Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • w04 1.3. 8—13 бет.
  • Жүрегіңді сақтап, пәк күйіңде қал

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • Жүрегіңді сақтап, пәк күйіңде қал
  • 2004 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
  • Тақырыпшалар
  • Ұқсас мәлімет
  • Жүрегіңді сақта
  • Азғындықтан аулақ болыңдар!
  • Қылымсудың қаупінен сақтан
  • Қылымсу жай ойын ба?
    Жастардың сауалдары
  • Жүректеріңді сақтаңдар
    2002 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
  • Біз пәк таза өмір сүре аламыз
    2015 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
2004 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
w04 1.3. 8—13 бет.

Жүрегіңді сақтап, пәк күйіңде қал

“Сақталуы керек нәрселердің бәрінен бұрын жүрегіңді сақта, өйткені одан өмір бұлақтары шығады” (НАҚЫЛ СӨЗДЕР 4:23).

1—3. а) Адамдар жиі пәктігін бағаламайтынын қалай көрсетеді? Мысал келтір. ә) Неге құлықтылық тазалықты қарастыру маңызды?

СУРЕТ ескі әрі сәннен қалған болып көрінген болар. Мүмкін үй ішінің де сәнін бұзып, жараспаған шығар. Қандай болған күнде де, иесіне ол суреттің қажеті жоқ боп шықты. Ақыр соңында қолданылған заттардың арасында жатып, арзан бағаға, 29 АҚШ долларына, сатылып кетті. Бірнеше жылдан соң оның құны миллион долларға жуық екені белгілі болды. Ол көне туынды екен. Қолдағы қазынаның құнын білмеген алдыңғы иесінің қалай іші удай ашыды десейші!

2 Бұндай жағдай пәктікке, яғни құлықтылық тазалыққа, қатысты қазір де жиі кездеседі. Көптеген адам пәктігін аяққа таптайды. Кейбіреулер оны ескі көзқарас, қазіргі заманға лайық емес деп есептейді. Сондықтан оны болмашы нәрсеге айырбастайды. Біреулер пәктігінен бір мезеттік жыныстық құмарлығын қандыру үшін бас тартып жатады. Басқалары оны құрбыларының не қарсы жынысты адамдардың алдында беделін көтеру үшін құрбан етеді (Нақыл сөздер 13:20).

3 Көп адам пәктіктің қаншалықты құнды екенін тым кеш түсініп жатады. Оны жоғалту жиі қайғылы жағдайға ұшыратады. Киелі кітап азғындықтың нәтижесі удай, “ащы жусандай” дейді (Нақыл сөздер 5:3, 4). Қазіргі кезде құлықтылықтың құлдырағанын ескерсек, қалай пәктігіңді бағалап, таза болып қалуыңа болады? Осыған байланысты үш қадамға көңіл бөлейік.

Жүрегіңді сақта

4. Бейнелі жүрек деген нені білдіреді және оны неліктен сақтау керек?

4 Пәк таза болып қалудың бірден-бір жолы — жүректі сақтау. Киелі кітап былай дейді: “Сақталуы керек нәрселердің бәрінен бұрын жүрегіңді сақта, өйткені одан өмір бұлақтары шығады” (Нақыл сөздер 4:23). Бұл жерде “жүрегіңді” деп нені айтып тұр? Кеудеміздегі соғып тұрған жүректі емес, бейнелі жүректі айтып тұр. Ол жүрек адамның жан дүниесін, яғни ойын, сезімі мен ниеттерін білдіреді. Киелі кітапта: “Тәңірді, Құдайыңды, шын жүрегіңмен, жан-тәніңмен және бар күшіңмен сүй”,— делінген (Заңды қайталау 6:5). Иса бұның ең басты өсиет екенін айтқан (Марқа 12:29, 30). Бұндай жүректің өте бағалы екені анық. Ол — сақтауға тұратын нәрсе.

5. Қалайша жүрек аса қажет те, қауіпті де бола алады?

