қазынаны сақтайтын қарапайым қыш құмыралар іспеттіміз. Осылайша ондағы шексіз зор құдіреттің өзімізден емес, Құдайдан екені анық болып тұр” (2 Қорынттықтарға 4:7).
23 Майланғандар ма, әлде ‘басқа қойлар’ ма, қайсысы болсақ та, біз нәзік қыш құмыра іспеттіміз (Жохан 10:16). Алайда бізге қысым көрсетіліп жатса да, Ехоба қызметімізді толықтай орындауымызға қажетті күш-қуат бере алады (Жохан 16:13; Філіпіліктерге 4:13, ЖД). Ендеше, Ехобаға толық сенім артып, қызметімізді қазына іспетті бағалап, оны толықтай орындайық.
[Сілтеме]
a Ехоба Куәгерлері басып шығарған.
Қалай жауап берер едіңдер?
• Ақсақалдар қалай қызметін толықтай орындай алады?
• Киелі кітап зерттеу сабағының сапасын қалай жақсарта аламыз?
• Киелі кітап зерттеп жүрген адам келтірілген мысалды түсінбесе немесе қандай да бір мәселеге қатысты көбірек мәліметті қажет етсе, не істейміз?
[14-беттегі сурет]
Мәсіхші ақсақалдар қауымда тәлім береді, әрі бауырластарын қызмет етуге үйретеді
[16-беттегі сурет]
Киелі кітап зерттеу сабағын тиімді өткізу — өзіміздегі нұрдың сәулесін төгудің бір жолы