5 Алайда Киелі кітаптың айтуынша, сондай-ақ “адам жүрегі бәрінен де алдампаз және әбден бүлінген” (Еремия 17:9). Қалайша жүрек алдампаз, яғни біз үшін қауіпті болуы мүмкін? Мысалы, көлік — өте қажет зат, тіпті кездейсоқ жағдайда өмірді сақтап қалуы мүмкін. Алайда жүргізуші көлікті жөндеп игермесе, ол әп-сәтте өмірге қауіпті затқа айналады. Сол сияқты жүрегіңді сақтамасаң, қалауың мен құмарлығыңның ықпалына түсіп, ақырында апатқа ұшырайсың. Құдай Сөзі былай дейді: “Өзіне [“жүрегіне”, ЖД] сенген адам ақымақ; ал даналықпен жүрген, аман болады” (Нақыл сөздер 28:26). Жолға шығар алдында картаға қарап, бағыт-бағдар алатының сияқты, Құдай Сөзінен қажетті басшылық алып отырсаң, даналықпен жүріп, апатқа ұшыраудан аман бола аласың (Забур 118:105).

6, 7. а) Қасиеттілік деген не және неге ол Ехобаның қызметшілері үшін маңызды? ә) Кемелсіз адамның Ехобаның қасиеттілігін таныта алатынын қайдан білеміз?

6 Әдетте жүрегіміз өздігінен құлықтылық тазалыққа бейім емес. Біз оны үйретуге тиіспіз. Оның бір жолы — тазалықтың қаншалық құнды екені жайлы терең ойлану. Пәктік — кіршіксіздік, кінәратсыздық дегенді білдіретін қасиеттілікпен тығыз байланысы бар қасиет. Қасиеттілік Ехоба Құдайдың болмысына тән бағалы қасиет болып табылады. Киелі кітаптағы жүздеген тармақ қасиеттіліктің Ехобамен байланысын көрсетеді. Киелі кітап шын мәнінде “қасиеттілік Ехобанікі” екенін айтады (Мысырдан шығу 28:36, ЖД). Алайда бұндай жоғары қасиеттің кемелсіз адамға қандай қатысы бар?

7 Ехоба өзінің Сөзінде бізге: “Қасиетті болыңдар, себебі Мен қасиеттімін!” — деген (1 Петір 1:16). Иә, біз Ехобаға еліктей аламыз: оның алдында құлықтылық жағынан таза бола аламыз. Сондықтан күнәкар, лас істерден аулақ жүру арқылы керемет мүмкіндікке қол жеткізе бастаймыз, яғни Құдай Тағаланың керемет қасиетін таныта бастаймыз (Ефестіктерге 5:1). Бұған шамамыз келмейді деп ойламауымыз керек, өйткені Ехоба — қолымыздан келмейтінді ешқашан талап етпейтін дана әрі парасатты Құдай (Забур 102:13, 14; Жақып 3:17). Рас, рухани және құлықтылық жағынан таза болып қалу үшін күш салу керек. Бірақ елші Пауыл “шынайылық пен тазалыққа... Мәсіх лайық” екенін ескерген (2 Қорынттықтарға 11:3, ЖД). Иса мен оның Әкесінің алдында құлықтылық жағынан таза болып жүру үшін бар күшімізді салуға борышты емеспіз бе?! Олар бізге ешқашан қайтара алмайтындай сүйіспеншілік көрсетті ғой (Жохан 3:16; 15:13). Оларға деген ризашылығымызды таза да құлықты өмір сүру арқылы білдіргеніміз орынды. Пәктігіміз жайлы осылай ойлайтын болсақ, оны бағалайтын және жүрегімізді сақтайтын боламыз.

8. а) Қалай бейнелі жүрегімізге азық бере аламыз? ә) Әңгімемізден біз жайлы не білуге болады?

8 Сондай-ақ дұрыс азықтану арқылы да жүрегімізді сақтаймыз. Біз ойымыз бен жүрегімізге пайдалы рухани азық алып отыруымыз және бар көңілімізді Құдай Патшалығы туралы ізгі хабарға аударуымыз қажет (Қолостықтарға 3:2). Көңілімізде осы нәрсенің жүргені тіпті әңгімемізден байқалу керек. Егер әңгімеміз тәндік, құлықсыз тақырыптардың төңірегінде болса, бұдан жүрегімізде не жатқаны көрінеді (Лұқа 6:45). Одан да рухани және жігерлендіретін әңгіме айтатын адам ретінде танымал болайық (Ефестіктерге 5:3). Жүрегімізді сақтау үшін кейбір аса қауіпті нәрселерден аулақ жүру қажет. Соның екеуін қарастырайықшы.

Азғындықтан аулақ болыңдар!

9—11. а) 1 Қорынттықтарға 6:18-де жазылған кеңесті елемейтіндерді неліктен ауыр күнә жасауға бір қадам жақын жүргендер деуге болады? Мысал келтір. ә) Қалай азғындықтан аулақ болып жүреміз? б) Әйүп бізге қандай керемет үлгі қалдырды?

9 Ехоба елші Пауылға киелі рухының жетелеуімен жүректі сақтауға және құлықтылық жағынан таза болып қалуға көмектесетін кеңес жаздырды. Онда: “Азғындықтан аулақ болыңдар!” — делінген (1 Қорынттықтарға 6:18). Пауыл мәсіхшілерге азғын әрекеттерден өмірге қауіпті нәрседен қашқандай қашу керектігін айтқан. Егер бұл кеңесті елемейтін болсақ, азғындық жасап, Құдайдың өзімізге деген жақсы ықыласынан айырылып қалу қаупі күшейе түседі.

10 Мысал келтірейік: отбасы қонаққа шықырылғандықтан, анасы кішкентай баласын жуындырып, таза киім кигізеді. Басқалары дайын болғанша, бала далада ойнай тұруға анасынан рұқсат сұрайды. Анасы келіседі, бірақ: “Андағы шалшық судың жанына барма, үстіңді былғасаң, жазалаймын”,— деп ескертеді. Алайда айтып ауыз жиғанша, анасы баласының шалшықтың жанында құлауға шақ қалып тұрғанын байқайды. Ол әлі үстін былғаған жоқ. Дегенмен бала анасының: шалшықтың жанына барма? деген ескертуін ойына да алар емес, енді үстінің былғанары сөзсіз (Нақыл сөздер 22:15). Балаларға қарағанда әлдеқайда абай болуға тиіс көптеген жастар, тіпті ересек адамдар да, осындай қателік жасап қояды. Қалайша?

11 Осы күнде, көп адам ‘өздерін қорлайтын құмарлықтарға батып’ кеткен заманда, әдепсіз жыныстық қатынастарды насихаттайтын өнеркәсіптер пайда болған (Римдіктерге 1:26, 27). Порнография журналдарда, кітаптарда, бейнетаспа мен Интернетте қаптап кеткен. Осындай көріністердің миына әсер етуіне әдейі жол беретін адамдарды азғындықтан аулақ жүргендер деп айту қиын. Олар Киелі кітаптың ескертуіне немқұрайды қарап, тыйым салынған нәрсенің жанында құлауға шақ қалып тұр. Жүректерін сақтаудың орнына, олар ойда қалып қоятын, тіпті ұзақ жыл ұмытылмайтын бейнелермен оны уландырады (Нақыл сөздер 6:27). Жамандық жасауға итермес үшін екі көзімен келісім жасасқан, немесе былайша айтқанда, шарттасқан Әйүптің сенімінен үлгі алайық (Әйүп 31:1). Қазіргі күні бұл қандай пайдалы үлгі!

12. Мәсіхші жұптар кездесіп жүргенде қалай ‘азғындықтан аулақ болады’?

12 Әсіресе қыз бен жігіт некеге тұру ниетімен кездесіп жүрген кезде, ‘азғындықтан аулақ болғандары’ өте маңызды. Бұл келешекке үмітпен қарайтын, қуанышқа толы керемет кезең болу керек, бірақ кейбір жастар азғындыққа беріліп қалып, оны өкінішті кезеңге айналдырып алады. Сөйтіп олар некелік өмірлерінің іргетасын, яғни риясыз сүйіспеншілікке, ұстамдылыққа және Ехоба Құдайға мойынсұнуға негізделген қарым-қатынасты берік ету мүмкіндігінен айырылады. Бір мәсіхші ерлі-зайыптылар кездесіп жүргенде адалдықтарына кір келтіріп алған болатын. Кейіннен үйленіп, отау тіксе де, әйелі ар-ұжданы мазалағанын, тіпті үйленген күні қуаныштан айырылғанын мойындады. “Ехобадан сан рет кешірім сұрадым, содан бері жеті жыл өтсе де, ар-ұжданым мені кінәлауды тоқтатар емес”,— деп ашық айтты. Осындай күнә жасап қойған мәсіхшілер үшін ақсақалдардың көмегіне жүгіну өте маңызды (Жақып 5:14, 15). Дегенмен көптеген мәсіхші жұптар кездесіп жүрген кездерінде ақылмен әрекет етіп, бұндай қауіпті нәрседен аулақ жүреді (Нақыл сөздер 22:3). Олар бір-біріне деген сезімдерін білдіруде белгілі бір шек қояды. Олар үшінші адамның көмегіне жүгінеді және қауіпті жерлерде оңаша қалудан аулақ болады.

13. Мәсіхшілер неліктен Ехобаға қызмет етпейтін адаммен некелесу ниетімен кездеспеулері керек?

13 Ехобаға сенбейтін адамдармен кездесіп жүрген мәсіхшілер үлкен қиындыққа ұшырауы мүмкін. Мысалы, Ехоба Құдайды сүймейтін адамдармен қалай бірге тұра аласың? Мәсіхшілер үшін Ехобаны сүйетін және оның құлықтылық нормаларын сыйлайтын адаммен ғана “бір қамытты киюдің” маңызы зор. Құдай Сөзі бізге былай дейді: “Сенбейтіндермен бірге “бір қамытты кимеңдер”! Себебі әділдік пен заңсыздық арасында ортақ не бар. Яки жарық пен түнек қалай тығыз байланыста тұрмақ?” (2 Қорынттықтарға 6:14, сілтемеге қара).

14, 15. а) Кейбіреулер “азғындық” дегенге байланысты қандай жаңсақ ойда? ә) “Азғындыққа” қандай әрекеттер жатады және мәсіхшілер қалай ‘азғындықтан аулақ бола’ алады?

14 Білімнің де маңызы зор. Азғындықтың не екенін анық білмесек, одан шындап аулақ бола алмаймыз. Қазіргі кезде кейбіреулер “азғындық” дегенді дұрыс түсінбейді. Олар жыныстық қатынасқа дейін жетпесе болғаны, құмарлықты қанағаттандыруға болады деп ойлайды. Тіпті кейбір беделді денсаулық сақтау мекемелері жасөспірімдер арасында қалаусыз жүктілік санын азайту үшін жастарға әдеттен тыс жыныстық әрекеттер жасауға кеңес берген. Бұл — мүлдем дұрыс емес. Некесіз жүкті болып қалудан сақтану — құлықтылық жағынан таза болу емес және “азғындық” сөзінің аясы бұншалық тар емес.

15 Гректің “азғындық” деп аударылып жүрген порни́а деген сөзіне көп нәрсе жатады. Ол некеге тұрмаған адамдардың жақындасуын және жыныс мүшелерін бұрыс қолдануды білдіреді. Бұған оральды және анальды жақындасу, басқаның жыныс мүшелерін тітіркендіріп, делебені қоздыру сияқты, әдетте жезөкшелер үйімен байланысты әрекеттер жатады. Бұндай әрекеттер “азғындыққа” жатпайды деп ойлайтындар — өздерін алдағандар және Шайтанның тұзағына түсіп қалғандар (2 Тімотеге 2:26). Оның үстіне, құлықтылық тазалық сақтау деген азғындық әрекеттерге бармаудан көп нәрсені білдіреді. ‘Азғындықтан аулақ болу’ үшін біз порни́а деген ауыр күнәға дейін жеткізетін кез келген арам істер мен әдепсіз қылықтардан аулақ болуға тиіспіз (Ефестіктерге 4:19). Сонда құлықтылық жағынан пәк болып қала аламыз.

Қылымсудың қаупінен сақтан

16. Қай жағдайда еркек пен әйелдің нәзік сезімдерін білдіргені орынды және бұны қандай Киелі кітаптағы мысалдан білеміз?

16 Пәк күйімізде қалғымыз келсе, тағы бір қауіпті нәрсе — қылымсудан сақтануымыз керек. Кейбіреулер бұл еркек пен әйелдің арасындағы күнәсіз, еш залалсыз ойын дейді. Рас, кейде еркек пен әйелдің сезімдерін білдіргені орынды. Ысқақ әйелі Рабиғаны ‘аймалаған’ және сырт көзге олардың аға-қарындас емес екені белгілі болған (Жаратылыс 26:7—9). Алайда олар ерлі-зайыптылар болған ғой. Олардың бір-біріне нәзік сезімдерін білдіргендері орынды болған. Ал қылымсу деген басқа нәрсе.

17. Қылымсу деген не және қиындықты қалай шешуге болады?

17 Қылымсу деп үйлену ниетінсіз әйелге қырындауды және еркекке еркелеп, наздануды айтуға болады. Адамның табиғаты күрделі болғандықтан, қылымсудың да қыруар түрі бары күмәнсіз, тіпті кейбірін айырып білу қиын (Нақыл сөздер 30:18, 19). Сондықтан нақты ереже орнатумен мәселе шешілмейді. Ережеден күштірек нәрсе қажет: өзін-өзі шын тексеру мен Киелі кітап принциптерін саналы түрде қолдану қажет.

18. Кейбіреулерінің қылымсуының себебі қандай және неге қылымсу зиянды?

18 Егер өз-өзімізді алдамай, шындығына келсек, көпшілігіміз қарсы жыныстағы адамның бізге көңілі барын сезгенде, масаттанып қалатынымызды мойындайтын шығармыз. Бұл — табиғи нәрсе. Ал егер жай ғана іштей көтеріліп қалғымыз келіп немесе басқада сезім оятқымыз келіп қылымси бастасақ ше? Онда адамның сезімін қатты жаралауымыз мүмкін екенін ойлап көрдік пе? Мысалы, Нақыл сөздер 13:12 былай дейді: “Ұзақ күткізген үміт жүректі сыздатады”. Егер біреуге әдейілеп қылымситын болсақ, бұның ол адамға қалай әсер етіп жатқанын білмейтін шығармыз. Ол адам некеге ұласатын жақын қарым-қатынас болады деп үміттеніп қалуы мүмкін. Ал ондай үміттің ақталмай қалғаны жанды қатты жаралайды (Нақыл сөздер 18:14). Біреудің сезімімен ойнау қатігездікке жатады.

19. Қылымсу мәсіхшілердің некесіне қандай қауіп тудыруы мүмкін?

19 Әсіресе ерлі-зайыпты адамдарға қылымсудан абай болу қажет. Зайыбы бар адамға көз салу дұрыс емес және ондай адамның да зайыбынан басқаға қызықпағаны дұрыс. Өкінішке орай, кейбір мәсіхшілер зайыбынан басқа адамға ғашықтық сезімнің болғанында тұрған еш оғаштық жоқ деп ойлайды. Кейбіреулер бұндай “досымен” жақын араласып, тіпті жұбайына айтпайтын сырын айтады. Нәтижесінде ғашықтық сезім көрмесе тұра алмайтындай күйге жеткізіп, некеге нұқсан келтіруі, тіпті ойран етуі мүмкін. Ерлі-зайыпты мәсіхшілер Исаның неке адалдығын бұзуға қатысты берген ескертуін, дәлірек айтқанда, оның жүректен бастау алатынын ұмытпағаны абзал (Матай 5:28). Олай болса, жүрегімізді сақтап, қайғылы күйге жеткізетін қауіпті жағдайлардан аулақ жүрейік.

20. Құлықтылық тазалығымызға деген көзқарасымыз қандай болу керек?

20 Рас, азғындыққа толы осы дүниеде құлықтылық жағынан таза болып қалу оңай емес. Дегенмен құлықтылық тазалықты ластап алып, қайта тазартқаннан гөрі, сақтап қалу әлдеқайда жеңіл екенін ұмытпа. Ехобаның “кешірімі шексіз” және шын өкінген адамды күнәсынан тазарта алатыны сөзсіз (Ишая 55:7). Алайда Ехоба азғындық жасағандарды әрекетінің нәтижесінде ұшыраған қиындықтарынан құтқармайды. Адам өз күнәсінің зардабын ұзақ уақыт, кейде тіпті өмір бойы тартуы мүмкін (2 Патшалықтар 12:9—12). Қандай болған күнде де, жүрегіңді сақтау арқылы құлықтылық жағынан таза болып қал. Ехобаның алдындағы кіршіксіз, пәк күйіңді бағала әрі оны ешқашан жоғалтпа!

Қалай жауап берер едіңдер?

• Құлықтылық тазалық деген не және ол неге маңызды?

• Жүрегімізді қалай сақтай аламыз?

• Азғындықтан аулақ болу деген нені білдіреді?

• Неге қылымсудан аулақ болуымыз керек?

[9-беттегі сурет]

Көлікті дұрыс игермесе, адам өміріне қауіпті болуы мүмкін

[10-беттегі суреттер]

Ескертуді елемеудің салдары қандай болуы мүмкін?

[11-беттегі сурет]

Кездесіп жүргенде құлықтылық тазалық сақтайтындар қуанышты болады және Ехобаны дәріптейді

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу